Тұлпардан қалған тұяқ
2021 ж. 30 мамыр
4775
1
Әуелгіде осы бір топыраққа табаны тиіп, көкірек кере ауасын жұтып, бойы үйренгенше кісі өгейсиді. Бірақ «көк тіреген Париждің мұнарасы, Үндістанның Тәжі Маһалы жоқ» болса да, көп ұзамай құс қанаты талатын қоңыржай, салқын самал дала айдыны, қарағай-қайыңы қойында жасыл орманы, көкмайса жазығы көзді аялап, ауасы бал, суы нәр, адамдарының сұлу да сымбатты бітімі тартымды бір аураға айналып, жерұйығын енді тапқандай күйге түседі. Ал енді, мұндай жерде туып-өскен адамның «ұзын бойлы, кең иықты, кеуделі, қарашығына нұр құйып алғандай, қара көзі түпсіз, терең тұңғиық, бабасының садағындай қасы қара, қалың кірпігі жебедей, торта майдай қызыл ерні сүзілген, ақ моншақтай қой тістері тізілген, батырға ұқсамаса да денелі» ақын болмауы мүмкін емес. (Осыдан бастап тырнақшадағы сөздердің дені – Ақылбектікі, – Ж.А.) Егер сәл ұзақ кетіп, қайта оралып, «туған жерге табаны тисе болды, жұмақтың төрінде жүргендей» сезінеді. Сонау көз ұшындағы құлдыраған шақ: «Желқуарға балыққа бара жатып, көкек даусын жалықпастан санайтын, зәмзамдай қанша жұтса қанбай, тұп-тұнық мөлдіреген тамшылары тамырында қанға айналып кеткен. Көбелектің қанаттарын қызықтап, ой мен қырға жүгірген, еркелеп еркін өскен. Желқуардың желдей жүйрік толқындары жүрегінде асыр салған. Жас өмірі тәтті-тұғын, бал-тұғын».
Жерұйығында тербелген Ақылбек елуінде көгілдір етжеңді жинағын «Көзімді ашып көргенім» деп атап: «Көзімді ашып көргенім – халқымыздың зар-мұңы, кейін оқып білгенім – қасірет қой барлығы» – деді! Ел аман, заман тыныш кезде дүниеге келген, «тыңда өскенде жалаңаш болмаған, тиынға зар, аш адам көрмеген» ақынның мұнысы несі? Бұл әлде ұлт перзенті атынан қазақтың өткен заманы мен тағдыр- тауқыметін жыр- жүректен өткізген ақындық көзі ме? Жоқ әлде, саналы адам, ол ақын болса, ішкі мәңгі жалғыздығына, оған қоғамдағы қатігез ортадан рухани жанашыр таппағандығы қосылып ызалы-ызбарлы жалғыздыққа айналған халі ме?.. Жанталаса жырларын парақтайсыз, жазған-сызғаны бар, бәрінің жүзіне үңіліп, астарына сығалайсыз. Ал ақын «қарасынан ағы басым мына дархан өмірге сенімі жоғалмаған, өткен іске өкінбейді, басындағы бағына, өз тағдырына ырза». Бірақ, осыған иланайық десек... Ақылбектің жырларының «аузында» сөз тұрмайды екен, «өсекші» боп шықты! Бәрін «бүлдіріп», жайып салған! Ақын өзегіне толған ашыныс, «зар-мұң, кей кезде өкініштің уын ішкен». «Қиналған кезін көпке жайып, жанын жалаңаштап алған». Сыр- себебі... біздің де көз көрген, көңіл бірлегеніміз бар еді..
Қазақтың солтүстігі. Қостанай өңірі... Сұрғылт болатыны... келімсектер жайлаған сонау бір құлды-құлық жылдары қандастарымыз тіл мен рух жетімдігінің азабы мен мазағынан көкірегі қарс айырылып, қазақылықтың қадірі қашып, ажары тозып, «жақсысы кеткен ауылдың, артынан жақсы шықпаса, өртеніп кеткен жермен теңдей» (Ақтамберді) күйге түскені естен кетпейді... Тас құрсаулы жүйенің дырау қамшысы ішкі ұлттық түйсігің қорлап, жанды жеріне тигенде, жолбарыстай атылып, арыстандай гүр ете қалған осы – Ақылбек. Қаруы – мінезі. Ана сүтпен біткен мінез. Зоры да – мінезі, соры да – мінезі. Ұлттың намыстан есем кетті деп, арқасы қозып шыға келетіні де сол. Қырымпоздардың ұйқысын қашыратын да, қазақ десе абыройын асыратын да өзі. Маргиналдардың жүйкесін жейтін де – Ақылбек. Қияңқы, қыңыр да – Ақылбек. Ұлт тағдырына деген безбүйректігін сезіп коммунистердің империялық партиясын тастап шыққан да – Ақылбек. Құрық-жүген көрсе, басын кегжитіп, құлағын қамшылап, қитығына тисе тарпа бас бермей кететін, ауыздығымен алысып туған, арғымақ – Ақылбек.
Кешегі ғасырда қаладағы жылы шаңырағының төрінде кейбір мен жақсымын деп жүрген тәуірлер ұлтым, тілім деп аһ ұрып, тіл безегеннен басқаға дәрменсіз, омалып, бүгежектегендерін де көз көрді. Ақылбек қала шалғайындағы үйінен қыстың қаһаған аязына, қарлы боранына, күздің сүзектей созылған жауын-шашынына қыңбай, көліктен-көлікке жармасып, қазақ мектебіне балаларын сүйрегендей апарып жүрді. Ой- хой, сонда кім не демеді дейсіз: «Ол барып тұрған ұлтшыл, балаларын сорлатпай, үйінің түбіндегі орыс мектебіне бере салса қайтеді? Қазақ тілінің көсегесін бір өзі көгертемін деп жүр ме өзі, тәйірі. Партияға керек болмаған тіліңді несіне көксейсің? Орыс тілін білмегеннің күні күн емес, ендеше босқа тыраштанып қайтеді екен, осы?!» Сумаңдаған сыпсыңды, келеке-кекесінді алдымен жалтақкөз қазағы айтатын. Айтса айтқандай, орыс тілін білмегеннің «күні күн еместігі» шындық еді. (Шындық еді дейміз-ау, қазір де ол ахуалдан ұзап кеткеніміз қозы көшке жетпейді.) Сол заманның ұлтжандыларының санасына зілмауырдай тиген құқайларына, сұмпайы саясатына шыдас берсе де, шырқырай арпалысқан да – Ақылбек. Рас, ол кезде тура кеп қалғанда досы-асын ажаратып жатпай-ақ, таспен ұрғанды таспен ұрып, заманына қарай айла-тәсілге көшіп, кейде жақын жүргендерге де қиянаты тиген де болар. Бірақ өз заманының қанасынан шығып кеткен кім бар, айтыңыз?! Ойда жоқта күнделікті қасында жүрген замандастарының біріне жақса, біріне жақпай, аяқ астынан жау тауып алуы да оңай еді. Қыпшақшыл деді, онысы рас. Бірақ, ол рушылдығы емес. Бар «айыбы» – қыпшақ тайпасының шежіресі мен дуалы ауыз, шешендерінің жұртта елеусіз қалған, ұмтылуға айналған баталы да аталы сөздерін тірнектеп теріп жинап, ұлттық рухани қазынасына тамшыдай болса да тама берсін дегені. Жершіл деді. Мұның да қисыны бар. Ақылбектің жершілдігі – елшілдігі. Онсыз да «арағына орыстың үйір қылған, қадір білмес кезбеге бас тартқан, өз асылын өзгеге ұстатқан» ұлтының туа біткен аңғал да аңғырттығына басқа емес, өз қандастарымыз шаншудай қадалғанда, бәзбіреулер жат-жарандар алдында зәуқайырда ала қойын арғымаққа теліп, кеуде көтерген желауыздардың өз айласын өзіне қолданып, өз дертімен өздерімен емдеп, уды умен қайтарудан шыққан амал. «Қарағайға қарсы біткен бұтақтың қылқаны» емес пе?!. Ал алшысына түсіріп айтқанда, осы «қисық-қыңырлығының» ар жағында тұтастай ана тілі, ділі, елі мен жеріне деген ары тұрды. Ал арына тиген адам не істемейді?! Тіпті арс-арс етіп айбат шегіп, қит етсе қаңғытып жіберер құдіреті бар коммунистік партияның мүшелігінен бас тартты. Жарнасын төлемей партиядан шықты да кетті. Одан да пайдам тисін деп жарнаны Семей-Невада және Арал теңізін қорғау қорларына төлеп, жұртты осы адами, имани іске жұмылдырды. Бірақ өңірдегі ана тілінің аяқасты тағдырынан арқа еті арша, борбай еті борша еді. Облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы деген қопақардай аты болғанымен білек сыбанатын жерде, жапыра жұмыс істеуге келгенде ортасы бел шешкізбеді. Бел шешкізбеген «арлы ойды арда емген Ахаң (Байтұрсынов) айтқандай, Ақылбекті қинағаны «өз ауылының иттері үріп қапқаны». Қара ормандай орыс қана емес, тіл білмейтін, жүрегі асқазанына түскен қандастарының табанының бүрсіздігі. Ел Парламентінің сайлауы басталған тоқсан төртінші жылы мемлекеттің тілі жаңғыз қазақ тілі болсын деген ұранмен депутаттыққа түскенде, үзеңгілестері қос тілділікті қолдап бой бермей кетті. «Жасағандар болса да мың амалды, серпілтпеді көңілден дүдамалды. Қарғаламен таласып жатқанымда, құзғын іліп әкетті сыбағамды», – деген сонда Ақылбек. Бірақ ақын бұған мойыған жоқ, қайта шыңдала түсті.
Ақылбектің өзі тұрғылас қазақтың басқа ақындарынан тұлғалық және ақындық тағдыры бөлек. Бөлектігін айқындайтын екі фактор: тілдік және шығармашылық орта. Өткен ғасырдан осы күнге дейінгі Қостанай топырағынан шыққан Ақылбектен басқа ақын-жазушылардың дені қазақы тілдік ортаға уызынан жарыған, ұлттық шығармашылық ортаның қазанында қайнап шыққандар. Ондай орта да, орда да сол кездегі астанамыз Алматы еді. Арғысы өз алдына, Ғабит, Бейімбет, Серке, Елубай, Қапан секілді корифейлердің ізімен қостанай топырағында дүниеге келіп, төл әдебиет пен өнердің, ғылым мен білімнің небір оғыландары мен баһадүрлері Алатау баурайына кіндігімен байланып, үрім-бұтақ зәузатымен өркен жайып, тамыры тереңдеп кеткен болатын. Ақылбек те барды сол Алматыға! Көрді, жүрді, білді. Аға-апалары, замандас-қаламдастары, армандастары, газет - жорнал, баспа да, басқа да бәрі де сонда. Басындағы бағы – жан жары Бақытханын тапты. Кезінде «арманындай Алматыны бетке алып, жас ақынның жаңа жазған жырлары, жолаушыдай вагон кезіп барады» – деп, аттанған бозбала Ақылбектің жүрегі лүпілдеді. Бірақ кейін бір өлеңінде Ақылбек: «Алатаудың өріне беттемедім» – дейді, бірақ беттеді, «қызықпадым төріне астананың» – дейді, – қызықты! Алматыға қызықпайтын ақын болса, ол қазір шығар. Ол кезде қазақ баласы үшін Алматы арман болатын! Ақынның айтайын дегені аян. Туған елден кіндік үзіп кете алмадым дегені поэтикалық түйін. Ал шындығында, тұла бойын ақындық, поэзияға деген құштарлық билеген бұла жігітке ондай ортаның аурасы бетерден бетер. Бәлкім, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың сүреңі солай болған шығар. Ал тағдыр Ақылбекті Қостанайдың маңдайына жазыпты.
Ақылбекті азамат әрі ақын ретінде тезге салған, шамырқантып- ширатқан, ұйқысын ұрлатқан – өрекпіте жырлатқан, сексенінші-тоқсаныншы жылдардың сүреңі. Қайта құру! Жылдарда жылдар бойы саналының кеуде сарайы әбден кемеріне келіп тырсиып, тыныс тастығыны ойда жоқта атылды да, ішкі қыжыл, зар-запыран жер дүниеге бұрқырай, сарқырай көл-көсір ақтарылды. Кеңестік жүйенің жүйкесі жидіді. Желтоқсан көтерілісі, алашапқын, дағдарыс. Ақылбектің алдымен арпалысқаны – тіл, ана тілі! Өйткені, ұлттың жан-жігері, иманы, обал-сауабы бәрі де сөзде болатын! Қадір- қасиеттердің катализаторы – қазақ тілі еді! Ел біледі, тың игерушілер туралы «Нан дәмі» деген төрт сериялы (1979) көркем фильм бар. Сондағы бір эпизодта қазақ даласына түрен салған тракторшы капотқа қарғып шығып: «Ей, Маша! Целина – наша!» деп айқай салады. Осы бір ауыз сөз сана-саңлауыңа қамшы тигендей шың еткізеді. Отанымыз да, опамыз да бір ғана Кеңестер Одағы деп жүрсек, қазақ даласы – жабайы, адамзаттың табаны иіскемеген жансыз, меңіреу-мылқау, түйесіз, биесіз, киесіз, иесіз екен! Жонынан таспа тілдік, дүлейді бағындырдық, бұл енді біздікі дегенде, ұлттық түйсігімізде бір қызғаныш бүлк ете қалды. Тегін емес еді. Ақыры, сол тың даланың байырғы жер-су, тау-тас, елді мекен атаулары небәрі бір-екі жылда түгел дерлік өшіріліп, орыс әдебиеті мен мемлекет қайраткерлерінің тегі пырдай болып қаптап қонды. Тіпті ауылдарды айтпағанда, ірі аудан орталықтары: Меңдіғара – Боровской, Жетікөл – Семиозер, Қарабалық – Комсомол, Жаркөл – Федоров, Түйемойнақ – Денисов, Ұзынкөл – Ленинге осылайша айналып жүре берді. Ал экологиялық апат зардабы: жонынан таспа тілініп, құнарынан айырлған топырақ, мекенінен безген аң-құс, флора-фауна теңсіздігі жылдан жылға шорға айналды. Тыңнан кейін жиырма бес жыл өткен соң түсірілген осы фильмнің басты кейіпкерлері тек қана орыстар (басқа ұлттар тыңға мүлдем қатыспағандай, Асанәлі, Ыдырыс, Наталья Орынбасаровлар жанама), солардың «жанпида» еңбегін паш еткен шовинистік картина болып шықты. Мемлекеттік сыйлық берді. Осылардың бәріне өзекті пенде іштей тынса, ұлтжанды ақын – азаматтың жадында шемендей қатып, жүрегін дертті етті. Әсіресе, тоқсан екінің шіліңгір шілде түсер шағында «Қазақ тілі» қоғамының облыстық мәслихатында Ақылбек жан терін бұршақтатты: «...жеріміздің төбе құйқасы сыпырылып, суымызды балығы мен бақасы таусылып, табаны қалғанын, жағалаудың жекені мен борығы таусылып, келімсектердің бос қалбыры мен арағы қалғанын, ал қазақ тілінің бұлтылдаған бұлшық еті бар білегі емес, сүйегінде жілік майы бар, тепсе темір үзетін, аяғы да емес, жәудіреген жанары қалғанын мойындауымыз керек» – деп, ашынысын аптықпай, өңірдегі қоғамның қазақы бұлқыныстарын безбенге салды. Барды бар, жоқты жоқ деді... Ортадағы барлық тірлік-тіршіліктің арқауы тілмен ғана тірі, тілмен ғана есіледі екен-ау. Әйтпесе, үндемейтін мылқау керең ел тарихта бар ма екен өзі?! Сол жылы қостанайлық «қазақ тіліндегілер» Ата заңымыздың жобасы талқыға түсіп, ондағы бір бапта мемлекеттік тіл мен ұлтаралық қарым-қатынас тілін білмейтіндердің құқы шектелмесін деген сөйлемді алып тастауды, қазақ тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болсын деп жазуды, «Қазақстан халқы» емес, «Қазақ халқы» болып жазылуын сұрап ел Президенті мен Жоғарғы Кеңеске жеделхат жөнелтті.
«Не мағынасы, не тарихымызға қатысы жоқ атаулар құмырсқадай құжынаған жер-су атауларына байырғы ныспысын қайтарсақ дегенде, жергілікті шовинистік кертартпа топтар, шала қазақтар, маргиналдар, сондай ақ, «бір күндік ұрыстың қырық күндік кесірі бар» дегендей өз арамыздағы алауыздық, көреалмаушылық, бақталастық қоғамды жегі құрттай жегенін, ортақ іске көп кесірін тигізгенін қалай жасырасың?» – деп саңқылдады. Сөйтіп жалындап арпалысып жүріп 1990 жылы шілдеде «Дала қоңырауын» қақты. Марқұм журналистика ақтаңгері Байтұрсын Ілияс ағасы екеуі өңірдегі исі қазаққа өзегіндегі дерті, лапылдаған өрті, маздаған шоғы – қазақ тілін ту ғып көтерді.
1991 жылының басында Кеңестер Одағының шаңырағы шайқала бастап, Мәскеу жанталасқа түсіп, КСРО сақтап қалу туралы референдум өткізетін болды. Сол тұста әр кеңес азаматы өз ойын айту туралы «Ана тілі» газеті: «Ертеңгі күні барша халқымыздың, өз жерінде азшылыққа қалып отырған ұлтымыздың халі не болады? Қайткенде көсегеміз көгереді?!» – деген сауалдардың төңірегінде, бас қатырып мықтап ойланатын кез» деп өз оқырмандарынан пікір сұраған. Сонда алғашқы лектің қатарында Ақылбек «Байғұсты құртқан – бәрекелді» деген атпен өткір пікірін ашық жазды. «Біздің қазақ қашанда даурықпа науқандардың алдынан көрініп, Мәскеудің «бәрекелдісін» естіп жатушы еді. Қанша бәрекелді естісек те одан шекеміздің қызғаны шамалы» дей келе, КСРО басшыларының, министрлерінің тек орыс ұлтынан болатындығы, он бес одақтас республикаларынан бірде-бір ұлт өкілі орынтаққа ие болмағаны, тіпті Қазақстанның өзінде күштілік министрлердің де орыс ұлтынан болып келгенін: «Сонда біз қай Одаққа дауыс береміз? Кімді нығайтамыз деген заңды сұрақ тумай ма? Баяғы империяның қожасы «ұлы» халық болып шыға келмей ме? Шама келсе осы бұғаудан аман-есен құтылудың жолын ойлау ғана өзге халықтар үшін бірден-бір дұрыс жол болмақ» деп, мәселенің түп тамырын тануға шақырды. («Ана тілі» №11 1991ж.). Бұл кез нағыз аударыспақ еді. Алысты, жағаласты, жұлысты, қабарыса қарысты. Қапа болды, у ішті. Қарсыласы ауып түссе де, «бәрекелді» деп сүйсінер жұрт іштен тынды. Бәңгілерде жыртаң күлкі. Кәрі-жасқа да келген бұл сынақта шымырлықпен шыдас берді Ақылбек. Ел ішінде ұлттық өнер қайта түледі. Дәстүрлi әншiлiк, күйшiлiк, жыршылық және айтыс арқаланып шыға бастады. Ұлт рухы сілкінді, бірақ бұл да өткінші екен. Даңғазаланып өте шығып, тез ақ басылып қалды.
Қай заман болсын билік ақынды шын пейілмен пір тұтқан емес. Тым алыстан тартты демеңіз, Фирдоуси Махмұт сұлтанды құлға, уәдесiз наданға, қарғаға, есекке, жарқанатқа теңеп қалың жұртқа масқарасын шығарғанда, сұлтан қолына тiрi түсе, сол күйінде пiл табанының астында қамырдай илемек болған. Ұлы шайырдың да көрмегені жоқ, сүйегі сахарада шашылып қала жаздады. Бірақ түптің түбінде Фирдоусиді Махмут сұлтан ақыры мойындап тынды. Император бірінші Пушкиннің еркін ойынан сескенді. Үнемі қақпақылап жүрді. Ортасы Абайды, Ақан сері, Біржан салды не істегенін білесіз. Беріде Қасымды, Мұқағалиды да, Төлегенді де тірісінде есіркеген жоқ. Ендеше, биліктің Ақылбекті Ақылбек болғалы жақын тұтып, бауырына тартып айналып толғанбағаны заңды көрінеді де тұрады. Шындыққа тура қарайықшы, қазір де билік өздігінен қай ақынды әспеттеп, шынайы ықылас танытып жүр екен? Рас, кейде мерейтойын өткізіп, сый-сияпат жасайтыны бар. Оның сыры да мәлім: ақынның өз өтініші, жоғарыдан айтқызу, қоңыраулату. Біз әлі шын талантты құрметтеу мәдениетіне жеткен жоқпыз. Жетпегеніміз, шын талантты танымаймыз. Танымайтынымыз тануға құлық жоқ. Құлық болмайтыны – ындынымызды дүние билеген. Руханияттың құны түссе, адамгершілік азатынын біле тұра, пейіл бермейтін билік ойлауы керек-ақ. Анабір жылы ақын, шығыстанушы Өтеген Күмісбаев Ираннға барғанда сол тұстағы ел Президенті Махмуд Ахмадинежадтың жарты сағат парсы поэзиясының жауһарлары Фердауси, Рудакилардың жырын жатқа оқығанын өз көзімен көріп тәнті болыпты. Несін жасырайық, Сәбит Досанов ағамыз мерейтойымен туған өңірін аралағанда аудан әкімдері қағаберісте бізден «бұл кісі қандай кітап жазып еді, бір-екеуін айтып жіберіңізші» дегені есімде. Ал біз білетін Ақылбектің болмысы билікке - оппозиция. Тіпті ақынның асау, адуынды, қалыпқа сыймай кететін оқыс мінезінен сескенетінін; бүлдіреді, ертең ел алдында күлкі етеді, ащы, кейде шақпа тілінің мазағына, әжуасына ұшыраймыз деп қатты қауіптенетін. Сондықтан билік ежелгі айла-шарғысымен ақынды өз үйіріне (білім, мәдениет, тіл басқармаларының орынбасары) қосып алып, ақырындап жалынап сипап отырып, дегенін істету еді. Бұл шынтуайтына келгенде, биліктің Ақылбектің азаматтық қайратын мойындағаны болатын...
Осыдан қырық бес жыл бұрын небәрі он жеті жасар желкілдеген жас құрақ Ақылбекке қазақтың жампоз ақыны Жұмекен Нәжімеденов «үздіксіз өрлеу өсу үстінде. Әзірше айтарымыз Ақылбек – ақын. Бұдан өзге мақтаудың қажеті де жоқ» деп жазған екен. Арада жиырма үш жыл өткен соң ұлтымыздың «жыр жазып, жанарынан жас парлатқан, бозқурай тамырлы ақыны» Есенбай Дүйсенбаев: «Ақындық талантына талас жоқ. «Шаттықты қайғыдан алған қарыздай көрінді» деген бір ақ жолы үшін де ақындық атағын беруге болып жатыр» десе, марқұм Сәкен Жүнісов: « Ақылбек інім – тұлғасы ірі, мықты ақынның бірі. Ақынды көп мақтаудың қажеті жоқ. Одан да оның жырларын оқыңыз» депті. Тіпті шығармашылығының сан қырын сараптай келе, Ақылбек – журналист, Ақылбек – ғалым, Ақылбек-драматург деуге әбден лайық. Әйтсе де таразы басына салғанда басып кететіні де, асып кететіні де, Ақылбекті Ақылбек еткен де – поэзия екеніне иландық...
Ақылбектің кіндігін нағашысы өлеңмен кесіпті. Бұдан әрі дәстүрлі түйсікпен қуа келсек, Ақылбек – Орта жүзге мәлім Қазбай бидің шөпшегі болып шығады. Содан ес білген, ер жеткен, «тайлағында атанмен үйір болған» (Жанақ) қылшылдаған жігіт кезінде «асылдардың қолын қысты (Сәбит, Ғабит, Серке), «Шыңғыспен (Айтматов) суға түсті», «Олжаспен (Сүлейменов) сусын ішті», поэзия даңғылдары Ғафу, Сырбай, көркемсөзгер драматург Сәкен сері, марқұм әдебиеттанушы Рымғали Нұрғалиев
Қостанайға табаны тисе, ақын інісін шарқ ұрып іздейтін. Жақсы-жайсаңмен жұғысты, жақсы-жаманды көрді, таныды, оқыды-тоқыды.
Сонымен, Ақылбек – азаматты танығандаймыз, әйтсе де поэзиясының әлпеті қандай деп сұраңыз. Сайын даланың жусанына кіндігінен байланған қазақ ақындары қандай болушы еді?! Арқалы, адуынды, сыршыл, мұңшыл, ділшіл, діншіл дейсіз бе, бәрі де бар. Оқығанда ықтияттап аңысын аңдаңыз. Өйткені,өлеңдерінің мінезі – пародокс. Жырларының ішкі түйсігі де құбылмалы, сынаптай сырғып тұрады. Оқ-ы-еп отырып, енді ішіне ендім дегенде, зып етіп жоқ болып, саған сыртқы қаудыраған шапанын ғана тастап кеткендей күй кешесің. Ақылбек поэзиясының жанына еніп, өзегін табу, бүлкілдеп соққан күретамырының соғысын білу үшін, өзіңіз де оның ішкі әлеміне енуіңіз керек. Түсінбейтін несі бар, болды-жетті деп жаба салуыңызға да болады. Сәлден кейін барып соңғы тармағында не деп еді дейсіз тағы да. Себебі, жырлары өзара «егесіп», өзара «ұрысып», кежілдесіп жүргені. Ақылбектің ішкі «мені» мен сыртқы «менінің» қайсысы күшті деп ойланып қаласыз. Ішкі мен биязы отырып барып, талағы тарс айырлғандай болады, ал сыртқы мені бірауық байсалды, салқынқанды көрінеді. Кейде Ақылбекті өз өлеңдері еркелетіп, жастық жалынына баурап, еліктіріп, елпілдетіп әкетсе, енді бірде ұнжырғасын түсіріп, қажытып, әбден жүндей түтіп , уайым жегізіп қояды. Енді бірде бәрін ұмыттырып, жайраңдатып, тіпті тайраңдатып жібереді. Содан кейін түсініп көріңіз. «Әріден тартсам, әй, жаным, Абылай ханның түсімін. Кенеден қалған найзаның, сынып бір түскен ұшымын. Сырт жағы бүтін, іші мұң, періште де емес пішінім. Пері деп ешкім айта алмас, мен өзі сондай кісімін» деп, Ақылбек ептеп жырмен жымиып алып: «Қайран қаламын, қалай өмір сүреді, кейбіреулер, тебіренбей, толқымай, ғашық болмай, арнасынан бұрқанып, тасып толмай» деп аяқ астынан аңғал баладай таңырқайды. Енді бірде: «айтпақшы болып шыныңды, ақтарып алма сырыңды» деп ескертеді де, сабазың шынын да, сырын да айтып қойғанын өзі де сезбейді: «Алдыма келсе, тістейтін, артыма келсе тебетін, әдетім қалып бұрынғы, атың болыппын, жегетін» немесе: «Дей алмаймын, топтан озған тарланмын, кейде өрлеп, кей кезде тал қармандым. Ұққан сайын алдамшысын жалғанның, шыққан сайын биігіне арманның, түйедейім түймедей боп көзіме, көңілім бір толмай қойды өзіме!» деп бір түйіп тастайды. Бұл – шын ақын, арлы ақынның сөзі.
Ақылбек «еңсесінен жел соқса да теңселмеген» (Ақтамберді), сең соқса да қирамаған оғылан. Ол бір өлеңінде: «бір Алладан басқа жанға, құлдық ұрып сиынбадым» дейді. Тәкаппар, жігері жалындап тұр: « Білектің күшін, көз нұрын, жіліктің майын, бәрін де беріп болған соң кіріпті уайым. Еңсемді тіктеп, бойымды тура ұстайын, жауымды жіктеп, болайын ұрысқа дайын. Ер болсам болдым, немесе құрып тынайын!». Тәуелсіздік ескертіші алдында тұрып: «Сенің пірің, Қазағым алыс күннен, келген Батыр астына барыс мінген. Желтоқсанның желімен мұз қозғалып, қиянатпен барыстай алыстым мен. Алтын қазақ, нар қазақ барыс мінген, жетті бізге жарқырап алыс күннен. Нар қазақпен намысы бар Қазақпен, жиырмасыншы ғасырда табыстым мен!» деп саңқылдайды.
Толқисың, толқытатыны әрбiр жыр жолын жүрек терімен суарған: «Иә, Алла! Несібеңнен құр тастама, жаманатқа бастама. Келіп қалдық ерксіз жер ортасы жасқа да. Таба қылып дұшпанға, күлкі қылма досқа да. Иекте түк болса да, жүрегімде – жас бала» дегеніне тәнті боласыз да, «тоқсан жолдар тоғысқан кеудесі көркем астана» Ақылбек: «Мейіріміңді төге көр, маған да емес, басқаға. Жылуыңды бере гөр, қатқан қара тасқа да» деп мінәжат етеді.
Мінәжат демекші, ақынның астанадан басылып шыққан «Мінәжат» (2011) жыр жинағы – Шаяхмет поэзиясындағы тың ағыс, жаңа бетбұрыс. Себебі, тұтас бір қалың томда Ислам дінінің нұр-шапағаты өлеңмен өрнектелген. Төл поэзиямызда дәл мұндай көлемде таза имандылық айнасы – Исламның ғаламдық мән-мағынасын, тағлым-танымын, құдірет-күшін ақын көзімен, көркемдік өлшеммен тұшыну сирек. Исламға бас иіп, мойындаған Иоган Гете, Наполен Бонапарт, Лев Толстой, Майкл Харт, Александр Пушкин, Бернард Шоу тағы көптеген даналар мен ойшылдардың, шығыстың ғұламалары мен ділмарларының айтқан ой-толғамдарын тілге тиек етіп, жыр жолдарына арқау еткен. Ақылбек: «Пушкин түгел оқып шығып Құранды, бірде-бір сөз таба алмаған күмәнді. «Қарғыс атар тыңдамаса Құранды!» деген екен Иван Бунин сыралғы. Ғалым Кусто от пен суға шыдамды, көзі жетіп қастерлеген Құранды. Өмірі нұсқа, жүрген талай тартыста, Мұхамбетті мойындаған Маркс та» дей келе: «Олай болса, толып жатыр дәлел де, Құран кәрім – дана кітап әлемде» дейді. Дәл осы жыр топтамасы Ақыблектің ақындық ауқымды диапозонын, терең парасат-пайымын байқатты. Сірә, сондықтан болар, еліміздегі Дін басқармасының өтініші бойынша бұл жинақ 2013 жылы «Иман-жүрек айнасы» деген атпен қайта басылып шықты.
Жырын шындық шоғына тұтатып, ақиқаттың отына маздатқан шайыр: «Еккені бар, шыққаны жоқ ел көргем. Иттері бар сырттаны жоқ ел көргем. Адамы жоқ, қамалы көп бел көргем. Суы кеуіп, тұзы қалған түбінде, Аралдайын тебіренгем. Қаласынан моласы көп далада, жарадай нақ обасы көп далада, қуаныштан наласы көп далада», «Шын мәнінде қарапайым пендеге, үлкен тілін кіші алмайтын елде де. Қанаттылар ұша алмайтын жерде де, қиын емес қыран емес қарғаны, қоя салу көрмеге», «Жасадық досқа жапа, қасқа жәбір.Тәніңді елжіретпес басқа бауыр. Сөздің де неше түрін сапырыппыз. Күнәміз таудан үлкен, тастан ауыр» деп өзі ашынады да, өзі мойындайды. «Босағада тұрса да күдік қорып, көңіліме әйтеуір үміт толып. Төсегіме қисайып қариядай, оянамын таңертең жігіт болып.» Жырлардың ырғақтық-интонациялық өрімдері: қара өлең ұйқастар еркін тармақтар, дені үш бунақты, он бір буынды болып келетіні ақынның өзіндік поэзиялық бітіміне жарасып тұр.
Жалпы, қазақ ақындары бір-біріне ұқсас, бір қалыптан шыққандай ортақ поэзиялық келбеті бар. Бұл ұқсастық – жасампаз қазақы келбет! Егер қазақ ақындарының палитрасы дала болса, оның жаны, жырының жаны дала рухымен кіндіктес болса, неге ұқсамасын! Ал дала дегеніңіз – қазақтың алтын бесігі, мәңгілік ұясы. Қазақ даласы– кең, құшаққа сыймайды, қазақ даласы – терең, түбіне жете алмайсыз. Ол қазақ ақындарының мәңгілік жаны, музасы. «Перзентпін тартып туған далаға, жомарт десе жомартпын, сеніміме қол арттым», «Дәм тартқан жерім осы ара, дос тапқан жерім осы ара. Асқар тау – асыл әкеммен, қоштасқан жерім осы ара. Осы жер менің бесігім, тағдырым берген несібем. Өмірдің ұқтым не екенін, ал егер болса екі өмір. Оны да саған арнар ем, Туған жер – атамекенім!», – дейді Ақылбек те.
Аңсау – қазақ поэзиясының қайнар көзі. Бізге жеткен жеті ғасыр жырлары аңсау мен сағынудан, домбыраның күмбірі, қобыздың сарынынан жаралған. Сағыныш жайдан жай тумайды. Қазақтың ұлы даласын туған баласы сағынбауы мүмкін емес. Қазақ сағынып туады, сағынып өмір сүреді, сағынып өледі. Бұл біздің ұлттық менталитетіміз. Сірә, басқа ұлттан ерекшелігіміз де, артықшылығымыз да осында болса керек. Қазақ поэзиясына қалың орыстың ортасынан бұла жігіт болып келген Ақылбек те үйден қырық қадам шықса: «Сағыным қалам-ау деп бұл даланы, артыма қимастықпен бір қарадым. Ақ көңіл , пәк сезімнің белгісіндей, жанрдан жалғыз тамшы сырғанады», «Кіндік қаным, маңдай терім төгілген. Қуат алдым жаны жомарт жерімнен. Шарлап қайтып төрт бұрышын әлемнің, қанша жанның пейіліне бөлендім. Туған жерің екендігін түсіндім, қайнар көзі өлеңнің.» деп ағынан жарылады.
Мақтаудың да мақтауы бар. Қазір басылым беттерінде ақын жазушыларымызды өз бойына шақтап мақтау емес, төбесінен құс ұшырмай, «құдай емес, құдайдан былай емес» еткен мадақ дәріп дүрілдеп тұр. Егер сол мақтау жаныңды сүйіндіріп, жүрегіңді лүпілдетіп жатса жөн басқа. Өте бір қатерлі құбылыс. Мен Ақылбекті қалың орыс тілді, қазақы шығармашылықтан ада ортада өсіп, қалыптасып, қазақылығын сақтаған болмысын басқаларға үлгі етемін. Бұл бірақ ақын туындыларында осалдық жоқ дегендік емес. Ақылбектің жырлары «сылдырап өңкей келісім», мінсіз десек, Ахаңның өзі де бас шайқауы мүмкін. Жырларының өзіндік ішкі диалектикасында жалпы ақындарда кездесетін бой жазу, жаттығу, сергу шумақтары болады. Сондай-ақ, жалқау өлеңдер мен жарқын өлеңдер де қатар өріле береді. Шайыр Шаяхметтің жыр жинақтарында осындай дүниелер бар. Тіпті кейбір кезде тұтас өлеңдері – жалаң дидактика. Мұның бәрі айналып келгенде шынайы поэзия босағасының алдындағы ақындық стихиясы... Ал шынтуайтында, «Ақылбектің көркемдік құралдары түгел. Керек жерінде керек құралдарды іске асырады. Бояудың дозасын ретімен пайдаланады. Сезім тізгінін жіберіп, тежейтін тұстарды жіті байқайды. Ер үстінде сергек отырады». (Дүйсенбек Қанатбаев).
Мен алпыстың жуан ортасынан асқан кейбір ақын ағалардың шығармаларын сырттай оқып бақылап жүретін әуестігім бар. Кездесе қалса бірқатарына осы өлеңді қойсаңыз қайтеді дегім келіп тұрады. Ал Ақылбекке оны айтпас едім. Ақылбектің жаны жалын атып тұр. Адуыны өрекпиді.
Ақылбек Шаяхмет екі тілді, ол төл туындыларын әрі жаны қалаған классиктердің жырларын жатқа оқиды. Ол – ғалым, драматург, этнограф.
Сонымен, Ақылбек кім десеңіз, ол: «Ұлыдан қалған ұятпыз, елдіктің мәнін шын ұқтық. Тұлпардан қалған тұяқпыз. Асылдан қалған сынықпыз» – дейді. Бұған алып-қосарымыз жоқ.
Жанұзақ Аязбеков,
әдебиет сыншысы, Халықаралық әдебиеттанушылар қауымдастығының мүшесі
qazaquni.kz