Кемел ағаның кеңдігі

Кемел ағаның кеңдігі

  Кемел Тоқаев ағамыздың есімін алдымен, әрине, кітаптары арқылы білдік. Ол кісінің милиция туралы кітаптары халықтың арасында өте жақсы тарап кетті. Қолдан қолға өтетін. Қызығып оқитынбыз. Неге десеңіз, детектив шығармаларды – Шерлок Холмсты, Эдгард Поны, орыстың детективтерін , тағы да сондай шетелдік дүниелерді оқыдық. Детектив киноларды да көрдік қой. Құпия, шытырман оқиғаға құрылған дүниелер, әсіресе, милицияның өмірі жөнінде жазылған шығармалар қызық көрінетін. Оның ішінде өзіміздің қазақ жазушысы қазақ милицияларын суреттеген, қазақтар туралы қазақтың жазған шытырман оқиғасы болғандықтан Кемел ағаның кітаптары өте қызықты болды.

  Кейін Алматыға келіп, оқуға түсіп, алғашқы мақалалар жазып жүрген кезімде, бір күні ұстазымыз Сағат Әшімбаев маған бір әңгіме айтты. «Қазір дүние жүзінің оқушыларының қызығып оқитыны детективтік шығармалар екен. Осыларды бір жүйелеп жазсаң, қазақ әдебиетінде де детектив шығармалар ептеп бар ғой, мысалы, Кемел Тоқаев ағамыз. Негізінде сол кісі көп жазып жүр бұл жөнінде. Және Қалмұқан Исабаевтың, Жұмабек Еділбаевтың, Әділ Дүйсенбековтің шығармаларында да кейбір детективтік сарындар бар екен, осылардың барлығын қосып, бір мақала жазып көрсең» ¬¬–деп тапсырды. Мен осының бәрін тізіп, талдап, детективтік шығармалар жөнінде үлкен бір мақала жаздым. Ол кезде бесінші курста оқимын. Мақаламды бітіріп бердім. Бізді әскери екі айлық жиынға Қырғызстанға, Ош қаласына алып кетті. Содан жаздыгүні, 1977 жылы, маусым, шілде айының бірінде, менің үлкен мақалам «Лениншіл жасқа» шығыпты. Ол кезде «Лениншіл жасқа» мақала шығу деген, оның ішінде әдеби талдау, әдеби сын зерттеу мақаланың шығуы деген студент бала үшін өте үлкен мәртебе. Сыншылардың өзіне ондай көлем бере бермейді. Бір бетке жақын, «Детектив дидары» деп ат қойыпты. Сағат аға қойған ғой. Мен бесінші курсты жаңа бітірген студентпін. Сол мақаламды Кемел аға Тоқаев оқиды ғой. Сөйтіп, мені таба алмайды, білмейді, ол кезде қалта телефоны жоқ. Сағат Әшімбаев ағамызға рахмет айтыпты. Ол кезде Сағат аға «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары, редакторы ¬– Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз. Содан Кемел аға звондап, риза болып: «Мына баланың қарымы қалай өзі, жақсы жазған екен. Мүлдем ескерусіз, айтылмай жүрген тақырыпты көтеріпті!» – деп, үлкен кісі өзінің ағалық ризалығын білдіріпті. Одан кейін мен «Лениншіл жаста», «Қазақ әдебиетінде», «Жұлдыз» журналында жұмыс істедім. Ол кісімен дәл қай күні жүздесіп, қай күні танысқаным қазір анық есімде жоқ. Бірақ, 1983-тің аяғы, 1984 жылдың басы болуы керек. Мен «Жұлдыз» журналында жұмыс істеп жүрген кезім, Кемел Тоқаев аға 60 жасқа толды. Бір күні маған хабарласып, звондап, әдейі іздеп келді: «Саған бір әңгімем бар» – деді. Сөйтіп, маған қолқа салды. «Мен алпыс жасқа толып жатырмын. Маңғыстауға, сосын Қызылордаға барып, оқырмандарыммен кездесу өткізсем деймін. Басшыларымен, бәрімен келістік. Енді менің қасыма серік болатын әрі менің шығармашылығым жөнінде пікір айта алатын адам керек. Сенің баяғыдағы менің шығармашылығым туралы жазған мақалаңды білемін, жалпы өзіңді бақылап жүрмін. Маған серік болып, барып қайтсаң осы сапарға. Көп адамның керегі жоқ. Екеуміз-ақ барайық. Мен саған сеніп, әдейі келіп отырмын, айналайын!» – деді. Ол кісі соғысқа қатысқан адам, менің әкем Тақан да соғысқа қатысқан. Әкем 1921-ші жылғы, бұл кісі 1923-ші жылғы, әкемдей кісі ғой. Сондықтан: «Кемел аға, сіздің бұл сөзіңізді қуана қабыл аламын, сізбен бірге барамын!» – дедім. Содан ол кісі біздің редактор Бекежан Тілегеновпен, редактордың орынбасары Ғафу Қайырбековпен, жауапты хатшымыз Ахат Жақсыбаевпен, бәрімен өзі сөйлесіп, келістіріп, одақтың барлық басшылығымен сөйлесіп, билеттің бәрін алып, дайындап, екеуміз тәуекел деп: «Ал, Маңғыстау, Ақтау қайдасың?» деп Алматыдан ұшпаймыз ба! Алматыдан ұшып, енді Ақтауға қонатын болдық. Бір кезде ұшағымыз қайта көтеріліп кетті. Қонбады Ақтауға. Не жағдай екенін білмейміз. Бір кезде қонатын уақыттан асып кетті. Төмендеген ұшағымыз қайта көтеріліп кетті. Жұрт тым-тырыс, үн жоқ ұшақтың ішінде. Кемел аға екеуміз бір-бірімізге қараймыз. Бұл не ғажап болды? Уайымдай бастадық. Бұл не нәрсе? Кеш батқан, түн іші. Сөйтсек, Ақтау қабылдамаған ба, Атырауға бұрыпты ұшақты. Атырауға қондық. Атыраудың аэропортына қонғаннан кейін Кемекең күледі. «Жүр, буфетке барайық » – деді. Сол жерден дәм таттық. Кемел аға: «Фронтовой жүз грамм деген болады. Осы дәм бізге бұйырған шығар, Атыраудан бір жапырақ нан жеуге!» – деп сабырмен күледі. Бір кезде қайтадан ұшып, Ақтауға келіп қондық-ау!

  Ақтауда Маңғыстау облыстық партия комитетінің Бірінші секретары болып Саламат Мұқашев ағамыз жұмысістеді,кейінреспубликада үлкен басшы болды. Жоғарғы советтің бастығы болды. Ол кісі Кемел ағаны үлкен құрметпен қарсы алып, Мұсташ Құсайынов деген бөлім меңгерушісі бізді бірге алып жүріп, Маңғыстауды аралатты. Бұл менің Маңғыстауға бірінші келуім. Бұрын Маңғыстау дейтін жер бар, бір бөлек дүние, бөлек әлем деп еститінмін. Ол жөнінде оқығанымыз бар ептеп. Адайлар туралы естігеніміз бар. Бекет атаның есімін алғаш Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» деген кітабынан оқығанбыз – әулие Мұңал Бекет ата деп жазған. Талай-талай адай жігіттерімен жолдас болғанмын. Қыдырғали Әдеков деген адай жігіт курстасым болған, марқұм, қайтыс болды кейін. Маңғыстау деген маңғаз өлке, маң дала, керемет дүние деп естіп жүретінмін. Міне, дәм жазып, Кемел ағамен бірге сол топыраққа аяқ бастым. Содан кейін сол әсерден мен «Бекет атаның үйі» деген өлең жаздым.

Сапарға ең әуелгі үлкен себеп

Кемел аға Тоқаев алпысқа кеп.

Маған қолқа салғаны: «Бірге жүріп,

Сыншым да,жыршым да өзің боласың», – деп...

Маңғыстау – түйелі жер, киелі жер,

Жолынан жығылмаған жүйелі жер,

Көргендер жердің түбі, судың түбі,

Ғажайып екі әлемнің жиегі дер,

Көнекөз, жел мүжіген домбырадай

Шанағы-жыр, шегі-сыр, тиегі-шер,

Суреті, серті бөлек, сұсы басым,

Тасы – ою, құмы – өрнек, сүйегі – зер,

Әуесіне әулие рухы сіңген

Тегіннен тегін басын иеді ме ел?!

Керемет дүниемен кеп таныстым,

Дүбірін естіп талай аттаныстың,

Түбінде Қарақия ойға батып

Басынан Шерқаланың құстай ұштым,

Адайдың қыздарымен әзілдесіп

Апайтөс ұлдарымен төс қағыстым.

 Міне, осылай Маңғыстауды араладық. Шерқаланы көрдік. Керемет бәрі. Қарақиянның ойына түстік. Әулие Шопан ата, Масат ата, Қошқар ата бейіттерін көрдік. Бекет атаның бір тастағы мешітін көрдік. Сөйтіп, не керек, аудандарды араладық. Ералиев ауданы, Маңғыстау ауданы, Шетпені көрдік.

  Әлқисса, Ералиев ауданына келдік. Ералиев ауданының бірінші секретары Пірімтай Арыстанов деген кісі екен. Аудан ауылдарын аралап келе жатып, бір ауылға келіп түстік. Шеткі ауыл екен. Ол жерде бір әңгіме болды. Ауыр әңгіме. Сөзді бірінші секретарь Пірімтай Арыстанов бастады. Совхоздың директорының аты – Еркемай, ұмытпасам. Ауылдық советтің төрағасы ақсары, асықтай ғана жұқа кісі екен, Сәке деп отырды, аты есімде қалмапты. Дастарханда отырғанда Пірімтай Арыстанов: «Ал енді обкомда, ЦК-да сөз болып жатыр. Бекет атаның басына үй салыпсыңдар. Халық әлгі үйге қонады екен, түнейді екен. Бұл үлкен әңгіме болып жатыр, саясатты өздерің білесіңдер. Енді сол үйді тез арада алып тастау керек!» – деді. Бекет атаның бейіті ме, жоқ әлде Бекет атаның салған мешітінің жанында ма? Анығын білмеймін, әйтеуір Бекет атаға зиярат етіп келушілер түнейтін жерде , соның басына салынған үй. Ералиев ауданының шетінде, әлгі совхоздың жерінде тұр екен. Хатшы директорға қаратып айтты: «Анау үйді сен бұзып таста!» деді. Директор қашты: «Мен қалай ол үйді бұзамын? Менің мойнымдағы міндет – осы совхоздың шаруашылығы. Менен соны сұраңыздар. Ал, жаңағы салынған үй, салынған тағы басқа нәрселер – оның барлығы мынау сельсоветтің қолында. Оны селсәбет қарасын, мына Сәкеңе тапсырыңыз!» –деді. Ана кісіге қарай аударды. Сөйтіп еді, селсәбет шықты шырылдап: «Бұл қалай болады Пірімтай Арыстанович? Менің қолымда техника жоқ, күш жоқ. Менің қолымда қағаз ғана бар, қаулы ғана бар. Күші бар, тракторы бар, техникасы бар директор міне отыр. Осы директор сол үйді бұзсын!» деді. Басқа жұртшылық та, Кемел аға екеуміз де үндемей отырмыз. Сонда секретарь: «Сен қалай бұлай деп айтасың?» деп қадалды. Директор селсәбетке, селсәбет директорға сілтеп, екеуі сөз аяғын лыпылдатуға айналды. Пірімтай Арыстанов, негізі, Шымкенттің жігіті екен. Өзі мұнайдың жайын жақсы біледі. Қабағын түйіп, шындауға айналды: «Сендер не бұл? Райкомның сөзі ойыншық па? Мен еріккеннен айтады дейсіңдер ме? Обком солай шешіп отыр. ЦК біледі. Ертең саяси үлкен әңгіме болады. Анау үйді салған кім, сендер тып-тыныш соларды табыңдар да, өздеріне алғызыңдар. Не болмаса халыққа білдірмей, өздерің бір түнде сыпырып тастаңдар!» – деді. Тоқ етері, бір кезде кесіп, қадап айтты: «Жарайды, былай болсын. Селсәбет қаулысын шығарсын, заңдастырып қағазға жазсын: жұрттың келіп түнейтін үйі бұзылсын деп! Сен, директор, селсәбетке техника бер, тракторыңды бөл, кісілеріңді бөл. Сәке, сіз барыңыз да, анау үйді алып тастаңыз. Болды әңгіме осымен, енді соза бермеңдер!» деді. Сөйтіп еді, селсәбет, Сәкең деген ақсары кісі қып-қызыл болып ашуланды. Бір кезде айтты: «Әй, Пірімтай! Селсәбет пен партбилетті қазір қайтарып алсаң да мейлің, мен атамның басына халқымның салған үйін бұзып, халқыма қарабет бола алмаймын!» – деді. Бұл 1984-ші жылдың басы. Советтің, партияның дүрілдеп тұрған кезі. Ол кезде райкомға бұлай сөйлеу деген ақылға сыймайтын нәрсе. Сөйтіп еді, мен Кемел ағаға қарадым, қызық болғанда, келісіп алғандай, Кемел аға екеуміз қолды соқтық. Кемел аға ол кезде Жоғарғы советте істейді. Бірақ жаңағыдай дегенде, үлкен кісі екеуміз қолды соғып жібердік, халық та қолды соғып жіберді! Пірімтай Арыстанов, бірінші секретарь қызараңдап, ары қарай ештеме айта алмады. Сонымен әңгіме бітті. Одан ары не болғанын білмейміз. Қайсар мінез, өткірлік деген міне, осы! Кеңес үкіметінің, Компартияның дүрілдеп тұрған кезінде айтқан адайдың ақсақалының жаңағыдай сөзін көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік. Сондай риза болдық. Әрмен қарай дастарханда сыйласып, асымызды ішіп, әңгіме-дүкен құрып, өлең айттық, мен жыр айттым, сол жақтың әншілерін тыңдап, сөйтіп жақсы тарадық. Кейіннен «Бекет атаның үйі» деген өлеңіме осы оқиға арқау болды.

 Ал, Пірімтай Арыстанов адай мен мұнайдың әңгімесін айтқанда майын тамызады екен. Әсіресе, мұнай алудың технологиясын сипаттап айтқаны есімде қалыпты. Өмірі мұнайдың қалай алынып, қалай шығатынын көрмеген маған бәрі қызық.

 – Әуелі жерді тесіп, бұрғылап, мұнайға жеткен соң, өзінің қысымымен аспанға атылып шығады. Мұнай судың астында емес, судың түбі жердің астында. Және ол су сияқты, теңіз болып толқып тұрмайды. Жерге сіңіп, араласып, капилляр қан тамырлары сияқты түтікшелерде жабысып тұрады. Әуелі жердің қысымымен құбырдан атылып шығып, артынан қоры азайған соң, басылады. Сол кезде жерге сұйықтық су ма, басқа бірдеме ме, ұмыттым, соны жіберіп кәшәлаймыз! Газ жіберіп кәшәлаймыз! Сонда мұнай қысыммен кәдімгі шампан шарабы сияқты быжылдап атылып шығады! – деп еді. Маған «кәшәйлаймыз» деген сөзі қызық көрінді – качать, выкачивать деген орыс сөзінен қазақшалап алған кәсіби термин сияқты есімде қалды. Әсіресе, жер астында тұнып жатқан мұнайды газ жіберіп, шампан сияқты бұрқыратып алатындары қызық көрініп еді! Жеріміздің байлығын маңдай терін төгіп жүріп ала білген мұнайшылардың адал еңбегі үлкен құрметке лайық қой, шынында!

  Сапар ретімен, Шетпе ауданында болдық. Шетпе аудандық партия комитетінің бірінші секретары Сақып Керелбаев деген жергілікті азамат екен. Сол уақытта ол кісі отыз жеті-ақ жаста. 1947-ші жылы туған, біздің барғанымыз 1984-тің басы. Отыз жеті жасар аупарткомның бірінші хатшысын бірінші рет көрдік. Өзі сөзге жүйрік екен, ағып тұрған азамат. Жақында ғана бірінші хатшы болған. Сонда көрген бір қызығымыз: Бір үйге түсіріп, қонақ қылады ғой. Кемел аға екеумізді, қонақпыз, төрге отырғызып, құрметтеп, тік тұрып күтеді. Ал ауданның бірінші хатшысы ауылдың ақсақалдарынан төмен, анадай есік жақта отырады. «Бірінші хатшымын, қызметім бар» деп төрге шығып кетпей, үлкендерге құрмет көрсетуі ¬– адайлардың салт-дәстүрді совет заманының өзінде мықты ұстанғандығы. Ауданның бірінші басшысы үлкендердің алдына түсіп, жоғары шыққан жоқ, ана жақта отырды. Ол да бір тәрбиенің үлгісі деп бағаладық біз. Ал Сақып ағамыздың өзі қазақ тілінің патриоты екен. Сөйлегенде білімдар, елдің тарихынан, жердің тарихынан әңгіме соққанда керемет қылып айтады.

  Сол ауданда ма, басқа жақта ма, Амангелді Жүнібаев деген совхоз директоры болды, өзі күйші екен. Домбыраны керемет тартады. Болдыхан деген ауылдық советтің төрағасы есімде. Ауылдан бізді шығарып сап тұрып, Амангелді ағамыз былай деді: «Мынау жерге, біздің елге анау жылы Хамит Ерғалиев ағамыз келіп еді. Хамит Ерғалиевтың қасында Мұрат деген баласы бар, екеуі келіп, содан елімізде болып, кездесулер өткізген соң, біз ол кісілерге үлкен құрметпен еліміздің атынан мына бір төбені сыйладық. Сөйтіп, бұл төбеге «Хамамұрат» деп ат бердік» деді: «Енді Кемел аға, алпыс жасқа толып, елімізге келіп жатырсыз. Қасыңызда жас ініңіз Баянғали бар. Екеуіңізді бөлмей, осы өздеріңіз жанында тұрған төбені сіздердің атыңызға береміз. Мына сельсовет төрағасы Болдыхан қаулысын шығарып, қағазға жазып, мөрлеп әкелді. Енді бұл төбенің атауы «Кемел-Баян» болады!» деді. Кемел аға екеуміз әбден риза болып қалдық. Мінекей, сөйтіп Маңғыстауда Кемел аға екеуміздің «Кемел-Баян» деген төбеміз бар! Бәрі қол соғып құттықтап, біз рахметімізді айтып, өте бір риза сезіммен аттанғанбыз.

  Тағы бір ауданда бір қызық болды. Алпыс жасқа толған ағамызға барған жерде қазақы дәстүрмен сый-сияпат көрсетеді. Ол кезде партия, совет заманы. Жеңіл-желпі домбыра, шапан сыйлайды дегендей, сағат сыйлайды. Содан, бір ауылда Кемел ағаға қол сағат сыйлады. Кейін қонақта отырған кезде, жұрттың алдында Кемел аға маған әлгі қол сағатты: «Айналайын, халыққа рахмет айтамын, мені сыйлап жатырсыздар. Жанымдағы Баянғали інім әдебиетке жаңадан келіп жатқан жас!» деп мені көтермелеп, біраз мақтады да: «Бүгінгі сыйлыққа алған сағатымды Баянғали ініме байлаймын. Естелік болсын!» деп сағатты ұсынып, менің алдыма қойды. Рахметімді айтып, алдым. Ол кезде әлі айтысқа шыққан емеспін. Бірақ суырып салып, өлең айта беремін, қызыңқырап, шабыттанған кезімде. Содан, жаңағы жерде өлең айттым:

Кемеке, алпысқа кеп болдың ата,

Iнiңе жұрт алдында бердiң бата,

Ерекше тақырыпқа еркiн бардың,

Қазақты құпиямен шырындата,

Еселi еңбегiңе ел риза,

КГБ, милиция және ЧеКА,

Өлеңдi соза берiп неғыламын

Қол сағатқа осы да жетер пока! – дедім.

 Жұрт ду күліп, сондай бір қызық естелік болған.

 Маңғыстауды аралап болған соң, Кемел аға айтты: «Енді Қызылордаға, Жалағаш ауданына барамыз! – деді. Ақтаудан поезбен Бейнеу арқылы Қызылордаға түсетін болдық. Ол кезде поезд екі тәулік жүреді. Сонымен, барлығы поезға келіп, Ақтаудан бізді құрметтеп шығарып салып жатыр. Енді мінейін деп тұрғанымызда, бір келбетті, жүзінен нұры төгілген, әдемі, жақсы киінген биязы кісі, қасында бірер адамдары бар, қасымызға келіп, Кемел ағаға сәлем берді. Олар Кемақа деп сөйлейді ғой. «Кемақа, ассалаумағалейкум! Мен Бейнеу ауданының бірінші секретары Дүйсенбі Әріпов деген ініңізбін. Енді сіз біздің аудан арқылы, Бейнеу арқылы өтесіз. Сізді жол бойы шығарып салу міндеті менде» – деді. Өзіміз ана жақтан шаршаңқырап шыққан адамдармыз. «Жарайды» деп, поезға міндік. Вагонға отырғаннан кейін Дүйсеақаң келді. Қасында бір-екі азаматы бар. Дастархан жайды, дәмдері бар. Келіп отырды. Кішкене отырып әңгімелескеннен кейін,. Кемел аға айтты: «Баянғали, сен бір-екі ауыз жыр айтып берші, мына Дүйсенбі сөз түсінетін адам сияқты ғой» – деді. Кемел ағамызға сыйға берілген домбыраны алдым. Шаршап келеміз енді. Неше күн қонақ болғанбыз, ұйқы да шала дегендей. Домбыраны алып, партияның бірінші секретары, ескі жырды қайтеді дейсің деп, ақырын бастап, қысқа қайырып, «Арқалық батырдың» бір үзіндісін айттым. Сөйтіп, қоя салармын деп ойлағанмын, негізі, біздің қысқа айтқанымыздың өзі біраз болады ғой. Солай қысқа қайырып, тоқтатып едім, әлгі Дүйсенбі ағамыздың көзі жанып: «Баянғали, мынау бір мен естімеген жыр екен. Бұл Арқалық батырды мен тыңдағым кеп отыр. Әрі қарай айта түсші!» – деді. Ой, одан кейін жыршыда қандай бөгелу бар? Тыңдайтын, ұғатын құлақ болса, «тыңдаймын» деп тұрса, өзі жасы үлкен аға, өзі бірінші секретарь болса. Өйтіп ықылас білдіріп, тыңдаймын дегеннен кейін әлгі шаршағанымның бәрі қайда кеткенін білмеймін, шабыттанып, қара шәйдан ұрттап алып, ақ шәйдан ұрттап алып дегендей, ал кеттім гүпілдетіп! Арқалық батырды арқаланып соғайын біраз. Кемекең де, Дүйсекең де риза болды. Өлең-жырдың сөзіне, иірімдеріне, Арқалық батырдың мінезіне, қалмақ батырларымен қарым-қатынасына, ерлердің мәрттігіне – бәріне сондай керемет риза болып, қозғалақтап кетіп, өзі сабырлы, салмақты адам, тіпті орнынан тұрып кете жаздайды.

 Жыр аяқталды, түннің бір уағы. Дүйсекең қалтасынан бір балық сияқты, жылтыраған әдемі шап-шағын бәкіні алып шықты да: «Баянғали айналайын, жол үстінде кездестік, саған менен бір естелік, сыйлық болсын, осыны қабыл ал!» – деді. Сол кезде Кемел аға айтты: «Қазақ бәкі сыйламайды ғой, пышақ сыйламайды!» – деді. Дүйсекең оған: «Бұл енді пышақ емес қой, сувенир ғой» деп жауап берді. Сонда Кемел аға: «Сувенир болса да, бұның суевериесін жояйық!» деп, қалтасынан бір сом темір ақшаны алып шығып, Дүйсекеңе берді. «Сатып алған болайық!» деді. Дүйсекең қалтасына салып қойды. Кейін бір кездескенде ол кісі: «Кемел ағаның берген бір сомы әлі күнге менде сақтаулы!» деді. Ақтаудан аттанарда вокзалдың басында суретке түскенбіз. «Сол суреттерді бертінде, Маңғыстауға келгенде Қасым-Жомарт Кемелұлына ресми кездесуде, жұртшылықтың көзінше атап тұрып бердім. Риза болып, қуанып қалды!» – деді Дүйсекең. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әке туралы естелік кітабында біздің сол сапарда түскен төрт суретіміз бар.

  Әлқисса, әлгі поездан Дүйсекеңдер «таң ата біз түсіп қаламыз» деп, қоштасып кеткен. Біз ұйықтап қалдық . Бір кезде, таң ата, таңғы сағат жетіде ме, біреу купені қағады. «Кемел Тоқаев ағамыз бар ма екен осында?» дейді. Купеде ағай екеуміз-ақ келе жатырмыз. Есікті аштық. Сөйтсек, бір қойдың етін көтерген, шұбат, қымызы бар, тағы басқа дәмдері бар, дастарханды көтеріп адайдың арыстандай азаматтары арсалаңдап кіріп келсін. Бірінші секретарь Дүйсенбі Әріпов тапсырған көрінеді. Тоқтаған станциямыз Бейнеу ауданының шекарасындағы ең соңғы станция екен. «Ары қарай басқа облысқа кетесіздер. Мына біздің ауданның жерінен өтіп бара жатқанда, бір малдың басын мүжіп кетсін, деп Дүйсенбі басшымыз әдейі жіберді!» деп қарап тұр қасқалар! Даладай дархан жігіттердің түнімен қой сойып, дайындалып, дастархан әкеліп тұрған ықыласы көңіл толқытты. Поезд ол жерде 20-30 минут аялдады. Содан сөйлесіп, танысып, білістік. Кемел ағаны бәрі біледі екен, кітаптарын, шығармаларын оқыған. Ақсақал ағамыз алғысын айтып, ары қарай аттанып кете бардық.

  Сонымен, әлқисса, Кемел аға екеуміз Қызылордаға келдік. Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қазантаев қарсы алды. Ол жерде газеттің редакторы, жазушы Зордан Салықбаев бізбен бірге жүрді. Кітап дүкендеріне барғанда қазақ жазушыларының біраз кітаптары сөреде тұрады ғой. Жаңа түскені бар, өтпей тұрғаны бар деген сияқты. Сонда Кемел аға күледі: «Менің кітаптарым мұнда табылмайды, менің кітаптарым тұрмайды, тез сатылып кетеді» дейді. Шындығында да солай еді, ол кісінің кітаптары тез сатылып кететін.

  Сонымен, ауданның ауыл-ауылдарын аралап, кездесулер өткіздік. Барған жерімізде Кемел Тоқаевтың оқырман қолында жүріп, жұлым-жұлымы шыққан кітаптарын көреміз. Ол кісі өзі ақырын сөйлейтін, салмақты, байсалды жан, нағыз зиялыға тән әдеп, сабырынан бір жаңылмайды. Әр сөзін орнымен, ретімен айтатын. Көтеріп, жазып жүрген тақырыбының өзі қиын ғой. КГБ, ЧК жөнінде жазып жүрді. Ар жағына тереңдетіп жібермейді ғой. Мысалы, милиция жөнінде жазғанда да бәрібір советтік цензура бақылап отыр, Компартияның, Совет үкіметінің саясаты бар. Оны былай басқаша көрсетуге болмайды, тек жақсы жағынан көрсету керек. Соның өзінде амалын тауып, ағамыз детективтік шығармалар жазды. Ал енді ЧК жөнінде, КГБ жөнінде жазған еңбектерінің ішінде кейіннен тарихи жағына да барды бұл кісі. Кішкене тақырыбы ашылған кезде ме екен, ЧК-ның да біздің халқымызға жасаған қиянаттары жөнінде ептеп әңгіме қозғады-ау деймін. Тұрсын Жұртбай бір сөзінде айтып еді, Жетісу бойында болған бір оқиғаларға қатысты сондай әңгімелерді айтты деп. Кемел аға архив деректерімен жұмыс істеген ғой. Ол кісілерге КГБ рұқсат беріп, онда да баратын, көретін жеріне дейін ғана жібереді, ар жағын ашпайды ғой. Құпиялар, талай нәрселер жатыр ғой. Мұны айтып келе жатқан себебім, Қызылорданың Жалағаш ауданында, бір ауылда кездесу болды. Кездесуде Кемел аға сөйледі, барлау жөнінде, барлаушылар жөнінде әңгіме айтты. «Ал енді бір тақырыпты қаузап, соны тексеріп жүрмін. Жазып жатырмын, шығара алмай жүрмін әлі. Бір қазақ барлаушысы болған екен. Құпия тапсырмамен шетелге кетіп, сол жақта көп жұмыстар істеген. Өте ірі барлаушы болған. Соның тағдыры, соның жолы мені қызықтырады» – деп әңгіме айтты. «Аты – Ғали. Ғали деген атына қарағанда , Кіші жүз болуы керек», – деп күлді. Залдағы жұртшылық та күліп жіберді. «Өйдөйт, керейт болуы керек онда!» – десті. Жетіруда керейттер бар ғой. Міне, сол әңгіме есімде қалыпты.

  Ғали туралыны ол кісі кейін жазып шығара алды ма, шығара алмады ма, білмедім. Оны кітаптарынан, кейінгі жазған дүниелерінің арасынан іздеп көру керек шығар. Міне, осындай бір қазақтың барлаушы болған азаматының құпия, шытырман ерлік жолын ол кісі жұрт алдындағы әңгімесінде қозғап еді. «Бұл Абель сияқты үлкен тұлға, үлкен барлаушы. Тұтқынға түсіп қалған Абельді шетелдік ұшқыш Пауэрске ауыстырды ғой. Ғали да сондай тұлға. Әлі күнге оның есімі құпия сақталады. Құпиясы ашылмайды. Өйткені, айтуға болмайды. Барлау деген қиын нәрсе ғой. Ол кісі дүниеден озып кетсе де, мүмкін оның араласқан, қарым-қатынаста болған адамдарына зияны тие ме, я барлау жұмысының бір құпиялары ашылып қала ма, кім білсін? Әйтеуір, шамалары келгенше, бәрін секретте, құпияда ұстап тұрады ғой!» – деген еді. Міне, Кемел ағаның айтқан бір үлкен әңгімесі. Арғы жағын көп ашып айта алмайтын заманда барлау дегеннің не екенін, детектив дегеннің қандай қиын, шырғалаң жол екендігін емеурінмен ептеп қана меңзеп түсіндіріп еді. Сөйтіп, екі аптадай сапарлас, сырлас болып, Алматыға оралып едік.

 Содан кейін, Алматыда, бір күні Кемел аға: «Дүйсенбі Әріпов келіп жатыр. Сен кел, бірге отырып қонақ бол», – деді. Жазушылардың Шығармашылық үйінде біз Дүйсенбі Әріпов ағаны қарсы алдық. Сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлын көрдім. Кемел аға: «Менің ұлым Қасым-Жомарт. Москвада, аспирантурада оқиды» – деп бізді таныстырып еді. «Бірнеше шет тілін біледі!» – деп баласына риза болып, әкелік мақтанышпен айтты. Оның бәрін айта берсек, үлкен әңгіме. Біз Кемел ағамен сыйласып, жақсы қарым-қатынаста болдық. Кейін мен елге көшіп кеттім. Ол кісі өмірден озды. Қазақ әдебиетіндегі детективтік шығармалар көшін бастаған асыл аға Кемел Тоқаевтың жарқын бейнесі менің есімде парасатты, ізгі жан ретінде қалды. «Бекет атаның үйі» деген өлеңімде Кемел ағаның жарқын бейнесі бар. Міне, бұл да бір айтылмаған, қырық жылдай есте жүрген ұмытылмас естелік.

 Баянғали ӘЛІМЖАНОВ

 qazaquni.kz