ТҰЛҒАТАНУДЫ ТҰҒЫРЛАҒАН

ТҰЛҒАТАНУДЫ ТҰҒЫРЛАҒАН

Кең байтақ елімізде өңірдің рухани дамуы мен отандық ғылым саласына қатар еңбек сіңірген ғалымдар аз емес. Сондай еңбекторы азаматтың бірсыпырасы облыстарда қызмет істейді. Бірақ бұл кісілерді бірыңғай жергілікті жермен де байланыстыруға болмайды. Өйткені осы қайраткерлеріміз қызмет бабына қарай біраз уақыт шет жақта жүргенмен, көбіне-көп орталық қалалармен, астаналармен байланысын үзбеген. Тіпті орталықтың шақыруымен бас қалалардың жауапты орындарында жауапты қызмет атқарған. Сөйтіп олар өз саласында қомақты нәтижеге жеткен. Бұл сала – халықтың біліми-рухани қажетін өтейтін немесе соны көтеруге бағытталған елдік жұмыс саласы еді.

Осындай ардақтылардың бірегейі – Өмірзақ Озғанбай. Ол – тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР білім беру ісінің еңбек сіңірген қызметкері, Педагогика ғылымдары академиясының академигі, шетелдік және отандық қоғамдық ұйымдардың талай атаулы сыйлықтарының иегері.

«Дәуір бел-белестерінде», «Халықтан асқан ұстаз жоқ», «Ресей мемлекеттік Думасы және Қазақстан», «Государственная Дума Росии и Казахстан», «Қара нар керек бұл іске», «Атамекен хикаялары», «Рух күрескері. Духоборец», «Қайраткер Алпысбай Қалменов», «Атан қомынан атом заманына дейін», «Қайраткер Қаратаев» (телавтормен), «Көкжиек», «Жарығы өшпейтін жұлдыз», «Дорога будущее», «Там, где восходит солнце», «Қазақтан шыққан нар тұлға» т.б. қадау-қадау танымдық, ғылыми, әдеби еңбектердің авторы ретінде Өмекеңді республика жұртшылығы жақсы біледі. Осы санатта «Жұртшылық және бала тәрбиесі», «Основы психологических знаний», «Психология и этика», «Жантануға кіріспе» (телавтормен), «Қазақ шешендігі мен көсемдігінің психологиясы» т.б. оқулықтары мен оқу құралдарының жөні бір бөлек.

Қаламгер, ғалым, қайраткер Өмірзақ Озғанбай еңбектерінің өзегі – ұлт тұлғалары мен ел құндылықтары. Педагогтік бай тәжірибесімен тұлғатануды тұғырлағанда, сала мамандардың да, қалың жұртышылықтың да, тіпті шетелдік оқырманның да рухани көкжиегі кеңейе түседі.

Тәуелсіз Қазақстанның екі астанасы (Алматы, Нұр-Сұлтан) бас қалаларда лайықты ұлттық негіз қалыптастырған, елорда мен жергілікті халықтың арасында алтын көпір болған зиялыларға молынан қарыздар. Сондай-ақ бүгінгі еліміз үшін, асыл отанымыз үшін аянбай қызмет етіп жатқан Алатаудың төріндегі мәдениет және ғылым шаһарында қалыптасып-дамыған Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының танымдық тұрғыдан өрістеп, тәжірибе-тағылымдамамен суарылуының мәні профессор Ө.Озғанбай басшы болған кезде айқындала түсті дей аламыз.

Кей кезде тым біржақтылыққа кетіп, «мықты азаматтардың бәрі орталық қалаларды оқу керек» дегендей ойға келіп қалатынымыз бар. Бірақ осындайда елді аузына қаратып, аталы сөзді алқалаған академик Р.Бердібай мен профессор Ө.Озғанбайдың Қызылорда педагогика институтын бітіргенін ұмытып кетеміз. Қазаққа – киелі, өріске жүйелі болған Сыр елі баптаған азаматтар өмірдің кез келген сынына төтеп беріп, барша қызметінде абыройлы болды.

Маңғыстауға сыйлы, Алматыға абыройлы, Нұр-Сұлтанға қадірлі Өмірзақ Озғанбайдың қилы-қилы күрес пен жасампаздыққа толы өмірі Түркіменстанмен де жалғасып кететін сәттері бар. Сондағы аз қазақтың ұйытқысы болып, атажұртпен байланысын жан-жақты дамытқан екі ерен қайраткер болса, соның бірі – осы кісі. Кейде Өмекеңнің өмірі ертегі кейіпкерінің өміріне ұқсас та болып кетеді: жетімдіктің қияметі, жетілудің тарам-тарам жолы, оқу-тоқудың қазақ баласына ғана тән күрес соқпағы, өзін таныту мен елін танытудың қайсар тірліктері – осы азаматтың альбомындағы суреттер ғана емес, шынайы өмірінің айнасы-тын. Содан жай Озғанбаевтан ұлт сыйлайтын, елден оза шапқан Озғанбайға айналды. Бір жылда емес, табан ақы, маңдай термен жетілген қырық жылда. Отызында орда бұзды, қырқында қамал алды. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда - қазан» дегендей, елуінде жақсы табыстармен ел Тәуелсіздігін қарсы алды. Алпысында елдік мінберден сөйлейтін, аузына ел қараған тұлғаға айналды. Жетпісінде «ақсақалмын» демей, жұрт жігерін арттыратындай жұмыстар жасады.

Сол дәрежесінде Астана (қазір Нұр-Сұлтан) мен Алматы арасында жастарға бата беріп жүруге болушы еді, бірақ жаңарған заманда ақсақал жасындағы Өмекең елдік істің бір шетін көтерісуге сонау әулиелі өлке – Маңғыстауға жол тартты. Елін сағына жүріп еміренді, топырағына қызмет ете жүріп елдік пен өрліктің алтын арқауын жалғады.

Халық сыйлаған Өмекең сексен атты асқарға елдің қалаулы азаматы ретінде, білікті ұйымдастырушы, байыпты қаламгер, ғалым, өлкетанушы ретінде шықты. Ғалым-қайраткер еліміз үшін жауапты кезеңдерде Маңғыстау өңірінің білім және идеология саласында ұлт үшін аянбай тер төгіп, Тәуелсіздік уақытында ҚР Парламентінің халықаралық ынтымақтастық пен білім-ілімге қатысты жауапты қанатын, ҚР Білім академиясының мың сан жұмысын мемлекеттік іске аянбай жұмылдырып, басшы, депутат, кеңесші, жауапты қызметкер лауазымында талай үлгілі істерге бастамашы болып, халық ықыласына бөленді. Бір кезде Маңғыстау ақсақалдар кеңесінің даңқына даңқ қосып, мұнайлы өңірдің руханияты мен білігін республикаға кеңінен әйгілесе, соңғы жылдары мемлекетіміздің Ардагерлер кеңесіне жетекшілік етіп, ұлт дәстүрін алға шығарып, сан этносты Қазақ елі құндылығына, Елбасының салиқалы саясатына ұйытып, аталы жолға олжа салды.

Республикалық Ардагерлер кеңесі – қатардағы көп қоғамдық бірлестіктің бірі емес. Ол – салиқалы да салмақты мәмілегер құрылым. Осының басшылығына Ө.Озғанбай келгенде осы тағайындауға мұрындық болған Елбасы да, Қазақстанның төрт тарапы да қуанды десек, артық айтқанымыз емес. Бұл тұғыр тұлғатанудың ардакүреңін ел алдында асқақтата түсті. Қайраткер қазір де сол құрылымның төраға орынбасары ретінде абыройлы қызмет істеп жатыр.

Нұр-Сұлтан қаласының елеулі интеллектуалдық биігі – биыл жаңғырғанына 25 жыл толған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Өмекең Ардагерлер кеңесіне келісімен елорданың бас жоғары оқу орнын ұрпақтар сабақтастығы алаңына айналдыруға себепші болды. Қазақстан өңірлерінің білікті, білімді ақсақалдары жастар алдында дәріс оқып, баяндама жасап, ел дәстүріне тың жол салды. «Туған жер» бағдарламасы тұтастық мазмұнға ие болды.

Өмекеңнің сегіз қыры мен бір сырының кілті – адамшылығы мен көргенділігі. Бұған білік пен білім қосылғанда, азамат қасиеті еселенетіні анық. Ағарту саласында, Білім академиясында, Парламентте, әкімдікте, Республика Ардагерлері басқармасында тұлғаның осы қабілет-қарымы зиялылар әлеуетін күшейте түсті. Ол кісі қай қызметте болса да ғылыми қауымды, орайымен ортақ іске тартып, әр шараның басталуы мен табысына мемлекетшілдік ұстаныммен қарай алды.

Әлбетте, азамат, ғалым Өмірзақ Озғанбайды әркім әр тұрғыдан таниды. Бізге аса жақыны – ол кісінің Ресей мемлекеттік Думасында депутат болған қандастарымыздың тарихын зерттегені. Әлихан Бөкейхан, Алпысбай Қалменұлы, Ахмет Бірімжан, Бақтыгерей Құлманұлы, Бақытжан Қаратаев, Молда Тайынұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Дәуіт Ноян-Тұндыт, Сәлімгерей Жантөрин, Темірғали Нүрекен, Тілеулі Аллабергенұлы, Шәймерден Қосшығұл тұлғалары Өмекеңнің тың зерттеуінің арқасында халқымен кеңінен қайта қауышты. Біреулер бір қараған тақырыбына қайта соқпай жатады, Ө.Озғанбай мырза «Мемлекеттік Дума және Қазақстан» тақырыбын қайта-қайта қарастырып, талай жаңалықты ғылыми қауымға ұсынды. Бұл ретте тарихымызда бұрын мүлде сөз етілмеген діндар қайраткер, «Серке» газетінің демеуші-шығарушысы Шәймерден Қосшығұл туралы «Рух күрескері. Духобороец» атты кітабын ғылым-білім әлемі өте жақсы қабылдады.

Осы еңбекті оқи отырып, кезінде бүгінгі Астана мен Ақмола өңіріне аты кеңінен мәшһүр болған және осы өлкеден Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланған Ш. Қосшығұлдың ғұмырбаяны мен қайраткерлігіне тәнті боласыз.

Профессор Ө.Озғанбайдың зерттеуінше, Шаймерден Қосшығұл – көрнекті Алаш қайраткері, діндар. Ол өзі 1874 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезі Қотыркөл болысында туыпты. Жас шағында ауыл молдасынан хат таниды, кейін Көкшетаудағы Науан қазірет медресесінде және Бұхарада оқиды. Мұнан соң осы қалада 1886 жылы жұртшылық қаржысымен салынған, Мезгіл болысының азаматы Наурызбай (Науан қазірет) Таласұлы ұстаған мешіт жанындағы интернаттың мұғалімі болады. Бұл кезде ол ұстазымен бірігіп Ресейдің шоқындыру саясатына ашық қарсы тұрады. 1903 жылы Абай Құнанбайұлы сыңды қазақтың білікті, сыйлы азаматтарына патшалық режимнің оспадар әрекеті туралы және осыған байланысты бас қосу жөнінде 2 мәрте хат жазады. Осы күресі үшін имам Н.Таласұлы екеуі абақтыға жабылады. Жандармерия тексергенде, Көкшетау мешітінен «цензура өткізбеген 164 кітап және күмәнді қолжазбалар шығады». Ақыры патша өкіметі 1903 жылы шілдеде Шаймерденге – 5 жыл, Науанға – 3 жыл кесіп, Иркутск генерал-губернаторының бақылауына Батыс Сібірге жіберіледі. Бұл жерден оларды Якутияға жер аударады.

Бұдан әрі ғалым қазіреттен – қарым, ақыннан – ақыл алған Ш.Қосшығұл басындағы заңсыздықты Ә.Бөкейхан мен М.Сердалин жауапты орындарға, орыс зиялыларына дәлелдеп айта жүріп, бірнеше министрдің қабылдауында болып, оларды 1905 жылы наурызда босатып алғанын дәлелдейді. Осы жылы М.Тынышбайұлы, С.Шипабекұлы секілді қайраткерлермен бірге Петерборға барып, патша өкіметіне қарсы шеруге қатынасады. Сонан соң Нижний Новгородта ашылған жалпыресейлік мұсылмандар сьезіне қатысады. Елге келген соң күрескер азаматты халық 1906 жылы Мемлекеттік I Думаға депутат етіп сайлайды. Бірақ ол бұл жолы «орыс тілін білмейді» деген желеумен депутаттыққа тіркелмеген. Ресми өкімет, халықты сатып жүрген тілмаштар қайраткер туралы неше түрлі алыпқашпа сөз таратқан. Бұл шақта қайраткер Балықты көлдегі алты бөлмелі ағаштан қиып салған үйін мектепке айналдырып, орыс мұғалімін жалдап, балалардың оқу шығынын өзі көтерген. Мемлекеттік I Дума таратылған соң, патша II Думаға сайлау жарлығын шығарғанда қайраткерді халық тағы да парламентке ұсынады. Ол Петерборға аттанады. Дума мүшесі болады. Бұл Дума да таратылғанда қайраткер өз қаржысымен астанада татардың «Улфат» (Бірлесу) газетіне қосымша ретінде «Серке» газетін шығарады. Қазақтан кісі сайланбаған III Думаға «Жер туралы» Заң жөнінде сұрау (запрос) енгізеді. 1907 жылы Алаш көсемі Ә.Бөкейханның тапсырмасымен Туркияға барып, үкімет, парламент басшыларымен кездеседі. Түріктің бір газеті арқылы II Николайға мәлімдеме жасайды. Діндар 1917-1919 жылдардағы Алаш қозғалысынан да шет қалмайды. Кеңес өкіметі оны 1931 жылы Петропавл түрмесіне жабады. Әбден қиналған, саясаттан теперіш көрген қайраткер 1932 жылы Омбы жерінде қайтыс болады.

Міне, осы деректердің бәрін мөлдіретіп жазған, бізге жеткізіп отырған – ғалым Өмірзақ Озғанбай. Бұларды жинау мақсатында ол өлкетанушы Ж.Бектұровпен, Ш.Қосшығұлдың немере қарындасы М.Жүнісовамен жолығып, арнайы сұхбаттасқан. Сөйтіп, ғылым үшін маңызды іс атқарған.

Ғалымның бір пара еңбегі – Алаш қайраткері, дәрігер, тілші, фольклоршы Халел Досмұхамедұлы туралы. Бұл оның «Жарығы өшпейтін жұлдыз» атты ғылыми-көсемсөздік кітабында көрініс тапқан.

Өмекең Алаштың көрнекті қайраткерінің ғұмырбаянына кеңірек тоқталып, 1894 жылы Орал әскери реальді училищесінің даярлық класына түсіп, 1902 жылы оны үздік аяқтап, 1903 жылы табандылығы мен білімділігінің арқасында Петербор Императорлық Әскери-медициналық Академиясының студенті атанған деректерін құнттап зерттейді. Ғалымның пікірінше, Петерборда жүріп маман ретінде де, қайраткер ретінде де қалыптасқан Халел 1909 жылы Академияны тәмамдағанда, Петербордағы Әлихан, Мұстафа, Міржақып сынды қайраткерлермен және басқа да қазақ һәм мұсылман депуттатарымен қоян-қолтық араласқан. 1905 жылы (кадет) партиясына кіріп, Оралдың «Фикр» газеті төңірегіндегі татар зиялыларымен кеңесіп тұрған. Саяси көзқарасы үшін 1906 жылы патша жандармериясының қаһарына ілінген.

Ө.Озғанбай Х.Досмұхамедұлының 1909 жылы оқуын аяқтаған соң алғаш Пермьде, сонан соң 2-Түркістан, 2-Орал қазақ атқыштар батальонында әскери кіші дәрігер міндетін атқарғанын, 1913 жылы әскери міндеткерліктен босап, Темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасқанын және осы уақыттан бастап бұрынғы саяси күресін одан әрі жандандырып, қазақ зиялыларымен тығыз байланыс орнатып, отандық партия құру қамымен болғанын жан-жақты зерттеп жазады. Әлихан секілді, ол да халқына пайдасы жоқ кадеттен аулақтағаны, 1913-1915 жылдары келешек Алаш партиясының идеялық негізін қалауға атсалысқаны, 1913 жылдан жарық көре бастаған «Қазақ» газетіне белсене араласқаны, 1917 жылы «Ұран» газетін шығаруға да белсене кіріскені нақты деректер негізінде талданады.

1917 жылы шілдеде Орынборда өткен I жалпықазақ сьезіне Халелдің төрағалық еткені белгілі. Міне, ол осы шамада Оралда Алаш Орданың Батыс Қазақстан бөлімшесін құруға тер төккенін ғалым жақсы дәлелдейді. 1918 жылы ұлт автономиясы жөнінде В.И.Ленинмен және ұлт мәселесі бойынша халық комиссары И.В.Сталинмен жүзбе-жүз келіссөз жүргізгенін, Алаш Орданың жұмыс жасау мүмкіндігі тарылған 1919-1920 жылдары көбіне ізденіс үстінде болғанын айқындап жазады. Сондай-ақ біз Ө.Озғанбай зерттеулерінен Х.Досмұхамедұлының 1920 жылы Ташкентке келіп, Түркістан халық ағарту комиссариаты жанындағы Білім, Ғылым комиссиясында, халық ағарту институтында, «Талап» мәдениетті дамыту қоғамында жұмыс істегені, «Шолпан», «Сәуле», «Сана» журналы мен «Ақжол» газетіне жиі қатынасып тұрғаны, тірнектеп жинаған материалдары негізінде «Мұрат ақын сөздерін» (1924), «Аламан» (1926), «Исатай-Махамбет» (1925) жинақтарын бастырғаны, жаратылыстанудан бірнеше кітап жазғаны туралы мол деректі ұшырастырамыз. Осындай ірі ғалымның 1937 жылы тоталитаризмнің қармағына ілініп, 1939 жылы ресми құжаттарға қарағанда, абақтыда «науқастан» дүние салғанын Өмекең терең ғылыми зердеден өткізіп, тың пайымдамалар жасайды.

Кезінде ара-тұра Ақтауға соқсақ, ғалым Өмірзақ Озғанбайдың мемлекеттік мәдени-рухани істермен бірге ғылыммен де шұғылданып отырғанын байқаушы едік. Реті келсе, орталық қалалардан білікті мамандар шақырып, конференция өткізетін. Әйтпесе шекаралас Ресей қалаларына барып мұрағат ақтаратын. Облыстағы Каспий университетінде дәріс оқитын. Мектеп пен арнаулы оқу орындарына Алаш тағылымын айтатын.

Ал, енді Өмекең Елбасы қалауымен Астанаға келгенде, осы елдік істердің көлем-аумағы Қазақстанды қамтыды. Жұмыс бөлмесі шенеуніктің жылтыраған кабинеті емес, десте-десте дерек пен сарғайған қағазға толы ел дәстүрін кешенді зерттейтін орталық басшысының құжырасына ұқсайтын.

Профессор, қайраткер Ө.Озғанбайдың пікірлесі де, ниеттесі де көп. Себебі ол кісі айналасын, ұлт зиялыларын шынайы сыйлау, қадірлеу арқылы өзін де сыйлата алады. Осы ретте біраз жылдан бері жанында әрі іні, әрі әріптес болып жүрген азамат, әйгілі Абай тегінің арғы жұрағаты сардар (офицер), ақын, тіл жанашыры Көпболсын Бекмағамбеттің орны бөлек деп білеміз. «Мен Өмекеңнен көп нәрсе үйрендім. Ол кісінің адамшылығы мен парасаты үлкенді де, кішіні де баурайды» дейді. Көпекең. Ал, енді осы екеуі десте-десте етіп жариялап келе жатқан «Отты жыр, орамды әзіл», «Бата дарып, бақ қонсын» атты жинақтарды – ұлт дәстүрінің бағалы қазынасы деуге толық негіз бар. Былайша қарағанда, соғыс пен әзіл үйлеспейтін екі әлем болса да, қайсыбір аталарымыздың аңғал бейнесінен тазалық пен табиғилықты іздеу, мың жылдық бата-тілектен мәңгіліктің пәлсапасын табу – рухани жаңғырудың айрықша жосығы.

Қайраткер, ғалым Ө.Озғанбай – қашанда елге қадірлі. Мәселен, шежірелі Маңғыстау облысының, Ақтау қаласының, Қарақия ауданының құрметті азаматы болумен бірге дәл осындай ілтипатты АҚШ-тың Техас штатынан да көріп отыр. Сондай-ақ ол кісі Түркіменстан мен Қазақстанның да білім саласының үздігі әрі ардагері. Отандық «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерімен бірге халықаралық «Ұлт зияткері», «Достастық жұлдызы» атақтарының иегері.

Дегенмен ұлтқа қаламмен қызмет еткен азамат үшін ең басты сый – кітап. Таяуда 80 жылдық белесі қарсаңында «Нұрлы әлем» баспасы Өмекеңнің 5 томдық шығармалар жинағы жариялап, мерейін бір өсірді. Ал, тұлғаның ағартушылық, қайраткерлік тәжірибесін жинақтаса, сөреде десте-десте тұрары сөзсіз.

Ел тарихын, даңқты ұлт руханиятын зерделеуші, насихаттаушы өнегелі, өрісті тұлға Өмірзақ Озғанбайдай-ақ болсын!

Өмекеңнің мағыналы, мәнді, тынымсыз ғұмыры ұзаққа созылсын деп тіледік.

Дихан Қамзабекұлы,

ҚР Ұлттық ғылым

академиясының академигі

Қазақ үні