Жылқы тақырыбына арналған жаңа кітаптың тұсаукесері өтті
2021 ж. 14 мамыр
4399
0
Ұлттық академиялық кітапханада Кенжебек Жамаубайұлының «Жылқының күші-қуат, сүті - шекер, еті - бал» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.
«Жылқының күші – қуат, сүті – шекер, еті – бал» кітабы – автордың басылып шыққан екінші кітабы.
Бұл кітапта жылқының тарихы, шығу тегі, қазақ халқына, жалпы адам баласына қызметі, пайдасы, жылқының тұқымдары, олардың ерекшеліктері, жылқыны күтіп-баптау, бәйгеге дайындау, жылқыдан алынатын өнім (қымыз, ет, қазы, қарта, жал, жая т.б.) туралы айта келе, елін, жерін қорғаған батырларымыздың мінген сәйгүліктері туралы және ақын, би бабаларымыздың ол аттарға, жалпы жүйрікке берілген сындары келтірілген.
Жылқыны «Қазақтың жаны» деп есептейтін халқымыздың жылқы жайлы мақал-мәтелдері, жылқыға қатысты ырымдары топтастырылған.
Кітап мазмұны ешқандай бұрмалау, әсірелеу, жалған суреттеусіз нақты дәйектермен келтірілген. Жалпы оқырманға, әсіресе кейінгі буын жастарға арналған.
Іс-шараны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы, Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді. Кітаптың тұсаукесеріне жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәдібек Түгел, филология ғылымдарының докторы, профессор, Серік Негимов, журналист, сықақшы Көпен Әмірбек, ҚР Мәдениет қайраткері Бекен Қайратұлы және т.б. зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кенжебек Жамаубайұлы – Алматы облысының құрметті азаматы. Ұзақ жылдар бойы Талдықорған облысында мал шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен.