«Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

«Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті
Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада «Кинотанушы Бауыржан Нөгербек» атты жаңа кітаптың тұсаукесері болып өтті. Аталмыш кітап белгілі кинотанушы, көрнекті ғалым, профессор, Қазақстандағы кәсіби кинотанудың негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ұлағатты ұстаз Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің өмірі мен шығармашылығына арналған.     Кітап Бауыржан Нөгербектің қазақ кино өнері, оның қалыптасу және даму тарихы, ұлттық кино өндірісінің ерекшеліктері туралы әр жылдары баспасөз бетінде басылған мақалалары мен сұхбаттары, мұрағат құжаттары мен фотосуреттері жинақталған. Сондай-ақ ұлттық киноның туын көтерген көрнекті ғалым, кинотанушы, өткір ойлы сыншының өмірі мен шығармашылығы, азаматтық ажары мен қайраткерлік келбеті туралы әріптестері мен шәкірттерінің, дос-жарандары мен туған-туыстарының естеліктері берілген. Басылымды Алматы қаласындағы Қазақ университеті баспасынан шығып отыр. Құрастырушылары – Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің жары, белгілі театртанушы Гүлжаhан Бекхожина және ұлы, белгілі кинотанушы, Phd докторы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының доценті Баубек Нөгербек.