Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Кереку өңірі де латынға өтуді қолдауда.

   

 

Ұлт тағдыры және латын қарпы

  Үстіміздегі жылдың 16 наурызында Павлодарда, С.Торайғыров  атындағы облыстық кітапхананың мәжіліс залында «Ұлт тағдыры» пікірсайыс клубы «Әліпбиді латын қарпына көшіру мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Шараға шығармашыл зиялылар, ғылымдар, қоғам белсенділері, тіл жанашырлары, студент жастар қатысты. Дөңгелек үстелді жүргізуші Арман Қани кіріспе сөзін клуб жөнінде қысқаша мағлұмат беруден бастады. –Белгілі саясаткер, Қазақстан Республикасы Парламенті жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі  Дос Көшім басшылық жасайтын «Ұлт тағдыры» республикалық қозғалысының облыстық филиалы өзге аймақтармен қатар біздің облыста осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған, төрағасы – ақсулық кәсіпкер Қабдырахман Сейілғазин. Филиал жанынан  «Ұлт тағдыры» пікірсайыс клубы жұмыс істейді, жетекшісі – менмін.  Клубтың мақсаты: қоғамдағы ұлттық мән-маңызы бар оқиғаларға жұртшылықтың назарын аудару, талдау, өзекті проблемалар түйінін шешу жолдарын зерделеп, тиісті органдарға ұсыныстар жасау, т.б. Айта кететін жайт, «ұлттық» деген сөзге үрке қарау негізсіз, бұл сөз қазіргі кезеңде «мемлекеттік»  деген мағынаға да ие болды. Ұлттық валюта, ұлттық банк, ұлттық бірыңғай тестілеу, ұлттық қауіпсіздік сияқты тіркестердегі «ұлттық» сөзі «мемлекеттік» деген мәнге ие. Оның үстіне қазақтар Қазақстандағы бірден-бір мемлекетқұраушы ұлт болып табылады. Ал диаспоралар  мұндай мәртебеге ие емес, өйткені олардың тарихи отандары бар. Демек, «Ұлт тағдыры» қозғалысының атауын «Мемлекет тағдыры» деп түсінсек, қателеспейміз. Елімізде  қоғамдық ұйымдардың рөлі артып, азаматтық қоғам қалыптасуда.  Кеңестік кезеңдегідей жауапкершіліктің барлығын билеуші партия мен жергілікті билік органдарына артып қойып, масылдық тірлік кешу заманауи ұлтшыл, мемлекетшіл зиялы азаматтарға лайық іс емес. Демек, «Неге бізге дөңгелек үстел ұйымдастырып бермейді?..» – деген  сыңайда әкімдіктер немесе департаменттер мен басқармалар басшылығына сын айтып, мін тағуға негіз жоқ. Ұлттық, мемлекеттік мәні бар  мәселелерді талқылауда зиялы қауымның өзі бастамашылық танытып, көш басында жүруі керек.  Ал бүгінгі дөңгелек үстелде қаралатын мәселе  – оқымыстылардан бастап қарапайым еңбеккерлерді де толғандырған мән-маңызы аса зор  мәселе. Өздеріңізге белгілі, Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпына көшіре бастау жөнінде айтқаны қоғамдық санада үлкен жаңғырық туғызды. Латын қарпына көшуді қолдаушылар аз емес, сөйте тұра қарсы пікір білдірушілер де бой көрсетті. Бұл  – демократиялық қоғамға тән қалыпты құбылыс. Пікірсайыс барысында ақиқат туады. Сонымен,  дөңгелек үстел тақырыбы бойынша кімнің қандай пікірі бар, ойымызды ортаға салайық. Іле филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамет Тұрышев сөз тізгінін алып, қазақ халқы қолданған қадым, төте, латын,кирил жазулары тарихы мен ерекшеліктерін қысқаша баяндай келе  әңгімесін былай өрбітті: – Латын қарпыне көшу – заман талабы. Бұл мәселені өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары академик Әбдуали Қайдаров көтерген еді. Содан бері біз латын қарпын ғылыми ортада талқылаумен келеміз. Ал әзірбайжан мен өзбек ағайындарымыз бірден батыл  шешім қабылдап, латын жазуына  көшіп алды. Түріктер болса араб жазуынан латынға ауысқалылы қашан. Сөйте тұра олар Ислам өркениетінен алыстаған емес. Бізге де енді сөзден іске көшетін мезгіл жетті. Өз басым латын қарпын келесі жылдан бастап енгізе басталуын құп көремін. Себебі, алдымен мамандар даярлау керек, орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер, оқулықтар, оқу құралдарын дайындау керек. Біз латын әліпбиі арқылы Еуропа мәдениетіне жақындаймыз. Бірақ бұл – кирилицамен жазылған  дүниелерден безіну емес. Егер құнды дүние болса ол міндетті түрде латын жазуымен қайта жарық көреді. Тіпті Мәшһүр Жүсіптің қадыммен хатқа түсірілген туындыларын қазіргі жазумен қайта теріп, ондаған том қылып шығарып жатырмыз. Демек, заманауи технологияны пайдаланып, құнды дүниелерді кирилицадан латынға ауыстыру еш қиындық туғызбайды. Светлана Қондыкерова, «Ұлт тағдыры» қозғалысы облыстық филиалының үйлестірушісі: –Латын қазақтарға бөтен жазу емес, халқымыз төте жазудан кейін,  1929-40 жылдары осы латынды пайдаланған. Жасы 85-ке келген менің анам латынша сауатын ашыпты. Бүгінгі дөңгелек үстеліміз латын қарпына көшу мәселесі жайында екенін менен естігенінде кәдімгідей қуанып қалды.  Тек латын қарпына негізделіп жасалған көптеген әліпбидің бір нұсқасына тоқталып, бұқараға ұсыну керек. Әрине, тыңғылықты дайындық жұмыстары жүргізілуге тиісті. Бұл үшін 3 жылдай уақыт қажет болар, сірә. Социал Әйтенов, журналистика ардагері: –Елбасы латын қарпына көшу ішкі қажеттіліктен туындап отырғаны жайында түсіндіріп тұрып айтты. Біз болсақ мәселені әлі талқылаумен келеміз, академиктеріміз бар, сенаторларымыз бар, қоғам қайраткерлеріміз бар,  әйтеуір,бәріміз пікірталасқа құмармыз. 1940 жылы жазуымызды латыннан кирилицаға көшірерде «Осыған қалай қарайсыздар?» – деп бізден кім сұрап еді... Бір жылда көштік те кеттік. Ал армяндар мен грузиндер өздерінің төл  жазуларын сақтап қалды. Сол жазу арқылы ана тілін де, ұлттық ділін де сақтады. Біз қадымды төте жазуға, оны латынға, латынды кирилицаға ауыстырдық. Енді латынға қайта оралу мүмкіндігін сөзбұйдаға салу – түбірімен  қате. Қазіргі жастарды айтпағанда зейнет жасындағы мен шамалас адамдардың барлығы  мектептерде неміс тілі пәнін, я  ағылшын тілі пәнін  оқыды. Бізге латын қарпын игеру еш қиындық туғызбайды. Өзім әліпбиді қайтадан латын қарпына көшіруді толық қолдаймын. Ұлт мүддесін терең ойлаған адамдардың барлығы қолдайды деген ойдамын. Ассамблеядағы ұлттық мәдени орталықтар осы тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырып, бізді шақырса, құба құп дер едік. Амангүл Қисық, студент: –Мен ағылшын тілінде еркін оқып, еркін жазамын. Сондықтан маған латын қарпы әліпбиін меңгеру оңай. Дегенмен, іс қағаздарының барлығы латынмен жүргізілсе ауылдық елдімекендерде тұратын қарт адамдар қайтпек? Олардың жаңа жазуды игеріп әкетуі екіталай. Қарттар мемлекеттік органдарға өтініш, арыз-шағым берерде тығырыққа тірелмей ме?  Қайролла Кәженов, шежіреші: –Қазан революциясынан кейін  жаппай сауатсыздықты жою, орысша айтқанда,  «ликвидация безграмотности» –  «ликбез» аталатын оқуға бару сауатсыз жасы үлкендерге де, жастарға да  міндеттелді.  Соның нәтижесінде «әліпті таяқ деп білмейтіндер» өз бетінше оқып, жазуға қол жеткізді.  Ал қазіргі кезеңде шалғай ауылдардан да мүлде сауатсыз адамды іздеп таба алмайсыз, тіпті бастауыш білімі ғана бар адамдардың өзі сирек, көбі орталау не орта білімге ие. Кирилицаны танитындарға қысқа мерзімді латын қарпы курсын ұйымдастырса, бірден нәтиже береріне күман келтірмеймін. Оның үстіне қазіргі ауылдардың қайсы болса да электрлендірілген, теледидарлар көрсетеді, радиохабарлар таратылады, кітапханалар, мәдениет сарайлары не  клубтар, пошталар жұмыс істейді, газет-журналдар жеткізіліп тұрады. Тіпті ұялы телефон мен интернет игілігін көріп отырған ауылдықтар бар. Егер ауыл әкімдігі мен поштаның маңдайша жазуларын, көше атауларын латын қарпымен жазып қойса, ауыл тұрғындарының  көзі үйрене береді ғой. Ең бастысы, латын қарпымен жазылған дәрі-дәрмек атауларын, техникалық терминдерді оқу керек болса еш дайындықсыз ежелеп оқи бастаймыз, бұл – шындық. Демек, латын қарпын үйренуге қажеттілік туса қандай да бір  қиындық кесе-көлденең тұра алмайды. Айдарғазы Мәкешев, «Ұлт тағдыры» клубы мүшесі: –Амангүл қарындасымыздың айтқаны  проблеманың басы ғана. Жазу өзгергенде адамдардың сана-сезімі де өзгереді. Ағартушы ғалым  Шоқан Уәлиханов халыққа алдымен бостандық пен білім керек екенін айтқан. Қазан революциясынан бұрын қазақтардың 90 пайызы сауатсыз болса, қазір халқымыз 100 пайыз сауатты. Тарихымыз кирилицамен жазылды, қанша буын кирилицамен білім алды. Тәуелсіздікке де қол жеткіздік. Солай бола тұра жазудан өзге проблемалар жеткілікті. Қазақстан аграрлы мемлекет болғанымен ауыл тоқырауда. Тіл туралы заң қабылдадық. Әйтсе де  қазақ тілін әлі үйрене алмай келеміз. Тіл бойынша «нағыз қазақ», «шала қазақ» болып екіге бөліндік. Егер латын жазуына көшсек, «кирилші қазақ», «латыншы қазақ» болып тағы да екіге бөлінеміз. Менің пікірімше, алдымен қазақ тілін түгеліміз меңгеруіміз керек. Содан кейін латын қарпына ауысқанымыз жөн. Өзбектер латынға көшер кезде олардың 95 пайызы ана тілін білгенін есте ұстайық. Әрине, түбі әліпби реформасына бел байлап, латын жазуына ауысамыз ғой. Оған дейін жеті рет ойланып, бір рет кесу дұрыс болмақ.   Бүл сөздерге Айтмұхамет Тұрышев мынадай уәж айтты: –Революциядан бұрын қазақты сауатсыз, жабайы халық кейпінде көрсету Кеңес идеологтары үшін тиімді болды. Шындығында, 1917 жылға дейін  жалпы таралымы 2 миллионнан астам кітаптың  араб жазуымен басылып шыққаны қазір белгілі болып отыр. Егер халқымыз сауатсыз болса, кітаптар мұншама көп данамен шықпас еді. Ербол Теміров, тарихшы мұғалім: –Өз басым латын жазуына уақыт оздырмай міндетті түрде көшу керек деп білемін. Латын қарпына көшу әлемдік қауымдастыққа еркін енуге оңтайлы ахуал қалыптастырады. Қазір оқушы балалардың өзі компьютер тілі – ағылшын тілін түсінеді, агент пен ұялы телефон арқылы бір-біріне латын-ағылшын қарыптерімен хабар жолдап отырады. Дегенмен көп түйіннің шешілуі  қаражат мөлшеріне байланысты екені белгілі. Халықтың әлеуметтік тұрмысын көтеру кезек күттірмейтін іс, бұл да қыруар қаржы тілейді. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты латын жазуына көшудің де екі жағы бар. Жағымды және жағымсыз жақтарын халыққа ашық айта отырып, түбінде латынның пайдасы көбірек болатынын жұртшылыққа түсіндіру лазым. Дөңгелек үстел барысында облыстық радионың тілшісі Бекболат Сауырбай, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Тоғайбай Кентай,  «Регион» жастар газетінің бас редакторы Нұрлат Байкенже, т.б. «Елбасының Жолдауында айқын көрсетілген  бағыт-бағдар жөнінде талқылау ұйымдастыра беруді доғару керек. Енді нақты іске келгенде сылбырлықтан арылып батыл қадам жасауға тиістіміз. Газеттерде латын қарпымен жарияланымдар басуды қолға алу керек. Өзіміз  латын қарпына көшу ісін бірауыздан қолдаймыз» деген ортақ пікір білдірді. Дөңгелек үстелді Арман Қани қорытындылап, пікірсайыс еркін әрі өзара түсіністік жағдайында өткенін, қатысушыларға ойларын ашық айтуға толық мүмкіндік берілгенін атап көрсетті. Пікірсайыс барысында талқыланған тақырып бойынша түрлі кереғар ойлар айтылды, бірақ кирилицаның латын жазуына ауыстырылуына үзілді-кесілді қарсы пікір білдіру әрекеті бой көрсетпеді, тек латын әліпбиіне көшу мерзімі бойынша ортақ байлам жасалған жоқ. «Ұлт тағдыры» клубының жұмысына облыс ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Қанат Қималиденов мырза мен облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім бастығы Гүлсара Кокина ханым қатысты.   А. Бақтанұлы, Павлодар қаласы.