Жайырдан келген жалғыз ұл

Жайырдан келген жалғыз ұл
«Мен ақын емеспін, тағдырым – ақын: көктемгі сағымдай сан құбылатын. Жаным Ұлытау секілді: өзені туласа, ұлары шуласа, байғұзы жыласа, тастары құласа, бораны аңыраса, орманы жамыраса, қасқыры ұлыса – жаңғыратын» деп қазақтың жыраулық әдебиеті үлгісін ұстанған ұлт поэзиясының алып бәйтеректерінің бірі Жәркен Бөдешұлы да құлады. Ғұмыр бойы туған жерін талмай жырлаған әдебиет майданы серкелерінің осынау көрнекті өкілі 1944 жылы 15 мамырда Қытай Халық Республикасына қарасты Тарбағатай аймағы, Толы ауданы, Жайыр тауында дүниеге келген. Азан шақырып қойылған есімі – Жармұхаммед. 1969 жылы тарихи Отанына оралған ол ҚазМУ-дің журналис­тика факульте­тін бітіреді. Одан мерзімдік басы­лымдарда жә­не мемлекеттік Кітап палата­сында жауапты қызметтер атқарады. Дүниежүзі қазақтарының қауымдасты­ғында бөлім мең­герушісі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының әдеби кеңесшісі болған. Әр алуан басылым­дарда ақын­ның «Аңырақай бекетіндегі ой», «Қарауыл төбе», «Гене­рал Жаһар Дудаев», «От пен су» («Сорос – Қазақстан» қорының жүлдесі берілген), «Тас бесік», «Бостан­дық­тың басы», «Шер», «Жалғыз» атты дастандары жарияланды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Түркі тілдер елдері поэзиясы ІІ фестивалінің лауреаты, Қ.Сәтбаев­тың 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық мүшәйраның бас жүлдегері. Шығармалары: Көкше құрақ. Өлеңдер мен поэмалар. А., “Жалын”, 1979; Қос қанат. Өлеңдер. А., “Жазушы”, 1982; Зейін. Өлеңдер мен поэмалар. А., “Жалын”, 1984; Аспан даусы. Өлеңдер мен поэмалар. А., “Жазушы”, 1985; Нұрлы бояулар. Өлеңдер мен поэма-портреттер. А., “Жалын”, 1988; Жұлдызға орнын ай бермес. Өлеңдер мен поэмалар. А., “Сөзстан”, 1996;  Емендер түнде бүрлейді. А., «Ана тілі», 2001; Бөрінің асығы. А., «Жазушы», 2005; Бұрылыс. А., «Сөздік-словарь», 2007; Құбылыс. А., «Глобус», 2009; Жұлдызтас. А., «Атамұра». Т.б. Сондай-ақ И.Бунинның, М.Һәмраевтың, МүЗұлпықаровтың, П.Мәхсәтованың өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған.   qazaquni.kz   Жәркен кеткенде Өшіпті дейді бір шырақ, бататын күндей қан қызыл. Көшіпті дейді тым жырақ Жәйірден келген жалғыз ұл. Қар жауған сәуір қаралы, шомғандай шүңет мың ойға, Жалғыздар керек екен ғой өзі де жалғыз Құдайға. Ажалдың жүзін көремін – безбүйрек беті бозарып... Кеткендей болды өлеңнің өмірге ғашық көзі ағып. Естіртем қалай Ертіске, Ілені қайтып жұбатам? Жәркенің сенің жоқ енді, Қатудан атқан бұла таң... Жәркенің сенің жоқ енді, жылаңдар бұлақ бұрымдар, Боғданың биік шыңдары шайқалып бір сәт тұрыңдар! Емендер түнде бүрлеген, шулаңдар алып шырқымды, Мен енді кімге беремін қалтамда жарты құртымды?! Мұңдана неге қарайсың жоғалтып сәби жанды ізгі, Бүлкілдеп екі иығы теңселіп тұрған Жалғыздық. Айта алман тоқтау саған мен (онсыз да күйген жанып іш) Ақынның әппақ шашындай ағарып кеткен Сағыныш... Мұрат Шаймаран, ақын.   Бақұл бол, асқар тау аға! Қазақ өлеңінің өріне өз сүрлеуімен жол салып, баба заманның бағзы жырауындай төгіп-төгіп толғаған Алаштың үлкен ақыны, ардақты ағамыз Жәркен Бөдеш те соңғы сапарына аттаныпты. Есенғали ағамыздың да есеңгіретіп кеткені кеше еді... Қаршадай кезімізден осы ағалардың алдында жүріп өстік, тәрбиесін көрдік. Кезінде Өтүкен өңіріне өте сыйлы болған Серік Ғабдуллаұлы ақсақал дүние салғанда, қазақтың талантты ақыны Бақытжан Раисова апайым «Ағаның қадірін енді түсінесің, Азамат» деген бір ауыз сөзі осындайда ойыма түсе береді. «Алдыңда ағаң болған қандай жақсы» деген әйгілі ән бар еді ғой. Анау Қалихан атамнан бастап, ағаларыма көп еркелеген баламын. Мен өзім арнайы оқу бітірмегем, бірақ сұрап қалғанда «Көкелердің институтын тәмамдағам» деп жауап беретінім бар. Сол ұлы институттағы аяулы тұлғаның бірі, бірегейі – осы Жәркен аға еді. Осыдан сегіз жыл бұрын менің алғашқы кітабым шығатынын естігенде қуанып, ақжол тілеп, ақниет пікірін жазған еді. Мынау дәу қорғандай аға иығының артында тұрған суреттің де түсірілгеніне он-он бір жыл болған-ау деймін... Қош болыңыз, аға! Азамат Тасқараұлы, ақын.   Уыздай таза пейілмен аттанды Жәкен Бөдешұлы  дүниеден өтті деген суық хабарды естігенде өз құлағым мен хабарды оқыған көзіме сенбей сенделіп отырып қалдым... Қазақ өлең – өнер шаңырағының бір алтын уығы сынды. Қазақ мәдениетінің бір биік тауы құлады. Тұтас қазақ халқының рухани әлемінің аспанын 2021 сиыр жылы мамырдың 22 жұлдызы қайғының қара бұлты басты. Қаралы хабарды естіген халық ортақ қайғырды. Бір-біріне тоқтаусыз қоңырау шалып, үнхат текшесінде көңіл айтып, бірін-бірі жұбатып жатты. Жалпақ жұрттың көздері ғана емес, көңілдері, жүректері егіз қатар жылап жатты. Жандары құлазып өзара хабарласып қаралы хабар жеткізіп жатты... Иә, Сараң ғасыр тоқсан тоғыз толғап, анда-мұнда бір туатын дарабоз таланттардың бірі де бірегейі осы Жәркен Бөдешұлы ағамыз еді. Алланың ісіне амал жоқ. Арамыздан жұлып алды да кетті. 76 шағына қараған жасы еді. Ол осынау өмірін түп-түгел қазақ өлең өнеріне арнады. 15-18 ғасырдағы жыраулық дәстүрді 20-21 ғарырға жалғады.  Ол 76 жылда Қара жерді де қара табанымен тап-таза басып өтті. Иә, Біз пендеміз дейміз ғой. Бірақ Жәркен Бөдеш періште еді. Пендешілік оның бойынан да, ойынан да орын ала алмаған еді. Арына, адамдығына дат жұқтырмады. Пенделігіне тот шалдырмады. Отанын, халқын туған анасындай, сүйген жарындай, бауыр еті баласындай, көзінің қарасындай аялап сүйіп өтті. Жә, сіз не сеніңіз, сенбеңіз.  Ол көк тыйынсыз құрқол, ақшасыз құр жаңқалта жүрсе де, адамдық арын, ақындық басын еш нәрсеге айыр бастамай өтті. Отанын, халқын, елі мен  жеріне, жұртына қарсы тамшы сөз айтпай кетті. Жамандамай өтті. Өзінің өлкелі көкірегіне өзі туған сұлу өлкесінің ару дасасын қоңырып алды да, жамандыққа еш орын қалдырмады. Сол ұлы даланы ұлағаттап жазып кетті.  Мәңгілік мерует жыр тізбегімен  өріп өнерге айналдырып кетті. Қара тасын да  сүйіп өр биікке  қойып  кетті.  Туған жерінің қоңызы мен доңызын да жахұттай жарқыратып, басқаның асылынан асырып кетті. Міне, Жәркендей ақ жүрек ақын анасынан қалай уыз жүрекпен туса, бахиға да сол уыздай таза пейлімен аттанып кетті. Артына да сап таза алтындай жарқыраған тап-таза теңіздей терең жыр тастап кетті. Өткен күннен белгі бар. Артына өлмес өнегелі сөз қалдырған арда ақын аға. Күллі өміріңіз сұлу жырдың бесігінде тербетіп өтіпті- ау. Алдағы ғасыр ұрпақтарымен рухани қазынаңыз бірге өмір сүреді. Ғасыр аунаған сайын биіктен-биікке көтеріледі.  Сізді танитын, қастерлейтін, оқитын, тәлім алатын  білімдар ұрпақтар келе жатыр. Олар сіздің рухани бесігіңізде тербеліп өседі. Рухаи әлеміңізде сізбен бірге өмір сүреді. Бұл бұлтартпас шындық. Жәркен Бөдеш өлген жоқ. Тәні кетті, жаны жұрт жанында бірге қалды. Әр тілекпен бірге, ақ жүрекпен қоса лүп-лүп соғып тұрады... Болат Бопайұлы,           фольклоршы. ҚОШ, ЖЫРАУ! ҚОШ, ҚАРИЯ!   Жүзіне бір сәт қарасақ, жүзжылдықтарға бойлаушы ек, Ізіне бір сәт қарасақ, ілкі бір күнді ойлаушы ек, Шәкіртке дәріс бергендей, тәптіштеп өлең оқыса, Қайсыбір тұсын сол жырдың қайталап сұрап қоймаушы ек. Жарты дүниедей жырғалып Жармұхамед өтті десейші, Жаралы қанат жалғыз құс Жайырға жетті десейші, Қабаржып тұрған дүниеге қайырыла қарап соңғы рет, Қасиетті Қаратауымды қалғып бір кетті десейші!.. Қош, Жырау! Қош, Қария!   Ерлан Жүніс, ақын.  qazaquni.kz