РУХ СҰЛТАНЫ

РУХ СҰЛТАНЫ

Ұлт руханиятының Сұлтаны десем артық айтқандығым емес. Ол менің осы азаматқа деген риясыз пейілімнің шынайы көрнісі. Өткен ғұмыр өрнектерін ой елегеінен өткізе отырып осындай тұжырымға келдім. Сексеннің сеңгіріне келіп отырған Сұлтан Шәріпұлы Оразалин шын мәнінде сондай азамат.

Біздің таныстығымыз сонау 1950 жылдардың аяғында 60 жылдардың алғашқы жылдары басталған еді. Ол кезде студенттік шақта Мұқтар Мағауин, Болат Бодаубаев, Рымғали Нұргалиев сияқты келешек еліміздің бетке ұстар ұлтшыл, абзал азаматтарымен бірге Сұлтанда С.М. Киров атындағы Қазақ университеті филология факультетінде оқитын. Мен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің) физика факультетінің студенті едім.

Сұлтанның келешек жанжары Зауреш курстас біздің топта КазПИ-де оқыды. Сол уақыттағы ең үлкен Пушкин атындағы кітапхана біздің жатақханаға жақын болатын. Жоғарыда аттары аталған азаматтар (сол кездегі студенттер) сабақтан бос уақыттарын сол кітапханада өткізетін. Кітапхана жабылғаннан кейін Сұлтан дос-жолдастарымен жанындағы Зәуреш тұратын біздің жатақханаға келетін. Содан басталған достық қарым қатынасымыз әлі үзілген жоқ.

Сұлтан сол студенттік кезінде де өзінің алғырлығымен, ақылдығымен, ұйымдастырушылық қабілетімен түрлі мәселелер талқылаған кезде терең, тез түсініушілігімен, батылдығымен ерекшеленуші еді. Сол батырлық қасиет өмірдің барлық кезінде де,кейін қандай жұмыс істесе де дәйім көрініп тұратын.

Жалпы адам баласының туған жер, топырақ, ел өскен орта әсер ететіні анық қой. Сұлтанның дүние есігін ашқан, кіндік қаны тамған жер қазақ халқының ең қасиетті өңірлерінің бірі-Шыңғыстау. Бұл өнірде Қазақ халқының, тіпті адамзат баласының ұлылары, даналары, ойшылдары Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтардың дүниеге келіп, құнарлы топырағынан нәр алған жерлер екені белгілі.

Осы дархан даланың төсінде дүние есігін ашқан Сұлтанға да сол адами асқақ қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды насихаттау, адалдық, отанға деген сүійспеншілік, батырлық... сияқты қасиеттерді берген ғой.

Сексеннің сеңгіріне шаршамай келген алда әлі талай мақсаттары бар Сұлтанмен сонау студенттік бал дәуреннен бастап алпыс жылға таяу уақытқа созылған достық қарым-қатынаста жүргеніміз туралы мақала жазамын деп ойламап едім. Сұлтанның сан түрлі қасиеттері еске түсіп жатыр ғой. Барлық қасиетін жаза бермей мен үшін әр адамда кездесе бермейтін тек өзіне

жарасатын асыл мінездерін халыққа айтайын деген оймен қолыма қалам алып отырмын. Олар сенің қайда жүрсенде, қандай қызмет етсең де, кімге де болса адалдығың, ұлтына деген сүйіспеншілігін, оның асыл құндылықтарын жаңғыртуға деген құлшынысын, осы жолда кездескен талай қиыншылықтарды ешкімнен, ештеңеден де тайсалмайтын батырлығы деп білемін.

Университетті жап жаңа бітірген жас жігіт 24 жаста бола тұрып жаңа ашылып, қалыптасып жатқан қазақ теледидар саласына барып жай редактордан бастап бас редакторға дейін көтерілді. Сұлтан оны қазақ халқының құндылықтарын өнерін, әдебиетін салт-дәстүрін, руханиятын жаңғыртып, қорғап дамытатын орталық жасап, құлпыртып жіберді.

Теледидар саласында ерен еңбек етіп, оның негізін қалаушылардың бірі ретінде Қазақ халқының құндылықтарын, өнерін насихаттау ордасына айналдырды.

Абай ауылында туып ер жетті. Бала күнінен Абай,Шәкәрім,Мұхтар туралы әңгімелерге қанықты. Абай аулының өнегесі,үй-ішінің тәлімі Сұлтанды да сөз қадірін білуге үйретті.

Университетті бітірген кезде Сұлтанның алдында талай саланы таңдау мүмкіндігі болды. Ол ғылым жолына түскенде академикте болатын еді, ал егер жазушылықпен айналысса халық жазушы да атағын алатын еді. Сұлтан сол жастық шақтың кезінде қазақ халқының руханиятына осы тандап алған журналистік мамандықта өзінің бойындағы талантын ,қабілетін толық пайдалынатынын анық сенген, білген.

Шыңғыстаудың бөктері Абай рухымен тыныстап тұрады.Қаршыдай күнінен соны сезініп өскен Сұлтан қазіргі заманда карымды қаламгер, қажарлы қайраткер,ұтымды ұйымдастырушы,білікті басшы, абройлы азамат. Теледидар саласында табжылмай 20 жыл жұмыс атқара жүріп Сұлтан жастайынан қалың қазаққа танымал болды.

Естеріңізде болар өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың аяғы сексенінші жылдардың бас кезінде Кеңес идиологиясының ұмыттырып жіберген ұлтымыздың асыл қазынасы айтыстың кейінгі жаңғырып қайта оралған кездерінде қалай қуанғанымыз. Ол кезде алғашқыда айтыс ақындары қағазға жазып алып, кейін жаттап алып шығатын еді ғой. Алғашқы кезде оған да қуанып, төбеміз көкке жеткендей барлық жұмыстарды тастап теледидарды қызықтайтынбыз. Ал қазір, құдайға шүкір, жүзден жүйрік шығып айтыс ақындарының деңгейі көп көтерілді.

Осы тұста қазақ халқына ғана тән құндылығымыз айтыс өнерінің кейінгі қайтып оралуына үлкен себепкер болған, зор қамқорлық жасаған азамат-Сұлтан Оразалин болатын. Айтыс туралы оның тарихын жазғандар ол азаматтың атын атамайды. Адал еңбекті бағаламау қателік. Осы күнгі

айтыстың жаңғыруына, өсуіне, дамуына тап қазіргі кездегі айтыскер ақындарымыздың биік шыңға шығуына ерекше қамқорлық жасаған Оразалин Сұлтан, әсіресе ең бастапқы кезде айтыстың теледидарлық түріне оның қосқан үлесі ерекше.

Айтысты алғашқы ұйымдастырған кезде қазіргідей емес айтыс өнерін кенестік идиология сіресіп тұрған уақытта Қазақстанның әр жерлерінен айтысатын ақындарды іздеп табу, оларды Алматыға жинаудың өзі керемет жұмыс қой. Оның үстіне айтыс ескінің қалдығы, ұлтшылдық деген ұлттық құндылықтарға қарсы кейбіреулер етектен тартып, аяқтан шалып, жатты ғой. Сондықтан айтыстың атын өзгертіп Сұлтан «Бәйге» деген атымен шығарып, қарсылардың аузын жапты. Осы жұмысы нағыз қас батырлық қой. Қазақ халқының осы бір аса асыл Кеңес идиологиясы ұмыттырған құндылығын қайтару үшін бұндай ерлік жасау Сұлтан сияқты батырдың елін шексіз сүйген азаматтардың ғана қолынан келер еді. Сұлтан бұндай батырлық жасамаса айтыс өнерін қаншама ұрпақ білмейтін еді.

Ол жылдары хабарлар қазіргідей емес (артынан алып тастап отыратын) тікелей жүреді.Сонда Сұлтанның тікелей эфирде аспай-саспай, асқан сабырлылықпен жүргізіп отыратындығына жұрт таңғалатын, әңгіменің тізгінін ешқашан босатпайтын, шешендігіне тамсанатын.

Өткен ғасырдағы біртуар абзал, қазақ халқының ішінен қайнап шыққан талай табиғи таланттылардың жазба дүниелерден есімдерін ғана біліп қоймай Сұлтанның көрегендігінің, ерлігінің қазақ халқына сүйіспеншілігінің, жанашырлығының арқасында олардың үнтаспадан дауыстарын, бейнетаспалардан бейнелерін көргенде қазіргі жастар, келешек ұрпақтар түгілі тіпті біздің өзіміз рахаттанып, рухани ляззат алып қаламыз.

Журналистің бойындағы шексіз қабілеттірінің бірі- сауатты сауалнама арқылы оқырман үшін толық мәлімет беру. Сұлтанның университетті бітіргеннен кейінгі бүкіл өмірі өзі қалаған журналистика саласына арналып келеді.

Сұлтанның журналисттік мамандықты игергені сонша, сұхбат алу үшін сұхбаттасының азаматтық тұлғасын, психологиясын, шығармашылығын, әсіресе көзқарасын, мінезі-құлқын, саяси ойын, парасаттылығы ойының тереңдігін, өскен ортасын т.б. терең зерттейді. Жүрген жерінің бәрінде өзгеге ұқсамайтын қаламгерлік қолтаңбасы қалыптасқан. Сол арқылы оның тіл ерекшелігі жазу мәнері журналистік мінезі көрініп тұрады. Ол қандай мінез десеңіз:адалдық,әділдік,батырлық.

Бұл сұхбаттарда адамзаттың заңғарлары Ш.Айтматов, М. Әуезов, халқымыздың ардақты да зиялы қаламгерлері Ғ.Мұстафин, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, Ә. Тәжібаев, І. Омаров, І. Есенберлин , М. Қаратаев, Т.Ақтанов т.б.

болды.Сондай-ақ алыс жақын шетел ел азаматарымен, тұлғаларымен тартымды сұқбаттар жүргізді.

Атап айтсақ Мысырдың атақты ақыны Фаиз Ахмет, Үндістанның атақты жазушысы Субхану Мукерджи, Пакистанның танымал ақыны Битар, Конго ақыны Леонольд, орыс жазушысы Д. Гранин, авар ақыны Р.Гамзатов сияқты атақты ақындармен әңгіме құрып Қазақ әдебиеті туралы шетелдік тұлғалардың пікірлерін алған.

Телеэкран сахнасына С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, А.Тоқпанов, С. Мұқановаларды шақырып, әңгіме құрып өнер саңлақтарының таспаға түсіріп келешек ұрпаққа қалдырғаны өнер жанашыры екенін білдіреді.

Сұлтанның «Сұхбаты» ұлт руханиятының бүкіл қазақ халқының тағдырын көретін, тыңдайтын, сыр сандығына айналды.

Жалпы біреуден сұхбат алу үшін өзінің де қабілеті адами деңгейің сол адамнан артық, ең болмаса қарайлас болу керек. Сұлтанның «сұхбатының» мазмұндылығы, жаңашылдығы соншама Ғабиден Мұстафинмен сұхбат түріндегі «Куәгердің көзімен» деген телехабар Мәскеудің бірінші телеарнасынан Бүкіл Кеңес Одағына көрсетіліп, басқа республикаларға мазмұны мен пішіні (формасы) уақытында үлгі етіп ұсынылды.

Қонақтың тілін тауып, жүрегіне терең бойлап жан-дүниесін ашып тіпті қонақтың өзі ұмытып қалған сырларын айтқызып отыратын. Сұлтанның өте талантты журналист екені анық көрініп отырады.

Сұлтан өзінің айтуы бойынша Ұлы Абайдың салып кеткен салт-дәстүрлердің рухында ержеткен азамат. Ұлы ақынның ұрпақтарында көзімен көріп, әңгімесін тыңдап өскен адам. Атасы Оразалы Абайдың көзін көрген, алдында болған. Оразалымен Мұқтар Әуезов өте жақын қарым-қатынаста болыпты. Сондықтан Сұлтан да Абайдың рухын, жан дүниеге сіңіріп өскендіктен ана тілін ардақтамауы мүмкін емес еді. Көптеген ғалымдардың айтуынша адамзат пайда болғалы біраз өркениеттің жоғалып кетуінің негізгі себебі қоғамның рухани қуатының әлсіреуі салдарынан құлдырау нәтижесінде экономикалық дағдарысқа әкелді.

Сондықтан өркениеттің өмір сүруінің басты шарты-рухани қазынаның сақталып, үздіксіз өсіп дамуында. Осыған сәйкес ғасырлар барысында қазақ халқының рухани байланыстарының ең асылының бірі-тілі екенін Сұлтан жастайынан көкірегіне құйып өскен азамат.

Сұлтанның арқасында біраз әдебиет қауымымен жақын болдым, жоғарыда айтқандай Нұрғалиев Рымғали, Мағауин Мұхтармен , ал Сейт Қаскабасовпен Алматыдағы №12 мектепте бірге оқыдым. Нұрғалиев Рымғалиға Астанадағы Еуразия университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгеруші кезінде жиі барып тұратын едім. Бір әңгіме кезінде «біз осы қазақ халқына не пайда келтірдік» деген сұраққа келіп қалдық. Мен

бастап кеттім де сендердің Қазақ халқына сіңірген нақты еңбектерін бар ғой. Мен ғой физика дегенге кетіп қалып қазақ халқына ешқандай пайдам тимеген дедім.

Сейт Қасқабасов қазақ фальклорының (аңыз, ертегі) жастар тәрбиесіне, тарихына, қазақты рухын көтеруге әсер ететінін негіздеуде, Сұлтан қазақ халқының құндылықтарын жаңғыртамын деп жанталасып жүр, сен қазақ әдебиетін дүниежүзілік деңгейге жеткізем деп еңбек етіп жүсің- дегенді айттым. Біраз тыңдап отырды да «сен бізді мақтап болдың ба енді мен айтайын» деді. «Жоқ, мен мақтағаным емес,өзімше менің ойымша шындықты айтам» дедім. Сенің өзің туралы айтқанын дұрыс емес, ол басқа әнгіме Қазақты дүниежүзіне танытып физикадан жаңалық ашқан адам халықтың мақтанышы ғой -деді. Мен қазақ үшін менің ашқан жаңалығымның қазақ халқына еш қатысы жоқ. Менің айтып отырғаным қазақ халқының дамуына, өркендеуіне руханиятына сендер сияқты ештеңе берген жоқпын дедім. Рымғали «жарайды ол сенің ойын деді де менінше біз үшеуміз Мұхтар, Сейт мен өзің айтқандай Қазақ халқының руханияты үшін біраз еңбек еткеніміз рас. Сейт екеуміз академикпіз, Мұхтар халық жазушысы деген атақтарымыз бар. Бірақ Қазақ халқының руханиятына Сұлтанның атқарып жүрген еңбегі біздікінен он есе маңызды да пайдалы»- деді.

Әрине мен он жыл бұрын арамызда болған әңгімені Рымғали сияқты әдемілеп айта алмаймын ғой. Менің ойымда қалғаны Сұлтан жөнінде мақала жазу кезінде Рымғали марқұмның «Сұлтан қазақ халқының рухани құндылықтарын жаңғырту, дамыту саласында біздің бәрімізден он есе артық пайда келтірді» деген сөзі есіме түсті. Тура сол кезде мен оның сөзіне онша мән бермеппін. Қазір ойланып отырсам Сұлтанның тәуекелдің желқайығына мініп жүріп қазақ халқы үшін атқарған еңбегі ұшан теңіз екен. Рымғали Сұлтанның еңбегін сол уақытта дұрыс бағалаған екен ғой.

Ол қай қызметке барса да теледидарда да, баспада тіл комитетінде қазақ халқының рухын көтеру үшін бар күшін,білімін,ұйымдастыру қабілетін салды. Сұлтанның істеген жұмыстарының барлығының руханият саласындағы нәтижесі белгілі қауымға ғана емес қалың жұртшылыққа көрініп, олардың сана-сезімінің оянуына жол ашты.Сондықтан Сұлтанның сіңірген еңбегін халыққа ұлт құндылықтары,ұлт болмысы,ұлт мінезі туралы мыңдаған телесценарий, телепьессалар,сұхбаттар жүргізіп халқымыздың ұмтылған әдет-ғұрып, салт-дәстүрін қайтаруымен құнды.

Тек теледидарда ғана Сұлтанның қажырлы еңбегімен атқарылған іс шаралар ұшан теңіз.Сұлтан туралы осы мақаланы жазу үстінде мен көп ойландым, өйткені ол туралы мақала жазу өте қиын екен. Ол туралы 4-5 том Сұлтанның шығармашылық жағын жазу үшін арнайы ғылыми зерттеулер

керек. Себебі теледидарғы уақытында түсірілген, әр сәт, әр хабар ұлтымыздың рухани тарихына аса маңызды.

Ұлт намысы дегенде жанын беретін Сұлтандай батылдықпен кірісетін билік тізгінін ұстаған бүгінгі азаматтардан көре алмай жүрміз ғой.Сұлтан қайраткер басын бәйгеге тігіп іс қылуын айып көрмейді, керісінше адамдық деп біледі.

Алматыдағы Достық үйінің үлкен залында 1990 жылы 12 наурызда депутаттыққа кандидат ретінде сөйлеген сөзінен үзінді:

«Бір мәселені қадап айтқым келеді. Мен депутаттың мандатына бедел жинап, атақ шығарайын, яки оны мансап баспалдағына айналдырайын деп ұмтылып отырғаным жоқ. Қазіргі қызметім де бір басыма жетеді. Жаңа сіздер «Саяси тәуелсіздік» деген сөзге қатты таңырқағандай болдыңыздар. Тіпті, «Осының өзі кім?...» дегендей күдіктене қараңыздар. Бұл ертерек айтылған сөз сияқты, бірақ олай емес. Тәулсіздік- әр халықтың түпкі арманы. Онсыз ештеңеге қолымыз жетпейді. Сондықтан да мен депутаттық мандат қолыма тисе, ең алдымен республикамыздың саяси, экономикалық, мәдени тәуелсіздігін қорғар едім. Халқымыздың әлі де ашық айтылмай, қорғалмай жатқан арман-мұраттары жетерлік. Соны тайсалмай айтып, табанды түрде қорғауға күш-қайратым жетеді деп ойлаймын».

Осы сөзінің өзі-ақ Сұлтанның қандай азамат екені көрініп-ақ тұр ғой. Егер де ең болмаса депутаттардың жартысы осындай болса, осы күні қой үстінде боз торғай жұмыртқалайтын заманда өмір сүретін едік қой.

Қазақ деген жалпы шындығында ұлы ұлт, оның ұлылығы ылғи көрініп тұрады. Адамның есімін қойғанда да оны келешек өмір жолына да, мінезіне де сай келетін етіп қояды ғой. Сұлтан Шәріпұлы Оразалинның да есімін тап басып қойған. Бүкіл өмірі де , мінезі де атына толық сай сұлтан болып келе жатыр. Жаңа ғана құрылып жатқан теледидар саласына барып оның негізін құрушылардың бірі болып оны қазақ ұлтының құндылықтарының ордасы етіп осы саланың сұлтаны болды. Тәлтіректеп әзер тұрған «Өнер» баспасын аз уақытта халықаралық деңгейге жеткізді.

Абай елі альбомының бір өзі неге тұрады. Англия ғалымдары мазмұнын, сапасын, дизайнын өте жоғары бағалап (құлақ естіп көз көрді), Өнер баспасының атағын аспанға шығарып баспагерлер Сұлтаны болдың, тіл комитетінің тұңғыш төрағасы ретінде биліктегі шала қазақтармен алысып жүріп мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонуына зор еңбек етіп тіл Сұлтаны атандың. Атына өзің сай Сұлтан қазақ жұртының руханиятының нағыз Сұлтаны, қас батыры екенін нағыз күресте Кеңес Одағының ұлттық құндылықтарды жою саясатына қасқайып қарсы шығып, тәуелсіздік алғаннан кейін орыс тілді биліктегі қазақтармен алысып жүріп қалың қазақ ұлтына дәлелдеді.

Қадырлі бірге тумасақта бірге туғандай болған асыл досым, халықтың Сұлтаны, рух Сұлтаны 80 жасың құтты болсын. Отбасың аман болсын, денсаулығын мықты болып, қазақтың дархан даласында Сұлтан қалпыңмен алшаң басып жүре бер!

Темірғали Көкетай,

Е.А.Букетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры