Қазақ ұршығының құдіреті

Қазақ ұршығының құдіреті

Қазақта “Ұршықтай үйіріп алдыңа әкелді» деген сөз бар. Бұл сөзді тура да, ауыспалы мағынасында Кеңес үкіметінің 1920 –1938 жылдардағы қазаққа әкелген ашаршылық, атып –асу, қуғындау зұлматына қатысты айтса болады. Осы жылдары Кеңес үкіметі қазақ халқының қанын судай ағызып қоймай, әскер рухы, экономика қуаты, отбасын асыраудың тұрақты көзі болып отырған төрт түлік малын айуандықпен қырып жатқан кез болатын. Орыс большевиктерінің көз құртын жеген ұшса құстың қанаты талатын ұлан байтақ қазақтың кең жері мен оның астындағы табиғи кен байлығы еді. Қазақ жерін иемдену мақсатында әуелі, қазақ халқының көзін жойу керек болып, Голощекин мен Мирзояндар «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен қазақтың атадан балаға мирас боп келе жатқан дәстүрлі ата кәсібі- мал шарушылығын ұжымдастыру саясатымен сылтауратып тартып алып, аяусыз қырып жатты. Сол кезде, ғайыптан тайып герман елі, яғни А.Гитлер Кеңес үкіметіне тұтқиылдан соғыс ашты. А.Гитлер ашқан соғыс Кеңес үкіметіне өз жауыздықтарын бетіне басқандай қазақ ұлты мен оның төрт түлік малына оларды зәру қылды. Осы соғыста атамзаманнан атадан балаға мұра боп келе жатқан қазақ қолөнері –қазақ ұршығы соғыстың кәдесіне жарады. Бұл табалау емес. Бұл біздің ата –бабамыздың әруағы бар екенінің, баба мұрасын қасиет тұта білген ұлт киесінің дәлелі еді. Ия, әлемдік Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ ұршығы маңызды құрылғыға айналады деген Кеңес әскерінің ойына кіріп шықпаған еді. Мұны неге айтып отырмын? Себебі, сол әлемді шарпығын Екінші Дүниежүзілік соғыста батыстың бет қаратпас қызыл шұнақ аязынан жауынгерлерді қарапайым қазақ аналары мен балалары тоқыған жылы киім қорғаныш болса, оны иірген қазақ ұршығы еді. Сол кезде, ұршық тұрмыстық құралдан- әскери құрылғы қызметін атқарды десек те қателеспейміз. 1941 жылы сұрапыл соғыс басталғаннан 1945 жылға дейін қазақтар бес жыл бойы қой бағып, оның жүнін қырқып, жүнді сабап, тарап-түтіп, зуалап, шүйіркелеп ұршық күшімен иіріп жіп жасай білді. Сөйтіп, майдан шебіндегі қанша миллион жауынгерді жылы киіммен, шұлық, қолғап, шәлімен қаматамасыз етті. Адамзатқа жан төзбес ауыртпашылық әкелген әлемдік соғысқа қазақтар екі миллион пар, яғни төрт миллиондай қолдан тоқылған жылы киім жіберген. Кеңес үкіметі өзі қырып тастаған ұлт алдында, бұл әлі өз бағасын алуды күтіп отырған әскери мәселе. Соңғы дерек болжамдары Кеңес үкіметі ашаршылықтан бес миллионнан астам қазақты қырған дейді. Сол қырылған қазақтармен бірге төрт түлік малдың жайын білетін қазақтар да кеткен. «Малдың жайын баққан біледі» демекші, төрт түлік малдың бағуы мен жайуын, көбейту технологиясын білетін қазақтар болмағасын, Орынбасар апаның айтуынша, соғыс жылдары еңбектеген баладан еңкейген кәрі әжелерге дейін қой бағуға шыққан. «Көктем шыға төрт –бес жастағы буына қатпаған жас балалар қозы көгендеп, қой бағуға шықты. Олар ойын мен күлкі дегенді ұмытты. Кешке үйге келе ас ішуге шамалары келмей ұйықтап кететін» деп, еске алды кейуана. Орыс большевиктердің ұлтқа жасаған зұлмат кесірі баланы да аямады. Кәпірлердің сауатсыздығы мен олбырлығы сонша, жылы киім тоқуға дейін жіп дайындау қаншама процесстен өтетінін білмеген. Одан малдың жүнін қырықтықтан өткізу алдында суға тоғытып тазартып барып қой қырықтыққа жіберілетінен бейхабар болған. Көктемгі жұмыстардан кейін күзгi жұмыстар қазан айында басталған. Бригадирi атпен жүріп кешке қарай "жұмысқа шығыңдар" - деп, терезені тықылдатып белгі беретiн едi" - дейдi, Орынбасар апа. Үлкен бір үйге жиналған кемпір, бала-шаға әуелі, жазда қырқылған қой жүнін жуып кептіредi. Жасөспiрiмдер жағы оны түтiп-тазаласа, әжелер зуалап, шиыруға бередi екен. Дайын зуаланы ұршықшылар тобы талмай иіріп, тоқымашыларға өткізеді. Жас қыздар мен келiндер иiрген жіптен жауынгерлерге арнап төрт саусақты қолғап, малақай, шәлі, шұлық тоқыған. Міне, бұл қазақ халқының тылдағы ерен еңбегінің бір парасы ғана. Бес жыл бойы еңбек ақымызға азғана бидай алушы едік»-деп есіне алды Орынбасар апа. Олар жайылымда, ферма басында сауған сүтті сол жерде презендеп майдан шебіне тіке жөнелтiп отыратын. Олардың көкейiнде бiр ғана мақсат - жауынгерлер жаурап қалмай, аш қалмай жауға тойтарыс берсе деген мақсат тұрған. Сол себептi, біз тылда жүріп жан аямай жаумен күрескен едік» дейді, Орынбасар апа. Ел басына күн туған шақта Балқыбекова Орынбасар апа тұлымшағы желбіреген тоғыз –он жастағы қыз екен. Ол Ақмола облысы, Нұра ауданы "Нұра" өзенiнің бойын жағалай қоныстанған байырдан осы өлкеде тұрып келе жатқан қазақтар отбасында туып- өскен. Әкесі темеш руынан екен. Әйгiлi «Дудар ай» әніндегі орыс қызы Мәриям Жагорқызы мен қазақ жігіті Дүйсен туып - өскен ауылда туған. Қазақ халқы адамзат дамуы үшін керек дүние әрдайым жасап келеді, бірақ, оны дабыралаған емес. Басқасын айтпағанда, міне, қазақ тұрмысында пайдасына жарап келген ұршық құралы- Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес әскеріне мүлткісіз қызмет етті. Мұны кезінде Кеңес әскері елеген жоқ. Сол қазақтың құдіретті ұршығы бұл күні ел есінен шығып, ұмыт болып барады. Соғыста жеті –сегіз танкі жойған жауынгерге ерлігі үшін марапат береді екен. Ал, қазақ ұршығы мың емес, сан миллион жауынгерді аман алып қалды десек қателеспеспіз. Қарап тұрсақ, дамылсыз айналған жер сияқты қазақ ұршығында қазақ деген ұлттың ғана емес, әлем соғысының, сол соғыста жазықсыз шейіт болған, аман оралған сан миллиондаған ер азаматтың тарих- тағдыры тұр.Айтпағым Қазақстан, Ресей, Белорус, Украина, Өзбек тағы басқа елдер бірігіп қазақ ұршығының сол тыл соғысында жасаған ерен еңбегіне ескерткіш қойса құба –құп болар еді. Біз ұмытпауға тиіс нәрсе болса- ол қазақ ұршығының Екінші дүниежүжілік соғыстағы ерлігі дер едім.

Зүбәйра Әкiм, Қазақ үні