Қазақ санасын отарсыздандыру үшін де латын әліпбиіне көшу керек

 Елбасының бастамасымен қазақ әліппесі мәселесі күн тәртібіне қойылды. Қоғамымыздың басым көпшілігі бұл қадамды ерте ме, кеш пе болмай қоймайтын үрдіс санап, күтіп жүрген. Бұл тарихи шешімге өзекті мәселе ретінде жан-жақты қолдау көрсетіліп те жатыр. Жеке өз басым, мұны әсіресе, ұлтшыл азаматтар қазақтардың ұлттық санасын отарсыздандыру саясатына жол ашатын әрекет деп бағалап, қуана құптайтын шығар деп ойлайтынмын. Сол себепті де мен үшін бұған Мұхтар Шаханов бастаған, ішінде қоғам қайраткері Амангелді Айталы да бар, 66 адамның қарсы шыққаны күтпеген жағдай болғаны рас. Дәлірек айтқанда, олардың көбісі қарсы да емес, тек көптеген күдіктер келтіріп, биліктің ниетіне сенімсіздік көрсетіп, алды-артымызды байқап, асықпай шешейік дейді. Келісетін жерлері де бар. Бірақ, қай ғасырда өмір сүріп жатқанын ұмытып кеткен болу керек, «асықпаған арбамен қоян алады» дейтін мақалды темірдей қағида етіп алған ба, кім білсін, хатқа қол қойған кинорежиссердің одан кейінгі бір сұхбатында халқымызға оң-солын тануына енді 80 жыл беріп, бұл мәселені содан кейін шешейік деген сияқты сорақы ұсыныс айтқаны ыңғайсыздау болды. Пікірталастың мәдениетін сақтай алмай, қызды-қыздымен біздің халқымызды ақымақ санағандай болғанын байқамай қалған болу керек, кешіріммен қарайық, әрине оның одан да латын әліпбиіне мүлдем көшпеу керек деп қатып қалғаны әлдеқайда тәуір ұстаным болатынын бажайлай алмағаны өкінішті-ақ. «66»-ға да, кинорежиссерге де қазақтың белгілі ақыны, қоғам қайраткері, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса мәселені тереңнен қопарып, астарларын жіліктеп шағып, Мұхаң, Әбекең сияқты ағаларына сыйлаугершілігін сақтай отырып, лайықты жауабын берді. Сондықтан мұны әрі қарай қазбаламай-ақ қояйық. Екінші бір күтпеген жағдай мен үшін латын әліпбиіне өтуге байланысты жүзге жуық жоба пайда болып, әрқайсысы авторлыққа таласқандай өздерінің дегендерін дәлелдеуге тырысып, барын салып жатқандығы. Бұл белсенділік бір жағынан қуантады, екінші жағынан бұл елдік мәселе, сондықтан да мұнда авторлық аса маңызды саналуға тиіс емес. Оның үстіне көптеген ұсыныс берушілер өздерінің жобаларын жаңалық есебінде көрсетуге тырысуы. Менің, әділдік үшін бүгінгі айтпағым: ың-шыңсыз, дабыра-дақпыртсыз, аз сөйлеп, көп іс тындыратын, қоғамымыздың озық ойлы азаматтары бұл мәселені тәуелсіздік таңы атысымен-ақ айта бастағандығы. Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, қазақтың күрмеуі көп қордаланған күрделі мәселелерінің аттары аталып, түстері түстеліп жатқан тұста 1991 жылы осы мәселені ең алғаш Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізін қалаған қоғам қайраткері, белгілі тілтанушы ғалым, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі Әбдуәли Қайдаров көтерген болатын. Мен оның соңына еріп, облыс көлемінде «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, мемлекеттік тілдің мәртебесі үшін сол кезде әл-қадарымша күрескен адамдардың бірі ретінде бұған куәмін және қазақтың әрі батыр, әрі абыз ақсақалының елеусіз, көзге ілінбей қалуын әділетсіздік санап, мұны айтуды өзімнің парызым деп есептеп отырмын. 1993 жылы оның Түркия сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткен Түркия, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркіменстан ғалымдарының Анкарадағы конференциясына Қазақстанның делегациясын басқарып барып, барша түрік халықтарына ортақ 34 әріптен тұратын латын әліпбиінің жобасына Қазақстан тарапынан қол қойғанын да білемін. Осы алты елдің ішінде содан бері өзбек, әзірбайжан, түркімен (түріктер бұрыннан латын жазуын қолданатын) латын жазуына көшіп үлгерді. Ал Әбдуали Қайдаров түркі халықтарына ортақ келісілген латын әліпбиінің жобасын қоса отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбавтың атына ашық хат жазып, оны «Ана тілі» газетінде сол 1993 жылдың аяғына қарай жариялатқан. Бұл мәселе ғылыми ортаның талқысына түскен. Талай пайдалы ұсыныс-пікірлер, нақты іс-шараларды қабылдаудың жолдары айтылған. Қазақ әліпбиіне қатысты Ә.Қайдаров бастаған ғалымдардың үлгісі - Анкарадағы сол жиында қабылданған 34 таңбаның негізінде жасалған 27 әріптен тұрады. 90-шы жылдардың басында Ақмола жерінде мемлекеттік тілді өз мәртебесіне сай қолдану мәселесін табандылықпен көтерген қоғам қайраткері Алдан Смайыл жақында осыны айтты, сондай-ақ 2007 жылы ел Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының Х11 сессиясында латын графикасына көшу мәселесін түбегейлі зерттеуді тапсырғанын, соған орай Білім және ғылым министрлігінде  белгілі тіл ғалымдары, қоғамдық институт мамандарынан арнайы комиссия құрылғанын Мәжіліс мінберінен еске сала келіп, осы комиссияның негізінде биылғы жылдың бірінші тоқсанынан кешіктірмей арнайы мемлекеттік комиссия құру қажет деген ұсынысын білдірді. «Сол арқылы қазақ тілінің латын графикасындағы әліпбиін жасауды мүмкіндінше тездету керек»,- дейді депутат. Оның айтуынша, еліміз 2025 жылы латын әліпбиіне толық көшкенде осыған дейін жазылған және жасалған әдеби-ғылыми және тағы басқа құндылық мұраларды кирилшеден жаңа әліпбиге түсіріп үлгеруге тиіспіз. Алдан Смайыл қоғамдағы басты алаңдаушылықтың бірінің тамырын дөп басып, Өзбекстан, Әзербайжан іс-тәжрибелеріне назар аудара отырып, латынға көшудің қателіктерін азайтуға бағытталған жол айтып отыр. «Нұр Отандық» әріптесін «Ақ жол» партиясы мүшелерінің басым көпшілігі қолдайды. Сондықтан да Партияның Орталық кеңесі Президиумында бекітілген «Қазақстан Республикасының 2011-2020 жылдарға арналған жаңа ұлттық саясат тұжырымдамасында»: «ақпараттық кеңістік даму ерекшеліктерін және ақпарат инфрақұрылымның, интернеттің ұлттық бәсекелестікке қабылеттілік деңгейін анықтаудағы үздіксіз артып келе жатқан маңызды ескере отырып, жаңа талаптарға сай қазақ альфавитін қабылдау» қажеттігі айқын жазылған. Оны сол кездегі «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің хатшысы, партияның 2011 жылғы VIII сиезінде құрылған «Ақылдастар алқасының» төрағасы, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы жетекшілігімен партия мүшелерінің тобы әзірлеген. Осы тұжырымдаманың көптеген қағидаттары «Ақ жолдың» сайлауалды тұғырнамасына енген. Ал бұл тұғырнама сайлауалды құжат ғана емес, сайлаудан кейінгі істеріміздің де бағдарламасы. Жалпы, біз латынға көшуге қарсы азаматтардың пікірін де дұрыс түсінуіміз керек. Мен, кейбірі болмаса, бәрі бірден әйтеуір билікпен бітіспес күрес жүргізу керек дегенді ғана зиялылық санап, биліктің оң айтқанына да қалайда қасарыса сөйлеу секілді ойдың балаңдығымен жүр деп ойламаймын. Тіпті ашық хатқа қол қойғандардың біразы латын әліпбиіне түбегейлі қарсы емес болып шықты. Түбі әліпби ауыстырылатынына шүбә келтірмей, алдымен тілімізді түзеп алайық, мемлекеттік тілді шын тұғырына тұрғызып алайық, мәселені әбден таразылап алайық, асыра сілтеу болмасын, латынға көшсек ешкімді алаламай, жаппай көшіру керек деген сыңайлы пікірлер айтылды. Сондықтан олардың шын жанашырлықпен айтқан қауіптерін мейлінше назарға алып, саяз қарап, сан соғып қалмау үшін жасалып жатқан дабыл деп есептеп, мұның өзін ұлттық мемлекеттің іргесін бекіте түсу үшін пайдаланып қалу керек. Ұлт, Мемлекет және ұлттың күретамыры - Тіл ұғымдары: біртұтас ұғымдар. Бұл егемендігін алған қай елдің болмасын саяси-философиялық іргетасы. Ендеше, «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев мәлімдегендей, мемлекеттік тілді игеру және дамыту, оған өзінің тиісті мәртебесін беру мәселесі өне бойы «кейінге қалдырылатын», «екінші дәрежелі» міндет деп емес, мемлекеттік құрылыстың ең басым мақсаттарының бірі деп қарастырылуы тиіс.  Осы ұстанымынан айнымай келе жатқан «Ақ жол» партиясы былтыр, мамыр айында мемлекеттік тілді қолдану мен пайдалану аясын кеңейту үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Парламенттің қарауына заң жобасын ұсынғаны мәлім. Партияның Парламент Мәжілісіндегі депутаттық фракциясы ең алдымен «Азаматтық туралы» Заңның 16-бабына түзету енгізіп, оған сәйкес: «Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте мемлекеттік тілді, Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының тарихы, мәдениеті мен дәстүрі негіздерін білуі жөнінен емтихан тапсыру азаматтыққа қабылдаудың міндетті шарты болуына» күш салып бақты. Сондай-ақ қоғамдық өмірдің әртүрлі салаларында мемлекеттік тілдің қолданылу және пайдаланылу саласын кеңейту, сондай-ақ кадрларда қазақстандық қамтуды ұлғайту мақсатында әлеуетті инвесторларға (шетелдік компанияларды қоса алғанда) инвестициялық преференцияларды бергенде, концессиялық шарт қоюда, жер қойнауын пайдалануға құқық алуға келісім-шарттарда конституциялық нормаларға сәйкес мемлекеттік тілді міндетті түрде пайдалану талабы белгіленуі қажет деп санап, мұндай нормаларды «Инвестициялар туралы», «Концессиялар туралы» және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңдарда бекітуді ұсынды. Басқа да маңызды ұсыныстар берілді. «Ақ жол» партиясының жобасына заң ғылымының елге танымал ғалымдарының қатысуымен жасалған ғылыми және құқықтық сараптамалардың нәтижелерінің оң болуы да біздің алған бағытымыздың дұрыстығын дәлелдеді. Алайда, өткен жылдың 31 мамыры күні партияға аталған заң жобасы бойынша Үкіметтің теріс қорытындысы келіп түсті, онда, «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту туралы» Заңының жобасы жөндеуді талап етеді, ал қолданыстағы заңдарға бірқатар түзетулерді енгізу ерте делінген. Бұған үлкен қынжылыс білдірген Партия көшбасшысы партия активіне «Ақ жол» партиясы мемлекеттік тілді өзінің тиісті тұғырына қондыру үшін алға қойған елімізге, халқымызға аса қажет патриоттық бастамасынан бас тартпайтынын, мәселені күн тәртібінен әзірше қана алып тастайтынымызды қадап тұрып айтқан еді. Бұдан байқайтынымыз, мемлекеттік тілді өз мемлекеттік тұғырына қондыру үшін күрес біздің қандай әліпбиде болғанымызға қарамастан жалғаса береді. Ал енді тұтастай алғанда биліктің қадамы қоғамда қолдау тауып, латын әліпбиіне көшу процесі басталып жатса, оны оңтайлы пайдаланып, мемлекеттік тілдің тірегі етуге ұмтылу керек, көп болып осыған жұмылу керек. Осы төңіректегі дау-дамайларды, лепірме сөздерді азайтып, нақты қадамдар жасауға ұмтылғанымыз жөн. Жалпы, әріден ойлайтын азаматтар нақты іске кірісіп те кеткен, кірісе де бастады. Мысалы, осыдан біраз жыл бұрын «Қазақ ақпарат агенттігі» өз ақпараттарын шет елдерде тұратын қазақтарға Латын әліпбиінің Әбдуали Қайдаров жобасының негізіндегі латын жазуымен мемлекеттік тілде таратуды іске асырып, ол жалғасын табуда. Бұған әсіресе осы агенттіктің қазақ редакциясының бас редакторы Жарылқап Бейсенбаев көп күш-жігер жұмсағанын айту лазым. Ал, М.Әуезов атындағы атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан «Алаш айнасы» газетіне (21.02.2013 жыл) берген сұхбатында «...біз латын әрпіне көшкен кезде осы классикалық зерттеулерді дереу латын әрпімен басуға дайынбыз. Мұхтар Әуезовтің 50 томдығын да латын әліппесімен шығаруды ойластырып қойдық» дейді. Ол латын әрпіне көшу ұлттық менталитетті өсіріп, халықты біріктіреді, жаңа ұрпақ тоталитарлық коммунистік жүйенің психологиясынан арылады деп санайды. Шынында да әліпбиге қатысты кез-келген түйіткілдің тамыры әрі де, тереңде жатыр. Кеңестік империя «үлкен ұлттың» (орыстың) өздеріне бағынышты «кіші ұлттарды» (қазақтар да бар) ассимиляциялау мақсатын асқан айлакерлікпен олардың тілдері арқылы іске асыруды көздеді. Ол үшін орыстар қазақтарға қазақ тілінің табиғи заңдылықтарын қасақана елемей, кирилл нұсқасындағы қазақ әліпбиін жасап берді. Қазақ тілінде ауызекі сөзде қолданылмайтын кірме әріптерді (в, я, х, ф, ч, щ. ю, ц, ъ, ь...) қаптатып кіргізіп жіберді. Оның ережелерін жасап, құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп, түркілік сипаты басым дыбыстардың (ә, ө, ү, ұ, қ, і, ң, ғ,) әліпби қатарынан орын алуын ойлаған да жоқ. Өйткені, олардың жоспары КСРО-да тұратын түркі халықтары мен ұлыстарының басын біріктірмеу еді. Оған қол жеткізді де, тілі, тарихы ортақ халықтар бірін-бірі түсінуден қалды. Аллаға шүкірлік айтайық, жекелеген қазақ ғалымдарының қайраткерлік күресінің арқасында біздің қазақтығымызды айқындайтын бұл дыбыстар бүгінгі күнге дейін жетті. Бірақ, отаршылдардың басқа ұлттардың (олар үшін «бұратана» халықтар) тілі мен тарихи тамырын жоюды көздеп, біртекті кеңес халқын құру мақсатындағы идеологиялық қысымы да өз дегенін жасады. «Орыстандыру саясатын» асқан жымысқылықпен, кей кезде шектен шыққан арсыздықпен ашық жүргізді. Коммунизм елесін қуалағандар ұлттық тілдегі мектептер мен балабақшаларды жаппай жабумен айналысты. Қазақтардың өз ана тіліне деген теріс көзқарас та қалыптасып жатты, соның кесірінен қазақ тарихына, салт-дәстүріне орыстың көзімен қарайтын «дәрежеге» жеттік. Тізгін ұстағандардан бастап, бесіктегі бала да өз уызынан тыжырына бастады. Қазақтар өз «сауатсыздығына» ұялатын болды. Арабшаны жетік білетін қазақтар сауаттылар қатарына қосылмай, орысша білетіндер ғана сауатты болып саналды. Нәтижесінде «бір» пайыз ғана сауатты қазақ бар, «99» пайыз сауатсыз қазақтар орысқа жету, коммунизмге жету үшін ұмтылып, «ұлы орыс халқының» арқасында ғана ілім-білім алдық дегенге құлай сендік. Қазір біз орыс тілінің қазақ қоғамына қалай және қандай мақсаттармен ендірілгені жөнінде бұрын жазылып жүрген толып жатқан деректер мен дәйектерді келтірмей-ақ қояйық. Одан көзіқарақты оқырманның хабардар екені анық. Бір анығы: отаршылдардың қазақтарды дыбыссыздандыру арқылы тілсіздендіру, тілсіздендіру арқылы ұлтсыздандыру саясатының зардабын әлі тартып келе жатқандығымыз. Менің айтпағым: латын әліпбиіне көшу қазақ санасын отарсыздандыру үшін де қажет. Ендігі жерде ұлттық сананы жерлеп тастауды мақсат еткен кеңес билігінің бейне бір жалғыз  мұрагері біз сияқты кирилицаға желімше жабысып айырылмауға тырысуымыз Ресейдің алдыңғы қатарлы азаматтарына да ерсі болуы мүмкін. Себебі тіпті сол Ресейдің өзінде латынға көшудің қажеттілігін айтып жүрген орыс тілінің маман-ғалымдары жеткілікті. Кириллицадан көптеген славян елдерінің өзі бас тартып, іс-қағаздарын латын жазуымен жүргізе бастаған. Жазуын сақтаған қытай мен жапондар (олардың санының бізден әлдеқайда көп екендігін ескермей пікір айтушылар да бар) сияқты жекелеген елдердің өзінде ғылыми-өндірістік үдеріс латын харпі негізінде дамуда. Ғылым нарығында кең ауқымда қимылдап, табысқа жетудің бір кілті осында екенін олар жете түсінген. Ақпарат пен білімнің басты көзі - интернет пен ұялы телефон болып отырған заманда, электронды оқу-құралдар мен оқулықтардың, газет-журналдардың, ғылыми еңбектердің заманында латын әліпбиіне көшу жалпы өркениет көшінен қалып қоймау үшін де қажет. «Кириллге» күшпен көшіріліп, мәдени геноцидті басынан кешкен қазақ әлеми ақпарат кеңістігінің төте жолы, әлеми ақпарат жетістігінің бірден-бір құралы латын жазуына өтудің оңтайлы жолдарын іздеуі керек. Бізді 1940 жылдан құрсауында ұстап отырған  кириллица мемлекеттік тілдің де бағын ашырмай отырған факторлардың бірі. Қазір біздің елімізде айтты айтпады, ана тілінде өмірбаянын қатесіз жазып беретін шенеуніктер табуыңыз оңай емес. Өйткені, орыс тілінде мектеп бітіргендер үшін, тіпті соның ішінде ауызекі қазақша тәп-тәуір сөйлеп жүргендері де жоғарыда келтірілген түркі сипатындағы әріптерді қолдануға шамалары жетпей, «Ң»-ның орнына «Н», «Ү,Ұ»-лардың орнына «У» тағы тағылардан шыға алмайды. Бізге кезінде «зауыт» деп жазсақ, дұрысы «завод» деп бір сөзден екі қате жібердің деп екі деген баға алатынбыз. Егер мәселеге ана тіліңді - мемлекеттік тілді білу тұрғысынан келсек, біз қазір басқа елдердің ешбірінде кездеспейтін сауатсыздары өте көп елдің тұрғындарымыз. Міне, елдегі осы, жеңілдетіп айтқанда, қисынсыздықтан құтылудың да бірден бірі жолы да латыншаға өту. Әйтпесе, «сауаттылар» мен «сауатсыздар» ортақ мәмілеге келіп, мынау нағыз қазақ деп көрсете алатын қазақ таба алмайтын боламыз. Қазақтардың басын біріктірудің, бар қазақты бір қазаққа балаудың жолы да осы. Ендеше шетелдердегі отандастарымызбен қарым-қатынасты күшейте түсу үшін, Қазақ елінің ғана емес, дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашырап жүрген қазақ әлемінің рухани тұтастығын қамтамасыз ету үшін латын әліпбиіне көшу керек. Латын харпіне өту түркі әлемінің ішкі рухани, мәдени тұтастығын қамтамасыз ету үшін де қажет. Айта кетейік, түркі тектес елдердің барлығы дерлігі латын әліпбиіне өтіп болды. Алматы қаласында Азиада ойындары қарсаңында көшенің бәрінде латынша және қазақша жазу ілінді. Содан шатасып, адасып жүрген ешкімді көрмедік, латын харпін пайдалансақ сорлап қаламыз дегендерге айтып жатқанымыз ғой. Астанада өтетін «ЭКСПО-2017»-де қазақша жазулар латын әліпбиімен берілсе де ешкім жол таба алмай қалмас. Компьютеріміз балалардың ойыншығына айналып кеткенін көріп отырғанда латын әліпбиін меңгеруге соншама бір көп мерзім кетеді дегенге де сене қою қиын. Ендігі жерде латын алфавитіне өтуге кешігіп жатқанымызды да тиімді пайдаланып, латын әліпбиіне бізден бұрын өтіп кеткендердің барлығының да тәжірибелерін зерттеп, осы үдерістің барысында олар жіберген қателіктерді қайталамауымыз керек. Оған  сенім бар, себебі пікірсайысқа қатысушылардың көбісінің әліпби ауыстыруды кирилше таңбаны латын таңбасына алмастыра салу деп қана түсінетін қарабайыр түсініктен әрегерек ойлауы қуантады. Латынға ерте ме кеш пе бір көшетінімізге шүбә келтіріп отырғандар жоқтың қасы. Елімізде осы мәселеге байланысты саяси шешім қабылданды деп санасақ, онда тілші-ғалымдар мұны тек әліпби ауыстыру деп қана қарамай, жалпы қазақ тілінің жазуына: әліпбиіне, таңбасына, емле-ережесіне қатысты мәселелерді тұтастай қарастырып, латынға қазақтың төл дыбыстарын тілдің ішкі заңдылықтарын сақтай отырып енгізетіне, серпінді терең реформа жасай алатынына өз басым күмән келтірмеймін. Олардың іштей дайындықтары күшті, тіпті сақадай сай отыр десе де болады. Егер, ғалымдар осы уақытқа дейін латын әліпбиіне көшуді тіл ғылымының зерттеу нысанына толықтай айналдырмаса, мәселенің астарындағы саяси-әлеуметтік мән барын пайымдағандықтан ғана уақыттың келуін күтті. Енді бұл мәселемен айналысуды, қоғамда болып жатқан талқылауды кешенді жүйеге түсіріп, бір орталықтан үйлестіріп отыру үшін мемлекеттік комиссия құрып, әрі тартта, бері тартты азайтып, іске кірісуге біздің ғалымдардың, зиялы қауымның білімі де, өресі де жетеді. Жетпесе бір-ақ нәрсе жетпеуі мүмкін. Ол Әлихан Бөкейханов айтқандай «Ұлтына, жұртына қызмет ету - білімнен емес, мінезден». Осыған тіреліп қалмасақ болды.

Сәбит Байдалы,

«Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің хатшысы,

ҚР Мәдениет қайраткері, журналист