Халық нағыз Халық жазушысы Қабдеш Жұмәділмен қоштасты (видео)

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмәділмен халықтың қоштасуында Мемлекет басшысының, Елбасының, Дінбасының, Жазушылар одағы мен "Ақ жол" партиясының атынан көңіл айтылды. Мәдениет министрі мен Алматы қаласы әкімінің көңіл айтулар жібергені хабарланды. Ал қаптаған БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде қалың елдің қабырғасы қайысуда. Біз қазақтың ұлы жазушылары Мұқтар Әуезовты, Сәбит Мұқановты көрген жоқпыз. Ғабит Мүсіреповпен бір амандасқанымызды жырға айналдырдық. Бірақ Мұқтар Әуезовтың өзі болмаса да, көзіндей, бізге тастап кеткен сөзіндей, тұлғасы да, жырласы да ұқсас Қабдеш Жұмәділді көрдік. Тарлан жазушымен талай пікірлестік, дәмдес, сапарлас болдық, ұлттық мүддені қорғау жолында қатарлас болдық деп мақтанамыз. Жаман індеттің кесір-кедергісі осындай асыл тұлғаларымыздан айрылғанда білінеді. Әйтпесе, нағыз халық жазушымен халық қимай қоштасып, театрға сыймай кетер еді... Марқұмның жаназасы оқылған ауласына ел толып кетті. Алыптардың соңғы тұяқтарының бірі, Алаштың абыз тұлғасы, нағыз Халық жазушысын Халық ұмытпайды. Алды пейіш, арты кеніш болғай. Алматы жұртшылығы Қабдеш Жұмәділді өзінің өтініші бойынша Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына Тарбағатай тауының етегіне жерлеуге шығарып салды. Қазыбек Иса,  Қазақ үні