«СОҢҒЫ КӨШ» ТАРИХТЫҢ ҰЛЫ КӨШІНЕ ҰЛАСА БЕРЕДІ

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы Қабдеш Жұмәділ өмірден озды деген суық хабар абырғамызды қайыстырып кетті... Ауырғанына бір аптадай ғана болған екен... Қазақ әдебиетіндегі соқталы туынды «Соңғы көштің» авторы, алыптардың соңғы тұяқтарының бірі Қабдеш ағамыз енді 9 күннен кейін 24 сәуірде 85 жасқа толар еді... Қабдеш Жұмәділ қалың қазақ сүйіп оқыған «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз» романдары мен бірнеше көркем әңгімелердің авторы еді. Сонымен қатар қазақтың даңқты да, дарабоз дарынды қаламгері ғана емес, қарымды қайраткері де еді. Қоғамдық-саяси өмірде өз үнін батыл да, ашық айтып отыратын. Ұлттық мүддені қорғау, Мемлекеттік тілді қолдау жолында қашанда алдыңғы қатардан табыла білді. «Ақ жол» партиясының Алаш қайраткерлерін ұлықтау, қазақ санын көбейту үшін қандастар көшін қайта жандандыру, Мемлекеттік тілді қолдау туралы ұсыныстарын қолдап, өз ой-пікірлерін қосып отыратын еді. Жақында ғана парламентте Қандастар көшін көбейту мәселесін көтерген соң, Алматыға барып, Ұлы көштің жайымен «Соңғы көштің авторының ақыл-кеңесін тыңдап, ақ батасын алып шығамын деп жүр едім... Алладан үкім келді – амал жоқ, алдынан жарылқасын дейміз. Алды пейіш, арты кеніш болғай... Қабдеш Жұмәділ қай жағынан алса да бақытты жазушы. Халықтың шынайы ықыласына бөленген шығармалары ең көп тиражбен тарады. Қазақстан Кеңес империясы құрамындағы кездің өзінде Қытайдан Атажұртқа өзі бастап өткен қазақ көшінің - сом шығармасымен ескерткіш қалдырған "Соңғы көштің" Тәуелсіз Қазақстанда Ұлы көшке ұласқанын көріп қуанды. Алыптардың соңғы тұяғы деп те бекер айтып отырған жоқпыз. Қабдеш Жұмәділ Қазақстанның Халық жазушысы атағын алған қаламгерлерден қалған екінің бірі еді, жазушылардан ең соңғысы еді... Біз қазақтың ұлы жазушылары Мұқтар Әуезовты, Сәбит Мұқановты көрген жоқпыз. Ғабит Мүсіреповпен бір амандасқанымызды жырға айналдырдық. Бірақ Мұқтар Әуезовтың өзі болмаса да, көзіндей, бізге тастап кеткен сөзіндей, тұлғасы да, жырласы да ұқсас Қабдеш Жұмәділді көрдік. Тарлан жазушымен талай пікірлестік, дәмдес, сапарлас болдық, ұлттық мүддені қорғау жолында қатарлас болдық деп мақтанамыз. Жаман індеттің кесір-кедергісі осындай асыл тұлғаларымыздан айрылғанда білінеді. Әйтпесе, нағыз халық жазушымен халық қимай қоштасып, театрға сыймай кетер еді... Қалың қазаққа қайғырып көңіл айтамыз. Отбасына, 57 жыл отасып, шаңырағының отын жаққан асыл жары Сәуле Әукенқызы апайымызға, балалары, партиядағы әріптесіміз Арман Қабдешұлына және Дәурен, Дәулет, Жәнібек, Ерке бауырларымызға, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Иманы саламат болсын! Қазақ әдебиетіндегі «Соңғы көш» тарихтың ұлы көшіне ұласа береді. Қазыбек Иса,  Қазақ үні