РУХАНИ БАЙЛЫҚ – АСЫЛ ҚАЗЫНА

Қай заманда, қай қоғамда болса да ұрпақ тәрбиесі ең маңызды рөл атқарған. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты екені ежелден белгілі. Сондықтан да біздің ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп келген.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері балалардың, жасөспірімдердің оқу-тәрбие ісіне ұдайы көңіл бөліп, оны мемлекеттік қамқорлыққа алған. Өркениет жолында алға ұмтылған ұлт, ең алдымен, келешек ұрпаққа оқу-білім және тәрбие беру ісін дұрыс жолға қоюы тиіс. Қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтарына жан-жақты өнегелі тәрбие беру – қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі – рухани тәрбие. Республикамызда жас ұрпақты жастайынан мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық, адамгершілік секілді құнды қасиеттерді бойына сіңіре білу, сондай-ақ салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу, рухани бай адам баласын қалыптастыру қажет. Бұл тақырып туралы Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мәні терең, мазмұны бай мақаласында ұлттық рухани болмысымыздан ажырамау, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен өнеріміз, әдебиетіміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс екендігін айттып өтті. Әрбір жас ұрпақ өзінің ана-тілімен, салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрпымен, туған тарихымен терең тамырланғанда ғана өзінің болмысын сақтап қала алады. Ата-баба дәстүріне құрмет көрсету, жай ғана құрмет көрсетіп қоймай оны өмірлік салтында берік ұстану, бабалар алдындағы ұлы аманатты сақтап бойына сіңіру, оны келер ұрпақтарға жеткізу кез келген азаматтың парызы болуға тиісті. Сондықтан оларға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, отансүйгіштікке тәрбиелеу басты назарда болғаны жөн. Руханилық – адамзаттың ішкі жан дүниесінің баға жетпес көрсеткіші. Руханилықтың негізінде адамның мінезі, ар-ұяты, сана-сезімі мен қарым-қатынасы, жалпы айтсақ адамгершілік қасиеттері дамиды. Бұл өз тарапынан мейірімділік пен игі әрекеттерге баулиды. Мәдениетті, парасатты, адами құндылықтарды қалыптастыруда әсіресе жасөспірімдер мен студенттерге рухани тәрбие беру өте бағалы әрі пәрменді қозғаушы күш бола алады. Өйткені бүгінгі студент – ертеңгі маман. Әсіресе болашақ педагог мамандарды дайындауда бұл ерекше ескерілуі қажет. Бұл ретте Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде бүкіл оқу жылында тұрақты түрде іс-шаралар өткізіліп тұрады. Әр мамандық бойынша терең білім беруді саналы тәрбиемен ұштастыру өте маңызды. Себебі ертеңгі ұстаздар білім берумен қатар оқушыларды тәрбиелеуге де тиісті. Тәрбиелік жұмыс студенттің қандай мамандықты игеріп жатқанына байланысты емес, ол бәріне ортақ міндет болуы керек. Айталық, музыка саласында да тәрбие жұмысын мақсатты, нәтижелі жүргізуге болады. Осындай іс-шараның бірін мысалға келтіре кетейік.

Университетте «Тәуелсіздік – ел бақыты» атты музыка мамандықтарының 1-3курс студенттеріне арналған вокалдық ән байқауы өткізілді. Байқаудың негізгі мақсаты – жастарды отансүйгіштікке, елжандылық патриоттық сезімге тәрбиелеу, еліне, жеріне деген сый-құрметін арттыру, студенттердің рухани бірлігін нығайту. Байқауда қазақстандық патриоттық музыкалық шығармаларының отандық авторларына қолдау көрсету, репертуарды патриоттық тақырыптағы жаңа музыкалық шығармаларға толықтыру, қазақстандық ән туындылардың бәсекелестік әлеуетін арттыру міндеті қойылды. Рухани Жаңғыру бағдармасы бойынша және Тәуелсіздікке 30 жыл толуына орай өткізілген «Тәуелсіздік – ел бақыты» атты бұл вокалдық ән байқауында Ш.Қалдаяқов, Ш. Уалихан, С. Ұлықпанов, Ө. Алтаев, Л. Ақанов сынды қазақ композиторларының әндері орындалды. Байқауда қазақ еліне, қазақ жеріне, отанға арналған патриоттық «Туған ел», «Қазақстаным алға», «Туған жер», «Қазақстан», «Отанға» атты және басқа да әндер орындалды. Байқау соңында қазылар алқасы қорытынды жасап, орындаушылардың шеберліктеріне, әннің тақырыпқа сәйкестігі және олардың киген киімдері мен сахнада өздерін ұстау мәдениетіне баға берілді. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені 2- курс студенті Жанай Айдай , 1-орынды 1-курс студенттері Асель Құтбан, 2-орынды 1-курс студенттері Хамзина Айшат пен Садырхан Ақерке, 3-орынды 3-курс студенті Бақытқызы Елнұра, 1-курс студентері Сатан Арайлым мен Асилбекова Нурайлым иеленді. Байқау соңында қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталды.

Сондай ақ университетте «Тәуелсіз ел болашағы – жастар», «Шын жүректен мың алғыс» және өзге де тәрбиелік маңызы зор тақырыптарда іс-шаралар өткізіліп тұрады. Студенттердің белсенділігін арттырып, оларды ынталандыру үшін осындай байқауларды дәстүрлі түрде жалғастыру көзделген.

Рухани-адамгершілік тәрбиесі – бұл жеке тұлғаның мәдени тұрғыда қалыптасқан өзін-өзі ұстау мәнері мен қоғамдағы мәдени қарым- қатынасының да көрінісі. Болашақ жастарымыздың адамгершілік пен рухани тәрбие алудың тағы бір әсер ету факторы – олардың қай ортада өсіп-жетілуіне де байланысты. «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа» деген ежелден келе жатқан мәтел бар. Ата-бабаларымыз адамгершілікті рухани тәрбие алудың арқауы ретінде жас ұрпақты мақал-мәтелдер, жұмбақтар, өлеңдер сияқты түрлі тәсілдер арқылы жаман мен жақсыны айыра білуге үйреткен. Рухани- адамгершілік тәрбие беру екі жақты құбылыс. Бір жағынан – бұл үлкендердің, яғни ата-ана мен құзырлы органдардың жас ұрпақты рухани және адамгершілік негізде тәрбиелеу жолындағы белсенді қызметі болса, екінші жағынан – бұл жастардың сол тәрбиеге деген көз-қарастары, іс-әрекеттері мен сана-сезімінің қалыптасуы, бір сөзбен айтқанда ынталы болуы. Біздің бүгінгі міндетіміз – жастардың бойына баға жатпес асыл қазына болып табылатын рухани байлықты сіңіру. Сонда ғана біз еліміздің болашағына сенімді боламыз.

Р. БАЛТИЕВА,

аға оқытушы, педагогика ғылымының магистрі.

Қазақ мемлекеттік қыздар

педагогикалық университеті.