Қоғамды отарсыздандыру ̶ ел тәуелсіздігін нығайтудың негізі
2021 ж. 02 сәуір
2852
0
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның негізгі тарихи маңызды белестерін шынайы түрде түсінуге және бағалауға шақырды. Сонымен қатар, Президент ел азаматтарын осы қиын-қыстау кезеңдерде ерекше айқын көрініс тапқан арандатушылық әрекеттерден аулақ болып, керісінше, қазақ тарихының жалпы жұртқа белгісіз болып келген көптеген парақтарын нақтылауға шақырды.
Қазақстан тарихын нақты түсіну үшін әлемдік ғылымда кеңінен таралған постколониялық теорияға (postcolonial theory) жүгінуіміз керек. Постколониалық теория (postcolonialism) дегеніміз отарлау кезеңінің мұрасын терең талдаудан тұратын пәнаралық зерттеу аймағы.
Постколониялық зерттеудің мақсаты, әрине, біреуге кінә тағу мен есеп алысу үшін негіз іздеу емес, оның орнына ізденушілердің арасында тиесілі түрде пікір алмасу. Бұл бір кездері тарихнамада үстемдік құрған біржақты тәсілдерден бас тартуға және бұрынғы отарлаушы мен ғасырлар бойы отарлаушының қыспағында болғандардың арасындағы қатынастардағы қайшылықтардан арылуға бағытталған қадам.
Аталған теория шеңберінде ізденіс пәніне қолайлы сыни тәсілдерді қалыптастыратын ғылыми, әдістемелік құрал жасалған болатын. Ол ғалымдарды қажетті әдістерімен қамтамасыз етіп, зерттеу тақырыбынан туындайтын мәселелерді белгілеп, таңдалған сұрақтар бойынша қол жеткізген нәтижелердің құндылығын айтарлықтай көтерді.
Осылайша, постколониялық зерттеулер концептуалды тәсілдерге негізделгендігі олардың академиялық ғылымда лайықты орын алуына мүмкіндік берді. Бүгінгі күні постколониялық теория әртүрлі білім салаларында қолданылуда, олардың ішінде: филология, тарих, әлеуметтану, психология, саясаттану, экономикалық география, экология және т.б. бар.
Постколониялық теория 1980 жылдары Мишель Фуко, Жак Деррида, Жиль Делездің постструктурализм идеяларының негізінде пайда болды. Бұл жерде «постструктурализм» ұғымы философиялық бағытты және мәдениет пен қоғамға жасалатын сыни талдау жолдарын белгілейді. Бұл структуралистердің гуманитарлық білімнің объективтілігі туралы пікірлерін негізсіз деп санайтын қозғалыс болып қалыптасты. Постструктуралистердің пікірінше, құбылыстардың құрылымы (structure) туралы білім тарихи оқиғалар туралы толық деңгейде түсінік бере алмайды. Кез келген құрылымның шекарасынан тыс не жатқанын білу қажет, оның ішінде тарихи контекст және әр ізденуші автордың ерекшеліктері.
Структурализмнің өзіне келетін болсақ, бұл ХХ ғасырда әлеуметтік ғылымдардың ішінде пәнаралық бағыт ретінде көрініс тапты. Бұл бағыт құрылымдарды зерттеу арқылы, қоғам мен мәдениетті объективизм мен холизм принциптері бойынша талдау үшін лингвистикалық модельдерді қолдануға жол ашқан түрлі ғылыми ағымдарды біріктірді. Структурализм жалпы философиялық, эпистемологиялық және әлеуметтік-сыни аспектілерді қамтыды, ал оның түрлері таңдалған пәннің ерекшеліктеріне байланысты болды.
Дегенмен, осы жерде туындайтын бір сұрақ бар: структурализм философиясының мәні неде және структурализм мен постструктурализмнің айырмашылығы қалай белгіленеді?
Жалпы алғанда, «структурализм» де, «постструктурализм» де, бұларды ғылыми салада нақты бекіген ұғымдар дегеннен гөрі, публицистикалық клишелер деп таныған жөн, сондықтан бұл сұраққа берілетін жауап өзгермелі болуы мүмкін. Бұл жерде есте сақтайтын бір жайт бар: структурализм мен постструктурализм арасында нақты шекара қою мүмкін емес. Мысалы, кейбір ғалымдардың алғашқы шығармашылық кезеңі структурализм деп танылған болса, кейін олардың жетілген және соңғы кезеңдері постструктурализмге жатқызылыды, мәселенки, семиолог Ролан Барттың ғылыми жұмыстары.
Қазіргі постколониализмнің іргесін қалаған Франц Фанон, ал постколониялық теорияның танымал өкілдеріне Эдвард Саид, Гаятри Спивак, Хоми К. Бхабха жатады. Дискурстық талдау, гендерлік теория, мәдениеттану, медиа-зерттеулерді постколониялық теорияның іргелес пәндері қатарына жатқызуға болады.
Осылардың қатарында ерекше орын алатын Г.Ч.Спивак. Бұл ғалым постколониализм туралы бірқатар еңбектерін шығарып, өзін постструктуралистік әдебиет теориясының маманы ретінде көрсетті. Г.Ч.Спивак әлемнің көптеген белгілі университеттерінде жұмыс істеген кезде студенттер мен оқытушылардың арасындағы бұрынғы метрополия мен тәуелділікте болған елдердің тұрғындарына назар аударып, олардың санасында терең тамыр жайған колониялық стереотиптердің күшін байқады.
Г.Ч.Спивак өз жұмыстарында империялық, тамыры тереңге кеткен отаршылдық идеяларын көбейту және жүзеге асыруға бағытталған ұмтылыстардың көзге түсер «жетістіктерін» атап көрсетеді. Сол жетістіктертердің негізін іздейтін болсақ, қазіргі мәдени нысандарға, соның ішінде әдебиетке, теледидар бағдарламаларына, кинматография мен суретшілердің туындыларына назар аударуымыз керек. Отаршылдық кезінде қалыптасқан стереотиптердің қоғамдық санаға сіңіп қалғандығы соншалық, қазіргі білім алушылардың көпшілігі тарихи құбылыстарды бұрмалау, оларды ауыстыру, дискриминация фактілерін көре тұра, оларға қарсы тұра алмайтындығынан айқын көрінеді. Бір қарағанда, әлемге танымал ғалым өзінің алтын уақытын неге осыларды зерттеуге жұмсаған деген сұрақ туындауы мүмкін. Сұрақ орынды десек те болады, әрі бұған ғалымның өзінің берген жауабы бар.
Бұл жұмыстың аса қажеттігін ғалым өзінің алдына қойған мақсаттарымен негіздеп, мұғалімдерге (олардың ішінде отарлық риториканың тасымалдаушылары аз емес) зиянды стереотиптерден ада ұрпақ қалыптастыру қажеттігімен түсіндірді.
Бұл жерде ашып айтатын бір маңызды жайт бар: ел басшылары, әсіресе жоғары оқу орындарының мұғалімдері мен мектеп мұғалімдері отаршылдық стереотипке бағынудан бас тартпайынша, біз санасы тәуелсіз ұрпақ тәрбиелей алмаймыз. Аталған осынау жағымсыз жағдай жойылмаса, біз орыс отаршылдығының өмірін өз қолымызбен ұзартып, зиянды ықпалдың әсерінде қала беретінімізді мойындауымыз керек.
Мысалы, көптеген зерттеушілердің пікірінше, орыс отаршылдығының жалғасы өзінің бастапқы (большевиктерге дейінгі) түрінде Кеңес өкіметінің саясатында, әсіресе, Орта Азия республикаларында көрініс тапты. Бұған Г.И.Сафаровтың «Колониальная революция: опыт Туркестана» монографиясында ұсынылған құжаттар мен басқа да нақты тарихи материалдар дәлел бола алады. Аталмыш ұғымды кітап авторының өзі саяси лексикаға енгізген еді. Ол РКП(б) мүшесі, партия басшысы және «әлемдік пролетариат көсемі» В.И. Ульяновтың-Лениннің саяси әріптесі және жақын досы болған, ал бүгінде Ресей коммунистері ұмыта бастаған Георгий Иванович Сафаров еді. Автордың көзі тірісінде және бостандықта болған кезінде кітап қатал сынға түскен, ал 1936 жылы Сафаров репрессияға ұшырағаннан кейін кітап кітапханалардан алынып, 70 жылға жуық «арнайы қорда» жасырылды. Сафаровтың «Орталық Азиядағы Кеңес өкіметінің саясаты айқын отаршылдық сипатта жүргізілді» деген пікірін теріске шығару қиын. Көп жыл өткен соң Сафаровтың бұл пікірі Ресейдің орталық мұрағатының құпиясыздандырылған құжаттарымен расталды.
«Жетісуда ескі империялық басқару жүйесін жою үшін екі (Ақпан және Қазан) революция емес, үш революция, қажет болды» деген тұжырым Г.И.Сафаровтың еңбектерінде басты ұстаным болды. Аталған революциялардың үшіншісін 1920-1921 жылдары өзі жүзеге асырған Г.И.Сафаров, оны өзінің ізденістерінде «отарлық» деп атап кетті.
1930-шы жылдардан бастап кеңестік тарихшылар жалпыға бірдей міндетті мемлекеттік идеология мен цензура шеңберінде қысылып қалды, сондықтан олардың жұмыстарының нәтижелерін бейтарап зерттеу тұжырымдарының қатарына қосуға негіз жоқ. Бірнеше жылдан кейін, басқа империялар сияқты, Кеңес Одағында тиесілі империялық құрылымдар тұрғызылып, басым идеология теңсіздік қоғамының негізіне айналды.
КСРО-ның империялық формация болғандығы туралы бірінші болып пікір айтқан белгілі шығыстанушы және саясаттанушы Алгес Празаускас болды. Оның пікірінше, Кеңес империясында бір-біріне ұқсамайтын түрлі халықтар толық бақылау жолымен, күшпен бірлікте ұсталды. Бұларды, жалпы ортақ қасиеттері негізінде homo sapiens деп атауға болатын, ал шындығында бір-бірінен өте алыс халықтар. Кеңес үкіметінің гуманитарлық апаттарынан бірге өткені болмаса, аталған халықтарды бір қатарға қоюға ешқандай негіз жоқ деген тұжырымды да Празаускас айтқан еді.
Шынында да, ресейлік және отандық мұрағат көздері негізінде Қазақстан мен Ресейдің өзара қарым-қатынас тарихын, Ресей империясы мен Кеңес мемлекеті басшыларының саясатын талдай отырып, патша мен кеңес билеушілері (Лениннің тұсындағы кейбір ерекшеліктерді қоспағанда) Қазақстанды жүйелі түрде отарлағандығына көз жеткізуге болады. Қазақ халқын орыстандыру, оны өз мемлекеттілігін қалпына келтіру ниетінен айыру және ұлттық бостандыққа ұмтылыстарын басу патша мен кеңес өкіметі саясаттарының басты мақсаты болды. Ал бұл саясатқа қарсы шығып, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғаймын деген адам, аталған империя билеушілерінің жауына айналды.
Кеңес Одағы кезінде халық санасына үгіт-насихаттың күшімен енгізілген теріс түсініктерге тиесілі баға бермесек, өзімізге еріксіз таңылған жалған менталдық және мінез-құлық стереотиптерінің өзгеріссіз сақталып қалу қаупіне ұшыраймыз. Қазіргі таңда өзіміздің ұлттық бірегейлігімізді қалыптастыру үшін, сырттан келген және соның ықпалында қазақтың бірнеше ұрпағы өсіп-тәрбиеленген отаршылдық саясаттың салдарынан тазаруымыз қажет. Кеңес кезеңінің мифтерін жоққа шығармай, өзіміздің тарихи жолымыз бен орнымызды бұрмалауға және өзімізді төмен бағалауға жол берсек, онда біз насихаттық өтіріктің, жалған ұстанымдардың бәрін болашақ ұрпақтарға мұра ретінде қалдырып кетеміз. Нәтижесінде, аталған мифтердің барлығы қоғамдық процестерге жойқын әсерін жалғастыра отырып, ұлт менталитетінде түпкілікті орнығып қалуы әбден мүмкін.
Тағы бір айрықша атап өтетін жайт, ол – патша өкіметінің «Қазақстанның Ресейге қосылуы» деп аталатын уақыттан бастап, қазақ халқына қарсы жүргізілген саясатының бағыттары. Ғасырлар бойы орталық өкімет ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетімізді, тұрмыс-тіршілігімізді «дұрыс емес», «ескірген», «қолайсыз» деп, сол ойларды халықтың санасына құю арқылы отарлау саясатын жүргізіп келді. «Босаған орынға» казарма мен каторганың "кереметтері", адам денесін инемен өрнектеу, соның барлығын өздерінше «суб-мәдениеті» деп атаған өмір салтын бүкіл КСРО аумағына таратты. Өкінішке қарай, тарихи тамырынан айырылған халық осындай «мәдениетті» ішінара қабылдап та үлгерді. Көп жылдар бойы халықтың санасына біртіндеп сіңген әлгіндей теріс әсердің ақыры өзіндік із қалдырғаны бүгінде көпшілікке аян. Тарихтың қиын кезеңдерінің экономикалық және саяси салдарын тез-ақ жоюға болар, ал адамның санасына әбден сіңіп қалған жақсылық пен жамандық туралы моральдық ережелердің біржола тұрақтап қалары белгілі.
Демек, мемлекеттілікті (тәуелсіздікті) қалпына келтірудің өзі колониалық кезеңнің аяқталғанының немесе елдің постколониялық күйінен толық шыққандығының кепілі бола алмайды. Оның үстіне, отарсыздандыру процесінде көрінетін маңызды өзгерістер адамның санасындағы өзгерістерден басталып, содан кейін ғана нәтиже саясатта, экономикада, әлеуметтік және мәдени салаларда көрінеді.
Постколониялық зерттеудің мақсаты, біреуге кінә тағу немесе есеп айырылысу үшін негіз іздеу емес екендігін тағы да айтып кеткен жөн. Бұл салада пікір алмасу өте қажет. Тап осындай жолмен ғана бұрынғы отарлаушы мен отраланғандардың ұрпақтары бір-бірімен түсінісу мүмкіндігіне ие бола алады.
Қазіргі күні бұрын отарланған елдің деконструкциясы ғана емес, бұрынғы метрополияның деконструкциясы өтіп жатқаны көрінуде. Көп уақыт бойы тек жөнсіз мақтау жолымен тарихта өз орнын белгілеген ел, кезінде иеленген дәрежелері неден құралғандығын айқын сезінуі керек. Басқаша айтқанда, осы заманда өтетін деконструкция бізге бұрыннан қалған жағымсыз тарихи мұрадан, Шығыс пен Батыс арасындағы қатынастарда, біздің жағдайда – көшпенділер мен отырықшы әлем арасындағы түсініспеушіліктерден тазаруға мүмкіндік береді. Сонымен, постколониялық ғылыми зерттеулер тек бұрын колония болған ел тұрғындарының ғана емес, сонымен қатар, бұрын империя болған ел азаматтарының санасын өзгертуге (деколонизация процесінен өтуге) негіз бола алады.
Егер бүгінде бұрынғы империя өзінің бұрынғы жыртқыштық ұмтылыстарынан шынайы бас тартып, тең одақтастық қатынастарға дайын екенін жарияласа, онда шындыққа сүйеніп, ол колониялық кезден қалған риторикадан да бас тартуы керек. Себебі, колониялық түсінік саяси үстемдік, біреудің жерін тартып алу, идеологиялық ықпал көрсету, экономикалық экспансияның негізі екендігі анық.
Постколониялық теория келешекте көптеген зерттеулердің негізі ретінде қабылдануы мүмкін. Қалай болғанда да ғылыми ізденістерде ғалымдар осы теориядан алыстамаулары керек. Бұл бізге өз тарихымызды зерттеу үшін тиімді құрал болып қана қоймай, сонымен қатар, осынау өзекті тақырыпты ғылыми пікірталастың ортасына шығаруға мүмкіндік береді.
Сарқытбек Молдабаев,
Қазақстан Республикасы Президентің жанындағы Мемлекеттік басқару
академиясының Алматы облысы бойынша филиалының профессоры,
заң ғылымдарының докторы.
qazaquni.kz