Жауһар жырлы ақын

Бақытгүл АЙДАРОВА, Мұқағали Мақатаев атындағы Халықаралық қоғамдық қордың президенті: АҚЫННЫҢ ЖАУҺАР ЖЫРЛАРЫ ЖҰРТ ЖАДЫНДА – Бақытгүл Қыдыр­бай­қызы, жақында ғана хал­қы­мыздың лирик ақыны М.Мақатаевтың шығар­машылығына арналған «Соғады жүрек» атты респуб­­ли­калық деңгейдегі кон­церттік кеш өтті. Осы шараға тоқталып өтсеңіз... – Ақын атамыз–ол ең алдымен қазақ халқының ұлы, ұлы Абай негізін салған қазақ жазба әдебиетінде қаламы мен қағазын қолына алып, ақындығын халқына паш еткен жандардың бірі және бірегейі. Ол кісі-шындықтан туған шынайы поэзияның иесі. Қазақтың қара өлеңіне ешкімге ұқсамайтын өзгеше бір бояу беріп, өшпес рең берген дара тұлға деп айтуға болатын адам. Біздің міндетіміз – сол кісінің артындағы ұрпағына қалдырып кеткен үлкен дүниесін-жауһар жырларын артындағы тікелей ұрпағы ретінде насихаттап, қалдырған дүниелерін халықтың жүрегіне жеткізу. Бұл мақсатта көптеген іс-ша­ралар атқарудамыз. Соның бірі «Соғады жүрек» рес­пуб­ликалық ән байқауының кеше ғана өз мәресіне жетуі. Мұндағы мақсатымыз –еліміздің түкпір-түкпірінен келген талантты жастардың ішінен дарындыларын талғап, үлкен өнер әлеміне жол ашып, киелі сахнаға шығару. Кеше ғана өткен байқаудан «Хан-Тенгри» және 1-ші республикалық балалар арасындағы байқаудың жеңімпазы Карина есімді жас қызымыз, атамыздың кіндік қаны тамған жер – Қарасаздан келген кішкентай 5 жасар Данияр есімді ұлымыз концертте ақынның өлеңін оқыды. «Соғады жүрек» республикалық байқауы Роза Рымбаева, Гүлнар Сиқымбаева, Айжан Нұрмағамбетова, «Жігіттер» квартеті, «Нұр-Мұқасан» дуэті және басқа да, өнер тарлан­дарының қатысуымен өттті. Біздің көздеген мақсатымыз да осы дарынды жастарды елге танытып, халық аузында жүрген өнер жампоздарымен жүздестіру. Әрі өнер майталмандарынан үлгі-өнеге алса, деген ой болатын. – Өзіңіздің бастамаңызбен өткен шығармашылық кеш қандай деңгейде өтті? – «Соғады жүрек» атты бай­қауы биыл алғаш рет ұйым­дастырылып отырған үлкен республикалық жоба. Мұнда 18-35 жас аралығындағы жас­тарымыз бағын сынап, өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл жобаның болашағы зор деп ойлаймын. Байқауға Ақтөбе, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Ақтау сынды қалалардан келген жас­тар бақ сынады. Бірінші жыл болғандықтан, үлгере алмай қалғандар да көп болды. Алдағы уақытта шараны өткізу жұмыстарын ертерек қолға алып, жоғары деңгейде өткізетін боламыз –Талантты жастарды сахнаға шығару – біздің мақ­сатымыз деп қалдыңыз. Бүгінгі жас әншілерге көңіліңіз тола ма? Қазіргі таңда дауысы барлар ғана емес, аузы бардың бәрі ән салатын болды ғой... – Қазір не көп, ақын мен әртіс көп. Әу демейтін қазақ жоқ қой. Ән салу деген біздің қанымызда бар қасиет. Бірақ, бұл бәріміз бірдей жапа тармағай сахнаға шығып ән салуымыз керек дегенді білдірмесе керек. Ал біздің республикалық байқауымыздың басты талабы – жанды дауыспен тыңдарман халықтың жүрегіне жол табу. Екінің бірі әнші немесе ақын болғысы келеді. Дегенмен мұндай үрдіске өз басым қарсымын. Себебі олардың сарапшысы – халық. Егер әнші әнді жанды дауыспен нақышына келтіріп орындай алмаса, онда ол – бос әурешілік. Нағыз әнші әрқашан да халық сүйіктісі болары сөзсіз. Жастарды үлкен сахнаға шығарғаны­мыздың өзі оларға көрсеткен қолдауымыз. Ал, бұдан кейін әрбір жас әншінің өнерін одан ары дамыта түсуі өзіне байланысты. – Осы концерттік кешке демеушілік жасаған жандар болды ма? – Мұқағали Мақатаев атын­дағы халықаралық қоғам­дық қор ақын атамыздың шы­ғармашылығына арнап осымен 4-ші рет концерт ұйым­дастырды. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Қазіргі таңда респуб­лика сарайында кеш өткізу қомақты қаржыны қажет етеді. «Шешінген судан тайынбас» демекші, соған қарамастан, осы кең сарайда өткізгенді жөн санадық. – Ақын атамыздың шығар­ма­лары бар қазақтың жадында жаттаулы. Ал, өзіңізге қандай шығармасы қатты ұнайды? – Ол кісінің бар дүнесі мен үшін –саф алтын. Мен таулықпын қыранның балапаны, Маған дағы тауымның таңы атады. Қалтқысыз, қарапайымжырларымды Қажетіне өз халқым жаратады, – деп атамыздың өзі айтпақшы, ол кісінің артында қалған дү­ниелерін халқы өзінің қажетіне жаратып жүр. Ақынның әрбір өлеңі әр қазақтың аузында жүр­гені қуантарлық жәйт. Өздеріңіз білетіндей, ақын­ның туылған күні 9 ақпан болғандықтан, қаңтар, ақпан, наурыз айларында ақын ата­мызға арналып, мектеп қабыр­ғасынан бастап, жоғары оқу орындарында еске алу кеші жыл сайын өткізілуде. Әрине біздерге жоғарыдан ондай тапсырма ешқашан берілген емес. Яғни, бұл үш айлық шараның өтуі – ақын шығармашылығының халық үшін қымбат болғандығы. Ақынның ерекшелігі – ол кісінің әрбір өлеңі әнге сұранып тұрғандай әсер береді. Сондықтан да болар, ол кісінің қайсібір өлеңі болмасын халықтың жүрегіне жол тауып келеді. – Мақатаев атындағы ха­лықаралық қор алдағы уақытта қандай шараларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр? – Істелген іске қарағанда, істелмеген жұмыс қат-қабат. Арманымыз да көп, ақын атамыз өзінің бар ғұмырын осы Алматы қаласында өткізгендіктен, осы жерден сол кісіге арнап үлкен ғылыми-мәдени орталық ашсақ деген үлкен арманымыз бар! Оған үкімет тарапынан көмек бола ма немесе билік басында жүрген өнерді сүйетін, жанашыр қалталы азаматтарымыздың септігі тиер ме деген үмітіміз де жоқ емес. – Сөз соңында оқырманға айтар қандай тілегіңіз бар? – Мұқағали ақын біздің әкеміз болғанмен, ол кісі – халықтың адамы. Алаштың ақыны. Ол кісінің артында қалдырып кеткен жауһар жырларын жұрт оқыған сайын өмірге деген құлшыныстары арта түссе деген ойдамын. Атамыз­дың поэзиясы әрбір қазақтың жүрегінен орын алып, бүгінгі жастардың болашағына жол сілтесе деймін! – Әңгімеңізге көп рахмет! Сұхбаттасқан Қуаныш РЫСҚҰЛОВ