Сол күндерді, құдай –ау, қайтар маған!

Балалық шақ. Адам өміріндегі ең бір бақытты, қимас кезеңнің осы кез екеніне ешкімнің де таласы жоқ шығар. Неге адамдар есейіп, ұлғайса да, үлкен жетістіктерге жетіп көңілі марқайса да, замандастарының арасында қанша сый құрметке ие болса да, туған ауылын аңсап тұрады екен. Асылы, адам баласының көкке қол созған көңілі ешқашан да бір жерде тұрақтап қал­мақ емес. Сондықтан болар, біздің кейіпкеріміз де ауылдан қа­натын кеңге сермеп, Астанаға қарай қалықтай ұшыпты. Ол кездерде Қазақстанның астанасы деген мәртебелі атақты иемденіп тұрған Алматы қазақ зиялыларының мәңгілік мекеніне айналды. Иә, біздің ауылымыздың, мектебіміздің түлегі, ақын Қазыбек Исаны да Алатаудың ақ бас шыңдары шақырған шығар. Көкірегі күмбір­леп, бір жерде байыз тауып тұра алмайтын ақын жүрегі шынында да, қиялыңа қанат жалғайтын аспанмен астасқан, ақ бұлттармен жалғасқан таудың биік құз-шыңда­рына зәру болған шығар. Зәру болған шығар тынымы жоқ қарбалас тіршілікке? ... Біздің ауылда үлкен той өтті. Бір кездері ауылдан арман қуып, астанаға аттанған ақынымыз Қазыбек Исаның 50 жылдық мерей тойы. Ауылдың Мәдениет үйінде дайындалып жатқан ауыл адамдары. Ақынымыз алдымен алтын ұя мектебіне ат басын тіреді. Жанында атақтарынан ат үркетін, әдебиет және мәдениет қайраткерлері бар. Мынау кәдімгі оқулыққа аты еніп, балалар өлеңдерін жатқа айтып жүрген көрнекті ақын Темірхан Медетбек қой. Оның жанында Алаштың арқалы ақыны Қасымхан Бегманов жүр. Ал қасындағы атақты Шәмшітанушы, Шәмшіге арнап Шәмшінің өзіндей ән жазған Қалдыбек Құрманәлі. Тіпті, әлемге әйгілі тұлға Мұхтар Шаханов та бірге келіп жатыр деп естіген едік, ол кісі аудан орталығы - Шардарада бір күн болып, шұғыл шаруаларымен қайтып кетіпті. Мектепке кірген ақын ыстық ықыласпен күтіп отырған жұртпен жылы амандасты. Содан кейін өзіне арнап жасалған шағын көрмеге назар аударып, біраз аялдады. Кім білсін, Қызылқұмның шағылдарынан балалық шағының іздерін іздеп тұрған шығар? Осы мектепте оқып жүргенде сезімін оятып, ұйқысын ұрлаған ерке қызды есіне алған шығар? Құлын тайдай тебісіп бірге өскен достарын сағынған шығар? Шаттығымның шарасы шайқал­маған. Сол күндерді, құдай-ау, қайтар маған, – деп өзі жырлағандай қайта айналып келмейтін қамсыз, мұңсыз балдәуренін аңсаған шығар... Сыныптарды аралап жүрген ақын бір кездері өзі оқыған сыныпқа қарай аяңдады. Бұл жерде мектеп жанынан ашылған «Балауса» шағын орталығы жұмыс істейді. Мұндағы қызметкерлер тәрбиеші Ә.Молдағұлова, педагог-психолог С.Зиябекова, музыкант Д.Зиябековалар осындағы жұмыс тәртібін, бүлдіршіндердің тыныс-тіршілігін таныстырып өтті. Өмір-өзен деген осы шығар. Заман ағымымен мүлде басқа арнаға бет бұрған, жұмыс тәсілдері өзгерген мектеп тіршілігіне таңданбасқа шараң жоқ. Балалар бірінен кейін бірі Қазыбек Исаның өлеңдерін жатқа оқып жатты. Құлмағанбет Гүлнәз: Жүрдім, жүрдім, жүрдім де. Кетіп қалдым бір күнде Немкеттілеу ағайын, Неге кеттім, - білдің бе? Серік Бекнұр: Өсуіне бауырдың Шешіміне қауымның Қарайлаумен күн кешіп, Өз дертіммен ауырдым. Сауханбек Жанерке: Сөз жүгіртіп әр саққа, Ілінсем де қанша атқа. Жырды жығып бермедім, Мыңды жыққан мансапқа. Әбдірахим Бекмұхаммед: Қызылқұмның қуатын Бойға жинап бір ақын, Алматыға аттанды, Алладан деп рахым. Баланың былдырлаған бал тілі қандай тәтті. Кіп-кішкентай балалардың тақылдап тұрып өлең оқығаны қандай қызық. Осындай тәрбиелік мәні зор шараны ұйымдастырған орталық қызметкерлеріне жиылған жұртшы­лықтың айтар алғысы шексіз. Әсіресе, тәрбиеші Әлия Молдағұлованың еңбегі ерекше екені көрініп тұр. Ә. Молдағұлова бүлдіршіндерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында бар ынта жігерін арнап жүрген білікті де білгір маман. Осындай ұлағатты ұстаздың тәлімін көрген шәкірттерінің арасынан да Қазыбек ағаларындай елге белгілі ақын шығатынына сенім мол. Мына бір өлең жолдары ақынның өз шығармашылығынан алынса да, дәл қазіргі ойымен астасып жатқандай. Астананы демеймін мекен бөтен. Сонда-дағы далаға жетер ме кең. Бір кездері өзі оқыған «Сырдария» орта мектебіндегі шағын орталықтың жұмы­сы­на риза болып шыққан ақын Қазыбек Иса Мәдениет үйіне қарай бет алды. Мәдениет үйінде ақынды үлкен қошеметпен күтіп алған ауыл тұрғындары құрметпен төрге шы­ғарды. Сахнада осы кездесудің ұйым­дастырушысы әрі жүргізушісі сұлу да сымбатты Ақжамал апай. Оқушылар бірінен кейін бірі ақынның өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқып жатыр. Не деген мағынасы терең өлеңдер. Ақынның жауһар жырларынан ұлтжандылықтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің исі аңқиды. Туған жерді сағынғанда жазған Аялағандай аяулың Керімсал ескен кездер-ай – деген өлең жолдарының өзі неге тұрады? Өлеңнен сұлу сөздерден сарай соққан ақынның нәзік жүрегінің дірілін естігендей боласың. Өзімен бірге келген ақын-жазу­шыларға сөз бергенде, бірінен кейін бірі тебірене сөйлеген Т.Медетбек, Қ.Бегманов, Қ.Құрманәлі сынды аға­ларымыз Қ. Исаның адамдық болмысы, ақындық қасиеті туралы тебірене сөйледі. Ақын М.Шахановтың Өзім талай мықтыны мойындадым Мен де өзімді басқаға мойындатам, – дегеніндей талай-талай талантты тарландарды мойындап, соларға арнап жыр жазған Қазыбек Исаны да ел бүгінгі күннің Махамбеті санайтын М.Шахановтың өзі қадірлеп, туған жеріне бірге келіп отырған екен. Ол да болса, Қазекеңнің абыройын асқақтата түсетіні даусыз. Жалпы, әділдікті жақтаған адамдар уақытша болса да, биліктен қолдау таппай, сәтсіздікке ұшырауы мүмкін. Бірақ халықтың оларға деген махаббаты ешқашан да сөнбек емес. Ендеше, ұлтым деп ұрандаған, тілім деп жүрегі тілімденген Қазыбектің де халық алдында мәртебесі қашан да, жоғары болатынына сенімдіміз. Ақынымызға қара қылды қақ жарған әйгілі бидің есімі берілген екен, әманда сол есімге лайық болғай. Ақындар туған, абыздар туған, аңыздар туған қасиетті Оңтүстік өңірінің оғланына баяғының билерінше  айтсақ: үй сыртынан дүбір кетпесін, құлағыңыздан сыбыр кетпесін, аттан түспеңіз, - демекпіз. Ш.ҚАЛАУОВА Қоссейіт ауылы Шардара ауданы Оңтүстік Қазақстан облысы.