Үйірі жоқ көкжал
2021 ж. 25 наурыз
2044
0
Жуықта сұлтан Ахмет Кенесаринның «Насаб наме сұлтан Сыдық» кітабын шағатайшадан қазақшаға аударылып, ғылыми түсініктемелерімен, Кенесары хан мен сұлтан Сыдықтың жорық жолдарының салынған картасымен баспадан жарық көрді. Кітапты құрастырған ақын Ербол Алшынбай. Аbai.kz порталы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің аталмыш кітапқа жазған алғы сөзін жариялаған екен.
Жыл өткен сайын тарихи ақтаңдақтар толығып келеді. Қазақ тарихына қазақтың көзімен қараған лазым. Осы көзқараспен қарасақ, бұл еңбектің маңызы арта түспек. Аудармаға Мәскеу мемлекеттік тарихи мұражайының мұрағатынан ғалым И.В. Зайцев тауып, жарыққа шығарған факсимиле пайдаланылған.
Әр халықтың қасіретті болса да, өзінің мақтан тұтар тарихы бар. Бұл оның ұлы мұраттарына талпыну жолындағы сан қилы кешуі, мың жылдықтарды көктей өткен асуы мен бұралаңы көп жолы. Қазақ халқының да тарихи кешуі сондай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы керек. Бөтен идеологияның жетегінде жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», - деген сөзі біздің тарихи сананы жаңғыртудағы негізгі ұстанымымыз болуы тиіс.
Мемлекеттің икемді саясатының арқасында халқымызды деколонизациялау процесі үздіксіз, қарқынды жүріліп келе жатыр. Ұлтымыздың санасына ғасырлап сіңірілген отаршылдықтың зардаптарын ұмыттырып, халық жанын сауықтыру – мемлекетіміздің болашағын қауіпсіз әрі жарқын етуге тікелей қатысты екені түсінікті.
Қазақ халқының сондай тарихи тағдыр жолында кешкен кезеңін сол заманның және өз халқының танымы тұрғысынан жазған санаулы тарихи еңбектер бар. Сондай санаулы тарихи шежіренің бірі, сіз парақтап отырған «Насаб наме сұлтан Сыдық». Соңғы ханымыз Кенесары Қасымұлы мен оның ұлы Сыдық сұлтанның өмірі туралы баяндалатын бұл мәнді тарихи шежіре шағатай тілінен тікелей қазақшаға аударылып отыр.
«Насаб наме сұлтан Сыдық» ұлттық көзқараспен жазылған, біздің халқымыздың мүддесі тұрғысынан пайымдалған тарихи еңбек. Жазбаның авторы Ахмет сұлтан Кенесарыұлы. Ол Кенесары хан мен оның батыр ұлы Сыдықтың сан қилы күреспен өткен өмірін көрген, сол күрестердің бел ортасында өзі де жүрген. Қазақтың соңғы ханының жолбарыстай жортып өткен өнегелі өмірін, оның Еуропалық үлгідегі әскермен бетпе-бет келген кезде, қаруы кемшін түссе де, ерекше әскери айлаларымен талай жеңіске жеткенін біз осы кітаптан көреміз.
Кенесары ханның тарихи тұлғасы бізге азаттықтың символындай. Ханның күреске толы өмірін алаш қайраткерлері ерекше бағалаған. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан 1923 жылы Ташкентте жарық көрген «К. Степняк» бүркеншік есімімен жазылған «Сұлтан Кенесары Қасымовқа байланысты тарихи деректер» атты кітапшасында ханның қасіретті тағдыры туралы нақты тарихи деректер берілген. Сонда «Кейбіреулер сұлтан Кенесарыны хандық мәртебеге жетуге ұмтылған билеуші ретінде көреді. Бірақ, меніңше сұлтан Кенесарының бойынан бостандықты сүйетін дала тұрғындарының наразылығы мен Ресей үкіметінің отаршылдығына қарсы жан-тәнімен күрескен дала батыры деген дұрысырақ болар еді» деп ханның тарихи тұлғасына лайықты баға берген. Бұл Кенесары хан туралы нақты және әділетті тарихи баға.
Халқымыздың асқақ тарихын мақтан етуі қалыпты жағдайға айналуы керек. Ол үшін біздің отандық тарихнамада ұлттық көзқарас басты назарда болғаны жөн. Үнді көсемі Джавахарлал Нерудің «Мен өз халқымның тарихына Еуропалықтың, кәдімгі достық пейілдегі Еуропалықтың көзімен қарадым. Себебі, менің халқымның тарихы солардың көзқарасымен жазылған тарих» дегені біздің тарихымызға да тікелей қатысты. Қазақ тарихын қазақтың өз көзқарасымен, қазақ тарихшысының пайымымен бағамдаған, төл тарихшыларымыздың еңбегі санаулы. Бұл еңбек сондай санаулының қатарына жатады. Сондықтан, бұл кітаптың қадыры Қадырғали Жалайыридың «Жамиғат тауарих» еңбегі сияқты. Біз өз төлтума тарихшыларымыз жазған осындай еңбектерді баршасынан биік қойып, қастерлеуіміз керек.
Қазақ халқы ұлы қағанаттар құрған, тарихи мемлекеттік дәстүрі бар байырғы халық. Адамзат өркениетіне айшық қосқан біздің қалалық мәдениетіміз өзінің ерекше формасымен, өзгеше құрылымымен есте қалды. Осындай үлкен дәстүрі бар елдің жау табанына түсіп, бодан боламыз деген еш уақытта ойына кірмеген. Бірақ, тарихтың тегершігі теріс айналған тұстарда, басымызға сондай тағдырдың түскені тарихи шындық. Дегенмен, ұлы дәстүрі, ешқашан кеудесін жатқа бастырмаған ұлы мемлекеттердің мұрагерлері сол тағдырды мойындағысы келмей көп арпалысты. Кешегі Алтын орда мен ұлы Түрік қағанатының, Қазақ хандығының елесі көкірегінде тұрған даланың отаршылдыққа қарсы күресі, мемлекеттілігін сақтау талпынысы еш тоқтаған емес.
Хан Кенесарының қасіретті тағдырымен күрес аяқталған жоқ. Тағы да жалғасын тапты. Бұл күрестің қаһарманы біздің тарихымызда тым аз ескеріліп жүрген сұлтан Сыдық еді. Сұлтан Сыдықтың тұтас Тұранды шарлап, тек өз халқы үшін ғана емес, туыстас түркі үшін жан алысып, жан беріскен он алты жылдық ауыр күресі ұмыт қалмауы керек. Тұтас түркінің азаттығы үшін күрескен сұлтан Сыдықтың осы өнегелі жолын кейін Мұстафа Шоқай жалғап әкетті. Сұлтан Сыдық әкесі Кенесары хан сияқты шебер қолбасы, соғыс өнерін терең меңгерген тактик болғанын біз сіз парақтап отырған кітаптан және ел арасының қария сөздерінен анық аңғарамыз. Сол тарихи кезеңдегі жырау Балқы Базардың:
«Азырақ мұнда жүр Сыдық, Жолбарыстай еңіреніп, Қанаға сыймай тасумен. Есірік туған бұл жүректі, Екі қолдап басумен», - деп жырлайтыны сол. Бұл елдің ер туған сұлтанға деген ықыласының бір айғағы.
Сұлтан Сыдық та орыстың Еуропалық үлгідегі әскерімен бетпе-бет келген шайқастарда, қаруының кем түскеніне қарамастан, жер жағдайын және өзінің ерекше әскери дарынын пайдаланып, талай жарқын жеңістерге жеткен. Сол кездегі Орталық Азиядағы мемлекет билеушілерінің өз әскерлерінің тізгінін сұлтанға тапсыратынының бір сыры осында болса керек.
Бұл тарихи еңбек шағатай тілінен қазіргі қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып отыр. Ахмет Кенесарыұлының бұл еңбегін Мәскеу мемлекеттік тарихи мұражайының мұрағатынан тауып, орысша аудармасымен жарыққа шығарған ғалым И.В. Зайцев. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен 2017 жылы жарыққа шыққан. Жазбаны шағатайшаға аударуға осы кітаптағы факсимиле пайдаланылған.
«Насаб наме сұлтан Сыдықты» парақтап отырып, бұрын қазақ тарихы үшін белгісіз болып келген тұлғалар мен тарихи уақиғаларға да кез боламыз. Оның бірі, Ғұбайдолла хан. Кітапта «Абылай хан қайтыс болған соң оның бәйбішесінен туған Ғұбайдолла хан болды. Ол он жыл хандық құрды» деген дерек кездеседі. Бұл бұған дейінгі біздің ресми тарихымызда айтылмаған дерек. Тағы бір айтарлық дерек, Кенесары ханның Қытай мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатуға тырысып, інісі Құдайменді Саржанұлын Құлжаға елшілікке жібергені. Бұл дерек те біздің тарихымыз үшін тың дүние. Сондықтан кітаптың орыс тілінен емес, шағатай тілінен тікелей қазақ тіліне аударылуы өте маңызды.
Президенттің баспасөз қызметінің сарапшысы Ербол Алшынбайұлының жұмыс қарбаластығынан уақыт тауып, осы маңызды тарихи еңбекті қазақшалаған жанкештілігі мен еңбекқорлығына ризашылығымды білдіремін. Барша азамат ұлтқа талмай қызмет қылса, еліміздің болашағы жарқын болмақ. Мемлекет басшысының «шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы» деген сөзін жадымызда ұстап, мұндай тарихи маңызы бар материялдарды өзге шетел тілдеріне де аударып, насихаттағанымыз жөн.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселелерінің түйіні – осы» дегені біздің есімізде болуы керек. Тарихи еңбектің аударылып жарыққа шығуы, отандық тарихнаманы деколонизация жасаудағы жас буынның дербес талпынысы. Тәуелсіздіктің отыз жылы қарсаңында осындай талпыныстың болғаны көңіл қуантады. Ата тарихымызды әділет тұрғысынан тану баршамыздың міндетіміз. Сымағұл Сәдуақасұлы айтқандай «Өткенге анық көңілмен, болашаққа ашық көзбен қарау» үшін тарихи санамыздың ақтаңдақтардан ада, отаршылдықтың зардаптарынан таза болғаны лазым.
Берік Уәли,
Қазақ үні