ЖЫЛ ТОЛДЫ ҒАЗИЗ ЖҮРЕК ТОҚТАҒАЛЫ...

       Бұрынғылар қимас кісілері өмірден өткенде «Аққу ұшып көлге кетті, Сұңқар ұшып шөлге кетті, Ол адасып кеткен жоқ, Әркім барар жерге кетті!» деп, ағайын-жұртқа көңіл айтады екен. Жастық шақтың қызығы мол шуақты күндерін бірге өткізген, қалтарысы мен бұралаңы көп қызметтің қиындықтарына бірге төтеп беріп, шеті мен шегі көз жетпестей көрінген кеңсе жұмысының қыр-сырына бірге бойласқан курстас досым, жер жаннаты Жетісуда, Алматы облысының әкімдігінде бір терінің пұшпағын бірге иелеген әріптесім Ғалым Жазылбекұлының ғазиз жүрегінің тоқтағанына да жылдың жүзі толады екен.    Иә, Ғалекеңді әлі де жоқтап, әлі де өзегімізді өртеген өкініш пен мұң-зарды ақ қағазға төгерміз. Иә… Жаралы көңіл қаралы лепес жеткен өткен жылдың наурызына орала береді. Хабардың тұтқиылдығы сондай, курстастарымыз азаның батпандай салмағынан есеңгіреп қалғандай… Мұның алдында ғана, 2018-дің жазында емес пе еді Алматыда университетті тәмамдағанымыздың 40 жылдығын тойлағанымыз?! WhatsApp желісінің сол бір көңілге кіреуке түскен кездегі күнделігін парақтап отырмын… Ең алдымен республикалық «Қазақ үні» газеті Бас редакторының орынбасары, Ғалекеңмен жүрегі де, тілегі де бір Зейнолла Абажан досымыз «түнді ғана емес, жүректі де тіліп түскен жайсыз хабар жетті. Қайран Ғалекең ортамызды ойсыратып кетті. Иманы жолдас, жаны жаннатта болғай. Құдай отбасына сабыр, соңында қалған ұрпақтарына ұзақ өмір берсін» деп бәрімізге басу айтты. Тағы бір курстасымыз «бұл өмірге бәріміздің де қонақ екеніміз осындайда еске түседі екен. 40 жылдықтағы кездесуде Ғалекең өзінің биязы мінезі, парасатты болмысымен есте қалып еді. Қош бол, абзал дос! Отбасына, бала-шағасына кайғыларыңа біз де ортақпыз дегім келеді. Құдайым қалғандарыңа өмір берсін. Арты жақсы болсын!» деп сабырға шақырды.             Ғалекеңнің жақын іні-досы, еларалық «Қазақстан Дәуірі» газетінің Бас редакторы Ертай Айғали былай деп егіліпті: «Қайран, Ғалекем-ай, Ғалағам-ай! Бізді қапияда тастап, жайлап қана бұл пәниден аттанып кете бардың-ау! Қолдан келер қайран жоқ екенін, жер басып жүрген пенделердің өте әлсіз екенін осындай ауыр қаза кезінде бағамдайсың. Маған туған ағамдай қамқор едің. Қу тірлікпен жүріп, бір-бірімізді іздемейтін парықсыз шақтарымыз көп қой. Сен «әй, сары бала, хабарласпай кеттің ғой?» деп жылы сөйлеп, ағалығыңды көрсетер едің. Бір бөлмеде жатып, бір жапырақ қара нанды бөліскен студенттік шақтар көлбеңдейді. Сен соңғы кезде риясыз көңіліңмен шуағыңды көп төктің. «Неге?» деген сауал қылаң беріп, көңілім алаңызадып, секемденді. Босқа секемденбеген екенмін. Қайран, ағатайым-ай, бақұл бол! Ең болмаса мына запыран алмағайып індеттің кесірінен бір уыс топырақ сала алмадым. Әттең-ай! Зәукебай, ақ жеңеше, мықты бол! Бала-шағаң аман болсын! Қайғы бәрімізге ортақ. Жер-Ана ағамызға ұлпасын ұсынсын. Аллам Ғалекемнің жанын жаннатта етуге нәсіп етсін! Әмин!». Белгілі сатирик, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Нұртан Төлепберген: «Өкінішті-ақ! Өмірден ақ көңілді, пәк көңілді тағы бір курстасымыз өтті. Топырағы торқалы, иманы саламат болсын. Артында қалған ұрпақтары аман-сау болып, Ғалым інімнің адал жолын жалғастыра берсін», деп жұбату жолдаған. Ғалекең қазасының алдында курстас достарымыз, белгілі қаламгерлер Ілияс Жүнісов пен Бақтыбай Бердібаев өмірден өтіп, ортамызды ойсыратып кеткен болатын.        Ғалекеңнің жары Зәуре Хамитқызына курстастарымыздың бәрі көңіл айтты. Солардың бірқатарын келтіре кетейін. Танымал тележурналист, курсымыздың старостасы Қалыбек Атжан: «Зәуре қалқам, біз сізбен біргеміз! Ғалекеңнің тосыннан болған қазасы курстастарды да есеңгіретіп кетті. Жүрегіміз сыздады, қабырғамыз қайысты, бауырымыз езілді, аспанымызды қара түнек басты, тынысымыз тарылды... Айта берсек өкініштен өзек өртеніп, ғұмырдарияның иіріміне батып кеткендей күй кештік. Қайран Ғалекем-ай, Алаштың арда ұлы, курстастарымыздың жан сыры, адамгершіліктің алдаспаны, сені жоқтап жылады ғой, жасын тимай, ақ жаңбырын селдетті өзің оқыған Алматының қара аспаны. Отбасың, ұл-қыздарың, немере-шөберелерің, ағайын-туыс, ең бастысы халқың аман болсын! Олар тұрғанда сен өлген жоқсың, сен мәңгілікке ортамыздасың, сен жүрегіміздесің ең соңғы курстасың бақилық болғанша...». Ғалекеңнен сәл бұрын өмірден өтіп, қабырғамызды қайыстырып кеткен курстас досымыз, белгілі журналист Ілиястың жары Сәуле Қасымқызы: «Зəуре, Ғалыммен Ілияс жиі хабарласып тұрушы еді. Ұлымыздың үйлену тойына да Талдықорғаннан келгенсіздер. Ілиястың жылына да келдіңіздер. Сізге ризашылығымды білдіре отыра Ғалекеңнің жаны жаннатта болсын, иманды болсын деп көңіл айтамын. Ғалекең мен Ілиястың қасымызда жоқтығы жанымызға батады. Күнде ойлаймыз, түсімізде көреміз. Амал жоқ, амал жоқ. Құран бағыштаймыз». Ғалекең алдындағы аманат-борышын Зәуре Хамитқызы адал атқарды: «Құрметті Ғалекеңнің достары! Осындай ауыр күнде біздің басымызға түскен қайғымызға ортақтасып, бөлісіп жатқандарыңызға көп рахмет! Мынадай дүрбелең кезге тура келіп, бәрімізді есеңгіретіп кетсе де, Ғалекең қазақтың барлық салт-дәстүрімен, көзі тірісінде айтып жүрген ойлары бойынша ақтық сапарына шығарып салынды. Барлық арманын есіме ала отырып, орындаған сияқтымын. Барлықтарыңызға көп рахмет, осы қиын кезеңнен аман-есен шығып, той тойлауға Аллам нәсіп етсін! Бала-шаға, немерелеріңіздің қызығын көріңіздер! Амандықта жүздесейік!».          Ал, Ғалекеңнің қызы Әйгерімнің бізге жазған хаты бәрімізді толқытты: «Әкемнің бақилық болғанына, бүгін тура бір ай. Әкемді мәңгілік сапарға аттандырған күннен бастап осы бүгінге дейін мен әкемнің рухымен тығыз байланыста өмір сүріппін, әкемді сағынумен болыппын. Сағынышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әкемнің қазасы мына дүрбелең заманмен тұстас келіп, бәрімізді есеңгіретіп тастады. Ең өкініштісі-жұбату айтып көңіліңді аулайтын, жақын адамдардың, туған-туыстың, жаныңнан табылмағаны. Торға түскен торғайдай бүкіл адамзаттың үйге қамалып қалғаны. Әкеме тағдыр айрықша жағымды қасиеттерді аямай-ақ үйіп төгіп берген. Ақылын, қолынан келген көмегін жан баласынан аяған емес. Қай жерде де, қай істе де жол көрсетіп, «лидер» болып отырды. Мұның сыры бойына сіңген адамгершілік асыл қасиетінде деп білемін. Бар жақсылығын ешкімге аямайтын, дүниеге қызықпайтын, ұсақ-түйекке малданбайтын. Еңбекқорлығы соншалық, өмірінің соңғы сәтіне дейін қолынан қаламы түскен жоқ. Әкемнің соңғы сәтінде мен жанында болдым. Жедел жәрдем дәл уақытысында келді, бірақ біз әкемді аман алып қала алмадық. Соңғы кездері «Жаркентке көшейік»- деген сөздерді жиі айтатын еді. Сол айтқан сөзі орындалып, жазиралы Жаркент жері мәңгілік мекеніне айналды. Біздің қайғымызға ортақтасып, әкемді соңғы сапарға шығарып салған бүкіл туған-туысқа, әкемнің бауыр, іні-қарындастарына, сыныптастарына, курстастарына, замандастарына отбасымыздың атынан алғысымды айтамын. Асқар тауым, асыл әкем! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!». Ал, Әйгерімге жауап жазған республикалық «Ақ босаға» газетінің Бас редакторы Шолпан Ұғыбайқызының хатын тебіренбей оқу мүмкін емес! «Айналайын Әйгерім! Мына сөздерің көңілімді мықтап толқытты. Оқи бастағанда ұл баласы деп отыр едім, сөйтсем сен Әкеге тартып туған қыз екенсің! Айналайын мен де Ғалымның бір курстасымын. Сөздеріңнің бір куәсімін. Аспайтын, саспайтын азбал азамат еді! Әкиматта қызмет істеп жүргенінде маған бір-екі рет звондады. Екеуміз тіл турасында өте ұзақ сөйлестік. Ақтарылып. Журналистердің тіл туралы сөйлесуі таң емес қой… бірақ, қолынан келетіннің бәрін істей алмай, тұншығатын ішкі шері болады, мынау бүйткен біздің заманда… Іштей түсіністік! Одан кейін тағы бір рет аймақтағы іс-шараға қатысшы деп шақырды. Оған мен бара алмадым. Мамаң екеуі Ілияс курстасымыздың жылына келгенде көрістік. Алматыда. Баяғы сырбаз қалпы, өзінің пейіліндей түгел ағарған ақ шашы. Дастарқанға отырған бойы мені төрге қасына шақырып алды. Біз әйел заты беталды төрге шаппай, ізет ұстауға тырысамыз ғой әдетте. Бұл курстастарымен соңғы рет қауышуы екен.     Әкенің орны бөлек, ананың орны бөлек. Біреуінен айрылғанда бір қанатың сынғандай төменшіктеп жүресің… бірақ, өмір дегенін істетеді. Қайғы біртіндеп сейіледі. Мамаң мен бауырларыңа бас бол! Өзіңді жоғалтпа! Әкеңнің аруағы желеп, жебеп жатсын!».        Қалыбек Атжан: «Әйгерім қалқам, Ғалекең өлім түгілі өкпеге қимайтын нағыз ақкөңіл азамат еді. Амал нешік бәріміз өң мен түстің ортасында жүргендей аяқ астынан болған қайғылы қасіретке көңілімізді сендіре алмадық. Қабырғамыз қайысты, жүрегіміз қан жылады. Бірақ тағдырдың салған салмағын кемсеңдей жүріп көтермеске шарамыз қалмады. Әрине тас түскен жеріне ауыр. Белді бекем байлап, аналарыңның еңсе көтеруіне сүйеу болыңдар! Өздерің, яғни Ғалекеңнің ұрпақтары, ағайын-туыс, халқы аман болсын! Досымыздың жатқан жері жайлы болып, пейіште нұры шалқысын!» Халықаралық журналист Сағат Батырхан: «Ғалекеңнің қызы Айгерімнің жүрегінен шыққан перзенттік сөздері жүректі толқытты. Ғалекеңнің ақжарқын көңілі мен жайсаң мінезі мәңгілік сағынышқа айналды. Айналайын папаңның жасай алмаған жасын өзіңдей ұрпақтарына берсін!». Ертай Айғали: «Айналайын, Айгерімтай! Жаның не деген нәзік еді, тура әкеңе тартыпсың. Сырбаз еді ғой Ғалекем! Ажал деген осы! Адамдарды, әке мен баланы кенеттен айырып, орны толмас қасіретке айналдырады. Бірақ Сабыр деген тамаша қасиет әлгі қасіретті жұмсартады, қайғыңды ұмыттырады. Әрине, самал мейірімін төккен асқар тау әкеңді ұмыта алмайсың. Сағыныш сазы жүрегіңді үнемі тербеп тұрады. Кейінгі ұрпақтың міндеті мен парызы зор - Әке жолын абыроймен жалғастыру. "Әне-еу, Ғалекеңнің перзенттерін-ай!" деп халайық сүйсініп отыру керек. Иә, Ғалекемнің арты қайырлы болсын! Жатқан жері жайлы, жаны жәнәтта болсын! Әкеңнің енді екінші өмірі басталды. Айгерімтай! Ол жай адам емес, ұлтының, елінің ауыр жүгін арқалаған майталман журналист болды. Жаңа Шөкең әдемі, салиқалы әңгімесін шертті. «Мамаң мен бауырларыңа бас бол. Өзіңді жоғалтпа!» деді. Иә, қайғыға берілме, езіле берме! Әкелеріңнің артында қалған мол әдеби мұра бар. Соны түгендеп халқыңа ұсын. Әкеңнің үлгі-өнегесін, қасиеттерін ұмытпа! Немерелеріне, шеберелеріне жеткіз. Бақытты болыңдар! Алла жар болсын, әкеңнің шапағаты тиіп тұрсын! Әмин!». Ардагер ағамыз Ғабдолла Байнөсеров облыстық «Жетісу» газетіне «Есімі елдің есінде» атты еске алу мақаласын жариялапты. Онда былай делінген: «Марқұм Жазылбеков Ғалым дүниеден өтті деген хабарды естіп, жан дүнием алай-түлей күйге түсті. Өткенде біздің үйге келіп, мына хатты беріп кеткен еді. Соны толығымен жазып отырмын. «Құрметті Ғабдолла аға! Өзіңіз білесіз, менің мамандығым журналист қой. Университет бітіргеннен кейін Алматы қаласында облыстық «Жетісу» газетінде, содан кейін Талдықорғанға қоныс аударып, облыстық «Октябрь туы», 1987-1989 жылдар аралығында Панфилов аудандық газетінде бас редактор болдым. Одан кейінгі 35 жылдық өмірім мемлекеттік қызметпен өтті. Сөйтіп, жазу-сызудан біраз қол үзіп қалдым. Енді міне, жазуға мүмкіндігім туды. Біраз дүниелерді екшеп, оны жалғастырайын десем, өзіме беймәлім, бірақ арғы жақтан келген ағайындардың аузынан естіп жүрген кейібр сөздердің мән-мағынасын түсіну қиынға соғып жүр. Сонымен бірге ар жақтағы жер атауларын білгенмен, оның шамамен қай жерде, табиғаты қалай екендігі түсініксіздеу. Жазу кезінде келтірілетін кейбір детальдарға келгенде сүріншектеп қалу жағдайы жиі кездеседі. Сондықтан рухани жағына бейім адамсыз ғой, осыған бір көмектесер деген ойдамын. Мәселен, кәтіп, ақалақшы, шерік, сақшы, зәңгі деген сөздер кездеседі. Оның мәні не? Мен үшін түсініксіз. Сондай-ақ Қытай жеріндегі Құлжа, Чимпанзе деген қалалар қандай? Жалпы аумағы қандай, қандай әлеуметтік маңызы бар? Осы жақтан ауып барған ағайындар (суандар) негізінен қай жерлерге қоныстанған? Мазы жайлауы қай жерде? Қорғас ауданының аумағын білесіз бе? «Үшбұлақ» мектебі шамамен қандай? Орта мектеп пе? Мейірман Ермектасов, Әбіләкім молда (Ғабдолхакім Игенбайұлы), Мұқа болыс, Сүлеймен ақалақшы, Кенжебек ақалақшы, Шаяхмет, Байбазар, Нұрғали, Нұрбек, Қожаназар полковник, Тоқбай қажы, Батырғали Шәмей, Мәміт әжі деген кімдер? Олардың халық арасындағы беделі қандай болды? Атқарған қызметтері жөнінде берер мағлұмат болса, жарап кетер еді. «Ши базы», «Жарқұдық», «Жирен айғыр» деген жерлер қай жерде, Шежіннің маңайы ма? Аға! Жоғарыда аталған елді мекен атаулары мен аты аталған адамдар жөніндегі деректерді білсеңіз, маған асықпай, мамыр айына дейін қағазға түсіріп, көмек беруіңізді сұраймын. Құрметпен, ініңіз Ғалым Жазылбеков. 8 қаңтар 2020 жыл.         Алдына қойған осындай мақсаттары бар еді. Амал қанша, ойлаған мақсатына жете алмай, дүниеден озды. Бірі кем дүние деген осы шығар. Осындай алдына қойған жоспарын елі, жұрты біле жүрсін деген ниетпен газет бетіне жолдап отырмын. Құрметті Ғалымның ет жақын туыстары, қызметтес болған әріптестері, соңынан еріп, үлгісін алған іні-қарындастары, барлықтарыңызға көңіл айта отырып, марқұмның жатқан жері жәйлі, топырағы торқа, иманы жолдас болғай демекпін. Келінім Зәуре, берік болғайсың! Ғалымның отын өшірмей, түтінін түзу шығарып, балаларға бас-көз болғайсың, Сабырлық сақтап, Алланың бергеніне де, алғанына да риза болу лазым! Әрине, айтуға оңай дүние болғанмен, Алланың алдында шарасызбыз. Ойымды жинақтай келе, марқұмның рухына тілегімді мына шумақтармен білдіре отырып, аяқтаймын. Алла тағала қабыл еткей, Иманың жолдас болсын, Ғалым інім. Өсіп ең жастайыңнан алып білім, Пайғамбардың жасына келгеніңше, Ерінбей еңбек еттің алмай тыным. Соңыңда үлгі болар ісің қалды, Зәуредей сүйенішің, жарың қалды, Өркендеп, өсе берсін ұрпақтарың, Тілегімді білдірем жүрекжарды. Көңіл айтам ет жақын туысына Кенелсін бұл фәнидің ырысына Мәңгілік ешкім жоқ қой бұл жалғанда, Ажал жетсе, кірер жер қуысына. Дұғамды бағыштаймын азаматқа, Рухың жетсін биік жеті қатқа, Мамандығың журналист болғандықтан, Еңбектерің талай-талай түсті хатқа. Армандарың көп еді алға қойған, Арыла алмай жүрдің қалың ойдан, Бәрін тастап бір күнде кете бардың, Деген осы екен ғой дүние жалған. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болып, Алла тағала иман байлығын бергей. Ғабдолла Байнөсеров».       Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Панфилов ауданының Құрметті азаматы Ислам Ғали Жаркенти «Жақсысы еді-ау Жаркенттің!» атты өлеңін Ғалым ағасының ғазиз рухына бағыштапты: Басы тұйық, соңы жұмбақ жол мынау, Осы жолды талай оймен шолдың -ау… Сіз туралы енді міне, Ғалеке, Өткен шақпен сөйлейтұғын болдық-ау… Сіз бұл жолдың соңы барын білгенсіз, Білсеңіз де білмеген боп жүргенсіз, «Сен екеуміз жазылмайтын дертпенен, Тағдырласпыз», деп әзілдеп күлгенсіз… Иә, солай, өмір деген өтпелі, Білінбейді келгені де кеткені, Талай ағаш ақ сөңке боп қуарып, Талай шыбық бәйтерек боп боп көктеді… Журналиссіз, қаламгерсіз қарымды, Көп жаздыңыз, көпке ұсынар тәлімді, Жазылбеков жазған дүниелердің, Барлығы да ел-жұртына мәлім-ді. Қалған кезде анда-мында кезігіп, Жүретінбіз жүрек сырын тез ұғып, Маған деген сөзіңізден әйтеуір, Тұрушы еді бір жылылық сезіліп. Керегі жоқ түйсінуге ақылдың, Жыры айтады ішкі сырын ақынның, Өлеңімді елеусіздеу сұрап ап, Қостырыпсыз кітабына әкімнің. Кеше ғана алғыс айтқам сол үшін, Мынау өмір, толы сұрақ, толы сын. Сіздей адам көп болса ғой, шіркін ай, Қаламдасқа беріп жүрер қол ұшын. Талай жанға жүрек нұрын септіңіз, Солар үшін маңдай терін төктіңіз, Бұл өмірге ешкім мәңгі келмейді, Амал қанша, сіз де міне өттіңіз. Уақыт тұрар арасында жер-көктің, Бере алады өз ғұмырын өлшеп кім?! Жүрегінде сөз түсінер халықтың Сақталасыз жақсысы боп Жаркенттің».      Жуырда Ғалым Жазылбекұлының қызы Әйгерімнен мынадай хат алдық: «Құрметті әкемнің достары, әріптестері, етене жақын жүрген ағалары, інілері және бауыр-қарындастары! 2021 жылдың наурыз айында әкеміздің қайтыс болғанына бір жыл толады. Соған байланысты естелік-кітап шығаруды жоспарлап отырмыз. Көзінің тірісінде өзінің құнарлы, тәлімді ойларын толық жазып қалдырмапты. Көптеген ғибратты сөздері қағазға түспей, айтылған жерінде қалып отырыпты. Соған өкінеміз. Сондықтан сіздердің естеліктеріңіз біздің көңіліміздегі олқылықтарды толтырады деп ойлаймыз. Адам естелікті жазайын деп жазбайды екен, шер тарқатайын деп жазады екен. Жүрек түкпірінен, сезім бұлқынысынан шыққан естеліктеріңізді оқып жатсақ, әкемізге деген сағынышымызды бөлісер ағайын табылып жатса, ойдағы мақсаттарымыздың орындалғаны, көңіл жұбанышының табылғаны деп білеміз». Соған орай осы шағын еске алуда курстастарымыздың және Ғалекеңнің аға-інілерінің көңіл айтқан лебіздерін жоғарыда келтіруді жөн деп білдім.               Мен Ғалекеңмен сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде бірге оқыдым, Алматы облысының әкімдігінде қызметтес болдым. Ғалекең әрдайым маған ақылын айтып, қамқор болып жүретін. Жетісу өңірінде тұрақтап, тірлік кешкен курстастардың ішінде қайран Ғалекең екеуміз бір шаңырақтың астында еңбек еттік. Қызметтес болғанда екеуміз де мамандығымызға орай әр кезеңде бір қызметті атқардық: біріміз халқымыздың адал ұлы Заманбек Нұрқаділовтің, біріміз мемлекет қайраткері Шалбай Құлмахановтың баспасөз хатшысы болдық. Талдықорғанға аппараттың жауапты қызметкері ретінде қоныс аударғанда әкімдік ғимаратының мен төртінші қабатында жайғассам, ол бесінші қабатында отырды. Өмірде де, мемлекеттік қызметте де менен ересектеу Ғалекең қиналған да, қуанған да сәттерімде қасымнан табылатын. Қат-қабат шаруадан қол босағанда болашаққа жоба-жоспар жасап, пікірлесетін едік. Ол жөнінде Ғабдолла Байнөсеров ағамыз да айтып өтіпті. 2000 жылды бүкіл ұжымымызбен жаңарған Талдықорғанда қарсы алғанымыз әлі есімде. Енді міне осындай сәттің енді қайталанбайтынын ойлағанда көкірегім қарс айырылады. Дұғамызды оқып, іштен Құран бағыштаймыз. Пенденің қолынан басқа не келеді? Аяулы әріптесіміз, ардақты ағамыздың арты қайырлы, жаны жаннатта болсын. Артында қалған үрім-бұтағы, ағайын-туыс, ел-жұрт аман болсын деп тілейік. Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.