ҰЛЫС КҮНІНІҢ ҰЛАҒАТТАРЫ
2021 ж. 18 наурыз
2087
0
Жыл басы – Наурыз мерекесі мыңдаған жылдардан бері шығыс халықтарының басты мерекелерінің бірі болып есептеледі. Осы Наурыз туралы айтылар кезде менің есіме әлемге аты мәшһүр Омар һайамның «Наурызнама» атты еңбегі түседі. Шығыс философы наурыз мерекесінің шығу тарихы, жыл басы, жыл ай аттары тәрізді құндылқтар, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерге, аңыз, хикаяттарға, наурызға байланысты діни-танымдық қағидалар және түрлі қызықты материалдарды келтірген. Омар һайамның аталмыш кітабын оқып отырып, оның тарихи, этнографиялық, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын аса жетік білетіндігіне көзіміз жетеді.
Шығыс елдері бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, бақыттың мерекесі саналатын мейрамды асыға күтеді. Дәл осы тақырыпта шығыстық данышпандарымыз М.Қашғари, Ә.Райхан Бируни, Ә.Фирдоуси, Ә.Науаилар да жазып кеткен. Одан бөлек қазақ халқынан шыққан тұлғаларымыз Абай, Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, М.Ғабдуллиндер де төл мерекемізге қатысты өздерінің шығармаларын ұрпақтарына аманаттап кетті.
Белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғали ағамыздың 2011 жылы «Қазығұрт» баспасынан шыққан «Нау мен ырыс» атты кітабында наурыз мерекесінің түркі халықтарындағы қалай тойланатыны, ұғымдар мен рәсімдер, ғұрыптар, нышандар қарастырылған. Ғасырлар бойы түркі халықтарының қосқан үлесі мен мұралары және дәйектері сипатталған. Бір ғана мысал, наурыз мерекесі кезінде ғұрыптардың қандай болғаны жөнінде жеке-жеке тоқатала кетеді. Атап айтатын болсақ, «Он екі баған» деген ғұрыпта он екі айдың нышанын білдіретінін және он екі түрлі тағамның атауын көрсетеді. «Құрбандық» ғұрпында адамзат тарихындағы құрбандық рәсімінің жасалуы айтылады. «Алау» атты ғұрпында аластау рәсімін жасауға байланысты және наурыз кезінде алауды жағу әдетке айналдырғанын айтады. Алақанды тосу арқылы маңдай мен бет сипау жоралғысын жасаған. Ал «Құт шақыру» ғұрпында күйеудің қайын жұртымен әзілі мен жайдары қалыпта болу салты сыйдырылған. «Жоғарғы әлеммен сыйласу» ғұрпы бойынша наурыз мерекесі басталмай тұрып, шелпек пісіріп таратылған. «Айтыс» өнерінің туындауы Наурыз мерекесімен де байланысты. Бұл да ғұрып ретінде наурыздық рәсімдерге жатады. Одан бөлек «Көкпар», «Алтыбақан», «Бастаңғы» ғұрыптары да дәл осы наурыз мерекесіне қатысты жоралғылар болып саналады. Сондай-ақ, Наурыз келсе, халықтың қамқоры, құт, несібе әкелуші Қыдыр ата еске түседі. Серік Ерғали Қыдыр ата, Ұмай ана, Сайқы мен Қожанасырлар есімін наурыз мейрамы кезіндегі кейіпкерлер деп атайды.
Омар һайам наурыз айының аталуына қатысты аңыздарға сүйене отырып, «Наурызнама» атты еңбегінде он екі періштенің атымен аталғанын жазып көрсетеді. Мәселен, фарвардин айы – бұл айда өсімдіктер жандана бастайды, яғни Амал айына байланысты. Урдбихшит айы – бұл айда дүнгие жанат кейпіне енеді, хурдад айы – адамдарды бидай, арпа және жеміс-жидекпен бағады. Тир айы – бұл жаздың бастапқы айы, мурдад айы – топырақ өз өнімін береді, щахривар айы – бұл айда диқанға салық төлеу оңайырақ. Адамдардың бұл мезгілде бір-біріне достықпен, мейірбандықпен қарым-қатынас жасауын мейір айы, жауын-шашында су деңгейі өсіп, адамдардың егіндерін суаруын – абан айы,күн суып, жылу азайғанды – азар айы, жер сарғайып, көгергенді – дай айы, суық әрі құрғақ – бахман айы, жеміс ағаштары мен өсімдіктердің көгере бастағанын – исфандармуз айы деп аталған.
Парсы патшаларының әдет-ғұрпына сәйкес, наурыз меркесі келгенде дастарханды мүмкіндігінше дәммен безендірген екен. Олар дастархандағы дәмдердің саалтанатты түрде жайылуына назар аударған. Тағы бір ерекшелігі – патшаның алдында жүзім шарабы, тәтті тағамдар қойылатын болған.
Омар һайамның осы «Наурызнама» атты кітабында шығыс ғұламасы Қожа Әли Термізидің айтқан ойлары да бар. Ғалымның дерегіне сүйенсек, аптаның қай күндері келсе, соған қатысты өзінің пайымдарын келтірген. Мәселен, Наурыз жексенбі күні келсе, бұл жылы жеміс-жидек көп, ел тоқшылққа, молшылыққа кенеледі. Наурыз мерекесі дүйсенбі келсе, жауын-шашын көп, өсімдіктердің өсуі де жылдам болады. Ал сейсенбі келген наурыз жылы мереке-мейрам, той-қуаныш көбейіп, күннен-күнге азық-ауқат молаяды екен. Бейсенбі күні келген Наурызда жеміс-жидектер өнімдері аз, халықтың ахуалы жақсы болады. Жұма күнгі келген Наурызда бұл жыл берекелі, мерекелі болса, сенбі күні дақылдар жақсы өнім беріп, жыл аяғында күн суытып, қыс ұзаққа созылады деген ұғымды айтады.
Одан бөлек Омар һайям өзінің «Наурызнама» еңбегінде Наурыз мерекесінің келуіне орай қай жылы қандай оқиғалар болатын жайында айтып кеткен. Мәселен, наурыз тышқан айында келсе, бұл жылдың қысы жұмсақ, шаруаға жайлы болады, сиыр жылында келсе қысы құбылмалы, әрі қысқа, барыс жылы келсе қиянатшылық болады, бірақ бұл жылы туған балалар жаужүрек, батыр, айбынды болып келеді. Егер наурыз қоян жылы келсе, қысы құрғақ, жазда жел тұрады. Балық жылы келсе, халық арасында жаманшылық болады, жылан жылы келсе, егін егуде құрғақшылық, бірақ осы жылы туған балалар ақылды, парасатты боп келеді. Наурыз жылқы жылы келсе, қыс созылып кетеді, маймыл жылы келсе адамадар арсында сенімсіздік туады, тауық жылы келсе ауру-сырқау көбейеді, ит және доңыз жылдары келсе аты жаман аурулар күшейіп, ауру-сырқау көбірек тарайды.
Танымал фольклорист, этнограф, жазушы Сейіт Кенжеахметов наурыз мерекесіндегі жөн-жосықтар мен әдет-ғұрыптар жайлы «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты кітабында айтып өтеді. Мәселен, «Бойын да, ойын да ниетін де таза ұстайды», «Әр адам алған қарызын осы күнге дейін қайтаруға тырысады», «Жаңа немесе таза киім киеді», «Ағашқа, өсмідіктерге су құяды», «Наурыз күні тек жақсы хабарларды ғана таратады, жамандықты айтпайды», «Ұлыстың ұлы күні туғандарға Наурызға байланысты ат қояды»,
«Наурыз күні туған төлді «төл басы» деп атайды», «Наурыз күні әр елді, үйді Қыдыр ата аралайды, бақыт сыйлайды, бата береді» деген сияқты әдет-ғұрыптарды келтіреді. Сондай-ақ, Ұлыс күнінің ұлағаттарына қатысты өзіндік ойларын да келтіре кетеді. Ғалым С.Кенжеахметов наурыз мерекесін ынтымақ пен бірліктің, татулықтың, бостандықтың күні, Қызыр атаның аралап, несбе, ырыс үлестіретін, бақ беретін күн екендігін айтып өтеді. Қызыр атаны – жер иесі, Сүлейменді – су иесі, Алас – от иесі, Табыстан – жаз иесі, Зымыстан – қыс иесі, Мырқайдар – жел иесі, Мекайыл – табиғат періштесі, Дардайыл – ай, күн, жұлдыздар періштесі деп атап өтеді.
Наурыз мерекесінде айтылатын наурыз жыры да халық ауыз әдебиеті түрлерінің бір саласына жататын болса, наурыз бата наурыз көжеге шақырғандарға, тойда өнер көрсеткнн ақындар мен әншілерге берілетіні бар. Табиғат, аспан әлеміне, ауа райына қатысты айтылатын ғұрыпты наурыз жұмбақ деп атаған. Сондай-ақ, наурыз тілек, наурыз төл, наурыз есім, наурыз көк, наурызша, саумалық, мұхарарам сияқты ғұрыптарымыз ата-бабаларымыздан келе жатыр.
Сөз арасында айта кетейін, Әз Наурыздың маңызын кітаптар, мерзімді басылымдардағы мол мағлұматтар арқылы жеткізу де біздің міндетіміз болып отыр. Жақында Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақтың салт-дәстүрлері ұлттық құндылық» атты иллюстративті-кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көр Көрме негізгі екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні», екінші бөлім – «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа өнеге» деп аталады. Көрме айдың аяғына дейін созылады. Көрем деушілерге есігіміз әрдайым ашық.
Ақын, жалынды көсемсөз шебері, алаш қайраткері Мыржақып Дулатов айтқандай: «Қуанышты күнің жаңа жылың құтты болсын, қазақ! Дүниеге көрік берген, шырайы жылы жыл басы наурыз қош келдің» дегім келіп отыр.
Үмітхан Мұңалбаева,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР Ұлттық академиялық кітпахана басшысы