Ұлттық киім – этномәдени белгі
2021 ж. 06 наурыз
3616
0
Әлемдік ақпарат ағыны мен сан алуан мәдениет тоғысқан жаһандану заманында ұлттық код пен рухты бекем ұстайтын салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, ұлттық қолөнеріміз екендігі даусыз.
Ұлттық киім үлгілерін замана үрдісімен ұтымды үндестіру жаңғырудың бір саласы бола алары анық. Рухани болмысымызды танытатын қазақы киімнің сыны мен сыры турасында жастарымызға терең білім берудің алар орны айрықша дер едік. Ұлттық киімнің түр-сипатынан халықтың ғасырлар бойғы жай–күйі, еңбек тәжірибесі, дүниетанымы, сенім-нанымы айшықталады. Ұлттық киім сол халықтың өмір айнасы. Ұлттық киімнің етек-жеңінің кеңдігінен-ақ қазақтың дархандығын, үрім-бұтақты өрісін, мейірімі мен қонақжайлылығын, даладай кең пейілін тануға болады.
Өзінің сын-сипаты, ою-өрнек әуендерімен, сан ғасырлық тарихымен, сақталған мағлұматымен тұтас ұлттың бет-бейнесі болып табылатын ұлттық киіміміз қазақ халқын бүкіл әлемге танытатын этномәдени белгі, айдар деп білеміз. Осындай құндылықтарды жасөспірімдер, мектеп оқушылары және колледж, лицей оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері арасында насихаттау мақсатында, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Халықаралық білім беру корпорациясы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы үстіміздегі жылдың сәуір айында «Інжу-дизайн» республикалық жас сән дизайнерлерінің онлайн режимінде байқауын өткізуді көздеп отырмыз.
Байқаудың атауы кездейсоқ таңдалған жоқ, өйткені байқаудың әр қатысушысы, бұл – жаңа есім, бұл Қазақстан жастары достығының тізбегін құрайтын інжу-маржаны болып табылады.
Қазақстан халқының рухани бірлігі идеясын, ұлттық мәдени дәстүрлерін сақтауды біз жастарымыздың бойына сіңіріп, тәрбиелегіміз келеді. Байқау жаңа есімдермен танысуға әрі оларды қолдауға мүмкіндік беріп, отандық сән индустриясының дамуына оң әсер етеді деп үміттенеміз.
Жас дизайнерлер екі санатқа бөлінеді: Байқаудың қазылар алқасының құрамына жетекші отандық киім дизайнерлері, ҚазБСҚА (ХБК) профессорлар құрамы, ҚазБСҚА (ХБК) «Сән дизайны» білім беру бағдарламасының Сарапшылары мен тапсырыс берушілер кеңесінің мүшелері кіреді, олар байқауға қатысушылардың жұмыстарын ұйымдастырушылар белгілеген өлшемдер бойынша бағалайтын болады. Қазылар алқасының құрамына біздің елімізге әйгілі болып үлгерген жас дизайнерлер кірді.
Біз байқаудың екі қызықты номинациясын жасауға тырыстық: «Этнография» және «Эксперимент». Бірінші номинацияда шығармашылықтың қайнар көзі Қазақстан халықтарының ұлттық киімдері мен қолданбалы өнері болып табылатын ұлттық нақыштағы сәнді киім үлгісін әзірлеуге баса назар аударылады. Екінші номинацияда қатысушылар пішу мен технологияның жаңашылдығын пайдалана отырып, ерекше бейнелерді ұсынып, киім-кешек, материалдар үшін күтпеген, дәстүрлі емес материалдарды пайдалана алады. Конкурс форматы карантин кезеңінде және елде қабылданып жатқан басқа да шаралар барысында байқауға қатысуға ыңғайлы болу үшін ойластырылды.
Ұлттың өз құндылықтарына деген құрметі мен қамқорлығы өмірінің сан –саласында бедерленуі қажет. Мәселен, өзбек, қырғыз, түркімен, шешен, қытай, жапон, т.б. ұлттар өз ұлттық киімін әуелі өздері қадір тұтып, қастерлеп, үстерінен тастамай, мақтан тұтатындығымен, өскелең ұрпаққа өсиет етіп отыр. Сондай ақ, өзге ұлттар мен халықтардың назарын аудартып, қызығушылығын тудырып, әлемдік сәнге айналдырғаны қаншама!
Ж.С.Тәкенова,
Халықаралық білім беру корпорациясы СҚжСС жөніндегі проректор,
Г.К Ибрайшина,
Дизайн факультетінің ассоц. профессоры.
qazaquni.kz