АРУ АНА, АСЫЛ ЖАР
2021 ж. 06 наурыз
1922
0
8 наурыз – Әйелдердің халықаралық күні
Халқымыздың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы туралы ғылыми диссертация қорғап, қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымының докторы дәрежесіне көтерілген Ермұхан Бекмаханов есімі дәл сол сәттерде бірталай елдің оқымыстыларын жалт қаратып, шартарапты шарлап кеткен екен. Бірақ оның ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақ елі тарихын шынайы баяндауға тырысқан осынау құнды еңбегін солақай билік көп ұзамай-ақ теріске шығарып, авторды қуғындап, қамауға алады.
Енді елім деп еңіреген сол көрнекті тұлғаның өмір жолындағы белгілі жетістіктері мен бастан кешкен ауыртпалықтары жөнінде жан жары Халима Бекмұхамедовадан сыр тартып отырмыз.
Сол бір көктем
Күйеуі бұдан елу жылдай бұрын дүние салған Халима Адамбекқызы жолдасынан күні кеше ғана көз жазып қалғандай, екеуара әңгімені нақпа-нақ, тебірене баяндайды:
– Көктем айы еді. Ташкенттің май тоңғысыз шуақты күндері. 1946 жыл. Алғаш кездескен сол бір айлы кештердің бірінде жанымды толқытып, есімде мәңгі қалған әсер – Ерекеңнің ақырын ғана ыңылдап салған әні еді. Абайдың «Айттым сәлем Қаламқасы». Оны ән тілімен жеткізген өз жүрегінің үні деп қабылдадым. Расында да, арамызда «маған ұнайсың, сүйдім, күйдім» деген сөз болған емес. Осы әуез арқылы бір-бірімізді айтпай-ақ ұғынысқандаймыз. Мен де келісетіндігімді көз жанарыммен-ақ, қабақ қағысыммен-ақ сездірген секілдімін.
Айтпақшы, оның ең алғашқы сыйлығы да өте тосын – Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы. Әлі күнге дейін үйде тұр...
Көкейде «апайымыз Ташкентте неғып жүр. Өзбекке қатысы бар ма» деген ой қылаңдайды. Сергек жан осыны аңдағандай әсем күлімсіреп, сөз сабақтайды:
– Шешем Айша – зайсандық бір байдың қызы екен. Әкем Адамбек Бекмұхамедов Алашорда үкіметінің мүшесі ретінде атылып кетіпті. Осыдан соң анам мені алып, Ташкентке барып бас сауғалауға мәжбүр болады. Алдында үш баласы өліпті. Тірі қалған мен тұңғыш перзенті екенмін. Солайша тағдыр тәлейімен жанұшырып, қолұстаса қашып жүріп, өзбек ағайындардың астанасынан бір-ақ шығыппыз. Мені орыс мектебінде беріпті.
Өмірдерегін шолсақ, Ермұхан ағамыз 1946 жылы отыз жас шамасында болар. Бұ кісінің жолы Ташкентке қалай түскен.
– Мұнда ол кезекті диссертациясы дайындығымен жүрген көрінеді, – дейді Халима апай. – Ал мен осындағы Орта Азия мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмәмдағалы жатқанмын. Диплом жұмысын қорғау әркетімен Навои атындағы кітапхансында отырғанмын. Міне, сол жерде кездейсоқ ұшырасып, тіл қатысып қалдық та, тез табысып кеттік.
Осылайша, Ермұхан мені күн сайын кітапханадан үйге дейін шығарып салып жүрді. Сөйлесе келе өзімнен он жастай үлкен екенін білдім. Сөз орайында айта кетейін, Ерекең төлқұжатында 1915 жылы туған деп көрсетіліпті. Бірақ комсомол қатарына тезірек өту үшін бір жас қостырып жаздырып алғанын айтты. Тартымды жан екені бірден байқалған. Екі көзі шоқтай жайнаған, орта бойлы жігіт. Ерік-жігер, ақыл-ойы да ересен сияқтанды. Көз алдымда жарқыл қаққан, бидай өңді, керемет қазақ жігіті тұрды. Жан әлемінің тазалығы да жарқын күлкісінен көрінді.
Дегенмен, жап-жас жігіттің «докторлық қорғағалы жүрмін» дегенін қыз алдында мақтанышпен сәл-пәл асыра айтқаны-ау, кешірімді деп қабылдасам, шын екен. Кандидаттығын үш жыл бұрын Мәскеуде қорғап үлгеріпті. Екі-үш күн аралығында-ақ анық байқалғанындай, оның ғылыми іске шексіз берілгендігін аңғардым. Бұл да азамат болмысын одан сайын айшықтай түскендей болды.
Халима Адамбекқызының өзі де сонша келбетті, сұлу адам болғаны көрініп тұр. Және әрбір ұтқыр лебізі арқылы ой-өрісінің кеңдігі, асқан талғампаздығы, парасаттылығы байқалады.
– Кейін білсем, Ерекең екеуіміздің тағдырымыз аздап ұқсайтынын байқадым. Бұл да бес-алты жасар кезінде анасынан, бозбала шағында әкесінен айырылыпты. Бір қарындасы мен жалғыз ағасы бар екен, олар да сол шақтарда туған жерлері Баянауылда қайтыс болыпты. «Шешемнің қай жерге жерленгенін де білмеймін» деп мұң шаққаны бар. Бұл да бір жазылмас жүрек жарасы секілді. Сол замандардағы жоқшылық, аласапыран ауыртпалық дарынды жеткіншектің денсаулығына да орасан зардабын тигізгендей. Дегенмен, өте жақсы оқыпты. Кейін кейбір қатарластарының өз естеліктерінде жазғанындай, сол кездердің өзінде аса алғыр бала екен. Тоғызыншы кластан соң Семейдегі жоғары оқу орындарына даярлайтын курсқа түседі. Оны бітірген соң Алматыға келіпті. Бірақ жерлесі, белгілі ақын Дихан Әбілев: «Ермұхан, сен төре тұқымысың. Сондықтан саған мұндағы кейбір туысқандар күн көрсетпес. Демек, оқуды Ресейде жалғастырғаның дұрыс-ау» деп кеңес қосады. Сөйтсе, Мәскеу мен Ленинград институттарына ешбір жолдама жоқ екен; бәрі бөлініп қойылған. Сол себепті, Тамбовты таңдайды. Онда екі жыл оқыған соң үшінші-төртінші курстарды Воронежде жалғастырады. Жатақханада тұрыпты.
Шеше қуанышы
Әлбетте, әрбір ана өз перзентінің дүниедегі ең бақытты адам болуын қалайды. Айша шешей де бойжеткен жалғыз қызына толайым ырыс-бақ тілегені түсінікті.
– Ермұханға көңілімнің құлағаны соншалықты, осынау жүзінде нұр ойнаған жігітпен баяғыдан біте-қайнасып келе жатқандай, өзімді етене жақын сезіндім. Ол алғашқы кездесулерде-ақ жан сырын айтқан. Әйелі бар екен. Өзге ұлттың өкілі көрінеді. Өсіп келе жатқан үш қызы туралы сөзді де жасырмады. Сонау қосағымен қанша уақыт бірге тұрып келе жатқанмен, жарасып кете алмағанын да жеткізді. Мына сәт тым қорғансыз халде, жүдеңкіреп жүрген кезі көрінеді. Шынын айтайын, осы жағдайды әлдебір тылсым түйсікпен ә дегеннен өзім де сезгендей едім. Содан ба, осынау азаматқа сүйеніш болсам, жәрдемдессем деген іштей даярлығым да жоқ емес-ті. Себебі, шығармашылық адамына, оның арасында үлкен ғылым жолына түскен жанға лайықты қамқорлық қажет екенін білетін едім.
Бірде кешкісін шәй үстінде осы жағдайдың бәрін шешеме де жайып салдым. Недәуір ойланды. Одан соң: «Тағдырың шығар, құлыным. Мен бөгет болмаймын. Өзара тіл табысып жатсаңдар, ақ батамды беремін» деді. Қатты қуанғанын аңдадым. Айналамда өзбек ағайындар, өзге халық өкілдері көп еді. Сондықтан анам менің басқа ұлтпен қосылуымнан қауіптенсе керек. Бірде, тіпті, тек қазаққа қосылуым қажеттгін еткертіп те қалғаны бар еді. Кітапханада ұшырасқан адамды «іздеген кісім – осы, иә, бұл менің тағдырым деп» шешкенім есіме түсті.
Ермұхан Бекмаханұлы арада біршама уақыт өткенде Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғайды. Ол осы сапарға болашақ қалыңдығы Халиманы да ала кетуді ұйғарады.
– Менің де дипломым енді ғана қолға тиген сәт еді. Ермұхан мені өзімен бірге ала кеткісі келетінін айтты. Өзімнің қуана келісетінім белгілі ғой, анам жібере қоя ма деген сұрақ алдыдан шықты. Ақырындап айтып көргенімде о кісі: «Ақылсыз қыз емессің, жаным. Кәмелет жасқа әлдеқашан жеттің. Ендігі өмірлік әрекеттеріңе тек тілектестігімді ғана білдіремін» деді.
Солайша аттандық. Қорғау ғажап болды. Және бір тамашасы ғылыми іс-шараға қазақтың сорпа бетіне шығатын даңқты ұлдары Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллиндер қатысты. Сол кісілермен жақын таныстым.
Ерекең керемет қорғады. Материалды тыңғылықты зерттегені, тақырыпты терең білетіні байқалып тұрды. Барлық қиын сұрақтарға ұтқыр жауап беріп, тәнті етті. Қаныш аға қорғау аяқталған соң Ермұханды құшақтап құттықтап, ризалығын білдірді. Өз қалтасынан қомақты қаржы шығарып, жиналған меймандарға қорғаушының атынан мол дастархан жайды.
Ерекең кейін де мені Ленинград сапарына шақырды. Қонақ үйінде тұрдық. Сол жолы оның жанында екі айдай жүрдім. Етегінен ұстадым деген де осы болар...
Үйлесім сыры
Апай әңгіме арасында сонау Ташкенттегі Новои кітапхансында өткен қимас кездесу елестеріне оралып соғып қояды.
– Қызық болғанда, болашақ күйеу жігітпен ең алғашқы кездесуге кешігіп қалыппын. Ұзағырақ сәнденіп, бөгеліңкіреп қалсам керек. Ентігіп жетсем, ұшырасуға келіскен жерде жігітім жоқ. Сөйтсем, ол кешігуді онша ұнатпайтын адам екен.
Аяңдап барып, кітапханаға кірсем, сонда отыр. Кешірім сұрауыма тура келді. Бірақ ренжігенін байқатпады. Дегенмен, әлгі күтпеген әрекетімен ендігіде белгілі тәртіпті қатаң сақтау қажеттігін мықтап ұқтырды. Өзі әрдайым уақытпен дәл жүретін адам еді. Өте реттілікті, жүйелілікті қалайтын. Онымен жиырма жыл бірге тұрғанымызда баратын жерге ешбір кешіккенін көрген емеспін.
Әуестігі жағына келсек, өнерді шексіз сүйген жан-ды. «Егер мен тарихшы болмағанда сөзсіз өнертанушы, оның ішінде музыка зерттеушісі болар едім» дегені бар. Домбыра, мандолина, пианино сияқты барлық аспапты тарта білетін. Бәрін өз бетімен үйреніпті. Әмбе жоғары деңгейде орындайтынын кәнігі мамандар да мойындайтын. Байғали Досымжановпен дос болды. Хадиша Бөкеева, Шәкен Аймановтармен жақсы араласты. Бірде Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесасы туралы жақсы рецензия да жазғаны бар.
Көркемсурет, сұңғат өнеріне құштар еді. Түрлі қолтумалар сырын білгір сыншыдай талдап отыратын. Жан-жақты дарын иесінің ең сүйікті ісі ретінде кітапқұмарлығын айтудың реті бар. Бүкіл ғылымға қызыға, құныға араласушы еді. Ключевскийдің, Соловьевтің еңбектерін де түгел дерлік оқыды. Бірде өзіміз ақшадан тарлық көріп жүрсек те, Букинист кітапханасынан Шоқан Уәлихановтың еңбектерін сатып алғанымыз есімде. Кітаптан қаржы аямайтын.
Уақыты өте тығыз болса да бірде бір музейді жібермейтін. Біз екеуіміз қолұстаса жүріп Эрмитажды, Третьяков галареясын әбден араладық. Осылайша, біртіндеп, қосағымның жан әлемі қалауына бейімделіп кеткенімді өзім де байқамай қалғандаймын.
Ә дегеннен айтқаны – біздің алдымызда түрлі қиындықтар кездесетіні анық. Соның бәріне төзіп, көнуіңе тура келеді деді. Келістім. Әлгінде айтқанымдай, іштей дайындалып үлгерген едім. Ауыртпалықтар көп болды. Сүйгендіктен болар, барлық бейнетті бірлесе көтердім. Өтірік айту дегенді білмейтін, қулық-сұмдығы жоқ, таң қаларлықтай өте адал адам еді. Жиырма жылдың ішінде мені бірде бір рет алдап көрген емес. Біздің арамызда ақша туралы сөз болмайтын-ды. Мысалы, ол ғылым докторы ретінде 7200 сом ақша алатын. Осының тең жартысын жылдар бойы алиментке төледі.
Жапа шеккен, қиналған кездеріміз де көп болды. Ғылым жолы оңай емес. Жағдай керек. Ал ол үнемі ойдағыдай бола бермейді. Қаржы-қаражат жетіспеді. Бірақ өзі: «Бәрі уақытша, аса күйзелме» деп жұбататын еді.
Жан әлемі шексіз бай, рухани кемел кісі-ді. Талмай еңбектенуді үйретті. Кейін со кісінің арқасында өзім де кандидаттық қорғадым. Доцент болдым, оқулықтар жаздым. Өз аспиранттарымды тәрбиеледім. Айтқан ақылының бәрі дұрыс болып шықты.
Жасынан ұқыпты, сәнді киінуді ұнататын сері адам еді. Қолымнан келгенше жақсы киіндіруге тырыстым. Және істі зор ықыласпен атқаруға тырыстым.
Ғылыми кеңес төрағасы ретінде түрлі деңгейдегі небір жиналыстар өтіп жатады. Тағы бірде Мәскеудегі сондай бір шараға қоса барғаным бар. Оған Мұхтар Әуезов те келіпті. Мұхаң Ерекеңнің сөзіне сондай риза болып арқасынан қақты. Мен де күйеуімнің біліміне, киген киіміне қатты сүйсініп, кеудемді шаттық кернеп отырды. Көбіне қасына еріп жүретінім еске түседі. Барлық күш-жігер, уақытымды сарп етіп, ер-азаматымның сыр-сымбатына, киіміне, тамағына, келетін қонағының күтіміне қараймын.
Кастрюль, ток плита алып жүріп, мейманханаларда сүйікті асын даярлап беремін. Мана айтқанымдай, жасынан денсаулығы осал, нәзік жігіт-ті. Мен қаланың қызы болсам, ол нағыз ауыл баласы еді; борщ, котлет, анау-мынау дегенді місе тұтпады. Қазақша ет, сорпа, бауырсақ, таба нанды жақсы көрді.
Жан әлемі нәзік дегенмен, ол батыр да азамат еді. Адамгершілігі мол. Қажет жерінде мінезі қатал. О кісіге қарсы шығу деген мүмкін болмайтын. Шешем де, балалалар да, бәріміз қас-қабағына қарап, соның ыңғайымен жүрдік. Мен оған бағындым. Өйткені, сыйлауға, құрметтеуге әбден лайық адам еді. Ол да пенде баласы, барлық кемшілігін кешірдім. Әрдайым бабын тауып, жағдайын жасап, баладай мәпелеп бақтым десем артық айтқаным емес. Оған ешбір өкінбеймін. Ерекең де түсіністікпен қарады. Аса талантты, қызықты, ішкі мазмұны бай, көкірек сарайы да, сырт келбеті де ғажайып сұлу жан еді. Бірде белгілі композитор Евгений Брусиловский ол қайтыс болғаннан кейін: «Сіздің жолдасыңыздың тұлғасы киноактерлер секілді еді» деп қалғаны бар...
Ұлылармен ұшырасу
Тарихшы Ермұхан Бекмаханов аты аталса, біздің көкейімізде «әйгілі тарихшы өз тағдыры мен бірге тұтас ел өмірінде елеулі орын алатын Кенесары тақырыбына алғаш қалай келді екен?» деген сауал тұрар еді. Осыны Халима Адамбекқызынан сұрамай отыра алмадық.
– Ерекең сонау Воронежде оқып жүрген жылдары жатақхананың жуыну бөлмесінде ұзын сүлгімен бет-аузын сүртіп тұрып, үнемі терезе алдынан өтетін әлдебір қараторы, мұртты кісіні байқайды екен. Кескін-келбеті қазақтан аумайды дейді. Ақыры сонымен танысуды ұйғарады. Әдейі алдынан шығып:
– Ағасы, сіз қазақ емессіз бе? – деп сұрапты.
– Иә, бауырым! Өзің қай жақтың баласысың?
– Мен Кереку жағында туып-өскен жігіт едім. Қазір осындағы пединститутта оқимын...
Таныстық осылай басталады. Сөйтсе, бұ кісі атақты Халел Досмұхамедов екен. Отбасымен жер аударылған көрінеді. Білікті дәрігер. Дегенмен, тарихпен терең айналысатын сияқты.
Осыдан кейін ұзақ сырласулар басталады.
– Сен осы Кенесарыны білесің бе? – деп сұрайды сөз арасында жас жігіттен Халел ағасы.
– Жоқ, ақсақал, шала-пұла атын естігеніміз болмаса, онша таныс емес екенмін.
– Мұны терең білгенің дұрыс. Ол елдің азаттығы жолында қан төккен қазақтың ең соңғы ханы...
Міне, Ермұханның белгілі тақырыпқа сонша құштарлана кірісуі осындай сөзден басталған екен. Сол секілді Ерекең тағдырына аты әлемге мәшһүр тарихшы, СССР ҒА академигі Анна Панкратованың да алатын орны айрықша. Ол жас ғалымның қабілетіне зор сеніммен қарап, қанатының астына алған ардақты адамдардың бірі. Әрі-беріден кейін Ермұхан Бекмаханов кейбір әріптестерінің белгілі жаласымен жиырма бес жылға кесіліп, Иркутск облысының Бодайбо қаласында қамауда жүрген кезінде Ермұханның жайымен КПСС ОК Бас секретары Никита Хрущевқа кіріп, 1954 жылы күзде босап шығуына ықпал еткен осы кісі болатын. Ерекең ұсталған соң екі жылға жуық уақыт өткенде абақтыдан босап, артымнан Ташкентке су жаңа костюм-шалбармен, шашын қидырып, иіс суы бұрқырап, жарқырап іздеп келіп тұрғанда қайран қалдым. Сөйтсем, әлгі айналып кетейін Анна Михайловна өзіне шоқпыт күпәйкемен жеткен Ермұханды: «Сенің еліңде досың бар, дұшпаның бар. Сондықтан олардың арасына дұрысталып баруың қажет» деп ине-жіптен шыққандай киіндіріп жіберіпті.
Сол секілді, еске түскен соң айта кетейік, Ерекең бүкіл атақ-лауазымынан айырылып, қызметтен қуылып, Нарынқол ауданына жер аударылғанда болашақ жазушы Бердібек Соқпақбаевпен де бір мектепте жұмыс істеген. Міне, айналайын, өмір деген күрделі нәрсе; ию-қию дүниеде белгілі адамдардың жолдары осылайша түйісіп, тағдырлары шешіліп жататын көрінеді. Мен де Ерекеңді Құдайдың өзіме жіберген ерекше сыйы деп білемін.
Бірақ, бір байқауымша, ақылды, парасатты адамға қай жүйеде болсын оңай болмайды екен. Өйткені ол – ерекше жаратылған адам. Тұлғасы сонадайдан айрықша қасиетімен көрініп, биікте тұрады. Ал ондай жерде қызғаныштың, іштарлықтың қоса жүретіні мәлім. Ерекеңнің өзі қызғаныш дегенді білмеген адам еді. Сол секілді ешкімге кек те сақтаған емес. Түрмеден босап келгенінде «мен әлгі жауларыма енді көрсетемін!» деп кіжінгенін де көрмеппіз. Қанафин деген бір танысы 1966 жылы мамыр айының 5-і күні докторлығын қорғады. Әл үстінде жатқан Ермұхан соны сәтті қорғап кетсе екен деп уайымдап, тілеуін тілеп жатты. Ертеңіне өзі қайтыс болды...
Шет елдерді бірталай аралады. Әсіресе, Европа елдерінің көбінде табанының ізі қалды. Бір жақсысы, оны жетекші ретінде тегін жіберіп тұратын. Қытайға баруды армандаушы еді. Онда да әшейін қыдыру үшін емес, бай архивтеріне кірсем деп үміттенді. «Біз әлі күнге дейін Еуропа ғылымын айналдырып, сол Батыс елдерінің кітаптарына малданып жүрміз. Ал қазақтың нағыз тарихы Қытайда жатыр» деп отыратын. Қазақ елінің жоғары оқу орындарына арнап тарих оқулығын жазсам деп, Алашорда тарихын зерттесем деп, Шоқан Уәлиханов жөнінде монография жазсам деп... армандады. Жоспары көп еді. Арманы көп еді. Бірақ жете алмады.
***
Халима апай: «Әлгінде Ерекеңнің алғашқы кездесулердің бірінде Абайдың әнін салып бергенін айттым ғой, – деді. – Бұл ән біртіндеп біздің сүйіспеншілігіміздің символына айналды. Қазір де осы әнді қойып көңіл жұбатамын». Содан соң бір сәт тартымды тенор даусымен:
– Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас, –
деп әндетіп қоя берді. Ғажап әнші адам екен. Бұл да біз үшін жаңалық еді. Тебірентіп жіберді.
Апайдың сәл жұмылған көзіне қарасақ, кірпігіне ілінген бір тамшы жас тұр екен. Одан серпіліп, әнтек күлімсіреп:
– Қарашы, Абай атамыздың сөзі қандай ғажап! – деп тамсанады. – Ермұхан ағаларыңдай асыл азаматты әр түрлі қуғын-сүргін, күншіл ағайындардың пәле-жаласы, домалақ арызы әбден титықтатты ғой. Осылайша қорлық-зорлықтың ащы дәмін көп татқан қайран ер елу жасында үзіліп кете барды. Хандық дәуірді көксейсің, ұлтшылсың деген қуғындау науқандарының ғұмыры аяқталмады...
Терең күрсінді.
– Меніңше, адам баласы қандай жағдайда да шыдамды, көңтерілі болу керек екен. «Сабыр түбі – сары алтын» деген сөз бекер емес. Қазақ аз халық, бірақ дарынды, ақылды халықпыз. Жеріміз кең, байлық жеткілікті. Түбі бір жақсылықтарға жететініміз анық... Мен өзі өте бақытты адаммын. Керемет жар сүйдім. Оның ұрпағын өрбіттім. Немере-шөберелерім бар. Құда-құдағи, достарым, шәкірттерім бар. Ерімнің мұрасын жинастырып отырмын. Бұдан артық қандай бақыт керек, – деді.
*Сөзсырға
«Домалақ» хат
Бірде Бекмахановтар үйіне Бұқара қаласынан бір хат келіпті. Әлдебір белгісіз әйелдің атынан жазылған екен. Ашып қараса: «Оңбаған Ермұхан! Бізді жылатып неге тастап кеттің? Алиментті қалай төлейсің?!» деген сөз жазылыпты.
«Домалақ» хаттың иесі «Бұқара» деген мекен-жайды жазғаны болмаса, конверт сыртына жергілікті почта мөрі басылатынын ескермеген сияқты. Анықтап қараса, осы Алматыдан жазылған дүние болып шығады.
Сонда атақты ғалым:
– Ойпыр-ай, мыналар енді түк таппағандықтан, менің бала-шағамның арасына іріткі салғысы келгені ме! – деп ойран-асыр болыпты.
– Мойыма, сен адалдығыңды, биіктігіңді менің ғана емес, бүкіл халқыңның алдында әлдеқашан артығымен дәлелдеген адамсың! – деп жұбатыпты асыл жары Халима.
Расында да, Астананың қақ ортасында қасқайып, қиырларға көз тіккен Кенесары хан ескерткіші Ермұхан Бекмаханов мұратының дұрыстығын күн сайын паш етіп тұрған сияқтанады.
Құлтөлеу Мұқаш
qazaquni.kz