"Парасат жолы" орталығы сыбайлас жемқорлықпен күреседі
2021 ж. 23 ақпан
2649
0
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Ұлттық кітапханасының Н.К.Дәулетова атындағы залында Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті «Парасат жолы» орталығының ашылуы болып өтті.
«Парасат жолы» орталығы «Адалдық алаңы» жобасы және республиканың барлық кітапханаларында «Парасат жолы» өңірлік орталықтарының ашылуы аясында ашылды. Акцияға мұрындық болған – Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақ төрағасы Б.Қ.Оспанова, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаменті басшысы Н.М.Сапаров, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұ.О.Есдәулет, ҚМДБ-ның Алматы қаласы бойынша бас имамы Е.К.Шоқай, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың директоры А.Қ. Байұзақов, С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Ғ.С.Тоқабаева, сондай-ақ Алматы қаласы мен Бостандық ауданы әкімдіктерінің өкілдері, Алматы қаласы кітапханаларының басшылары қатысты.
Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, «Парасат жолы» Орталығының негізінде жастардың танымал ақын-жазушылармен, ғалымдармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен кездесулер өткізіледі. Яғни бұл – жастар мен ғалымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда тиімді шешімдер әзірлеу жөніндегі жұмысқа тарту үшін бірегей алаңға айналмақшы. Сондай-ақ аталмыш орталық азаматтық қоғамның түрлі өкілдері арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді алаңына айналады.
«Парасат жолы» орталығында сыбайлас жемқорлық қызметі сияқты әлеуметтік құбылыстың азаматтық-құқықтық аспектілеріне арналған «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – Борьба с коррупцией» тұрақты кітап көрмесі жұмыс істейтін болады. Бұл қазіргі уақытта қоғамдағы жіті назар аударарлық өткір мәселелердің бірі.
Көрменің мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы азаматтық іс-қимыл тәсілдері туралы білімді насихаттау. Көрме материалдары Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясат, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілік, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік туралы әңгімелейді, өйткені бүгінде онымен тиімді күресуді барша адамзаттың жауапкершілігінсіз іске асыру мүмкін емес. Жәдігерлер сонымен қатар сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған шаралар жүйесімен таныстырады, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілік және бұл құбылыс салдарының әлеуметтік қауіптілігі туралы баяндайды.
Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қорынан монографиялар, оқу құралдары, ұжымдық ғылыми жинақтар, конференция материалдары, журнал мақалалары ұсынылған. Басылымдардың ішінен сыбайлас жемқорлықтың тарихы, оның алдын алу және онымен күресу жолдары туралы пайдалы ақпарат алуға болады.
Көрмеде ұсынылған әдебиеттер: заңнамалық база, түрлі саладағы сыбайлас жемқорлық түрлері (мәдениет, білім беру, медицина, бизнес және т.б.), сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, Қазақстандағы және шет елдердегі қазіргі жағдай, сыбайлас жемқорлық түрлері және өмірдің түрлі салаларындағы оның көрінісі тақырыптары бойынша бөлінген. Бөлімдердің бірі осы түсініктің түрлі аспектілерін ашатын БАҚ мақалаларын ұсынады.
Салтанатты шараға Алматы қаласының зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, оқырмандар шақырылды.
qazaquni.kz