Қазақ шекарасының жайы қалай шешілді?
2021 ж. 23 ақпан
2878
0
Әлімхан Ермековпен кездесу
Бір күні Кеңес* «Бейбітшілік» бульварында келе жатып, сәкіде екі-үш ақсақалмен сұхбаттасып отырған Әлімхан Ермековті көріп қалды. Бұ кісіні осыдан екі-үш күн ғана бұрын сыртынан Ақселеу Сейдімбек ағасы көрсеткен-ді. Қайран қалған. Атын естігені болмаса, әлгі озбыр отыз жетіде Әлихан сынды алыптармен бірге атылып, тарих тезінде, ғасыр қойнауында қалғандай көруші еді. Сасқанынан: – Ойбай, о кісі тірі ме еді?! – депті ғой. Ақаң күлді. – Тірі болуы керек... Театр фойэсінде Жайық, Ебіней ағалармен қасқайып қатар тұрғанына қарағанда... Сөйтсе, Әлекең халық жауы ретінде 1939 жылы қырық сегіз жасында сотталыпты. Сегіз жылдан кейін қысқа ғана уақытқа босайды. Бірақ әлдекімдердің жаласы арқылы тағы ұсталып, итжеккенге және айдалады. Қысқасы, түрмеде он алты жылдай отырған. 1958 жылы ақталған кезінде көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтың арасынан шыққан тұңғыш математика ғылымының докторы алпыс жеті жаста екен... Енді оны ешкім жұмысқа алмай, әбігерге салады. Пәлесі жұғады деп безе-қашатыны түсінікті. Сонда Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің жас ректоры, академик Әбілқас Сағынов Әлімхан Әбеуұлын өзі іздеп барып, қызметке шақырады. Мұны білген қызылкөздер дереу жетіп келіп, оқу орны жетекшісіне шүйлігіпті. – Бәлен жыл сотталып келген халық жауын жұмысқа неге аласың?! – дейді ғой. Сонда ректор: – Әлімхан Ермеков Ресей университетінің профессоры емес пе! Қалай алмаймын! – деп жауап қайтарады. Әлгілер сөйтіп Россия атын естігенде барып жым болыпты... Ал Кеңес қатарластарымен тал көлеңесінде отырғанын көрген сәтте осынау аңыз адам сексен жасқа таяған еді. Жетіп барып қол берген: – Ассалаумағалейкүм! Ақсақал көз үстінен ақырын ғана қарап, сәлемін алды: – Бұл қай бала? – Театрданмын, аға. – Ә-ә... Айналайын! Бәрі жақсы ма?! – Жақсы-жақсы... Әңгіме осымен бітті. Бұрылып бір қарағанында, Әлекең ұзап бара жатқан жігітті көз ұшымен ұзатып салып отыр екен. Мұны таңырқатқан тағы бір жәйт – Әлекеңнің келбетіне қарап, оны ұзақ жылдар айдауда болған адам дегенге сене алмас едің. Тың. Сырт кескіні мұнтаздай... Ақселеудің өзі Әлекеңді алғаш жақыннан былтыр ғана көрген секілді. 1964 жылы Сәкен Сейфуллиның туғанына жетпіс жыл толуына орай Сәбит Мұқанов «Сәкен Сейфуллин» атты пьеса жазады да, ол 1967 жылы тұңғыш рет Алматыда қойылады. Іле-шала Қарағандыда көрсетіледі. Бұл облыс көлемінде дүбірлі оқиға ретінде бағаланады. Шараға пьеса авторы екі-үш серігімен арнайы шақырылады. Ойынды көруге Ебіней Бөкетов, Жайық Бектұровтарға ілесіп Әлімхан Ермеков те келіпті. Пьесада Колчактан көмек сұрап баратын Әлихан Бөкейханов, әлбетте, өте жағымсыз бейнеде көрсетілген. Оның серіктерінің де аса сүйкімді кескінде суреттелмегені түсінікті. Қойылым аяқталған кезде пьесаны артқы жақта оңаша отырып көрген Әлекең фойэде таяғына сүйеніп, бірге келген жолдастарын күтіп, тұнжыраңқырап тұр екен. Осыны байқап қалған Сәбит Мұқанов өзін қаумалаған өңір басшыларының арасынан бұрылып келіп амандасыпты: – Әлеке, көңілсізсіз-ау! Аман-жақсысыз ба... – Әй, Сәбит! Әлекеңді сонша сүмірейткенің қалай?!. Алдында қасындағы нөкерлерінің: «Керемет! Ғажап! Теңдессіз дүние!» – деген мақтауына масаттанып шыққан жазушы қапелімде мұндай наланы күтпесе керек, абдырап: – Заман ғой, Әлеке, заман ғой! – дейді. – Заман қандай болса да, Әлихандар өз тұғырында қалуы керек емес пе еді! Жоқ, дәуір өзгерсе де, тарих ешқашан өзгермеуге тиісті!.. Осы көрініске тікелей куә болған жас Ақселеу мұны Кеңес інісіне күрсіне отырып әңгімелеп берген-ді: – Әлекең жазушыға әлгі сөзді шегелегендей, саңқылдаған үнмен зілдене айтты да, театрдан шалқақ басып шығып кетті, – деді. Сұлтанмахмұт Торайғыров: – Әлімхан Ермекұлы жас жігіттен, Келеді екінші болып бұл ретпенен. Қазақта мұндай жігіт көрмедім деп, Ардақты қарт Потанин лепес еткен. Томдағы инженерлік сабағында, Жетеді біл жылдан соң тәмәмына. Өткізбекші өмірін ілім үстінде, Бір түрлі биіктік бар талабында. Сөйлеп кетсе, қозғалар бойда жаның, Тас болса да ерітер жүрек қанын. Шындығы, тереңдігі, әділдігі, Тусаң ту осылай дегізер жанның бәрін. Адалдық, ақжүректік, ақтығына, Бір ауыз қарсы айта алмай құрыды әлің. Меніңше Ермеков – деген бала, Ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға. Сөз, білімін сынайтын жер ілгері, Әзір адал кісі ғой, жеке дара, – деп жыр арнағанда Әлімхан жиырма бестерде екен. Әлімханның ерлігі 1920 жылы тамыздың он жетісінде Мәскеуде өткен дүбірлі съезде жарқырай көрінеді. Онда Әлекең жиырма тоғызда... Ал бұл жағдайды ақсақалмен жақын араласқан қарағандылық заңгер, ғалым Қабылсаят Әбішев ертеректе баяндап берген-ді. Бірде сөзден-сөз шығып: – Кеңес, сіз Қазақстан автономиясы шекарасын алғаш айқындап бергізген адамның екенін білесіз бе? – деді сыбырлап. – Жо-о... Біле қоймайды екем. – Бұл мәселе туралы РСДРП Х съезінде баяндама жасаған біздің Әлімхан Ермеков әкеміз еді... Сөйтсе, одақтас республикалар территориясын бекіту жөніндегі іске келгенде қырғын тартыс басталады. Ленин, Сталин бастаған жиында, әсіресе, Саратов, Астрахан аймағының губернаторлары өре түрегеліп, Әлімханға: – Сіз не айтып тұрсыз?! Қайдағы қазақтың жері?! Бұл – ежелден орыс территориясы! – деп, бірнеше ауданды алып қалуға күш салады. Бірақ Әлекең де беріспей, қызу тартыстың аяғы, тіпті, өзара жаға жыртысуға ұласады. Сонда араға Ленин түсіпті: – Жоқ, бұл болмайды, жолдастар! Дауды доғарыңыздар. Бұл мәселені бюрода қайта талқылауға тура келеді, – депті. Сол жерде оны: – Дұрыс айтасыз. Әйтпесе ертеңгі күні көтеріліс басталып, ел іргесі қайта сөгіледі, – деп қолдаушылар да шыққан. Ертеңіне Әлімхан Ермеков Ленинмен оңаша кездеседі. Әңгіме он бес минутке белгіленіпті. Бірақ сөз тез аяқтала қоймайды. Сонда сыртта Әлихан Бөкейханұлы бастаған «Алаш» серкелері екі сағатқа жуық тықыршып күтіп қалғанда, азаматтардың біреуі сағатына қарап: – Апырай, біздің Әлекеңмен мұнша ұзақ сөйлесіп отырған мынау тазың да тегін адам емес-ау! – деп жұртты ду күлдіріпті. Ақыры Әлихан Бөкейханұлы шыдамай телефон арқылы: – Владимир Ильич, Қазақ шекарасы жайы қалай шешілетін болды? Мына жақта бір топ адам іс нәтижесін алаңдап күтіп тұр едік, – деп Ленинге хабарласып, шынын айтады. Сонда Ленин: – Құттықтаймын! Мәселені жаңа ғана шештік. Алаңдамаңыздар. Ермековтің талабын қолдадым. Тиісті құжатқа қол қойдым! – депті. ...Қарап отырса, Қарағанды көмірі жарты әлемді жылытса, Әлімхандай ұлдар ыстық от-жүрегі, жарқын идеясы, асқақ рухымен, асқан ақыл-парасатымен мұңы басым халқына пана болған екен. Құлтөлеу МҰҚАШ *Әңгіме белгілі актер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Кеңес Жұмабеков жөнінде болып отыр. qazaquni.kz