Жастарға қамқор жампоз ақын еді...
2021 ж. 16 ақпан
1801
0
Бұл дүниеден ақын Шөмішбай Сариев ағамыз да өтіпті...
1985 жылы Шөмішбай Сариев поэзия бөлімі меңгерушісі болып істейтін "Жұлдыз" журналының мамырдағы 5-ші саны түгел 30-шақты ақынға арналды. Бас редакторы жазушы Мұқтар Мағауин еді. Шалғай Шардарадағы Қызылқұмда мұғалім болып жүрген біздің бір топ өлеңдеріміз сол кездегі ең беделді әдеби журнал "Жұлдызда" жарқ ете қалып, жұлдызымыз жарқырап жүре берді. Ол кезде мұндай басылымдарға бір шықсаң, ертеңіне елге белгілі болып шыға келесің. Бүкіл қазақ әдебиетінің классиктері мен мықтылары ғана шығатын "Жұлдызға" шығу оңай емес, сондықтан оған көп беттей алмай, жастар журналы "Жалынға" үйірсектеу едік. Сөйтсек Шөмішбай ағамыз өзі "Жазушы" мен "Жалын" баспасына барып, кітапқа қолжазбаларын тапсырған жас ақындардың жырларын өзі жинап алыпты ғой! Не деген жастарға қамқорлық десеңші!
Шөмішбай ақынның: "Бақта бір қыз жылап отыр,
Неге екені жұмбақ маған?'",
немесе
"Мен кімге ғашық болмадым,
Өзіңді таппай жүргенде"-
атты әдемі жырларын жатқа айтушы едік кезінде.
Ал Шөмішбай ақынның әндерге жазған өлеңдері жүз атанға жүк болатын шығар...
Екі жыл бұрын Рухани жаңғыру аясында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің Америкада, Нью-Йорк қаласындағы күндеріне қатыстық. Сонда Шөмішбай ағамыз ортамызды толтырып, жарқырап жүріп еді... "Сендерді мен ашқанмын" деуші еді көрген сайын бір топ жасты "Жұлдызға" шығарғанын меңзеп...
65 жасында ғой деймін, "Үкімет басшысын сүйемін деп, жұмыстан шығып қала жаздадым" деген тақырып қойып, сұқбат алғанда сол оқиғаны күліп отырып айтып беріп еді...
Алла алдыңыздан жарылқасын Шөмішбай аға! Пейіште нұрыңыз шалқи бергей! Алла ұрпақтарыңызға ұзақ ғұмыр бергей!
Жеңгейге, отбасы мен туған-туысқандарына көңіл айтамыз.
Иманыңыз саламат болсын!
Қазыбек Иса,
Қазақ үні