ӘЛІПБИ ҚҰРАМЫНДА W НЕГЕ ЖОҚ?

Ғалымдар арасындағы даудың басы – осы w таңбасы. W-ды әліпбиге енгізу/енгізбеу мәселесі Орфографиялық жұмыс тобында ұзақ талқыланды. Талқылау екі бағытта өрбіді:

    1) Ағылшын тілінен енген сөздерді жазу үшін Ww таңбасын әліпби құрамына енгізу немесе енгізбеу.  Егер бұл таңба әліпбидің құрамына еніп кетсе, ағылшын тілінен кіріп жатқан барлық сөздерді (w-мен келетін) қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына сәйкес икемдеп жазуға тосқауыл қойылады және тіл тазалығына қайшы болып шығады. Міне осы себептен w таңбасы цитаталық принциппен жазылатын кейбір кірме сөздер үшін әліпбидің төменгі жағындағы қосымша таңбалар құрамында ғана көрсетілді. Яғни түпнұсқа принциппен қолданылатын марка, бренд, логотип т.б. кейбір атауларды жазу үшін ғана қолданылады.

   2) Төл сөздердегі дауыссыз у дыбысын w таңбасымен беру мәселесі. Бұл принципті ұстанатын ғалымдардың уәжі – w әрпі дауыссыз у дыбысына арналған таңба. Алайда ағылшын тілінде Ww таңбасы а, е, о дыбыстармен қатар келсе, дауыстының: Silk way, New-York, word, басқа жағдайда дауыссыздың қызметін атқарады екен: windows, Wikipedia т.б. Яғни w тек дауыссыз у-ды ғана таңбаламайды. Бұл принципті ұстанатын ғалымдар тобының w таңбасын әліпбиге енгізудегі басты мақсаты – у-ды таратып жазу болып отыр (ол тараптың айтуы бойынша «қазақ тілінің ұлттық дыбыстық әуезін сақтап жазу»). Сонда ту деген сөзді үш әріппен tuw (тұу), алу деген сөзді төрт әріппен aluw (алұу), қуану деген сөзді 7 әріппен quwanuw (құуанұу)  деп жазуымыз керек. Ал бірнеше буынды сөздерді осылайша жазар болсақ, жазу, оқу сауаттылығын тежейтіні анық: сұуытұуылұуы, құуұушылық  т.б. Бұндай тәжірибе қазақ жазу тарихында болған. Араб, одан кейінгі латын (1929-1940), одан кейінгі кирилде (1940-1957 жылға дейін) и мен у-ды таратып жазу ала-құлалық пен сауат аштыруда көп қиындық тудырғандықтан, 1957 жылы кеңестік ғалымдар бұл дауға нүкте қойған еді. Енді латын графикасына көшкен кезде ол мәселені қайта әкеліп, қиындыққа жол ашпау үшін Орфографиялық топ мүшелері w таңбасын әліпбиге енгізген жоқ.

    Жалпы ағылшын фонетикасына қатысты жазылған еңбектерге көз жүгіртсек, w таңбасының пайда болу тарихы, ортағасырлардан басталған екен, яғни классикалық латын әліпбиінде бұл таңба жоқ. Рим Империясының дамуы барысында герман тілдерінде v дыбысына ұқсамайтын, бірақ u-ға жақындау дыбысты білдіретін таңба қажет болып, екі UU-дан құралған лигатураны ойлап тапқан. Кейде екі UU бірігіп емес, босаралықпен (пробел) де таңбаланған. Лигатураның бірінші «екі u» (double-u – двoйнaя u) деген атауы пайда болып, кейіннен «дабл-ю» (W) таңбасы қолданысқа енген. Қазір W (дабл-ю) таңбасы ағылшын әліпбиіндегі 23-ші әріп, бұл дыбысты жасауға тіл де, тіс те қатыспайды, тек еріннің алдыға қарай сүйірленуі арқылы жасалатын еріндік у дыбысы деп сипатталады.

      Ww таңбасы тіпті роман-герман тілдерінің басым бөлігінде тек кірме сөздерді таңбалау үшін ғана алынған. Ал әріптің өзі «дубль-вэ» (француз), «увэ добле» (испан, каталан), «доппия ву» (итальян),  «дублу-ве» (румын), «ве дубрадо» (португал), «дубль ви» (швед), «дабл ви» (дат), «дубль ве» (норвег) деп аталып, «екі дыбыс» деген ұғымды білдіреді және у, в дыбыстарының мәнін береді. Ал неміс тілінде төл сөздерде кездесетін в дыбысын таңбалайды. Латын графикасын қолданып отырған славян тобындағы словен, серб, хорват, босния тілдерінде Ww таңбасы әліпби құрамында жоқ, чех тілінде «двойте ве» деп аталып, тек кірме сөздерді жазу үшін қолданылады. Түркі тілдері тобына жататын түрік, азербайжан, өзбек әліпбилерінде Ww жоқ, пернетақтада ғана тұр.

Гүлфар Мамырбек,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығының

жетекші ғылыми қызметкері