Қанат Айтбаев: Қырғыз ұлтына қатысымыз жоқ!
2021 ж. 09 ақпан
1475
2
Осыдан бір екі күн бұрын әлеуметтік желіде қазақтан шыққан әйгілі әнші Димаш Құдайбергенді қырғыздың баласы, ұрпағы екен деген қауесеттер тарады. Бұл әңгіме желіде қызу талқы болды. Бүгін әншінің әкесі Қанат Айтбаев Facebook-тегі жеке парақшасында жауап беріп, өздерінің Қырғыз еліне қатысы жоқ екендіктерін айтыпты.
Қанат Айтбаев:
- Әжем Рахиманың руы Әлімнің ішіндегі - Жақайым, оның ішінде - Быламық. Ол кісі бойжетіп, Жақайым руының ішіндегі Талпақ, Қырғыз руының жиені Төлеубай деген кісіге тұрмысқа шығады. Екеуі бірнеше бала сүйеді. Сөйтіп жүргенде отызыншы жылдардың аласапыраны басталады. Аштықтың кезінде Төлеубай атамыз өліп, әжеміз бала-шағасын аштан өліп қалмасы үшін уақытша балалар үйіне өткізіп, аласапыран заманда олардан көз жазып қалады.
Ауылда аман қалған үлкендер ақылдаса отырып, сүйенер тірегінен, бала-шағасынан тірідей айырылған қам көңіл Рахима әжемді Әлімге сіңген Қырғыз руының ішіндегі Барақ, оның ішіндегі Тілеубайдан тарайтын, жұбайы қайтыс болған менің атам Айтбайға қосады. Жан-жақтағы ағайын-туыстың сүйемелдеуімен екі жарты бір бүтін болып, түтін түтетеді. Көп ұзамай өмірге менің әкем келеді. Анадай жағдайлардан кейін дүниеге келген бала, тіпті, тәтті көрінеді ғой, екеуі де: «Бізге бұл баланы Құдай берді...», десе керек. Сөйтіп, екі шаңырақтың өшкен отын тұтатқан сәбиге Құдайберген деген есім беріледі.
Әкеміз 7-8 жасқа келгенде, тағы бір қуанышты жағдай болыпты. Әжемнің Төлеубайдан туған Аязбай деген ұлы аман табылады. Айтбай атам той жасап, бауырына басқан. Аязбай да мейірімді, елгезек бозбала екен, лезде атама бауыр басады. Менің әкем Құдайбергенді еркелетіп, ертіп жүреді екен.
Бір күні Айтбай атам аттан құлап, мертігеді. Дерті әбден меңдеп, өмірден озар алдында ұлы Аязбайды шақырып алып: «Балам, естияр жігіт болып қалдың, менің уақытым таяған сияқты, інің Құдайберген өзіңе аманат, ешқашан бөлінбеңдер, саған сендім...», деп үзіліп жүре беріпті. Кейінірек анасы да өмірден озыпты. Атамыз қайтқан кезде менің әкем Құдайберген бар болғаны тоғыз жаста екен.
Әке аманатына берік Аязбай атамыз інісі Құдайбергенді жетелеп жүріп өсіріп, Барақтың Тілеубайынан, Жақайымның Талпағынан тарайтын барлық туыс-туғанның мейірімін бойына тең сіңіреді. Әкем Жақайым мен Барақтың ортақ баласы болып ер жетеді.
Әскерден келген соң, ағасының ақ батасын алып, әкем Алматы ауылшаруашылық институтына оқуға түседі. Оқып жүріп, Ақтөбенің Шалқар өңірінен келген, Әлімнің Шектісінен тарайтын Қабақтың қызы, менің анам Миуамен танысып, шаңырақ көтереді.
Екеуінен үш бала өрбідік - мен, әпкем Гүлзира, қарындасым Нұргүл.
Мен 1993 жылы институт бітіріп, Әлімнің Шектісінен, оның ішінде Назар руының Бәшенінен тарайтын Ермекқызы Светамен шаңырақ көтердім. Аллаға шүкір, қазір екі ұлымыз, бір қызымыз бар. Ата-анамызбен бірге бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.
Алатаудың бауырын мекендеген қырғыз ұлтына қатысымыз жоқ.
Құдандалы, жекжатты болар кезде ғана айтылатын ру тармақтарын, өмір тарихын жариялы түрде баяндауға мәжбүр еткен «журналистерге» не дейін?..