Жаңа әліпби: сын & пікір
2021 ж. 08 ақпан
1586
0
Қазақстан үкіметі 28 қаңтарда қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысын өткізіп, латын әліпбиінің жаңа нұсқасын мақұлдағаннан бері түрлі ақпарат легі ақтарылып жатырғаны – заңдылық. Мұнда сын да айтылады, мін де екшеледі, жақсылығын көрушілер де оған тең түсері даусыз. Адам қанша болса, пікіралуандығы да сонша. Алайда ақиқаты – бір істің бір кезеңінің аяқталғаны: жаңа әліпби әзір болды. Оны төрт аяғын тең басқан дей ме, сәл ақсаңқырайды дей ме, сылтып басады дер, бірі осыған жетер әліпби көрмегенмін дер, бәрі де өз төбесінің шындығын сөйлер.
Осы оқығаны сырт көзбен, шеттегі жұрт көзімен көрейікші. Кешеден бері шетелдік филолог әріптестеріміз, филолог емес дос-жар, таныс-біліс шын жүректерімен қуанып, құттықтауда. Тіпті, талдау жасап тастағандары, желіде бөлісіп жатқандары да бар. Неге? Себебі, тілеулес жан бізден ілгерілеу күтеді. Біздің де өз тілімізді өзіміз игеріп, олармен біте қайнасып кетпесек те, таңбалық тұрғыдан болса да үндесіп, ежіктеп болса да оқысып, түсінісіп, құлындай шұрқырасып жүргенімізді сағынатын бауырлас елдер бар.
Көзіміз жетіп, ғылыми негізін танымасақ та, «ауыз менікіге» салып, керексіз ызымызды төгіп жіберерліктей жаман іс жасалған жоқ. Сол үшін де, меніңше, «біткен істің міні, бітіргеннің кемі жоқ» дегендей, даурықпасыз, әр нәрсеге өз арнасында салиқалы түрде қарасақ, олқылығымыз болса, тез оңалар, артығымыз болса, кемір, кеміміз болса, артылар. Біз тарихи мәні бар, ел болашағы, ұлт мүддесі үшін жасалып отырған осындай қадамдарға байыппен және қырағы қарауды ұсынар едік. Ұлы өзгерістер мамыражай орныға салмайтыны да түсінікті. Үйреншікті қалыптан, әбден сіңісті болған психологиядан арылу да – солай, бұрынғы бейғамдығымызға қиянат іспетті келетіні рас. Десек те, даму динамикасының ережесіне бағынып, өз болмысымызды қайта қалыптастыруға, рухани тұрғыдан түлеуге, жабағы жамылғымызды тастап, әлеммен жаңа жүзбен үйлесім табуға тырысуымыз қажет-ақ.
Кейбір азаматтарымыз, осы бізге не береді, қырауар қаржыны шығыны шықпай ма деген секілді ойда жүргенін де көріп-біліп жүрміз. Тіпті, әліпби түзу кезеңдерінде өз жобасын ұсынушы, емледегі олқылықтар үшін күресуші әрбір тіл жанашыры, қоғам қайраткері, маман, ғалым – бәрі де біздің ел, тіл, мемлекет мүддесін ойлаушы, оған алаңдаушы тұлға деп танимын. Олардың көкейлеріндегі күмән мен күдікке де сый-құрметпен қараймын. Себебі оның өзі тілім не болады, ұрпағыма нені аманат етеміз дегеннен туындап отырғаны қуантады.
Латын әліпбиіне көшу ең алдымен біздің қазіргі жаһандану жағдайында әлеммен графикалық тұрғыдан үндесуімізге мүмкіндік береді. Шетелдердегі қазақ қандастарымыздың да әліпби басын біріктіретін құрал болары сөзсіз. Түркі тектес халықтармен де жазуымызда ұқсастық болуы тілдік қарым-қатынасымызды кеңейтуге, түркі әлемін біріктіруге септігін тигізетін болады. Технологиялық тұрғыдан да ықпалдасуға берер пайдасы мол. Ең бастысы осынша жыл рухани тәуелділіктен азат боламыз деген үлкен үміт бар.
Қазақстандық әрбір азамат бұл қадамды қуаттауы абзал. Біз бүгін тек әліпбиімізді жай ауыстырып отырғанымыз жоқ, осы арқылы тарих терезесіндегі шалаудан арылып, күннің тура түсуіне талпынып отырмыз.
Нұрлыхан Нұруллақызы,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент