«Қазақфильм» қазақ көрермендерін қазақ киносына қайтарды.

Дидар Амантай, «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы:

 "Жастар "Мыңбаланың" қазақ тіліндегі нұсқасын талап етуде.

-       Сұхбатты 2012 жылды қорытындылаумен бастайықшы... -       Өздеріңізге белгілі 2008жылы «Қазақфильм» басшылығына Ермек Әмірханұлы Аманшаев мырза келген болатын. Содан бері киностудияның жұмыс тәртібі өзгерді.  Кинопроцесті басқару бойынша барлық менеджмент жүйесі жаңартылды. Яғни, кез-келген фильмнің идеясынан бастап, ең соңғы прокатқа шығып халықпен қауышатын аралықта әрқайсысын жіті қадағалап отыратын дәрежеге жеттік. Тіпті фильм сценарийі жазылып жатқан сәттен бастап, оның жарнамасы да шығады. Бір ғана мысал, «Жаужүрек Мыңбала» түсірілмей тұрып-ақ, дүниежүзінің жетекші бұқаралық ақпарат беттерінде жарнамаланған болатын. Бұл дегеніміз, әлемдік кино технологиясындағы өнім өндіру, прокаттау үлгісінің жаңа нұсқасымен жұмыс жасап жатқандығымыздың  бір көрінісі. Ерлан Сағыновтың «Армандастар» атты киносын прокатқа шығардық. Алматы, Астана қалалары бойынша тұсаукесер рәсімдері өтіп, халық жылы қабылдады. Бүгінгі күні телеарналарға жол тартқан жайы бар. Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар Қарсақбаев түсірген «Махаббат бесігі» атты картинасы ел назарына ұсынылды. Артынша «Жаужүрек Мыңбаламен» таныс болдыңыздар. 2012 жылғы есеп бойынша «Жаужүрек Мыңбала» фильмі Қазақстан кинонарығында үлкен жетістікке жетті. Тіпті Голивудттың үздік туындыларын да басып озды. Яғни, Голливуд киноларының Қазақстанда тапқан табысы, «Мыңбалаға» жете алған жоқ. Бүгінгі күні 2 миллион доллардан астам қаржы жинады, әлі де жалғасын табуда. Дүниежүзілік прокатқа шығып жатқандықтын, табыс көзі бұдан да әрі ұлғая береді деген сенімдеміз. Ерлан Нұрмұханбетовтың «Аңшы бала», Әмір Қарақұловтың «Ғаламтордағы махаббат», Ермек Тұрсыновтың «Шал»картинасы экранға жол тартты. «Шал» Эрнест Хемингуэй шығармасының желісімен түсірілгенімен, Қазақстан топырағына лайықталған, жаңа үлгіде жүзеге асқан туынды ретінде жоғары бағалауға болады. Соңғы жылдары жылына 30-ға тарта деректі фильмдер, 5-6 қысқа метражды анимациялық фильмдер түсіріп жатырмыз. Көктем айында Қазақстан киносының тарихында тұңғыш  рет 50 сериядан тұратын «Қазақ елі» анимациялық фильмі жарыққа шықты. Оның ішінде сонау қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандардан бастап, бүгінгі тәуелсіздік алған кезге дейін түгел оқиғаларды қамтиды. «Хабар» және «Қазақстан» телераналарынан көрсетілді, бүгінгі күні DVD диск нұсқалары дайындалу үстінде. Одан бөлек қазақ анимациялық фильмінің тарихында тұңғыш толықметражды «Ертөстік» мультфильмі жарыққа шықпақ. Құдай қаласа, тұсаукесерін Астана қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз. Жылдың басында Чикаго қаласынан білім алып келген Ахат Ибраевтың Қазақстанда тұңғыш рет фэнтези жанрындағы «Аңыздар кітабы: Жұмбақ орман» фильмі жарық көреді. Фильмдерімізге қарап отырып, «Қазақфильм» барлық аудиторияны қамтиды және алдына қойған барлық мақсаттарына қол жеткізіп отыр деп түюге болады. Алғаш 2008 жылы көрермендер санын 1 миллионнан асыруды жоспарласақ, миллионнан асып калды деген сенім бар. Соңғы жылдары «Қазақфильм» қазақ көрермендерін қазақ киносына қайтарды. Біраздан бері орындалмай жүрген жоспардың бірі, халықаралық нарыққа шығу еді, «Жаужүрек Мыңбала» ол жоспарды да жүзеге асырып келеді. -       Сіз жоғарыда атаған кинолардың барлығымен дерлік халық қауыша қоймаған сияқты. Соған қарағанда олар «Жаужүректің» көлеңкесінде қалып қойған жоқ па?          -Жоқ олай деп айтпас едім. Тек «Жаужүрек Мыңбала» жанрлық, тақырыптық, сапалық  жағынан халыққа жақын қабылданды. Басқалары көлеңкесінде қалды деуге болмас, тек ол фильм  оқ бойы озық тұрғанын мойындау керек. «Жаужүрек Мыңбаланың» ізін қуып, артынан келе жатқан картиналар қатарына «Шал», «Ғаламтордағы махаббат», «Аңшы бала» фильмдерін жатқызар едім. -         Соңғы он жылдағы қазақ киноларының ұтқан тұстарын кәсіби көзқараспен айтып бере аласыз ба? -         «Қазақфильм» киностудиясы Орталық Азияда ең соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған бірінші киностудия. Мұның барлығы бүгінгі күні қазақ киноларының кемшіліктерін азайтып, артықшылықтарын молайтатын жағдайлар. Егер бізде белгілі дәрежедегі қиыншылықтар орын алып жатса, ол тек шығармашылық қиыншылықтар. Ал жалпылай алғанда, қазақ киносына көрермен жетіспейді. Кино шығынын ақтауға 16миллион халық аздық етеді.Сондықтан қазақ көп болсын, саяси және ықпалды күшке айналсын, 50 миллионға жетсін деген тілегім бар... -         Жүрген жеріңіздің барлығында «Қазақфильмді» жақтап, әрдайым ақтап жүресіз. Сізге қарсы шағатын адамдар да шаш етектен... Шаршамайсыз ба? -         Мен қазақ киносын жақсы көремін. Қазақ киносы қазақтарға, ұлт мұратына қызмет етіп жатыр деген ойдамын. Ш.Айманов, С.Қожықов, М.Бегалин, А.Қарсақбаев сынды тұлғалар негізін қалап кеткен қазақ киносының үрдісін одан ары қарай жалғастырып келе жатырмыз. Сондықтан да халыққа қызмет етуден әрқашан да жалықпаймыз және шаршамаймыз... -         Ұлтжанды журналистер тарапынан ««Қазақфильм» өнімдерінің көбісін орыс тілінде түсіреді. Ендеше «орысфильм» деп аталсын!» деген ызалы ұсыныстар айтылып жүр. Алып қосарыңыз бар ма? -         Кинотехнологиясы өте қызықты дүние. Көркем әдебиет алғашында орыс немесе қазақ тілінде жазылып, кейіннен басқа тілдерге аударылуы мүмкін. Ал кинотехнологиясы бір фильмді бірнеше тілде жасауға мүмкіндік береді. Ағылшын режиссері келіп  қазақ фильмін түсіре алады. Осы орайда кино қай тілде түсірілді деген сұрақтың өзі орынсыздау айтылған. Себебі оның киноға қатысы жоқ. Кино түсірілімі біткеннен кейін, қай тілде дыбысталу керек болса, дубляж сол тілде жүргізіледі. -         Онда неліктен орыс тіліндегі нұсқасын көбірек жариялайсыздар? -         Биыл «Жаужүрек Мыңбала» жақсы үрдіс бастады. Осыған дейін Қазақстандағы кинотеатрлар фильмді негізінен орыс тілінде сұрайтын еді. Ал «Мыңбалада» кинотеатр басшылығы бізден қазақ тіліндегі нұсқасын сұрауға мәжбүр болды. Себебі жастар солай талап етті. Бұл жағдайға қатты риза болдық. Егер жастар осы талаптарын ары қарай күшейте берсе, барлық кинотеатрларда қазақша көрсетуге дайынбыз. Өзіміздің мемлекеттік кинотеатр болмағандықтан, осылай жекеменшіктердің талабын орындауға біз де мәжбүр болып отырмыз. Олар қалай талап етсе, біз де солай жасаймыз. Журналистерге айтарым, күресті «Қазақфильммен» емес, кинотеатрлармен жүргізсе жақсы болар еді. -         Бүгінгі күні «дайын асыққа тік қасық», жаңа түсіріліген киноны сынағанға бәрі құмар. Осы орайда қазақ кинотанушыларына көңіліңіз тола ма? -         Қазақкинотанушылар өте білімді, керек жерінде сақадай сай жүреді. Бірақ, белсенді емес. Сондықтан да журналистер киноны дұрыс түсіне алмағандықтан, сыңар жақтылы пікір жариялап жатады. -         Ал белсенділік танытпауының сыры неде? -         Себебі, жазғандарына қаламақы алмайды. -         Неге? Журналистер алған қаламақыны кинотанушыларға да алуға болады ғой... -         Қаламақы мардымсыз... Оларға одан да бір жерге барып пікірін білдіре салған оңай. Жандарын қинағысы келмейді. -         Болашақ жастардың қолында деп жатамыз... Ал сіз сол болашақ киноны кімдердің қолына сеніп тапсыра алар едіңіз? -         Ахан Сатаев, Нариман Төребаев, Данияр Саламат, Ерлан Нұрмұханбетов, Ержан Рүстембеков, Данияр Күмісбаев, Бекболат Шекеров Әділхан Ержанов, Фархад Шарипов, Талғат Бектұрсынов, Олжас Исаев, Ахат Ибраев, Жасұлан Пошанов, Серік Әбішев, Алмас Бектібаев және Арман Алдамжаров  сынды талантты, білімді, киноның тілін меңгергенжастарымыздың өнерін жоғары бағалаймын.  

Сұхбаттасқан

Айдана АЛАМАН