Дәрігерлерге арналды
2021 ж. 02 ақпан
1634
0
Елордамызда COVID-19 індетімен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халатты абзал жандарға арналған М.Әуезовтің «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасының қойылымы өтті. Мұндай игі шараны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» ұйымдастырды.
Шара барысында театр директорының орынбасары Алмас Шоман сөз сөйледі. Ол алтын уақыттарын арнап, музыкалық қойылымға келген медицина қызметкерлеріне барлық ұжым атынан алғысын білдірді.
– М. Әуезовтің «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасы бүгін медицина саласының қызметкерлеріне арнайы сахналанды. Қазіргі пандемия жағдайында ауыр індетпен күресіп жатқан дәрігерлердің еңбегі орасан зор екені бәрімізге мәлім. Біздің артистеріміздің сіздерге арналған қошеметі мен құрметін қабыл алыңыздар, – деді театр директорының орынбасары Алмас Шоман.
Қойылымды елуге жуық медицина қызметкерлері тамашалады. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласының №4, №7, №9 қалалық емханалардан және Ұлттық нейрохирургия орталығы мен Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығынан келді.
– Бүгінгі қойылымдағы актерлердің шеберлігі мен барлық музыкалық аспаптардың жанды дыбыстары жанымызды жадыратпай қоймады. Біз өте қуаныштымыз. Театр ұжымы бізге осындай керемет көңіл-күй сыйлады, шаттана отырып тамашаладық. Сол үшін алғысымды білдіремін. Коронавирустың емі табылып, тезірек бүкіл әлем пандемияның құрсағынан шықса екен деймін. Еліміз аман болсын! – деді №4 қалалық емхананың дәрігері Арайлым Сейданова.
Театр ұжымының арнайы шақыруымен бүгінгі «Абай–Тоғжан» қойылымын тамашалап шықтым. Қойылым өте жоғары деңгейде өтті. Біздерге, мына әлемді жаулаған пандемиямен күресіп жатқан ақ халатты абзал жандардың еңбектерін ерекше бағалап, құрметпен қараған театр ұжымына алғысымды білдіремін, - деп №9 қалалық емхананың мейірбикесі Назерке Бердалиева өз пікірімен бөлісті.
«Абай – Тоғжан» музыкалық драмасы – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының бозбала кезеңінен көрініс беріп, алғашқы махаббатын шынайы сипаттайтын сахналық туынды. Қойылымды тамашалаушылар XIX ғасырға аяқ басып, Абайдай адамзат тарихындағы біртуар тұлғаның әлеміне саяхат жасайды. Сондай-ақ, сол кездегі жастардың жарқын тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен, өзара қарым-қатынастарымен жақын танысады. Осындай құбылыстар Абай мен Тоғжанның махаббатының туындауына себеп болады. Жас Абай тағдырдың жазуымен Тоғжандай сұлуды кездестіріп, өмірінде алғаш рет махаббаттың балғын дәмін сезінеді.
Спектакльдің инсценировка авторы Мирас Әбіл, режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, қоюшы-режиссері Алма Сырбаева, композиторы Бауыржан Ақтаев, балетмейстері Шырын Мұстафина, хормейстері Ғалымжан Берекешев.
Әділғазы КЕРЕЕВ
qazaquni.kz