Күш атасы
2021 ж. 01 ақпан
1920
0
Биыл қазақ халқының атын әлемге әйгілеген Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толады. Жер шарын аралап, жиырма сегіз мемлекетте күреске түсіп, ұзын саны елу алты медаль олжалаған Қажымұқандай палуан ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде тек қазақта ғана кездескен. Сол секілді Ресейдің спортшылары тобында Қажымұқаннан күші асқан бір де бір палуанның болмағаны да мерейімізді үстем етеді.
Бұған қоса осы жылы «Қажымұқан» деген атақты хикаят жазып, даңқты палуан өмірінің қыр-сырын терең ашқан жазушы Қалмахан Әбдіқадыровтың да туғанына 120 жыл болыпты. Оқырман назарына осынау шығармадан үзінді ұсынылып отыр.
БАЛУАН ШОЛАҚПЕН КЕЗДЕСУ
Үш атты көсем жеккен күймелі шана, қалың қарды қайыстай тіліп, Ақмолаға қарай келе жатты. Түтеген боран бөгеп, жолдағы бекетте екі күн түнеп қалып еді. Айналадағы елден бекетке келген бірлі-жарымды кісі арқылы – «Патшаның тау көтеретін палуаны келе жатыр екен» деген лақап ауылдан ауылға лезде тарады да кетті.
Әйелдер есіткен хабар жылдам тарайтын әдеті емес пе, бұл хабарды құлағы шалған адам үйінде отыра алмады.
– Шешей-ау, есіттің бе?
– Нені, шырағым?
– Бекетте дәу жатыр, – дейді ғой!..
– Шұнақ-ай, тағы не дейді... Дәуі несі, ойбай! Дәу пері Қап тауында жүреді демей ме? Әй, Қыздаркүл, бері кел, мына сұмдықты естіші! Иә, келін, оны кім айтты?
– Менің өзім де шала естіп қалдым. Елгезер қайнаға софы атама айтып тұр екен. Текебайдың Темірбегі ыққан жылқысын іздеп жүріп, бекетке соғыпты дейді... Барса бекетті аумағымен қар кеміп тастаған екен дейді... «Япыр-ай, бұлар тұншығып қалған шығар» деп тұрғанда, үйіріп соғып, үйіліп қалған төбе қар, қарс-қарс айрылып, қазанның қақпағындай төңкеріліп түсіпті. Сөйтсе, соның астында патшаның дәуі жатыр екен. Сол Алатаудай үйілген қарды алақанымен ысыра салыпты дейді...
Міне, осы сөз ауыздан-ауызға көшіп, алуан құбылып, Есіл, Нұраның өресін әп-сәтте аралап шықты. Ал шанада: үстінде мауыты костюмі бар, үй ішінде киетін киіз кебісті аяғының басына іліп, қасқыр ішігін жамылып, шарапты сіміре ұрттай түсіп, біреу келе жатыр.
– Күн де батуға таянды. Бекетке жақындадық па?
– Күн ұясына қона барамыз, таянып қалдық.
– Қызы бар дейсің бе?
– Қыз болғанда несін айтасың... Көктемнің гүлі, жұмақтың хұры.
– Түпкі атты тың сақтап, көсемдегі екі атты сыға айда. Жарық барда жететін болайық.
Тізбектеліп ұшқан үйректей, күйме сүйреткен көсем аттар, қары ойылып, қайырулы тұрған қақпадан сып етіп бекеттің қорасына кіріп келді. Бурыл тартқан Рысбек бекетші, кешкі шөбін салып, мал қорасының есігін жаңа ғана жауып болып еді. Көптен көрмеген күймелі қонақты қошеметтей қарсы алды. Атшының сәлеміне жауабын шала беріп, күйменің тұтқасына жабысты. Ашып жібергенде мырзаны көрді. Қара көлеңке тартқан күйменің ішінде үсті қоңыраудай сылдырап, біреу түскелі жатыр. Бекетші оның ішінде бір кісі ме, үш кісі ме, айыра да алмады. Қасқыр ішіктің жағасын көзі шалысымен-ақ:
– Қадиша қарағым, бері кел! Қонақты үйге кіргіз, тоңып қалған шығар, – деп күймеден басы шыққан кісінің қолтығынан сүйей берді.
– Рақмет, кейін тұра беріңіз, аяғыңызды басып кетіп жүрмейін. Мына иығымдағы ішікті алыңызшы, түсіп кимесем есікке сыятын емеспін.
«Е, бұл май бөксе мырзаның біреуі екен ғой», – деп ойлады бекетші. Ұзын жолдың өресінде өмірі өтіп, жолаушының байсымағына жалпақтап, жоқ-жұқа қонса шалқақтап үйренген Рысбек, қасқыр ішіктің жағасы қолына тигенде епелектей түсті.
– Қарағым Қадиша, мырзаның ішігін қарға тигізбей ұстай тұр, мен өзіне көмектесейін...
– Қызға бұл ішікті ұстай тұру оңайға соқпас, өзің алып, үйге апара бер. Қарындасым, маған жақында, үйге ала кіретін затты берейін.
– Мақұл, мақұл, қарағым, мырзаның бергенін байқап ұста, бүлініп қалып жүрмесін, – деп ішікті көтеріп, бекетші үйге қарай жөней берді.
Үйге кіре, әйеліне сыбырлай сөйлеп:
– Қатын, көп жылдан бері жол өресінен көрмеген біреу күймемен келіп түсіп жатыр. Сылдыраған бірдеңелер құлақты жаңғыртады. Тегі, ақша салған сандығы ма екен, қалай... Мына ішігін үйге апарып, таза көрпеңді төсе. Қадишаға үйге кіргізетін бірдеңелер беріп жатыр еді, мен соған барайын...
– Мына киіміне қарағанда, қаланың купеці сияқты ғой, өзі қазақ па екен?
– Қараңғыда қайдан білейін, гүрілдеген үні қазаққа ұқсайды, араластыра орысша да сөйлейді. Үйге келген соң көреміз тағы... – деп, үй қожасы асығып далаға шықты.
– Мә, қарындасым, сындырып алма, – деп, үлкен орамалға түйген бір затты ұсына берді. Қүйменің қақпағының қалтарысында тұрған қыз құшақтай ұстады.
– Айналайын, маған бер де, өзің ағаңды ертіп үйге кіргіз, суық тиіп қалар, – деп бекетші қауқалақтады.
Көк мауыты костюмінің омырауы жарқ-жұрқ еткен қара қалпақты мырза үйге кірді. Ауыз уйде еріне сыбырлаған әйел:
– Байғұс-ау, саудыратып көтеріп келе жатқаның не бәле?..
– Арақ-шарабы шығар.
– Өздері неше кісі екен?
– Атшысынан басқа адамы көрінбейді.
– Бетім-ай, осынша бәлені бір өзі іше ме?!.
– Ішкені жақсы, қатын. Арақ ішті жылыта берсе, мырзалардың қатты қолын жібіте береді. Мен аттарын жайғастырайын. Сен қазанға не салатыныңды сұра. Қазы, жая, үйткен семіз қойдың еті барын айт. Неше қадақ ас жер екен.
Сықырлаған аяз, көсем жегілген аттардың тізбекгелген қайысы тастай болып қатып қалыпты. Қолы мұздаған атшы әлі ағыта алмай жатыр еді, бекетші келіп көмектесті. Атты қораға байласа жүріп:
– Жігітім, бұл келе жатқан қай мырза?
– Оны өзінен сұра. Мен оншалығын біле қоймаймын, – деді қараңғы қорада ағашты сипалап, атты қаңтара байлап жатқан атшы, аяз сорып, икемге келмей тұрған аузынан сөзі божырай шығып.
– Күйме өзінікі ме, жалдап алған ба?
– Өзінікі де емес, жалдап та алған- жоқ... Мына қақпаны тағы біреу қағып тұр. Барсаңызшы, – деп атшы бекетшіні түртті. Ол бекітулі қақпаның алдына барып:
– Бұл кім? – деді.
– Күймелі кісі келді ме? – деді он үш-он төрттегі баланың жіңішке даусы.
– Келді, оны қайтесің? Өзің кімнің баласысын? – деді бекетші, қораның қақпасын ашпай.
– Ендеше болды, – деді де, бала атын тасырлата шаба жөнелді.
– Бұл қандай неме, қайдан келді өзі, күймешіні неге сұрап жүр екен? – деді бекетші ат жайғастырып жүрген кезде әйел.
– Қадиша, қонақтарға самауыр қой, – деп қызын далаға шығарып, өзі мырзаның кескініне көз қиығын бір жүгіртіп өтті. Алуан түрлі кісіні көрген бекетші әйел, тап осы ұсқынды адамды өмірінде де керген жоқ еді. Бет-әлпеті, отырысы не байға, не әкімдерге, не саудагерге ұқсамайды. Кімге жорырын білмей дал болды.
– Мырза, біз жолаушы күткен адам болған соң, қазанымызды қонақтың бұйыруына қарай асатын едік. Ас ішетін боларсыз? – деді.
– Ас ішкенде қандай, жеңгей... Қандай асыңыздың барын қайдан білейін?
– Сере шыққан жылқының қазысы бар, жая бар, жал бар, семіз үйткен қойдың еті бар.
– Он қадақ қазы, он қадақ жал-жая, он қадақ қой етін салыңыз. Әзірге мынаны ала тұрыңыз, – деп, он сомдық қызыл ала қағазды әйелге ұстата берді. Мұндай есепсіз берген ақшаны ұстай алмай, әйел бөгеліңкіреп қалды.
– Ала бер, жеңгей, тағысын-тағы береміз. Суық сорып, қарын ашыңқырап қалды. Асыңды жеделдет.
Әйел есік алдына келген күйеуіне сыбырлап:
– Мына мырзаң, үйдегі етті түгел ас деп отыр. Тіпті, аттың құны, он сом ақысын беріп те қойды.
– Неше қадақ ет ас деді?
– Отыз қадақ. Жарты пұт қазы, жая, он қадақ қой істі. Мұншалық асты қайтпекші екен, қазанға сыймайды-ау енді...
– Әй, жолға алып кететін шығар, өзінен сұрап жолға алатын болса, бөлек асып бер.
– Өзің сұрай ғой енді.
– Бар, бар. Етті әкеле бер. Атшысына көрсетіп тарт та, шараға сала берші. Мен отырған соң сұрайын.
Он сомдықтың қалтаға түскеніне көңілденген Рысбек үйге күлімсірей кірді.
– Мырза, «Жүздің жүзін танығанша, бірдің атын біл» деген ғой, жөн сұрағанды айып етпессіз... Қай жақсы деп білейік? Сүйегіңіз кім болады? Сапарыңыз қайдан?
– Айта отырыңыз, – деді, алдына тізерлене отырып бекетші.
– Сүйегім – жанбілмес руы, белгісіз байдың баласымын. Бір мың сегіз жүз тоқсан екі қой айдап барып, (бұл сол Қажымұқанның Россияға барған жылы) Россияға сатып қайттым. Енді елге қайтқан бетім еді.
– Япыр-ай, кісінің есітпегені көп болады екен-ау, жанбілмес қай елге жатады? Арғын ба, қыпшақ па?
– Отағасы, соны өзім де біліңкіремеймін.
– Дұрыс, дұрыс, ия, айтпақшы, асты көп сал деген екенсіз, жолға алатыныңызды бөлек ассын ба?
– Әй, тәйір-ай, жолда кісі тамақ іше ме, тұтас асып әкелсін-дағы.
Үй ішіндегі жан үшеу-ақ еді. Көп жылдан бері жолаушы күтіп, өмірі өткен үй іші: түсіп кеткен кісінің мейрімді болып, ат аунаған жерде түк қалғандай, есептен тысқары, баласының қолына бір нәрсе ұстатып кеткенін тәуір көретін. Бала дегенде жалғыз Қадиша, жасырақ кезінде оған бес-он тиын, бірер конфет берсе де жарасып, қонған қонақтар балаларды әлінше құр тастамайтын. Енді бойжетіп қалды. Болымсыз сыйды беруге ұялып, есейген балаға лайық сый табылмай, ие қимай, бекет пұльш, ас-судың ақысын төлеп кете беретін болған. Ол түнеп өтетіндердің ішінде ел байы, мырзалар да, атқа мінген, сөзге араласқан да, жай шаруа да, саудагер, төрелер де болды. Бірақ мінезі мен жаратылысы өзгеше мынадай мырзаны көрген жоқ еді.
Буын бұрқыратып, Қадиша самаурын кіргізісімен, жастыққа шынтақтап қисайып жатқан қонақ басын көтерді де:
– Қарындас, ана орамалдағыны алып, маған бер, Петербордың асынан ауыз тигізейін.
Дастарқанын жайып, шыны аяғын әзірлеген қыз, түюлі тұрған орамалды мырзаға алып берді. Алдымен бес шөлмек арақты қаз-қатар қойды да, қос уыс конфетті шаша тастады. «Гүнжиһан» сабыны мен бір құты иіссуды қыздың қолына ұстатты да:
– Базарлығым, шырағым. Тағы бір жолым түскенде тай да мінгізермін...
– Уа, мырза, қойыңыз, ауылға апара жатқан сәлем-сауқатыңызды жолшыбай үлестірсеңіз несі қалады? – деп қауқылдады қыздың әке-шешесі.
- Оақасы жоқ, отағасы. Жетімсіз дүниені кісі арбаға артып жүре ме, бұл күйменің ішіндегілер ғана. ІІетербордан қырық лау мүлік жолда келеді.
Сөйтіп налып жүрген кезінде, ауылдан жұмыс іздеп келген Қажымұқан кездесе кетті. Жай-жапсарын сұрай келіп:
– Досым, сен жүк тиеуші болып та күн көре алатының сөзсіз. Бірақ менің бір тілегімді қабыл ет. Адамның күштісі сен болсаң, аттың күштісі менің күреңім еді. Мына Колчак қоқырсығын тасып, соны құртатын болды. Сен соны арбасымен ауылыңа алып кет. Бір жеті тойдырып алсаң, аздап кіре тартып тұруыңа жарайды. Сенің қолыңда тұрса, Колчактың қамшысы селтеңдеген полицейлері де қоқаңдап қасына келе алмас еді. Оның үстіне, ауылың сені құрметтейді ғой, лауға сенің атыңды әурелемейді.
– Ол рас.
– Ендеше, арбасына жегіп берейін, мініп кет. Көп жыл қанатым болған жануардың налығанын көрмеймін. Тамағы күйлі болса, арбамен қырық пұт, шанамен сексен пұтты жүк демейді.
Бұл күздігүні болған жағдай еді. Сөйтіп, Мишаның сүйікті жирені Қажымұқанның қолына барып, городовойлардың күнде әурелеуінен құтылды. Түрінен сескеніп, сырттайтын полицейлерге: «Мынаның күйлі көлігін неге алмайсыңдар?» – деген байларға: «Сендер ез көліктеріңді аяп сандала бересіңдер! Ол – қырық жеті награда алған Николайдың палуаны. Оны біз құрметтеуге міндеттіміз!» – деп соқты.
***
Миша берген күрең атқа жем іздеп, қырман көтеріп жатқан біреуге бара қалғанда, сол қырманның басына сабын, шай, бірдеңелерін апарып, бидайға айырбастап жүрген Борсықбай кездесе кетті.
– Палуан, халің қалай?
– Шүкір... Қамыстай қалың елмен бірге өмір өтіп жатыр.
– Дұрыс, дұрыс. Бәрекелді, арбаң мен атың да өзіңе сай екен. Немене, мұнда алашағың бар ма еді?
– Қандай алашақ? Менің ондай сатып жүрген сабыным жоқ. Мына ұшықтарынан қиса, атыма жем алайын деп келіп едім.
– Е, оның дұрыс қой... Қырман деген кен емес пе, диқандар бірер қап ұшықтарын сенен аямас. Егіншілер, тәңір берген нәрсеге тарылмай, палуанның қабын толтырып жіберіңдер.
– Борсеке, ол біздің жұмысымыз ғой, өзің мына қара майдан істеген, балшық сияқты сабыныңды, зәрдей қымбаттатпай, төмендетіңізші... Қадаққа толмайтын кесегіне бір пұт бидай сұрайсыз. Оныңызды қалай алып, кір жуамыз?..
– Мейілдерің ғой, алмағандарыңа мен қайғырмаймын. Сабыным батпақ болсын, балшық болсын, арбамның үстінде тұр. Сендердің бидайларың –қырманда. «Балшық» дейсіңдер-ау, шырақтарым, – деп кеңкілдеген мысқыл күлкімен кеңсірігін кернеп, танауын желпілдетіп күлген болып, – заманының неге айналып тұрғанын сезбеген кісіге не айтарсың! Осы балшықтың өзі сонау жер түбіндегі Үркіттен әкелініп отыр. Жидектің жапырағын қуырып, шай деп ішіп отырғаны бұлардың есінде жоқ! Белі бүктелген шешелері қыстау айналасын тіміскілеп, ит мүжіген сүйек жинап, сабын қайнатпақ болады. Бұлар сол азаптан құтылуға, аз да болса көмек еткісі келген кісілерге айтып отырғаны мынау. Қоян терісіне – қызыл шүберек жапсырған бөрік киген большевиктер келген соң, первай сорт сіңір сабынмен жуатын боларсыңдар!..
– Борсық-ау, солар келе жатыр дегені рас па?
– Кім біледі, палуан. Іштегі бай біткеннің бәрін қамап, завод-фабрикалардың күл-талқанын шығарып, жердің бетін үйітілген тулақтай қылып жатқан солар дейді ғой. Оралдан өтіп, Селебеге (Челябинск) келіп-ақ қалған екен, ақтар әскерін алдына төгіп жіберіп, бір бөгесе керек...
* * *
Қажымұқан ерте тұрып, түнде басып қалған үрінді қардан қорасын аршып, үйіне жаңа кіргенде, үсті-басын қалың қырау басып, қасқыр ішікке оранып, Борсықбай келді.
– Палуан, мал-басың аман ба?
– Шүкір. Түтеген боранда ерте жүре қалғаның қалай? Үй ішің аман ба?
– Құдайға шүкір... Боран деп бүрлігіп жата бергеннің өзі жаман екен. Анау айтқандай жұлып кететін еш нәрсе жоқ, жүруге болады. Бір қысылтаяң шаруа саған күнімді түсіріп, келіп отырмын. Өзіңнің ерлік көмегің тимесе, өте қиынға айналып кетті...
– Не боп қалды? Сауда досым...
Құдай кәпірге мұсылманның күнін түсірмесін! Палуан, өкіметтің промторг деген мекемесіне бидай жинап беруге біраз затын алып едім. Күзде қырман басында жолыққанда соны жинап жүрген болатыммын. Ол бар болғыры жиналды да, жылмықта жеткізілмей, боранға ұшырады. Енді соны екі күн ішінде жеткізіп бермесе өзімді қамап, мал-мүлкімді қазынаға салам депті. Оның үстіне, жолай тартып алатын бірдеңелер шығып, жай кісі жүре алмайды дейді. Соның жүз пұт бидайын жеткізіп беруге жәрдемдес деп өтінішпен келіп отырмын, – деді саудасын айтса көне қоймайтынын білетін Борсықбай. Қайғы бұлтын бет-әлпетіне қалың жауып алған кейпіне қарап, палуан ойланып қалды.
– Көліктерің сай тұр ма?
– Көлік, шүкір, бар ғой... Бірақ соның кілтипені бар, Қажымұқан. Оларға басты сылтауым: «Көлік табылмай жатыр», – деп едім. Сондықтан өз атыңмен жеткізіп берсең тәуір болар еді. Ол үшін, тиісті ақысын төлейін.
– Онда ыңғайы келіңкіремейді. Бұл қолыма аманат деп қойған біреудің малы еді. Сүре түспеген соқпақта елігі қалуы мүмкін, жем-шөпке де онша кенеліп тұрған жоқ. Қөлік тапсаң, жеткізіп берейін.
Борсықбай түске шейін қояр да қоймай, Қажымұқанның атымен бір лау астықты қалаға апаруға көндірді. Өзінің шай, жер майы, сабын сияқты үй керегіне де зәру еді. Кіре ақысына бір қап бидай, астықты жапқан шөпті алмақ болып, сондықтан жүкті аямай салып, елу пүт бидай тиеді. Борсықбай салт атпен жанына еріп отырып түтеген боранда қалаға жетті. Қалада байдың атына аздап шөп тастап, өзі жарты қап бидай алып, Мишаның үйіне келді.
Келсе, Мишаның үй іші қасіретте екен.
Ат-арбасын Қажымұқанға берген соң, Леспромхозға жұмысқа кірген Миша, декабрь ішінде болған жұмысшылардың көтерілісіне қатынасқаны үшін ұсталып кетіпті. Ең үлкені он үш жастағы төрт баланың ортасында қалған әйелі бір кеңсенің үй тазалаушысы болып, балаларының күнделік қорегін тауып тұрған екен, екі өкпесіне бірдей суық тиіп, бас көтере алмай қалғанына бес күн болыпты. Ішетін ас, жағатын отыны жоқ, шуылдап жылап отырған балалардың үстіне кіріп барды. Үй тіршілігінің ісіне икемі жоқ адам, оларға жәрдем көрсетудің есебін таппады. Атын доғарып, қораға байлады да, темір жолға жақындау шетте, қисайып тұрған бір бағананы көзі шалып еді, соған барып, жұлып алып, иыққа салып алып келіп, күйретіп отын қылды. Құдықтан су әкеп, құмыраларын толтырды. Екі пешке бірдей жағылған от қабырғасына қарыс болып тұрған қырауларды ерітіп, үйді тұманданған бу басты. Үлкен пештің қуысына барып бұйығып жатқан балалар бастарын көтеріп, Қажымұқанның жолға алған наны, бір кесек еті әлдеқашан тас болып қатып қалған. Оны енді қыза бастаған пештің ернеуіне қойып, жібітіп балаларға азық етті. Әкелген жарты қап бидайын да қол диірменге тарта бастады.
* * *
Жанға көрсетпей тыққан ұраларың ашып, түнде қаптаған бидайларды тиеп, ауылдан алты шақырым жердегі қалың шырпыға кіре бергенде, таң саз беріп келе жатыр еді. Мол қып тиеген шөптің арасына он қап бидай салып, күрең атын алдына салған Қажымұқан, жуан шыбыртқысын жанына қойып, қалғи түсіп келе жатты.
– Палуан, айдаңқырап отыр, осы бір шырпыдан тез өтіп кетелік, – деді әлденеден сезіктенген Борсықбай, ортадағы шанада отырып.
– Мен барда не қорқатының бар, Борсықбай, шырпыда не бар дейсің, тәйірі...
– Сонда да болсаң, баяу кеттің, айдай түс, палуан.
– Ол «Шуу» деп делбесін қаға бергенде, «мә...» деген ешкінің дауысы шыққандай болды. Селк етіп шошып кеткен палуан жол жиегіне қарай бергенде, бұта арасынан созылған айырдың сабы шошайып шананың үстіне келіп қалды. Айырдың ашасы сайын сығыстыра түйреген тышқандар, құйрықтары салбырап, Қажымұқанның тұмсығына таянып келіп қалды. «Ок!» деген жуан үні бір шықты да, жол жиегіндегі омбы қарға етпеттеп түсіп құлай кетті.
– Қажымұқан! Шыбыртқыңды сілтей гөр... – деген Борсықбайдың қарлыққан даусы бір шығып, ырсылдап, пысылдап барып, бұтаның арасына жоқ болды. Палуан әнтек басын көтере бергенде, тышқан тізілген айыр әлі алдында «у» деп, аударылып, төңкеріліп тұр екен. Тұлыбын басына орай түсіп, етпеттеп жата қалды. Қайтып қарауға шамасы келмей, таң әбден атқанда басын бірақ көтерді. Бір жерде бебеу қағып Борсықбай, бір жерде баласы жатыр екен. Қайыс белбеумен байланған матауларын шешіп босатып алды.
* * *
– Ендігі қалғанын сіз апармасаңыз, өздерінен тартып-ақ алар едік.
– Мен болмасам, өздері де апармай, тыққан жерінде шірітеді. Қайда тыққанын білсем айтар едім, білмеймін. Бірер жігітімен өздері қаптап, шанаға тиеп болған соң үстіне бір-ақ мінем. Енді қалғанын қар кетпей қа- лаға жеткізетін түрі бар. Мені бар екен деп қорықпай-ақ қойыңдар, менің тышқаннан қорқам дегеніме сенбейтін адам жоқ. Өлген тышқанды істікке шаншып көрсетсеңдер, мен өрт шығып жатса да тырп етпеймін.
– Палуан аға, онсыз да күн көрер едік қой. Халықтағы барды Колчак жинап алды. Аяқ жететін жерде ендігі бар астық осы қоңыздың көмбесінде. Ендеше, алып қалыңдар.
– Мүмкін, шырпы ортасынан тосқандар солар шығар. Ертесіне таңертең палуанның күрең аты шанасын сүйретіп ауыл ортасында жүргенін көріп біреу жетектеп әкеліп берді. Бидайдың қайда қалғанын ешкім білмейді.
– Мұның бидайын қайда апарды екен? – дегендерге:
– Оны күрең аттан сұрамасаңдар, мен қайдан білейін, – деді палуан.
Палуан арбакештік кәсібін совет өкіметі түгел орнағанша істеді. Түрмеде бір жыл отырып, кызылдар босатқан Миша армияға көмектесіп, азамат соғысы аяқталған кезде келді. Соған шейін тапқанын екі үйдің баласына тең бөліп беріп отырды.
– Палуан, арбакеш, жүк тиеуші болып ендігі істеуің жараспас. Күшің бойыңда, Семейде цирк ұйымдасып жатыр, соған бар, – деді қалалық советтің председателі.
Қалмахан ӘБДІҚАДЫРОВ
qazaquni.kz