Өнегелі өмір өрнектері
2021 ж. 23 қаңтар
1856
0
Профессор Әбдіжаппар Жұманұлымен соңғы бес-алты жыл көлемінде аралас-құраласпыз. Біздің танысуымызға дәнекер болған Нәзір Төреқұловқа арналған конференциялар, түрлі деңгейдегі жиындар мен басқосулар. Әбекең «Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қайырымдылық қорының президенті ретінде ұйымдастырушылық іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Мінбеге көтеріле қалса шешендігімен, көкейге қонымды орнықты сөздерімен көпшіліктің назарын өзіне аударады. Нәзір жайында ой-пікірлері дүйім жұртты тебірентіп, толғантады. Мамандығы экономист-профессордың Төреқұловтың әдеби мұрасы, журналистік және елшілік қызметтері хақындағы ақтарыла айтуы оның терең білімдарлығын, сан-қырлы ғалымдығын айқындаса керек.
Қазақ халқының аяулы перзенті, көрнекті саяси және қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым, ұлтымыздан шыққан тұңғыш дипломант, Кеңес одағының Сауд Арабиясындағы елшісі, 30-жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Нәзір Төреқұлов туралы Кеңестік кезеңдегі энциклопедиялық анықтамада мынадай қысқаша ғана мәлімет болды: «Нәзір Төреқұлов (1892-1937) Кеңестік партия қайраткері, тілші. 1918 жылдан КОКП мүшесі, Түркістанда Октябрь революциясы мен азамат соғысына қатынасушы. 1918-1922 жж. ОАК төрағасы, Атқарушы бюроның төрағасы, Түркістан КП ОК хатшысы. 1922 жылдан әкімшілік-творчестволық, дипломатиялық жұмыста. БОАК мүшесі».
Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егемен ел аталғанда ғана Нәзірдің еңбектерін зерттеу қолға алына бастады. «Тәуелсіздік туын көтерген еліміз өзінің өткен жолының бұралаңдарын, халықтың басына душар болған азап пен қорлықтың түп-тамырын білуі парыз, – деп жазды академик Рахманқұл Бердібай. – Есі дұрыс ел «азаматтық қоғам орнатамыз» деген сынды жалған «теорияға» елігіп кетпей, дамудың өзіне ғана тән дұрыс жолын іздестіруі қажет. Бұл бағытта бізге халық үшін қабырғасы қайысып еңбек еткен, сондай әрекеттері Мәскеу билеушілеріне ұнамай, өмірлері ерте қиылып кеткен алаш азаматтарының өнегесі таудай тірек бола алады. Солардың бірі емес, бірегейлері қатарында болған мемлекет қайраткері, көп қырлы дарынымен артына құнды мұра қалдырған Нәзір Төреқұлұлы».
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Нәзір еңбектерін іздестіру, зерттеу жұмыстары жүргізілді, алғашқы туындылар жарық көрді. Журналист-жазушы Жолтай Әлмашұлының Нәзірге арналған екі кітабы нәзіртанудың қарлығашы болды. Атақты қайраткер-дипломантқа қатысты аса құнды деректерді түрлі мұрағаттардан тірнектеп жинап, оларды үш жинақ етіп жарыққа шығарған Ыбырай қажы Исмаилұлы еді. Кезінде жазушылар Ө.Тұрманжанов, Ж.Арыстанов, аса көрнекті ғалым Б.Кенжебеав, профессор Т.Қожакеев мақалаларында Нәзір тұрғысында құнды деректер келтіріп, пікірлерін айтты.
Нәзір Төреқұловтың Сауд Арабиясындағы елшілік қызметі жөніндегі кең ауқымды зерттеулер жүргізіп, дипломанттың жарқын бейнесін жарқырата көрсеткен, кезінде Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған саясаттану ғылымдарының докторы Тайыр Мансұровтың қажырлы ізденістері ерекше бағалауға әбден лайық.
«Төреқұлұлы өзінің адалдығымен, еңбекқорлығымен, тіпті суретті жақсы салатын өнерімен және бірнеше тілді (ағылшын, француз, неміс, түрік, араб, орыс, өзбек тілдерін санамағанда) білуінің арқасында шетел дипломаттарының арасында беделі мен ықпалы арта берді, - деп жазады Т.Мансұров. – Оған оның адамдармен тез тіл табыса білетін қасиеті де септігін тигізеді. Сондай-ақ оның білімі мен шешендігі жергілікті әкімшілікпен тығыз байланыс орнатуы да беделін өсіреді. Ол сонымен бірге Меккеге қажылыққа келген мұсылман әлемінің жоғары лауазымды дін басыларымен де тез тіл табысып, қарым-қатынас орнатып жүрді. Осылайша ол дипломатиялық корпустың дуайеніне (ақсақалына) айналды. Бұл оның кәсіби қызметінің заңды жетістігі еді».
Академик Әбдіжапар Сапарбаев «Нәзір Төреқұлов» қайырымдылық қорының президенті ретінде сан қырлы игілікті іс-шараларды ұйымдастыруда ерекше белсенділігімен ел құрметіне бөленіп жүр. Енді солардың кейбіреулерін тілге тиек етелік. Айталық, 2017 жылы күзде Түркістан қаласында көрнекті мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұловтың 125 жылдығына арналған «Алаштың асыл перзенті» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның мемлекеттік деңгейде өтуіне мұрындық болды. Біз де осы конференцияда «Нәзір Төреқұловтың өзбек баспасөзін ұйымдастырудағы рөлі» атты тақырыпта баяндама жасаған едік. Төреқұлов Қоқан совдепінде қызмет ете жүріп «Халқ сузи» («Халық сөзі») кеңестік баспасөзін өзі құрып, редакторлық етті. Сондай-ақ Түркістан компартиясының органы болған «Инқилоб» («Революция») журналының да жарыққа шығуы Нәзір есімімен тығыз байланысты. Нәзір Төреқұловтың 20-жылдардағы өзбек баспасөзін ұйымдастырудағы қызметі зерттеуге сұранып тұр. Сол сияқты оның өзбек газет-журналдарында жарық көрген өзекті саяси мақалалары, әңгімелері, әлем әдебиетінен жасаған аудармалары зерттеушілердің назарын аударса нұр үстіне нұр болар еді. Сол жылдары Нәзірдің шығармашылықтарында журналистік, публицистік шеберлік қырлары жарқырай көрінді.
Кезінде «Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қайырымдылық қорының тікелей ұйымдастыруымен ғылыми-практикалық конференциялар Алматы, Астана және Ақтау қалаларында да өтті. Осындай игі бастама Сауд Арабиясы мемлекетінен да қолдау тауып, 2022 жылы ЭР-Рияд қаласында Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтетін болды. Қазір осы игілікті шараға дайындық жұмыстары басталып та кетті. Нәзір Төреқұловтың Сауд Арабиясындағы елшілік қызметін толық зерттеу, мұрағаттардан құнды құжаттарды іздестіру, елге әкеліп, жұртшылыққа, ғылыми ортаға ұсыну мақсатында «Нәзір жүрген жол» атты ғылыми-тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылуда. Осынау игі бастамалардың басы-қасында біздің досымыз, қажымас қайраткер Әбдіжапар Жұманұлының жүргенін әрдайым мақтан етеміз.
Нәзір Төреқұловтың рухани мұралары – басылымдары, хаттары, мақалалары, баяндамалардың мәтіндері, жазбалары төрт томдықта «Алаш мұрасы» сериясында жарық көрді. Профессор Ә.Ж. Сапарбаев осы көп томдықтың шығарылуына белсене қатысты және редакция алқасының мүшесі болды. Профессор Ә.Ж. Сапарбаевтың Нәзір Төреқұлов мұралары жөніндегі мақалалары республикалық басылымдарда жарияланып жүр.
Профессор Әбдіжапар Жұманұлы Нәзір Төреқұловтың 115, 120 және 125 жылдығына арналған әртүрлі халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық конференциялар мен симпозиумдарды ұйымдастыруға белсене қатысып, баяндамалар жасады.
«Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қайырымдылық қорының бастамасымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ–түрік университетінде, әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде, Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінде конференциялар өткізілді. Конференциялар жұмысына республиканың, таяу және алыс шетелдің айтулы ғалымдары, дипломатиялық корпус өкілдері, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты.
«Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қайырымдылық қорының бастамасымен Түркістан облысында үлкен қайырымдылық жұмыстар атқарылды. Түркістанда Нәзір Төреқұлов атындағы мешіт пен мұражай салуға белсене араласты.
Конференциялар жұмыстарының нәтижелері ретінде қазір жүзеге асып жатқан келесі ұсыныстарды бөліп көрсетуге болады: Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары көшелерінің біріне Нәзір Төреқұловтың атын беру; ҚР Білім және ғылым министрлігіне халықаралық қатынастар, халықаралық құқық және әлемдік экономиканы меңгеруші озат студенттер мен магистранттар үшін Нәзір Төреқұлов атындағы стипендия тағайындау; жоғары оқу орындарында Нәзір Төреқұлов атындағы аудиториялар, кабинеттер мен орталықтар ашу; Қазақстан мен шетелде Нәзір Төреқұловты кең көлемде таныстыру мақсатында зерттеу жұмыстарын және еңбектерін шығаруды ұйымдастыру; Нәзір Төреқұловтың 130 жылдығын жоғары мемлекеттік деңгейде өткізуді жоспарлау.
Ұйымдастырушылық, қайырымдылық және демеушілік жұмыстары үшін профессор Әбдіжапар Сапарбаев Түркістан әкімшілігі мен «Нәзір Төреқұлов» Халықаралық қайырымдылық қорының Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен және Нәзір Төреқұлов атындағы медалімен марапатталды.
Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы ерекше қызметі мен қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін ол Сарыағаш ауданы әкімшілігінің және Жылға ауылдық әкімшілігінің Құрмет грамотасымен марапатталды, сондай-ақ Түркістан облысы Сарыағаш ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Профессор Әбдіжапар Сапарбаев - 1978-1983 жж. Қазақ химия-технологиялық институтында оқытушы, 1983-1986 жж. - Украина ҰҒА В.М.Глушков атындағы кибернетика институтының аспиранты (Киев қаласы), 1987-1989 жж. - Украина ҰҒА В.М.Глушков атындағы кибернетика институтының инженері (Киев қаласы). 1989-1999 жж. - Алматы технологиялық университетінің доценті, кафедра меңгерушісі, проректоры. 1999-2004 жж. - Алматы экономикалық университетінің ректоры. 2004-2005 жж. - Қазақ мемлекеттік ғылыми-техникалық ақпараттар ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. 2005-2008 жж. – Еуразиялық технологиялық университетінің ректоры. 2008 жылдан - Қайнар университетінің ғылыми-әдістемелік жұмыстары бойынша проректоры және Экономикалық зерттеулер институтының директоры лауазымды қызметтерді атқаруда. Сондай-ақ, 2019 жылдан - Халықаралық инновациялық технологиялар академиясының президенті.
1988 жылы 28 қазанда Украина ҰҒА В.М. Глушков атындағы Кибернетика институты жанындағы К 016.45.05 Арнайы кеңес отырысында «Ауыл шаруашылығында әуе кемелерін қолданудың оңтайландыру әдістері» тақырыбында экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 1995 жылы 5 желтоқсанда Украина ҰҒА В.М. Глушков атындағы Кибернетика институты жанындағы Д 01.39.06 Арнайы кеңес отырысында «Астық өнімдері кешеніндегі көлік жүйесінің экономикалық–математикалық модельдері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. 1996 жылы Украинаның Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен Украина экономика ғылымдарының докторы дипломы, 1997 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары аттестациялық комиссиясымен Қазақстан Республикасы экономика ғылымдарының докторы дипломы берілді.
Республикада экономикалық кибернетика проблемалары бойынша ірі ғылыми мектебінің негізі қаланды. Профессор Сапарбаевтың ғылыми жетекшілігімен экономика мамандықтары бойынша 7 докторлық, 19 кандидаттық, 2 доктор PhD және 81 магистерлік диссертациялар қорғалды. Олардың көпшілігі қазір белгілі экономистер болып саналады: ғалымдар, педагогтар және ірі кәсіпорын жетекшілері.
Сапарбаев Әбдіжапар Жұманұлы жоғары оқу орындарының басшысы ретінде университетте кәсіби білім берудің құрылымдық мазмұнын жаңарту және жаңалық енгізу, оқу үрдісіне жаңа технологияларды енгізу, жаңа мамандықтарды ашу, нормативті–әдістемеліктермен жабдықтау, жоғары білімнің мемлекеттік стандарттарын жасау, жоғары оқу орнының материалдық–техникалық базасын нығайту мәселелерімен белсенді айналысуда.
Айтулы педагог-ғалымның негізгі мақсаты – қол жеткізген жетістіктермен шектелмей оқу үрдісін модернизациялау және оңтайландыру проблемаларын шешу, халықаралық білім беру стандарттарын меңгеру. Оның жетекшілігімен экономикалық және техникалық мамандықтар бойынша бакалавриат, сондай–ақ, магистратура, аспирантура жөнінде жаңа мамандықтар ашылды, сонымен қатар, экономика ғылымдары бойынша диссертациялық қорғау жөнінде бірлескен Диссертациялық кеңес құрылды. Атақ–дәрежелер оқытушы–профессор құрамымен білікті команда жинауға мүмкіндік туғызды.
Сапарбаевтың ғылыми–ұйымдастырушылық қызметі ғылыми жұртшылыққа танылды. Ол Халықаралық ақпараттандыру академиясының (1998), Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының (1998), Украина экономика ғылымдары академиясының (2001), ҚР жаратылыстану ғылымдары академиясының (2001), Нью–Йорк ғылым академиясының (2004), Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының (2008), Ресей жаратылыстану академиясының (2014) толық мүшесі (академигі) болып сайланды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі (2014).
Әбдіжапар Жұманұлы жоғары оқу орнының жетекшісі ретінде университеттегі кәсіби білім беру құрылымын реформалау және арттыру, оқу үрдісіне жаңа иннивациялық технологияларды енгізу, жаңадан ашылған мамандықты нормативті–әдістемелік бейімдеу, жоғары білім берудің мемлекеттік стандарттын жасау, материалдық–техникалық базаны нығайту мәселелерімен айналысып келеді.
Профессор Әбдіжапар Жұманұлы жоғары білікті экономикалық және ғылыми кадрларды даярлау мәселесіне үлкен мән беруде. Алматы экономикалық университетінің және Алматы гуманитарлық–техникалық университетінің ректоры ретінде әртүрлі экономикалық мамандықтар бойынша лайықты экономистерді дайындауда көп күш–жігер жұмсады.
Ә.Ж. Сапарбаевтың жетекшілігімен және қатысуымен Алматы экономикалық университетінде экономика мамандықтары бойынша аспирантура мен магистратура ашылды, сондай–ақ Алматы экономикалық университеті және Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті негізінде 08.00.02 және 08.00.13 мамандықтары бойынша кандидаттық диссертацияларды қорғау жөнінде Біріккен диссертациялық кеңес құрылды.
Ғылыми жұмыстары экономикалық кибернетика, көліктегі логистика, экономика және халық шаруашылығын басқару (көлік–коммуникациялық кешені), экономикадағы математикалық және инструментальдық әдістер, жүйелі талдау және ақпаратты басқару мен өңдеу салалары бойынша зерттеулермен байланысты.
Профессор Әбдіжапар Сапарбаев Мәскеудің, Санкт–Петербургтің, Минсктің, Ташкенттің, Аустрияның ғалымдарымен, В.М. Глушков атындағы кибернетика институтымен және Украина ҰҒА Экономика институтымен, Целле қаласындағы Неміс менеджмент академиясымен, Орталық экономикалық–математикалық институтымен (ЦЭМИ) және РҒА Экономика институтымен (ИЭ РАН), Түрік Республикасының Хаджеттепе және Гази университеттерімен, Рединг университетімен (Ұлыбритания) шығармашылық байланыс орнатып келеді.
Профессор Әбдіжапар Жұманұлы экономикалық–математикалық модельдердер мен оларды халық шаруашылығында ендіру және тиімді жоспарлау әдістерін жасау, сол сияқты жаңа ақпараттық технологияларды құрастыру салаларындағы танымал ғалым. Ұстанған бағыты - экономикалық кибернетиканың көкейтесті де қажетті бағыты дамыту – экономикалық–математикалық тиімді модельдерді және халық шаруашылығының мақсатты жоспарлау, болашақты және ағымдық жоспарлауды шешу құралдарын жасақтау. Олардың арасында маңыздылары градиенттік әдістерін біріктіру, үлкен өлшемдік міндеттер үшін декомпозициялық әдістерді, экономикалық–математикалық моделдеу әдістерін және жаңа ақпараттық технологияны жасақтау болып келеді.
Кеңестік экономикалық–математикалық мектеп дәстүріндегі прагматизм мен ауқымдылық, зерттеулер талдамының тереңдігі, кең ауқымды дереккөзін қолдану сияқты ғылыми–зерттеу ізденісіндегі негізгі ерекшеліктер оның ертедегі зерттеулерінде байқалған еді.
Профессор Сапарбаевтң негізгі ғылыми бағыттарына мыналар жатады:
- кибернетика мен жүйелі талдаудың теоретикалық мәселесін зерттеу;
- экономикалық кибернетика мен информациологияның математикалық аппаратын және қолданбалы теориясын құру;
- әртүрлі кәсіпорындар мен әртүрлі саладағы өндірістің тиімділігін жоспарлау мен моделдеу;
- әртүрлі деңгей мен мақсаттағы автоматтандырылған жүйені және жүйелі бірігуді құрудың ғылыми негізін зерттеу;
- экономикалық кибернетиканың, компьютерлік технологиялардың және информациологияның әдістері мен құралдарын халық шаруашылығына енгізу.
- 1997–2003 жылдары құрастырылған және Ақтау, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының кәсіпорындарында мақұлданған кәсіпорын жоспарларын құру технологиясын жетілдіру жөнінде әдістемелік ұсыныстар.
- Астық өнімі кешенінде көлік құралын тиімді қолдануды жетілдіру жөнінде республиканың солтүстік облыстары үшін тәжірибе жинақтау жолымен құрастырылған әдістемелік ұсыныстар.
- Жоспарлы есептердің автоматтандырылған жүйе технологиясын енгізу және агроөнеркәсіп кешенінде, кәсіпорындар мен әртүрлі фирмаларда қалыптасқан жергілікті ақпараттық желі құру туралы жұмыстар.
- Қызылорда облысының қүріш өсіретін кәсіпорындары үшін жасалған облыстың экономикасын шаруашылық жүргізудің нарық жағдайына ауыстыру жөніндегі есептер мен әдістемелік ұсыныстар.
- Аймақтың әлеуметтік–экономикалық құрылымының жұмыс істеу анализі мәселесін шешу үшін интелектуалды ақпараттық жүйені жетілдіру және нарық қатынасындағы жобалық, бағалау–индикативтік бағдарламасын қалыптастыру жөнінде әдістемелік ұсыныстар. Себеп-салдар механизмінің сызбасы және аналитикалық модельді аппаратының құрамы негізделді. Осы зерттеулер Жамбыл облысына енгізілген болатын, сондай–ақ аймақтың әлеуметтік–экономикалық дамуының мақсатты бағдарламасын бағалау үшін республиканың басқа да өңірлерінде қолданыла алады.