ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ҚАЖЫМҰҚАНЫ
2021 ж. 19 қаңтар
1203
1
Қазақ киносының алтын қорынан ойып тұрып өз орнын алған әйгілі актер Әлімғазы Райымбеков ағамыздың дүниеден өткені туралы қаралы хабарды зор күйзеліспен қабыл алдым.
Ел руханиятына өлшеусіз үлес қосып кеткен Әлімғазы Смағұлұлы ұзын саны 14 киноға түскен екен. Шоқтығы биік «Тақиялы періштеден» бастап, кеңестік дәуірді айнытпай көз алдыңа әкелетін «Долана», «От оранған Орал», «Қан мен тер», «Дала гүлі», тағы басқа да туындыларымен жалғасады. Мұның ішінде саяси себептермен экранға шықпай қалғандары да баршылық.
Қазақстанның мәдени ғана емес, қоғамдық өміріне де араласып, өз ұстанымын ашық жеткізетін шындықтың шырақшысы еді.
Әлімғазы ағамыз 2002 жылдан бері «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі атанып, қатарымызды толтырған қазынаға айналды.
2015 жылы Талдықорған қаласында ағамыздың 80 жылдық мерейтойы дүркіреп өткені есімде. Астанадан арнайы барып ат мінгізіп, шапан жауып, елге сіңірген еңбегіне шынайы ризашылығымды білдірген едім.
Алланың әмірі жетіп, Әлімғазы ағамыздың да сағаты соғыпты. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, жаны пейіштің төрінде шалқысын. Туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Ағамыздың өзі арамыздан кетсе де, оның аты ел жүрегінде мәңгі сақталады.
Азат Перуашев,
«Ақ жол» партиясының төрағасы,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты