Бұл жеңіс – Ұлтық арнаның ғана емес, мемлекеттік тілдің де жеңісі!

Қазақстан  РТРК төрайымы Нұржан Мұхамеджанова:

 -Ұлттық арнаның биылғы жылдың қаңтар, ақпан айында ТНС зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша көрермендер жинаудан барлық арнаның алдына шығып, үздік атануымен құттықтаймыз. Ұлттық телеарналар мен БАҚ-қа елдің ықыласы аз деген қате түсінікті алғаш рет тас-талқан еткен жеңістеріңіздің басты себебі неде деп ойлайсыз? -Бұл «Қазақстан» телеарнасына халықтың берген әділ бағасы. Ұлттық арнаға деген ерекше ілтипаттың өзіндік сыры бар. Біріншіден, ол ел аумағында 100 пайыз қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз телеарна. Екіншіден, 55 жылдық тарихы бар қара шаңырақтың ешкімге ұқсамайтын өзіндік мектебі қалыптасқан. Үшіншіден, ұлттық арнадан халықтың көкейіндегісін дәл тауып  айтатын көкейтесті әрі сапалы туындыны ғана көрсетуге жұмыс істейміз. Елбасымыз айтқандай, енді бір төрт жылдан кейін мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың саны кем дегенде 80%, ал 6-7 жылдан кейін  кем дегенде 95%-ға жетеді. «Қазақстан» телеарнасының рейтингі бойынша алға шығуы, ҚР президенті  көрсеткен межеге жететін күннің алыс еместігін аңдатады. Бұл жеңіс – Ұлтық арнаның ғана емес, мемлекеттік тілдің де жеңісі. -Елбасының «Ақпарат-2020» бағдарламасының талабы, сонымен қатар кеше ғана ақпарат саласына арналған жиында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мен Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамеддің мемлекеттік ақпарат таратудың нәтижелігіне күмән келтіріп, мемлекеттік телеарналар мен басылымдарға қатаң сын айтуы нені білдіреді?    -Сын түзелмей, мін түзелмейді. Өткен аптада мемлекеттік ақпараттық саясаттың өзекті мәселелері талқыланған жиында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин медиа нарықта ескі әдіспен жұмыс істеуге жол берілмеуі керек деп мәлімдеді. Жиын барысында айтылған өзекті мәселелер уақыт талабымен көтерілді. Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуде, ең бастысы, халыққа Елбасымыздың мемлекетімізді 2050– жылға дейінгі даму стратегиясын айқындап берген Жолдауды ұғынықты тілде талдап-түсіндіруге, билік пен халықтың арасын жалғайтын көпір болуға ұмтылуымыз керек. Жұмысымызда ақпараттық инновацияны да меңгеруіміз керек. Егер бәсекеге қабілеттілікті арттырғымыз келсе, мемлекеттік медиа саланы нарықтың бір бөлігі ретінде қабылдап, экономикалық тиімділік түсінігін басшылыққа алу қажет деген пікірмен толықтай келісемін. Кездесуде мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін БАҚ өкілдерінің өз өнімдерінің рейтингін жоғарлатуға аса зор маңыз берілді. Әр жобаның танымалдығы мен тартымдылығын арттыру үшін кәсіби шеберлігімізді де үнемі шыңдап отыруымыздың қажеттілігіне де мемлекеттік хатшы назар аударды. Тағы бір кезек күттірмейтін мәселе - бүкіл әлем сандық жүйеге көшіп жатқан кезеңде сандық технологияны меңгерген мамандарды даярлауымыз керек. Журналистеріміздің салалық білімдерінің жетілдірілуіне айрықша мән беру қажет. Әрине, бұл арада ТВ мен радио бағдарламалары тұрғысынан алатын болсақ, олардың сапалы не сапасыз екендігін көрермендер мен тыңдармандардың талғамы арқылы ғана анықтауға болады. Ол үшін медиа нарықты зерттеуді сапалы деңгейге көтеру де өте маңызды шаруа. -100 пайыз қазақ тілінде сөйлейтін Ұлттық арнамыздағы ұлттық мүддені ұлықтаған бағдарламаларға басымдық беріле береді деп сендіре аласыз ба? Ел асыға күтіп, іздегенін табатын қоғамдық-саяси, халықтық бағдарламалардың орнын тұрмыстық ток-шоулармен толтырып жатқан жоқпыз ба? -Ұлттық арнада ұлттық мүдде қашанда бірінші орында тұрады. Кез келге эфирге шығатын жоба ұлттық құндылықтарға қарама-қайшы болмауын қатаң қадағалаймыз. Ел асыға күтіп, іздегенін табатын арна болғандықтан ғана «Қазақстан» арнасы ТНС зерттеу мекемесі берген рейтингте бірінші орынға шықты. Ток-шоуларға қатысты әңгіме қозғап қалдыңыз. Әрдайым ұлттың жүрек соғысының тамырын тап басуға талпынатын «Қазақстан» Ұлттық арнасында тұсауын кескен «Айтуға оңай» ток-шоуы халықтың ілтипатына бөленіп, рейтинг бойынша алдыңғы орынға көтерілді. «Айтуға оңай» концепциясы бойынша, халықтың бүгінгі тыныс-тіршілігінде, тұрмысындағы бірталай құбылыстардың шығу төркінін, астарын ақтарып, бұқараға ой тастап қана қоймай, хабарға қатысқан әрбір кейіпкердің жанына батқан ауыртпалықты бөлісуге, мүмкін болса, оның шеше алмай жүрген түйткілдеріне көмек беруді мақсат тұтты. Халық көңіліне жол тапқан бұл бағдарлама көздеген межесіне белгілі бір деңгейде қол жеткізді деген ойдамыз. Сол сияқты «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Алаш алыптары», «Қазақтың қолөнері», «Телқоңыр», «Көкпар», «Жарқын бейне», «Ғибратты ғұмыр» сияқты жобалар қазақтың алып тұлғалары мен төл өнерін насихаттайтын, ұлттық дәстүр мен  болмысын көрсететін, халық үшін қызмет еткен зиялы қауымның тағдырын баяндайтын айтулы жобалар. Бұндай салмақты жобалар ұлттық арнада әлі де жалғасын таба бермек. -«Мәдениет», «Балапан» арналары «Қазақстан» арнасының қанатының астында шыңдалып келеді. Бұл үрдіс жалғаса береді ме? Аталмыш арналардың таралу ауқымы мен танымалдығы қалай қалыптасуда? -«Мәдениет» пен «Балапан» арналары «Қазақстан» арнасынан өз еншісін бөліп, жеке шыққан телеарналар. «Мәдениет», «Ретро» және «Тарих» сияқты үш арнаны тоғыстыра отырып, ұлттық мәдениет пен ұлттық құндылықтарды насихаттауды басты назарда ұстайды. Мұрағат бағдарламалары мен шетелдік өнімдердің үздік үлгілерін ұсына отырып, эфир уақытының 30%-ын алып отыратын қазіргі заман талабына сай форматта жасалатын ток-шоу, телевизияға арналған музыкалық және драмалық қойылымдар, деректі және көркем фильмдер, телехикаялар, түрлі жанрдағы арнайы жобаларды әзірлемек. Бұл бағдарламалар көпшілік көрерменнің дүниетанымын кеңейте отырып, мәдениеттің рухани қазынасынан сусындауға, қазақ елінің өнегелік құндылықтарын дәріптеп, соның қадір-қасиетін ұғынып, сақтай білуге мүмкіндік береді. Ал «Балапан» арнасы әлдеқашан балалардың сүйікті телеарнасына айналып үлгерді. Балалар телеарнасының ашылғанына үшінші жыл.  Осы уақыт  аралығында аз дүние жасалған жоқ.  Салыстырып қарар болсақ, 2010 - 2011 жыл аралығында 14 жоба  жасасақ, 2012 жылы 17 сағаттық  хабар тарату жүйесіне көшіп, көрермен назарына жаңа 26 жоба ұсындық. «Балапан» бүгінгі күні отандық анимацияның дамуына елеулі үлес қосып отыр деп сенімділікпен айта аламыз. Арнамыз ұлттық анимация мектебінің заңды жалғастырушысы ретінде заманауи анимация нарығының қалыптасуына, жекелеген студиялардың құрылуына ұйытқы болуда. Анимациялық жанрда бағдарламалар жасауды жүйелі түрде тәжірибемізге енгіздік. Өйткені, бала танымдық ақпаратты анимациялы формада тез қабылдайды. Мысалы осы арнада көрсетілген «Үш достың ерлігі» мультфильмін алайық. Ол қазақ тарихын балаларға насихаттау мақсатында түсірілген анимациялық сериал. 10 сериядан тұратын мультипликациялық топтамада тапқыр дос, өжет ер, білімді бидің ерлігі мен отан қорғау жолында басынан кешкен қым-қуыт оқиғалары баяндалады. Балаларды ұйқыға шақыратын «Айжұлдыз», тарихымыздың елеулі оқиғаларын  таныстыратын «Сен білесің бе?», дүниенің таңғажайып сырларын ашатын «Ол кім? Бұл не?» бағдарламалары мультипликациялы жанрда түсірілді. Сонымен қатар, «Балапан» арнасы алғашқы балалар телехикаясын түсіруге  ұйытқы болды. Расында да, «Санжар мен Қайсар» телехикаясы елімізде осыған дейін түсірілген телесериалдардан мазмұндық әрі сапалық тұрғыдан ерекшеленді. Телеөнім түсірудегі жаңа тенденцияларға жүгіндік. Компьютерлік гафика пайдаландық. Кейіпкерлердің образын қалыптастыруда, декорация құруда жаңа тәсілдерді қолдандық.  Нәтижиесінде, бұл телехикая балалардың сүйікті фильміне айналды. Ал таратылатын ауқымы туралы сұрағыңызға келсек, жалпы көрермендер, «Балапан» және «Мәдениет» телеарнасын спутниктік, кабельдік және Интернет желісі арқылы көре алады. -Ұлттық ұстаным мен иманды тәрбиеге жат хабарлар көрсету арқылы рейтинг өсіруді ойлайтын арналар аз емес қазір. Олардың «қазақ жігіттерінің сатылуы» секілді ұлттық тәрбиеге қарсы анайы материалдарды ашық жарнамалауына тосқауыл болмай ма? Ал бірақ зерттеу нәтижесінде қалың қазақ, бұқара  халық бәрібір сапалы да, салмақты дүниелерді қалайтынын Ұлттық арнамыз дәлелдеп отыр ғой. -Рейтинг өте маңызды рөл ойнайды. Десе де, сапалы, салмақты дүниелермен де рейтинг жинауға болады. Тек оған уақыт пен үлкен қажыр қайрат керек. Мамандыққа деген махаббат, тынымсыз еңбек, ұжымның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген ұйымшылдығының арқасында эфирге сапалы өнім дайындалды. Әрі ұлттық арнаны қазақ санасына жат ұғымдардан қызғыштай қорғауға барымызды саламыз. Өйткені телеарна мемлекеттік сананы, ұлттық болмысты, саналы ұрпақты қалыптастыруда үлкен идеологиялық күш екені даусыз. -Осыдан ширек ғасырдай бұрын Бразилияның «Изаура күңі», одан кейінгі мексикалық «Қарапайым Мария», «Байлар да жылайды» сериалдары елді есінен тандырып, экран алдынан шығармайтын еді. Кейін олардың орнын кәріс пен түрік сериалдары, «Көкжалдар мекені», «Сүлеймен сұлтандар»    басты. Енді, міне, құдайға шүкір, отандық телесериалдардың көрермендерді экран алдына байлап қоюын «Қазақстан» арнасы бастады. Мен бұл жерде ұлттық бояудан жұрдай, нашар көшірме секілді бұрынғы отандық  сериалдарды есепке алып отырған жоқпын. Қалың қазақ қызыға көріп жатқан «Парыз», «Болашақ», «Көк тарландары», «Әке серті» т.б. хикаялар жалғасын таба береді ме? -Көрермендер қызығушылықпен қабылдаған телехикаялар қатарында –қорғаныс саласының мәртебесі мен мерейін өсіруге бағытталған «Көк тарландары» мен құқық қорғау саласының қиын да қызықты тіршілігін баяндайтын «Парыз» телехикаялары, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай қарапайым қазақ отбасының тарихына арналып тұсауы кесілген «Туған елдің түтіні» телехикаясы, немесе «Үй болу қиын» деп аталатын ситком (комедиялық түсірілім) жанрындағы өнімдер – бәрі де отандық телевизия тарихындағы тартымды дүниелер. Әсіресе көрермендер Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарын бейнелейтін  «Туған елдің түтіні» атты жаңа отандық телехикаяны өте жылы қабылдады. Бұл тарихи драмада ел егемендігін алған жылдары тағдыр талқысына түскен азаматтың отаны мен туған ошағына іңкәр сезімі баяндалады. Қоғамдағы алпауыт өзгерістер қа­рапайым адамдардың тағдыры мен көз­қарастарын өзгертеді. Мемлекет басшысының алдында тұралаған экономиканы аяғынан тік тұр­ғызып, тәуелсіз ел болу мұраты тұрды. Дәл осы кезеңде Қазақстанның жаңа дип­ломатиялық мектептері қалыптаса бас­тады. Мемлекетке кәсіби сауатты, ел­жан­ды, адал азаматтар керек болды. Телехикаяның басты кейіпкері Азамат тәуелсіздік алған жылдары елшілікте қа­рапайым қызмет атқарды. Мемлекетте бол­ған маңызды тарихи өзгерістер қа­рапайым адамның жан дүниесі арқылы суреттеледі. Фильмде бір отбасы мүшелерінің әр­түрлі мамандық пен қилы өмір жолын таң­дауы баяндалады. Олардың бірі дәрігер, елшілік қызметкері, журналист, іскер аза­мат болса, енді бірі өмірін, ауылын кө­теруге арнайды.  Отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағы бір ерекше жоба, өзіңіз айтып отырған,  –драмалық желідегі «Әке серті» телехикаясы. Бұл телехикая  жоғары бағаланып, көпшілікті баурап әкеткені қуантады. Осы дүние халыққа таратыла бастаған күннен  жоғарыда айтқан 100 мыңнан төмен (100 мың–)тұрғындары бар елдімекендерде 6+ қаз. тобында орташа телекөрсетілім беделбағасы 30 пайызды құрады. Бұл – отандық телехикая үшін өте жоғары көрсеткіш. «Әке серті» телехикаясын  түсіру үшін түрік мамандарын тарттық. Сондағы мақсатымыз телехикая түсіруде үлкен жетістіктерге жеткен түрік киногерлерімен бірлесе жұмыс істеу арқылы отандық телеөндіріске жаңаша леп қосу. Біз болашақта да көрермен көкейінен шығатын отандық телехикаялар түсіруді жалғастыра бермекпіз.

Қ.Жарылқасынұлы

www.qazaquni.kz