Зейнехан күйші
2021 ж. 18 қаңтар
1554
1
1978 жылы ауылдан үлкен жеңгемнің бауыры Мышан келді. Жаңалығы сол – Партсъезде (ХІХ партсъезд атындағы колхоз, қазіргі Жамбыл ауылы) Зейнехан Құлабаева деген әйел Нарынқолда өткен Ұлы Қазан төңкерісінің 60 жылдығына байланысты аудандық байқауда домбыра тартудан бірінші орын алғанын айтты. Мышанның айтуынша, әйелдің керемет домбырашы, күйші екенін елден естіпті.
Бұл әңгіме мені қатты қызықтырды. Өйткені, Мышанның әкесі Мамытқан да мықты домбырашы екенін көзім көрсе, сарыбастаулық Мұқан да күй тартудың шебері екенін білетін едім. Мышанның мына жаңалығы мені ойландырды. Ақыры жолға шықтым. Ауыл шағын болғандықтан, домбырашы әйелдің үйін оңай тауып үйіне кіргенімде, орта бойлы, арық денелі, бидай өңдес, елудің ортасындағы әйел қарсы алды. Келген бұйымтайымды айтқанымда «іздегенің – мен, шырағым» деп қарсы алды. Бойында қарапайымдылық пен кішпейілдіктің нышаны бар Зейнехан апамен әңгімеміз тез өрбіді.
– Мен 1925 жылы Жаркентте дүниеге келдім. Әкемнің әкесі Жайшыбек Айттың ішінде Қойсоймасы, оның ішінде Сайымбөлек екен. Ал әкемнің аты Рақымбай, шешеміз шағырдың қызы. Отбасымызда екі ағам, әпкем және мен төртеуміз болдық. Үйдің кенжесі болғандықтан, еркелеу өсіппін. Әкемнің інісі Қастай аға домбыра тартатын. Атақты домбырашы болмаса да, неше бір күйшілердің күйлерін мәнерлеп тартқанда, жан дүниеңді елжіретіп жіберетін. Ағамның сол ықпалы менің домбыра ұстауыма әсері тиді. Және де өзімнің бауырларым да домбыра ұстауға бейім болса, мен де олардан қалыспай сегіз жасымда-ақ домбыра үйрендім. Күй шертуге шамам келді. Әсіресе, Қастай ағаның маған ниеті ауып, тартқан күйлеріме көңіл қоятын. Шешем де домбыра ұстағаныма қуанып, той-томалақтан тастамай ертіп жүретін. Он-он екі жаста күй тартып, ауылда «домбырашы қыз» атандым. Осындай жақсы күндердің бірінде әкемнің ағасының баласы Найысбайдың кенеттен қайтыс болуы бәрімізге ауыр тиді. Ағамыз отызға келіп, енді үйленбекші болып жүрген. Тойына небәрі үш-ақ күн қалғанда қуанышымыз су сепкендей басылып, қара жамылып қалдық. Онда мен он үштен он төртке шыққан кезім. Ағамыздың қайғысы ауыр тиді, ағайын-туғандар улап-шулап қалдық. Бір күні ауылдың үлкендері «Найысбай ағаңа арнап, бір күй тарт, шырағым» дегені. Үлкендердің сөзін жерге тастағым келмей, аз бөгелгенім бар. Ойыма әр нәрсе келді. Әйтсе де, қолыма домбыраны алып, аға деген жүрегімдегі тебіренісім мен мұңымды тартып шықтым. Мұны тыңдаған аға-жеңгем ағыл-тегіл жылады, мен де жылап, ішімдегі бір шерімді тарқатқандай болдым. Бұл менің алғашқы күйім еді. Сол күннен бері ағам Найысбайдың аруағына арнаған күй болып қалды. Бұдан кейін ел ішіндегі талай күйшілердің күйлерін үйреніп, ел алдында тартып жүрдім. Біз отырған жер қалың қазақтың іші, салт-дәстүріміз бұзылмаған, ойын-сауықтың қайнаған ортасы болатын.
Жыл он екі ай той-томалақ үзілмейтін. Елдің көбі домбыра тартып, күй шертсе, асқақтатып ән де салатын. Бір жылдары Аттың тауындағы жайлауда Нұрмұқанбет деген кісінің Мендеке деген баласымен жұрт домбыра сайысына түсірді. Сайыстың шарты бойынша әрқайсымыз жеті күй тартып, өнерімізді көрсету. Бірінші кезек маған тиіп, сайыстың шарты бойынша, жеті күйді қиналмай-ақ орындадым. Ол кезде он тоғызға шыққан кезім еді. Домбыра тартуда ысылып, талай күйшінің күйін тартып жүргенмін. Тартқан күйлеріме елдің қошеметі аз болған жоқ. Кезек Мендекеге келгенде ол алғашқы күйде-ақ тартудан жаңылып, дұрыс бастай алмады. Тартқан күйлері өз деңгейінде болмағандықтан тыңдаған жұрттан дегібер кетіп, күбір-күбір сөздер шықты. Оның үстіне Мендеке өзінің дұрыс бастамағанын түсінген болуы керек, қара терге түсіп, күйдің мәнісін кетірді. Тыңдаған жұрттың: «Бала бабында емес екен» деген сөздер де айтылып жатты. Оның себебі Мендеке ол кезде бар болғаны он алты жастағы жасөспірім болғандықтан қысылды ма, жоқ басқа да жағдай болды ма, еркін көсіле алмады. Мендекенің әлі ысылмағанын осында көрсетті. Оның бұл жағдайын байқаған жақын туысы Тоқмұханбет қария Мендекенің қолынан домбырасын жұлып алды. Тыңдаған көпшілік шуылдап, «тартсын, аяғына дейін» деген сөздерге қария қарамай:
– Уа, халайық! Мына екі жасқа рахмет айтайық. Мен екеуіне арнап, «Ерке атаның» күйін тартып берейін, – деп, домбыраның құлағын бұрап, шанақты қағып-қағып жіберді де күй тиегін ағытты. Күмбірлеген күйдің үні жұрттың дабырлаған шуын басты. Үнсіз қалған тыңдаушыларға күй аяқталғанда ол кісі екеуімізге жақсы сөздерін айтып, жарыстың бәйгесінің жоралғысын маған жасады. Сол Тоқмұханбеттің Омархан деген баласы кейінгі жылдары Балқаш жақта тұрады деп естігенмін. Одан бері қанша заман өтті.
1952 жылы Күре ауданың Балықсу деген жердегі жайлауда тоғыз әйел алған Қожбанбет руының Сақау тармағынан тарайтын Мергенбайдың балаларымен күй сайысына түскенім бар. Атадан балаға жалғасқан күйшілік дәстүр Мергенбайдың балаларына да қонған. Бәрі күйші, әрі домбырашы екенін елден естісем, Мергенбайдың өзі де атағы алысқа кеткен домбырашы деп ел айтатын. Біздің өнерімізді тамашалауға жиналғандар көп болды. Жайлау төрі күйге бөленді десем артық болмас, сол күні мен жетпіс екі күй тартқаным есімде. Күй артынан күй төгіліп, неше бір күйшілердің күйі тартылды. Мергенбайдың балалары да бар өнерлерін салып, төкпе күй мен шертпе күйлерді шертті. Мықты да шебер орындаушы екендіктерін олар да көрсетті. Сайыста мен жеңіп, елдің құрметіне бөлендім. Осындай күндерді бастан кешіріп жүргенде, 1962 жылы Қытайдан өзіміздің атамекенімізге оралдық. Бес жыл колхозда сауыншы болып, кейін ауылда колхозшы болып жұмыс істедім. Бес балам бар. Күйеуімнің аты Оразақын, елі – Бәймен. Бұл жақта тіршіліктің қамымен кеттік. Домбыра жайына қалып, ауылдағы басқосуда күй тартқаным болмаса, көбі ұмыт болды, – деді апай.
Мен сөз арасында сарыбастаулық күйші Мұқан ағаны танисыз ба деп сұрағанымда: «Құдай-ау, Мұқанды танимын ғой. Біздер аржақта бірге жүргенде бір үйде кездесіп қалдық. Сонда отырған көпшілік екеумізге домбыра тартқызғаны бар. Одан бері отыз-қырық жылдың жүзі болды. Аман ба, бар ма?», – деді.
– Бар, аман, – дедім.
Апаймен әңгімемізді аяқтаған соң, «қандай күй тартасыз?» дегенімде, домбырасын қолына алды. «Аржақта жүргенде Қызай Тілемісі деген күйші болыпты, сол кісінің «Кертолғауы» деп, домбырасын қолға алды. Бұдан кейін атақты күйші Қожекенің түрмеде тас көмір басып, қинағандағы күйін, елі Сары Асанқожаның «Баласын жоқтауы», Құрманның ішінде елшібай Әйнебектің «Боз інгені» және өзінің он төрт жасында ағасы Найысбайға арнап тартқан күйін тартты. Осы кезде орта жастағы жігіт ағасы кіріп, әңгімемізге араласты. «Атым Батырхан осы кісінің баласымыз»- деді. Зейнехан апай қолындағы домбырасын Батырханға бергенде, «мен «Қожекенің «Күй шақырығын» тартып берейін» деді. Күй аяқталғанда Зейнехан апай «Қасеннің күйін» орындаса, Батырхан «Бөлтіріктің термесін» тартты. Екі домбырашының күйіне сүйсіне тыңдаған кейін апамыз, «Біржанның», «Сараның», «Жиреншенің», «Сақау қыздың», қырғыз Асанәлінің, халық күйі «Аққуды», «Қызайдың шертпесін», «Қос келіншектің» және «Таңжарықтың» күйлерін тартып, «денсаулығым болмай жүр, көбін ұмытып қалыптым, ертеректе келгенде шіркін...», –деп, домбыраны жанына қойды. Мен Зейнехан апайдың тартқан күйлерін сол уақытта магнитофонның таспасына түсіріп отырдым. Көптен бері іздегенім табылғандай қуанып, жолға шықтым. Ойым он сақ болып, домбырашы апамызға қатты риза болып, ел ішінде неше бір таланттың еленбей қалғаны жүрегіме батты. Күнделікті радиодан беріліп жатқан көп күйлерден бөлек, Жетісу мен Шығыс Түркістандағы қазақтарда керемет дүлдүл күйшілер болғанына осыдан кейін көзім жетті. Бірақ оларды зерттеп, насихаттайтындар ол уақытта жоқтың қасы екеніне іштей күйіндім. Зейнехан Құлабаева сияқты ел ішінде дарынды күйшілердің жарыққа шықпай қалғаны ізденуші мен зерттеушіні жоқтығынан танылмай жатқаны өкініш әкелді. Сол сапардан кейін күйші апай туралы біраз жылдан кейін «Айқын» газетіне жаздым. Ол бірақ тым кеш еді. Өйткені, ол кісі өмірден ертерек өтіп кеткен болатын. Зейнехан Құлабаеваның дарынды күйші болғандығы жөніндегі 1978 жылдары менің магнитофон таспасына түсірілген күйлері оған дәлел болып қалды. Және де сарыбастаулық күйші Мұқан Нұрсадықов онымен домбыра тартысқанын растайтын әңгімесі ғана. Екеуі де заманында белгілі күйші болғандығымен елге кең танылмай қалған таланттар екеніне кейін көзім жетті. Амал не қолда бар алтынның қадірін кей жағдайда білмей де жатамыз. Соның бірі Зейнехан Құлабаева еді. Қарапайым жан бір тасада қалғанын мен де кеш түсіндім.
Жексен АЛПАРТЕГІ, журналист
qazaquni.kz