Ұлттық театр кезекті маусымын ашты
2021 ж. 15 қаңтар
1223
0
М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесінің берілуіне жəне театрдың құрылғанына 95 жыл толуына арналған мерекелік іс-шара өтті.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен атаулы іс-шара аясында баспасөз конференциясы, марапаттау рəсімі және «Ұлттық театрға – 95 жыл» атты мерейтойлық концерт ұйымдастырылды.
Баспасөз конференциясына Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, «Ұлттық» мәртебесін иеленген М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, ҚСРО Халық артисі – А.Әшімов, М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Е.Жуасбек, Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – А.Қалиева, М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының директоры – Ю.Якушев, Құрманғазы атындағы Ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры – М.Қуанышев, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры – Б.Оспанова қатысты. Модератор – М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек айтулы жиынға қатысқан барша әріптеске алғыс білдіріп, баяндамашыларға сөз берді.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Қазақ театр өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына «Ұлттық» мәртебе берілуі «Әкем театрдың» 95 жылдығына үлкен сый болды деп санаймын. Әрқашан биіктен көріне беріңіздер! Бабалар аманаты «Басты байлық – денсаулық» деген қасиетті сөзді басшылыққа алып, Жаңа жылда өздеріңізге мықты денсаулық тілегім келеді, еліміз аман, жұртымыз тыныш, мемлекетіміздің абыройы асқақтай берсін! Алыптарымыз айтқандай, «ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы!» ендеше жұлдыздай жарқыратып, қазақ өнерін өрге, мұрасын төрге сүйреген еңбектеріңіз жемісті болсын! Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін!», – деп ізгі тілегін жеткізді.
Асанәлі Әшімұлы: «Ұлттық» статусты иеленген барша мәдениет ордасын құттықтады. Өнер мен мәдениетке көрсеткен құрмет пен лайықталған марапат үшін мемлекет басшысына, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғысын білдірді.
Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы өз баяндамасында М.Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театрының мерейлі 95 жылдығын атап және «Ұлттық» мәртебеге лайық екендігіне аса зор мән беріп тоқталып өтті.
«Ұлттық» мәртебеге ие болған Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының директоры Айя Жакенқызы қара шаңырақтың айтулы мерейтойымен арнайы құттықтап, лебізін білдірді.
Сонымен қатар, басқосуға қатысушылар БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беріп, көкейтесті сауалдарға өз пікірін білдірді.
Баспасөз конференциясынан кейін іс-шара театр сахнасында салтанатты марапаттау рәсімімен жалғасты. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова театр ұжымына ҚР Президентінің құттықтау хатын табыстап, министрлік атынан театр қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады.
Киелі шаңырақтың 95 жылдық мерейлі маусымымен Алматы қаласы әкімдігі де арнайы құттықтап, «Әкемтеатр – мәдени астананың ең маңызды ордасы» екендігін атап өтті.
Мерекелік кештен соң, көрерменге «Абайдың жұмбағы» драмасының премьерасы ұсынылды.
qazaquni.kz