Федор Достоевский драмасы сахналанды
2021 ж. 18 қаңтар
1274
0
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында Ф.Достоевскийдің «Ұлдар» драмасының премьерасы өтті. Драма жазушының 200 жылдығына орайластырылып, «Ағайынды Карамазовтар» романының желісімен сахналанды. Қоюшы режиссері – Ерназар Жаңатілек.
«Ұлдар» – 1878-1880 жылдары жазылған «Ағайынды Карамазовтар» романындағы IV бөлімнің оныншы кітабы. Бұл туындыда адам өмірінің негізгі мәселелері алға қойылған. Әр адамның өмірі мен бүкіл адамзат тарихының мәні, адам болмысының моральдық және рухани негіздері туралы мәселелер қарастырылады.
Аталмыш қойылым жасөспірімдер өмірінен көрініс береді. Олардың адамға, қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарастары, күнделікті өмірдегі бір-бірімен қарым-қатынастары баяндалып, оның ішінде достық мәселесіне аса мән берілген. Бұл әр заманда өзектілікке ие тақырып. Өйткені қазір де, бұрын да жасөспірімдер адал достықтың иесі немесе, керісінше, амал достықтың құрбаны болып жатады. Ол балалық психологияның шеңбері болғанымен, жасөспірімдер ғана емес, ересек адамдарға да ой салатын көркем шешімдерге құрылған қойылым.
Драмада гимназиядағы бірнеше кадет оқушыларының өмірін көрсете отыра, Алексей Карамазовтың келбетіне барынша шолу жасалған. Алексей Карамазов – дін қызметкері, ағайындылардың ішінде ең мейірімді, адамгершілік қасиеті мол, ақылгөй жан ретінде сипатталады. Алексей Карамазовтың рөлін сомдаған театрымыздың жас актері – Абзал Арапов.
Қойылымдағы негізгі кейіпкердің бірі – Илюша Снегирев. Илюша нәзік жанды момын бозбала ретінде суреттеледі. Көптеген қиындықтарды басынан өткізеді. Ол замандастарына еріп балалықпен ауладағы иттің біріне нанның жұмсағына ине қадап береді. Сол иттің қиналғанын көрген ол істеген ісіне өкініп, құсалықпен құрт ауруына шалдығып өмірден өтеді. Аянышты тағдырды театрымыздың жас актері – Еламан Иманбаев шынайы жеткізе білді.
Ал екі сынып жоғары оқитын бозбала – Николай Красоткиннің рөлін сомдаған театр актері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Асылхан Төлепов. Драма сюжеті бойынша Николай басында балалармен бәстесіп, пойыздың жолына жатып, өзінің өжеттігін дәлелдегісі келеді. Бірақ, бұл ісінің дұрыс емес екендігін көрсетіп, оны ешкімге айтпауын, осы жерде қалуын сұрап, бәстескен балалардың сертін алады. Ол жас болса да өзінің ақылдылығымен өз қатарынан дараланып, өзгешеленеді.
Сонымен қатар спектакльдегі ең айқын бейнелер – кадет оқушылары. Әрқайсысының бойынша өзіндік мінез қалыптасқан. Олар балалықтың ізіне еріп, Илюшаны біраз ренжітіп, қатыгездік танытты. Алайда сюжет соңында жасөспірімдер өз қателіктерін түсініп, Илюшадан кешірім сұрайды. Кадет оқушылары рөлінде – Шалқар Мұралтай, Ернар Мұхамбет, Азамат Болатов, Жасұлан Абдрахман, Иманғали Ақәділ, Мағжан Омар, Бибол Байғараев болды.
«Ұлдар» драмасының премьерасын өткізу барысында көрермен саны шектеліп, бекітілген барлық санитарлық нормалар сақталды.
Раушан Халел
qazaquni.kz