Оңғарсынованың жекеменшігіндегі "Шабыт" таланттыларды жерлейтін "табытқа" айналды...

Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ, ақын: Ұлт тағдырын ойласақ, латынға міндетті түрде көшуіміз керек

–  «Қанымда қасқыр иісі» деген жыр жинағыңызбен таныспыз. Өлең өлкесінде біреуге жас көрінсеңіз де, өзіндік қолтаңбаңыз бар. Бүгінгі замандастарыңыздың шығармашылығының артықшылығы неде, кемшілігі неде деп ойлайсыз? –  Артықшылығы - өмір тақсіретінен, замана дерті жайлаған, қоғамы есеңгіреген, ұлттық мүмкіндіктері табан астында тозған осынау жас мемлекетпен қатар өсті. Іздеусіз, жоқтаусыз кеткен мәдени әлемде, әдебиет мінберіне шығып адал сөзін айта білді. Бізбен қатар тәуелсіздік алған өзге ұлттардың жас әдебиетін қарасақ мүлде жалғаусыз, үзіліп кеткен дәуірі де болды. Ал бізде басқаша ізін салды, атам заманғы ғасырлар шаңында көміліп, үнсіз ғана сарғайып жатқан парақтарды жалғады. Ұлттық мәйегінен айырылмады. Бұл - қазіргі жас әдебиеттің үлкен жетістігі. Кемшілігі - ұзақ уақытқа созылған отарлық бұғаудың, сол жүйе қалыптастырып кеткен шырмаудың әсері қанымызда әлі бар. Біздің ұлттық иммунитетіміздің әлсіреп кеткені бәрімізге белгілі. Жастардың ішінде көбіне жылауық махаббат қасіретін жырлаудан ары аса алмай жүргендері көп. Махаббат – онсыз да жырланып жатқан ұлы тақырып. Әдебиет арқылы ұлтты, ұрпақты тәрбиелеу мақсатын әдебиеттегі көптеген қыз-жігіттеріміз ескере бермейді. Кез келген әдебиетшінің санасында ең алдымен ҰЛТ деген ұлы ұғым тұруы керек. Онсыз еткен еңбек мәуелі жеміс бере алмайды ешқашан. –  Жыл басында Мемлекет басшысының латын әліпбиіне көшу туралы тапсырманы шегелеп тапсырды. Бұл мәселе ел ішінде екіұшты пікір туғызғаны тағы бар. Бірі ұзақ жыл жазылған, тарихта тастай таңбаланған құндылықтарымыз жоғалады десе, екіншілері латын әліпбиі әлемдік стандарттардың негізіне сай деп қорғаштап жүр. Сіз қалай ойлайсыз? –  Латын әліпбиіне көшу деген әңгімеге келсек, оның бізге әкелетін зияны мен шығыны да жоқ емес. Айтып отырғаным экономикалық емес, рухани-саналық шығын. Дегенмен, өткен мен келешекті бағамдап, тарихқа тереңірек үңіліп, ұлттың ертеңгі тағдыры туралы ойланатын болсақ, латын әліпбиіне міндетті түрде көшуіміз керек. Олай болмағанда уақыт өте келе бізге келетін рухани шығын жоғарыда айтқанымыздан да мол болмақ. Тіпті, ұлт ретінде тіліміз бен ділімізді өз қолымызбен отқа тастар едік. –  Ұларбек Дәлейұлы туралы әзіл-қалжыңы бар әр алуан әңгіме айтылып қалатыны бар. Біреулер оппозициялық көзқарастағы ақын дегенді де айтып жүр. Шынында сіздің азаматтық принціпіңіз қандай? –  Мен туралы не айтылмады дейсіз... Көзқарас жайына келсек, мен ешқашан оппозициялық бағытта емеспін, болмаймын да. Қазақ ұлтына тиімсіз соғатын, елдік мүддеге, ұлттық намысқа тірелетін саяси шешімдер қабылданған кезде міндетті түрде басымды бәйгеге тігіп, қарсы тұруға қашан да дайын болдым. Әлі де солай. Өзіңнің оттан да ыстық, анаңнан да аяулы отаның мен ұлтың үшін не көрсең де бақыт деп білем. –  Өмір-бәйге, ақындар да сол байқауларда бағын сынап жататыны бар. Әлдебір конкурстағы нәтижеге көңілі толмаған соң Ұларбек білдей бір сыйлы ақынымызды сөзімен сыбап салыпты дегенді естігенбіз. Осы туралы, жалпы еліміздегі әдеби байқаулар туралы ойыңызды біле отырсақ. – «Білдей бір сыйлы ақынымызды сөзімен сыбап салыпты» деп жүргендері Фариза Оңғарсынова апамыз ғой. Сыбаған түгім жоқ, шындықты тура айттым. Әлі де айтам. Ол кісі «жеке меншігіне» айналдырып алған шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалі «табыт» фестиваліне айналды. Таланттылар жерленеді, талантсыз, мылжыңдар сыйланып, мөрленеді. Ол фестивалді ұяты, дарыны, қабілеті, ерлігі бар бір тұлға қолына алуы керек, не жұмысын тоқтату керек. Бұндай сайқымазақ бәйгесымақтардан жұрт әбден шаршады. –  Қоғамдық формация күн ілгерілеген сайын өзгеріп бара жатыр. Бүгінгі қазақ сол өзгерістерге қаншалықты дайын немесе сіздің көзқарасыңызда не нәрселерге нақты мойын бұруы керек? –  Ғаламда, өмірде болып жатқан жылдам өзгерістерге біздің қазақ әлі дайын емес. Біздің қазақ өзі жалдайтын пәтерін іздеумен, шетелдік келімсектерге жалданатын жұмыс іздеумен, тән мен қару-жарақ сататын қара базарларды жағалаумен уақытын өткізіп жатыр. Бұл айтып отырғаным  –  мен сүйетін нағыз қазақтар. Сіз ойлап отырған боларсыз, шадыман өмір кешіп, шалқып жүрген қазақтарда бар ғой деп. Мен олардың 60-70 пайызын қазақ деп есептемеймін. Олар кешегі ата-баба қанымен қорғалған далада сол атасының сүйегі жерленген жер мен байлықты сатып, ұлтын ұмытқандар. Біз үшін қытай мен орыстан солар қауіпті. –  Бүгінгі әдебиетте жерге, жікке бөлінушілік аңғарылады. Жастардың да санасы улана бастаған сыңайлы. Серіктің соңынан ергендер, Тыныштықбектің ізін жалғаушылар деген сынды «ұғым» құлағымызға сіңісті болды. Оның сыртында батыстың ақындары да трайбализмге бой ұрған деген пікір қалыптаса бастаған сыңайлы. Бұл таланттарды таңдауға келгенде кері әсерін тигізетіні анық. Былайынша айтқанда кімнің сөзі мен қулығы өтсе, соның командасының бабы шапты дей беріңіз. Бұл процесті доғарудың қандай алғышарттары бар сіздің ше? –  Бұл қырсықтың жолын кесетін ем жоқ шығар жер бетінде. Тек салмағын жеңілдетуге болады. Қазір ешкімге бағынғысы келмейтін, ескі сүрдекпен жүргісі келмейтін талантты, тарпаң жастар буын ауыстыру процесін бастан кешіп жатыр ғой. Міне, осылар ортақ түсінікке тоқтап, ҰЛТ деп аталар алып бәйтеректің түбінде ант ішсе, ақылға келсе, әрине, оның бізге салар кесірі азаяр еді. –  Бізде алғашында белсенді болып, өз ойын ашық айтып жүретін азаматтар, мемлекет қызмет берсе, басқаша сөйлеп кететін кездері бар. Ондайларды талай көзімізбен көріп жүрміз. Қалай ойлайсыз, сізге жайлы орынтақ беріп, «жұмған аузыңды ашпайтын, мемқызметтің отымен кіріп күлімен шығатын солдат бол» десе не дер едіңіз? Ұстанымыңызды мансапқа ауыстыруыңыз мүмкін бе? –  Анығын бір Алла біледі деп айтайын, нақты өкілеттігі бар қызмет беріп, «Халқыңа адал бол, жұмыс жаса» десе күні-түні ұйықтамай, адал қызмет етер едім. Ал «осы қызметке отыр да ауызыңды жап» десе сол жерде, еш ойланбай, бірден бас тарта салар едім. Өз басым Бір Құдайға сенетін адаммын, менің өмірімді олар емес, Алла белгілейді. Абай айтады ғой: «Ит те баласын асырайды» деп. Сол сияқты намысын сатып күн көрген жағымпаз болғанша, базарда арба сүйреп, адал ас тауып жүрсең, ананың ақ сүті алдында да абыройлы боласың ғой. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан – Табиғат Абаилдаев Халық сөзі "Тақырып қысқартылып, қосымша тақырыпша қойылды