Мерекелік шығындар барынша шегерілсін
2021 ж. 04 қаңтар
1319
0
Биыл жаңа жылды тойлауға бюджеттен жұмсалатын қаражат барынша үнемделген сыңайы бар. Тіпті аймақтарда бұрынғыдай түрлі-түсті отшашу да болған жоқ. Өңірлерде қаланы безендіруге өткен жылдан қалған жылтырақтар кәдеге жаратылғанын хабарлапты КТК телеарнасы.
Телеарнаның сүйіншілейтіндей жөні бар. Өйткені осы бір санаулы сағатта өте шығатын мерекеге жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлініп келе жатқаны белгілі. Қала қаражатын босқа шашқан желікпе шараларды тоқтату керектігін тұрғындарымыз тұрақты айтып, бірнеше жылдан бері талап етіп келеді. Бұл туралы біздің «Қазақ үні» басылымы да талай рет жазған болатын. Жаңа жыл десе жалақтап тұратын әдетіміз бар. Шыршаны мерзімінен бір ай бұрын орнатып, тіпті Тәуелсіздің күніміз де соның көлеңкесінде қалып қойған күндер болды емес пе? Тұрғындардың талабы бойынша жаңажылдық шыршаны басты мерекемізден кейін орнатуға әзер қол жеткіздік.
Биыл пандемияға байланысты мерекелік іс шаралардың көбі онлайн түрінде өткізіліп келеді. Ал жұрттың жаппай қыдыратын жерінде санитарлық талап сақталуы қажет. Пандемия салдарынан аста-төк шығыннан тартынуға мәжбүрлеген биылғы жыл қаржыны үнемдеуге үйретті десек болады. Мереке кезінде бірнеше шақырымға созылған жарқ-жұрқ еткен шамдар да аз байқалды. Ал арнайы құрылғылар мен шыршалардың көбі былтырдан қалғандар, жаңасын алуға кәсіпкерлер өз ақшасын шығарған. «Шыршаларға биыл арнайы қаражат шығыны жоқ. 13 шыршаның барлығы жеке демеушілер мен шыршаның айналасындағы алаңқайларды жасайтын кәсіпкерлермен бірлесе жасалды. Безендірілуі де дәл сондай. Олармен біздің қарым-қатынасымыз әріптестік негізде. Олар шыршаның қасындағы алаңқайларды жалға береді» - деген Нұр-Сұлтан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Даурен Бабамұратовтың сөзіне сенуге болатын сияқты.
Солтүстік Қазақстан облысы халық үніне алғаш құлақ түріп, жаңажылдық шыршаға бюджеттен бір тиын да бөлмеу туралы бастама көтергені белгілі. Олар соңғы жылдар өз бастамаларын ісімен де көрсетіп келеді. Өкінішке орай, олардың бастамасын басқа облыстар бірден қолдай қойған жоқ. Жаңа жылдық мерекеге бюджеттен жұмсалатын қаржыны жыл сайын шегеріп, қинала-қинала қолдағанын көріп жүрміз. Биыл да Қызылжар қаласы орталығында төрт мерекелік қалашық жұмыс істеді. Шыршалар былтырдан қалған, биыл орнатылғаны жанып тұрған жаңбыр іспеттес құрылғылар. Қалада мұздан жасалған 60 мүсін бой көтерген. Алты лазерлі мултимедиялық құрылғыларда ертегі кейіпкерлері өнер көрсетеді.Бірақ санитар дәрігерлер рұқсат еткен сырғанақтар адамға толы. «Әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде тағу керек. Мұндағы ең қиыны – сырғанақтар. Баспалдаққа шоғырландырмау керек. Тұрғындардың өздері ең алдымен осы талапты сақтаса дейміз» деген СҚО сантиарлық-эпидемиологиялық бақылау дапартаментінің басшысы Арман Күшбасов ескертуі де еленбей жатыр.
Қай жағынан алсақ та үнемі алда жүретін шымкенттіктер үнем мәселесіне әлі де баса назар аудармаған секілді. Шымкенттік шенділер халыққа жаңажылдық көңіл күй сыйлауға биыл 34 миллион теңге бөліпті. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі еседен аса аз. Бюджеттің милиондарына 25 және 18 метрлік екі шырша орнатылып, 129 мерекелік инсталляциямен әрленген. Ал былтырғы жалт-жұлт еткен жылтырақтар биыл қолданылмапты. «Былтырғыны халық көріп қойды. Енді биыл жаңа заттар қойдық. Біз 25-і күні бәрін толық қойып біттік. Ескі жаңа жылға дейін – 13-қаңтарға дейін тұрады» - дейді мердігер компания өкілі Бексұлтан Бекжігіт.
Бұл жерде кәсіпкердің патша көңілі білсін демеске шара жоқ. Өз қаласын безендіруге қалтасынан қанша қаржы жұмсаса да өз еркі ғой. Ең бастысы бюджеттегі халық қаржысы сақталады. Ал оны басқа маңызды мақсатта жұмсайтын жер бізде жеткілікті.
Ақтау билігі биыл қаланы безендіруге бір тиын да жұмсамапты. Жақында орталық саябақта жаңажылдық шыршаны әрлеп, ескі қолданысқа жарамды жарықтандырғыш құрылғылар қойылған. Жаңа жылдық шыршаға шығындану жағынан Алматы қаласы алдыңғы орынды ешкімге берген емес. Оңтүстік астана бұрындар жүздеген миллионды ойланбастан жұмсаса, былтыр ұқыптылық, үнемдеу деген ұғымды еске алып, 175 миллион теңгені жаңа жылдың жолына құрбан еткен-ді. Биыл Алматы да өзгелерге үлгі көрсетті. Жылда қаланы көздің жауын алатындай жарқыратып тастайтын қала билігі биыл бюджеттен шашау шығармаған. Жылтыраған дүниенің барлығы өткен жылдан қалған. Қарағанды қаласы да мерекелік шығынға биыл 12 миллон теңгемен шектеліпті. Өйткені18 метрлік шырша мен арнайы құрылғылардың 70 пайызы былтырдан қалғандар. Әрине, үнемге көшкен өңірлердің игі істері қуантады. Дегенмен бұл мәселеге әлі де баса назар аудару аса қажет.
Осындайда мынандай бір ой еріксіз мазалайды. Осы ұқыптылықты о бастан неге қолға алмадық? Тек қана тәуелсіздік алғаннан бері отыз жылдың өзінде қаншама қаржы желге ұшты. Осыны билік басындағылар білмеді ме? Білгенде қандай! Бұл туралы халық неше жылдан бері зарлап келеді, басылымдар жазып келеді. Бірақ соған құлақ асқан билікті көрмедік. Оның да өзіндік себебі бар деп ойлаймыз. Осы мерекеге бюджет ақшасын шығындау арқылы олар өздеріне пайда түсіреді. Мысалы бір шыршаны 5 миллионға сатып алса, оны есеп бергенде 7 миллион теңге деп көрсетіп, арасынан пайда табады. Оған қоса мерекеге қажет қызметтер мен шығындарды кәсіпкерлердің мойынына іліп қойып, бөлінген ақшаны да жымқырып қалады. Оны нақты тексеріп жатқан ешкім жоқ. Бар болса да бөлінген ақша қайда кеткенін сұрауға жергілікті құзырлы орындардың жүрегі дауаламайды. Өйтетін болса ертеңгі күні қараң боларын олар да біледі. Өйткені бар билік жергілікті әкімдіктің қолына берілген. Олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс.
Бұл бір ғана жаңажылдық мерекеге ғана байланысты мәселе емес. Елімізде өтетін түрлі шараларға тікелей қатысы бар. Қыруар қаржы желге ұшып жатыр, оны тоқтату қажет. Сондықтан сөзбұйдаға салмай мерекелік шараларға деген шығынды барынша шектегеніміз дұрыс. Тіпті бюджеттен бір тиын да бөлгізбейтін бұйрық шығарса немесе заң қабылдаса да артық болмайды. Сол ақшаны халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға жұмсағанымыз анағұрлым ұтымды болар еді.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz