"Шаншардағы" ағаларымды ренжітіп кеткеніме өкінемін...

 Нұржан берген уәдесінде тұрмағасын, «Алдараспанмен» қош айтыстым

Жұлдызай Дүйсенбиева алғашында «Шаншарда» шанышқы болып, кейіннен «Алдараспанның» астынан пана тапқан еді. Алайда сол «Алдараспанның» ақыры неге алдарқату болып кетті? Осы және өзге де өнерге қатысты сауалдарға Жұлдызай Дүйсенбиеваның өзі жауап берді.  
– Жұлдызай ханым, сіз күнделікті тұрмыс-тіршілікте қандай адамсыз? – Сахнадағы рөлдеріме қарап, көпшілік мені көкбет деп ойлайтын көрінеді. Ал шынтуайтында, мінезім ондай оғаш пікірлерге қарама-қайшы келетін адаммын. Бұл қой аузынан шөп алмайтын жуаспын дегенім емес, жалпы тіршіліктегі өз орнымды жақсы білемін. – Әріптестеріңіздің арасынан Жұлдызай «Шаншар» әзіл-оспақ театрынан кеткеніне өкініп жүр деген сөз естідік... – Ол рас... Мұны жасырмастан басылым беттеріндегі сұхбаттарда да ашық айтып жүрмін. Бірақ «Шаншардағы» Уәлибек, Жүсіп сияқты ағаларыммен ат жалын кесісіп, бет көріспейтіндей болып кеткен жоқпын. Алда әлі де бір сахнада өнер көрсетуіміз мүмкін. Әрине, көңілде қалған кірбіңді ұмыту – ол кісілер үшін оңайға түспейді ғой. Бірақ олар кек сақтайтын адамдар емес, әрқашан түсіністікпен қарайды деп білем. Біздің ерке-шолжаңдығымызды көтеріп келгендері де сол қасиеттерінен болар. Дегенмен, «Шаншардан» кеткеніме расында да өкінемін. – Ал шынтуайтында Жұлдызайдың «жұлдызын» жарқыратқан театрдан кетуіне не себеп болды? – Негізгі себеп – қаражат мәселесінде болды. Әріптесім Нұржанның (Тука) тарапынан өзіміз жеке тірлік жасап, жағдайымызды жасайық деген ұсыныс болды. Пенде баласымыз ғой, соған ілесіп кеттім. Соңынан балалыққа салынып, театрдағы ағаларымды ренжітіп бара жатқанымды ойлағанымда бармақ тістеп қалдым. – Ал жағдайыңызды жақсартамын деп өзімен ерте кеткен Тука сізді орта жолда тастап кеткен сияқты ғой?.. – Оны жамандап, жерден алып, жерге салсам, адамдығыма сын болар. Бірақ, рас, Нұржан берген уәдесінде тұрмады. Ер-азамат қой, сөзінде тұрар деп, біраз уақыт әліптің артын бақтым. Болашағым алда деп жүре беретіндей, мен де жас бойжеткен емеспін. Жасым болса отыздан асып барады, басымда баспанам, астымда көлігім де жоқ. Үйдің үлкені болғандықтан, арасында інілеріме де қолқабыс жасауым керек. Алайда үлде мен бүлдеге ораймын дегенің қайда деп, Нұржанмен бет жыртысатын емес. Шынымды айтсам, қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына қатты налыдым. Сондықтан тәтті ауыздың дәмі кетпей тұрғанда, әрқайсымыз өз жөнімізге кетейік деп, «Алдараспанмен» қош айтыстым. Өз тапқан-таянғаным өзіме де жетер. Несібесіз пенде баласы болмас... – Үйсіз-күйсіз қазақтардың қатарында сіз де бар екенсіз ғой? – Әрине, өзімнің ғана емес, көп қазақтың баспана мәселесі жаныма батады. Өткен жолы «КВН»-нің әртістері: «Армысыздар, біреудің үйінде тұрып жатқан астаналық қазақтар!» деп кезекті концерттерін бастады. Шынында, Астана халқының жетпіс пайызын пәтер жалдап тұратын қазақтар құрайды. «Қолжетімді баспана» деп жатады. Бірақ оған неге қолымыз жетпейді? Осы жағы түсініксіз. – Сонда қазір нәпақаңызды неден айырып жүрсіз? – «Хабар» телеарнасындағы «Ду-думан» бағдарламасын жүргізумен қатар Астанадағы өнер институтында дәріс беремін. Арасында арнайы жеке бағдарламамен тойларға шығып тұрамын. Соның өзі әзірге дәтке қуат. – Әзіл театрлары күнделікті күйбең тірлікті түртпектеуден аса алмай келеді. Бізде сатира жазатын авторлар жоқ па, әлде қазіргі көрерменді астарлы ойға ұйыту қиын ба? – Қарап отырсаңыз, көрермен кез келген театрға бара бермейді. Бұл өз алдына халықтың талғамының биік екенін көрсетеді. Сондықтан авторлар аз дегеніміз жөн. Сірә, авторлар да жазып жатқан болар. Бірақ актерлерде өзім жазып, өзім айтсам деген өзімшілдік қалыптасты. Қай театрды алып қарасаңыз да, ізденіс жоқ. Себебі бәрі жылдың төрт мезгілінде тойда жүреді. Тек маусымдық қойылымдары тақағанда ғана ес жиып, есеп бергенсиді. Оның өзінде астарлы ой емес, базардағы сөреге қоятын тауар сияқты халық күле салатын арзан дүниелер айтылады. Болашақта театр ашып жатсам, сіз айтып отырған бағытта жұмыс жасап көретін болармын. Оны бір Алла біледі. Әзірге турасын айту қиын. Себебі ары тартсақ – өгіз, бері тартсақ – арба сынатын уақыт болып тұр. – Ендеше әжуаға салып, әшкерелеуге сұранып тұрған қазақтың қандай мәселелерін тілге тиек етер едіңіз? – Қазақтың тілі деп жылап жүр едік, енді латын графикасына өтеміз деп жырлай бастадық. Бұған жастар үйреніп кетуі мүмкін. Алайда біздің ата-анамыз, яғни аға буын өкілдері қалай мойынсұнады? Олармен санасып жатқан адам баласы жоқ. Жоғарыдағылар дұрыс десе, нартәуекел дейміз де, бас-көзсіз қойып кететін әдетіміз бар. Неге көнбеген қазақпыз? Әйтеуір артының қайырын берсін деп тілейік. Менің жанымды ауыртатын тағы бір мәселе – қазақы қалпымыздан айрылып барамыз. Дүниеге келмеген балаларымның болашағына алаңдаймын. Күнде атыс-шабыс. Қала берді – жеңіл жүрісті қыздар қаптап барады. Мектеп оқушыларының балаға сай келмейтін ойларын естіп шошисың. Батысқа еліктеп кеткен дейміз-ау, бірақ сол батыстың өзін шаң қаптырған сияқтымыз. Халықтың жағдайы қиындаған сайын, ниеті де бұзылып барады. Абай атамыз айтқандай, өз-өзімізге есеп бермейміз, керісінше, есеп айырысқанды жақсы көретін болдық. Пәленше түгеншенің несібесін жеп, істі болып жатқанда, маған несі айып деп, әр нәрсеге жеңіл қараймыз. Өзіндік пікір, өзіндік бағытымыздан айрылып қалдық. – Мемлекет қолдау көрсетіп жатса, сатира сүбелі жеміс береді деп ойлайсыз ба? Әлде сыңаржақ саясаттың сойылын соққан биліктің баспасөздеріне ұқсап кете ме? – Егер мемлекет қаржылай қолдау көрсетсе, әртістердің жағдайы жақсаруы мүмкін. Бірақ сатира халыққа сүбелі нәрсе береді деп ойламаймын. Эстрада әншілерінен бастап, барлығы өз қотырларын өздері қасып, қандай да бір салық төлеп, керісінше, мемлекетті асырап жатыр. Мәселен, «Шаншар» театрына мемлекеттік деген атау берілді деген аты ғана. Ал қызметкерлерінің алатын айлықтары адам айтса нанғысыз. – Мәселен, Ресейде бір әртістің өзі бір театр. Ал бізде бәрі жабылып бір театр бола алмай жүргенін немен түсіндіруге болады? – Бізде монолог оқитын әртістер аз. Ал топтасып жұмыс істеуге ауызбіршілігіміз жараса бермейді. Әйтпесе сатиралық театрлар бас қосып, бір концерт берсе, халық риза болар еді. Алайда ол концертті өзім өткізіп, түскен қаржысын неге өзім алмаймын деген пендешілігіміз басым. Ал бұған әрқайсысының тойдан қолы босамай жүргенін тағы қосыңыз. Бұдан соң береке-бірлік туралы сөз қозғау артық болар. – Жағдайыңыздың жоқтығын алға тартып қалдыңыз. Сонда сізді мықты бизнесменнің бәйбішесі болыпты дегенді естіген құлақта жазық бар ма? – Мен әлі тұрмысқа шыққан жоқпын. Егер есеппен тұрмыс құратын қыздардың қатарында болсам, әлдеқашан жарқырап жүрер едім. Өйткені жағдайы жақсы жігіттер аз сөз салмады. Біреудің несібесіне қол салғым келмейді. Бастысы – болашақ жарымның жүрегі мен деп, менің жүрегім – ол деп соқса болды. Алайда ондай азамат жолықпай жүр... Әңгімелескен – Динар КАМИЛОВА, «D» «Общественная позиция»