Ала-құлалық арам пиғыл туғызады

Ала-құла. Тіліміз де ала-құла. Тіліміз ала-құла болған соң көшедегі сөйлеген жұрттың да сөзі орысша қазақшасы аралас, ала-құла. Салт-дәстүріміз бен тәрбиеміз де ала-құла. Телебағдарламаларымыз, кейбір киноларымыз да ала-құла тілде. Іс қағаздары да ала-құла. Тіпті жер, су, елдімекен  атаулары да ала-құла. Отарлау басталғанға дейін қазақ даласында дәл бүгінгідей ала-құлалық болған жоқ. Қазақтың Сақ, Үйсін, Ғұн, Түркі, Қыпшақ, Мағол, Қаңлы, тағы басқа әлемге танымал өркениет иесі болған арғы бабаларынан қалған жер, қалған атаулар. Оның атауларында дәл бүгінгідей ала-құлалық болмаған. Яғни, тарихи әділетті қайта орнататын, жер-суға, елді мекенге өзінің тарихи атауларын қайтаратын уақыт келді. Олай болмағанда, жердің өзге тілдегі атауының көптігіне қарап көршілер өз елінің бір бөлшегіндей санайтын пиғылынан арыла алмайды. Ономастика Тіл саясатының жалқы есімдерді зерттейтін бір бөлігі. Сондықтан да Тіл саясаты комитеті жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, еліміздегі ономастикалық объектілерге талдау жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтижесінде, әр өңір де неше көше, неше елді мекен, қанша ономастикалық объектілер бар екені, оның  қаншасының атауы өзгертілгені, әлі өзгертілмеген атаулар қанша екенін анықтайтын статистикалық мәліметтері де жинақталады. Сол статистикаға сүйенсек, жалпы алғанда елімізде бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес 80 мыңға жуық құрамдас бөліктер мен 9000-ға жуық елді мекен бар. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері бүгінгі күнге дейін 3000-ға жуық елді мекен, 20 мыңға жуық құрамдас бөліктердің атаулары өзгертілді. Бұл аз шаруа емес. Алайда, Тәуелсіз ел үшін бұл мақтанарлық көрсеткіш те емес. Өйткені, баяғы отарлаушылық заманнан қалған, кейінгі кеңестік замандағы егемен елге жат атаулар әлі де жетерлік. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекен атауының мөлшермен 65%-і, Қостанай облысындағы елдімекен атауының 60%-і, Павлодар облысындағы елді мекен атауының 39,3%-і – кеңес заманында орыс тілінде қалыптасқан не сол кездегі саяси оқиғаларға байланысты қойылған атаулар. Осы орайда, бірқатар жұмыстар жасалды. Алдағы 6 жыл ішінде барлық облыстар қамтылып, қорытындысында республикамыздың 3D тарихи-диахрондық картасын жасап шығару жоспарланған жобаны жүзеге асыру жұмысы биылғы жылы Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан басталды. Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап іске кіріскен жобаның 6 адамнан тұратын ғылыми-зерттеу тобына ХVІІІ- ХХ ғ. аралығындағы жер-су атауларының топонимикасын айқындау, қазіргі топонимдердің өзгеруі мен қайта аталу динамикасын анықтау, топонимнің қалыптасу кезеңін анықтаудағы жер-су атаулары мен экстралингвистикалық факторлардың ықпалын айқындау, зерттеу нәтижесімен қазіргі топонимдердің электронды картасының жобасын әзірлеу міндеті қойылған еді. Сондай-ақ Республика бойынша соңғы екі жылды алатын болсақ, жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес соңғы екі жылда 6000 мыңға жуық құрамдас бөліктер (көшелер, даңғылдар, шағын аудандар) мен 200-ден аса елді мекендер атаулары қазақыланды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан объектілерге, көшелер мен даңғылдарға және т.б. атау беру кезінде елімізге танымал емес, жергілікті деңгейде ғана танымал тұлғалардың есімін беру туралы ұсыныстар көптеп түсіп жатады. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындар, БАҚ құралдары тарапынан сын пікірлер тудыруда. Осы ретте осындай олқылықтардың алдын алу, сондай-ақ келер ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, жалпыға ортақ тарихи сана қалыптастыру мақсатында Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, елімізге танымал (би, батыр, жырау, мемлекет және қоғам қайраткерлері және т.б.) тарихи тұлғалардың тізімі жобасын әзірледі. Аталған тізімде, сонау 545-552 жылдары алғашқы Түрік қағандығын құрушы Бумын қаған, Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегін, сондай-ақ Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Йассауи, белгілі Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы және т.б. қазақ тарихында өзіндік орны бар тұлғалар бар. Аталған тізім жобасы Президент Әкімшілігі тарапынан сүзгіден өткізіліп, келісілді. Комиссияда қаралып, мақұлданды. Тарихи тұлғалармен қатар тарихи жер-су атаулары, дәстүрлі атаулар тізімі де әзірленіп, келісілді. Бұл шараның артықшылығы тұлғалар тек өзінің туып өскен жерінде ғана емес, барлық өңірлерде жан-жақты ұлықталады. Сондай-ақ, 2017 жылы Президент Әкімшілігі елімізде әлі күнге дейін кездесетін идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды реттеу мақсатында тапсырма бергені белгілі. Аталған тапсырмаға сәйкес өңірлерде кездесетін кеңестік сипаттағы атауларды тарихи жер-су атаулары мен ұлттық танымға жақын басқа атаулармен алмастыруға басымдық жасалып, кісі есімдерін беруге мейлінше шектеу қойылды. Бүгінгі күні барлық жергілікті атқарушы органдар аталған тапсырма бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соңғы екі жылда ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 20-ға жуық  отырысы өтті. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде отырыста барлығы 2000-ға жуық ұсыныс қаралып, соған сәйкес көшелер мен даңғылдарға, білім мен мәдениет мекемелеріне атау берілді,  бірқатар аудан, қала атаулары да өзгертілді. Мәселен, Түркістан облысы бойынша жаңадан аудандар құрылып, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес деп аталды. Алматы облысында жаңа аудан құрылып, оған Кеген атауы берілді. Павлодар облысының Лебяжі, Качири аудандары Аққулы, Тереңкөл, Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданы мен Зырян қаласы – Алтай, Батыс Қазақстан облысыныңы Зеленов ауданы Бәйтерек, Қостанай облысының Таран ауданы Бейімбет Майлин, Затобольск кенті Тобыл қаласы, Оңтүстік Қазақстан облысы – Түркістан облысы болып өзгертілді. Сонымен қатар, 80-ге жуық атаулары бұрмаланған станса атауларының трнаскрипциясы өзгертілді.  Осы ретте мән беретін жағдай өзгертілген аудандардың атаулары тек мемлекеттік тілде бекітілді. Алтай, Аққулы, Тереңкөл, Бәтерек және т.б. Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданын Сәбит Мұқанов ауданы болып өзгертілді. Атырау мен Семей қалаларының әуежайларына ұлы Абайдың есімі берілді.            Бұл дегеніміз тарихи сәт және үлкен жетістік деп білеміз. Биылғы жылы Республикалық ономастика комиссиясының 6 отырысы өтті. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары негізінде 700-ге жуық ұсыныс қаралды, оның ішінде 100-ден аса объекті, 500-ден аса көшелер мен даңғылдар. Комиссия қорытындысына сәйкес, өздеріңіз білесіздер әлеуметтік желілерде айтылып жатыр. Қарағанды облысының бірқатар, яғни Қарағанды, Теміртау, Саран қалалары мен Жаңаарқа аудандарында орналасқан 20-ға жуық білім және мәдениет мекемелеріне Алаш арыстарының  Әлихан Бөкейхан, Абай, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев, Бауыржан Момышұлы, әл-Фараби, Әлімхан Ермеков, Ақселеу Сейдімбек, Сәбит Мұқановтың есімдері берілді. Батыс Қазақстан облысының бірқатар идеологиялық ескірген атаулармен аталатын білім мекемелері тарихи тұлғалармен қатар дәстүрлі атаулар, тарихи жер-су атауларымен алмастырылды. Мәселен, Дінмұхамед Қонаев, Ыбырай Алтынсарин, Хиуаз Доспанованың есімдері, сондай-ақ Мойылды, Ақбұлақ, Үштөбе секілді атауларымен өзгертілді. Павлодар облысының 4 мекемесіне Мыржақып Дулатұлының, Шоқан Уәлихановтың, Мұхтар Әуезовтың есімдері берілді. Ақмола облысының Степнагорск, Көкшетау қалаларының біраз мекемелеріне әл-Фарабидің, Ахмет Байтұрсынұлының, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уалихановтың, Қызылорда облысының мекемелеріне Темірбек Жүргенов, әл-Фарабидің, Роза Бағланованың есімдерімен қайта аталды. Петропавл қаласындағы  «Қазақ мектеп-гимназиясына» – Абайдың, Шымкент қаласының бірқатар білім, мәдениет мекемелеріне Сағадат Нұрмағамбетов, Сабыр Рақымов, әл-Фараби есімдері берілді. Бас қаламыз Нұр-Сұлтан қаласының 10-нан аса білім мекемелеріне Алаш қайраткерлерінің Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлиннің, Мыржақып Дұлатұлы, Ілияс Жансүгіров, Мәшһүр Жүсіп, Жұмабек Тәшенев және т.б. тарихи тұлғалардың есімдері берілді. Бұның барлығы Комиссия қорытындысына сәйкес биылғы жылы жүзеге асырылған шаралар екенін атап өткіміз келеді. Сондай-ақ, заң талаптарына сәйкес облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалалардың көшелеріне атау беру және қайта атау бойынша жергілікті әкімдіктердің ұсыныстарына Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы беріледі. Осы ретте Комиссия қорытындысына сәйкес Қарағанды, Қаражал, Балқаш қалаларының мән-мағынасыз қойылған, кеңестік сипаттағы көше атаулары елімізге белгілі тұлғалармен өзгертілді. Мәселен, Қарағанды қаласының Защитная көшесі – Григорий Потанин, Зональная көшесі – Александр Затаевич, Кривогуз көшесі – Қасым Аманжолов, Кувская көшесі – Қазыбек Нұржанов, Нұржанов көшесі – Мерей, Приканальная көшесі – Сарыарқа көшесі болып аталды. Қарағанды облысы Қаражал қаласындағы Ленин көшесі – Тәуелсіздік көшесі, Балқаш қаласындағы Больничная көшесі – Мейірім, Восточная көшесі  – Күнгей, Горняцкая көшесі – Кеншілер және тағы басқа көшелер қазақшаланды. Тағы бір айта кететін мәселе, соңғы екі жылда еліміздегі тілдік нормаға сәйкес келмейтін, сондай-ақ атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген темір жол станцияларының да атаулары қазақыланды. Атап айтқанда, Ақтөбе облысының Компала теміржол станциясы – Көкала теміржол станциясы, Жамбыл облысының Кумшагал станциясы – Құмшағыл, Акыр-Тюбе станциясы – Ақыртөбе, Мын-Арал станциясы – Мыңарал, Ала-Айгыр станциясы – Алаайғыр, Луговая теміржол станциясы – Түрксіб,  Қарағанды облысының Весна теміржол станциясы – Ақжолтай, Промежуточная теміржол станциясы – Мыңбала  және т.б. теміржол станциялары тілдік нормаға сәйкес өзгертілді. Атауларды өзгерту мәселесінде халықтың пікірін ескеру басты назарға ұсталды. Мәселен, ауылдағы көшелерді өзгерткен кезде қалай жүзеге асырылады. Ауданда орналасқан, үлкен облыс орталықтары мен облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың көшелерін өзгерту кезінде халықтың пікірі алынады.. Мысалы, ауылдағы көшені өзгерту үшін ең алдымен сол көшенің өзгертілетіні және кімнің есімі берілетін туралы, сондай-ақ халықтың пікірін ескеру үшін жиналыс өтетіні бір ай бұрын жергілікті БАҚ құралдарында жарияланады. Ол жерде өтетін уақыты мен мерзімі көрсетіледі. Аталған жиналысты әрбір әкімдіктің жанынан құрылған қоғамдық кеңес арқылы ұйымдастырылады. Сол уақытта жергілікті тұрғындар жиналады. Күн тәртібі бойынша қысқаша мәліметтер айтылады. Жиналысқа кез-келген сол ауылдың тұрғыны қатыса алады және дауыс беруге құқы бар. Аталған мәселе бойынша ашық дауыс беру арқылы хаттама толтырылады. Басым көпшілігі қолдау білдірілген жағдайда, мәселе хаттамамен ресімделеді. Осы тұрғыдан келгенде жер-су атауларындағы ала-құлалықты жоюда әр азаматтың белсенділігінің, ұлтжандылығының орны ерекше екенін атап өткен жөн. Өзіңіз тұратын жердегі ала-құла атауларды түзетуге атсалысыңыз. Белсенді болыңыз. Сонда ғана біз ала-құлалықтан арыламыз. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жергілікті халықтың пікірін ескере отырып, өз жалғасын табатын болады. Сонымен бірге барлық жергілікті атқарушы органдар жанынан құрамы Қазақстан халқы Ассамблеясы, қоғам белсенділері, саясаттанушы, блогерлер, тарихшылар және  өлкетанушылар, жергілікті зиялы қауым, БАҚ, бизнес өкілдерінен тұратын жұмыс топтары құрылған. Аталған жұмыс топтары ономастика саласы бойынша әдістемелік көмек көрсету мақсатында    үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.   Әділбек ҚАБА, Тіл саясаты комитетінің төрағасы qazaquni.kz