Руханиятқа шабуыл

немесе көзқамандар туралы әпсана

І. Ғалым мен пайым

Академик Р.Бердібай әдиет сыншысы, фольклортанушы, түркітанушы сынды сан қырлы еңбектерімен соңында мол мұра, із қалдырған ғалым. Сонымен қатар тамаша публицист еді. Өзінің саналы ғұмырында  50-ден астам кітап, 1200-дей мақала жазған публицист. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өте ауыр ахуалдыбастан өткізген қоғамның хал-күйі оның қаламынан тыс қалған жоқ.Елді жайлаған жұмыссыздық, әлеуметтік тұрмыстың төмендігі, өз ішімізден шыққан маргиналдардың «жерді сатамыз, қазақ ұлты емес, қазақстандық ұлтты қалыптастыру керек» деп орынсыз байбалам салуы оның азаматтық жігері мен намысын жани түскен еді. Осындай ұлтына, еліне деген сүйіспеншілік сезімнен,терең толғаныстан туған «Теңдік сұрар күн туса», «Үш қатер», «Үш бірлік», «Көзқамандар кімдер» деген мақалалар жазған еді.Академиктің әлі күнге өзектілігін жоймай келе жатқан, салмақты мақалаларының бірі де бірігейі осы «Көзқамандар кімдер» деген мақаласы.Ғалым «Манас» эпосындағы көзқамандар образдарын талдау арқылы көзқамандық түсінігін  өз алдына жеке категория ретінде ғылыми-шығармашылық айналымға енгізді. Қазақ қоғамында соңғы күндері көрініс тапқан бір жайт көзқамандықтың көрінісін  көз алдымызға келтіргендей. Әуелі, оқырманға көзқамандық ұғымын тәпсірлей кетсек. Ғалым-публицист былай дейді: «Көзқамандар, ең алдымен, өз халқының тілін білмейтін, сондықтан оны жат санайтын, іңгәлап дүниеге келгеннен ер жеткенге дейін басқа түсінік, пиғылда тәрбиеленген жандардан шығады. Оларға өз елінің асыл қасиеттерінің бір де бірі дарымаған, өзін асыраған, адам қатарына қосқан халқының тағдырына дұшпанның көзімен қарап дағдыланған. Тіпті жаратылысынан ақыл-есі бүтін болып туғанмен, мұндайлар өз елінің перзенті болар жарытпайды.Ана тілін білмегендіктен, халқының көңіліндегі мұңды, көкейкесті арманды көзқамандар сезбейді. Халық даналығы жаратқан небір  әсем ән, құдіретті күй,  аталар сөзі, ғибрат, нақыл бұларға әсер етпейді. Эпостағы көзқамандар жырақ жерлерде өскендер болса, қазіргі заманда олардың «ізбасарлары» – өз елінде жүріп-ақ жатбауыр болып қалыптасқандар…(«Ел боламыз десек», Елорда, 2000 ж.) Адамзаттың саналы өмірінде ең үлкен қол жеткен табысы – білім.«Артық білім – кітапта» деп хакім Абай айтып кеткендей, өркениеттің тірегі  білімде. Мұның сырын ертеден ұғынған ел билеушілер, паташалар ежелгі замандардан-ақ кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін дамытуды жолға қойғаны белгілі. Оның жарқын мысалы әлемнің ең үлкен кітапханалары ретінде тарихта қалған – Александрия  кітапханасы мен  күллі түркі халқына ортақ құндылық – Отырар кітапханасы. Бұлардан тыс, адамзат дамуына, рухани жетіліп кемелденуіне қызмет етіп келе жатқан қаншама кітапханаларболды. Адам рухани дамып, кемелдікке ұмтылған сайын кітапқа сұраныс арта бермек. Ал, бүгінде билік мінберінен кітапханаларды таратып, оның орнын онлайн оқумен алмастыру туралы сөз болып жатса, бұл да бір кер кеткен қоғамның көрініс демеске амалымыз жоқ. Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты­ның депутаты Мирас Шекеновтің: «Бүгін­де кітапханалар анахронизм­ге айналып барады. Бюджеттен жалақыға, ғима­рат­тарды ұстап тұруға және көптеген кітап сақтауға қомақты қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Барлық кітап интернетте тұр», деп мәлімдеуі қазақ қоғамынадүр сілкінткендей болды. Халық қалаулысы атанған азаматтың биік мінберден: «елорда әкімдігіне қарасты қалалық ор­та­лық­тандырылған кітапханалар жүйе­сін қысқарту керек, жабу қажет» деген мәлімдемесі расындакөпшілікті күмілжітіп, еңсемізді түсірді. Әлбетте, кітапханалар  кітап қорын электронды нұсқада  жинап, жүйелеуі заман талабы. Оның үстіне соңғы уақыттары әлемді шарпыған пандемия әсерінен онлайн оқудың рөлі арта түскені шындық. Бірақ қанша жерден онлайн оқу десек те, дәстүрлі кітапхананың жөні бөлек. Кітапты қолға алып, мұқабасынан бастап, әрбір парағын парақтап, керек тұсын түртіп алып оқудың жөні бөлек қой. Желідегі дүние – жел секілді. Өтпелі. Кітап – мәңгілік.Оның үстіне, кітапханадаинтеренеттен таба алмайтын, авторлық құ­қығы қорғалған сирек кездесетін кі­таптар бар.  Ғасырды ғасырға жалғап сақ­талып келе жатқан ғажап құндылық, қазыналарымызды сақтау, күтіп-ұстаудың технологиясы жөніндегі әңгіме өз алдына бөлек тақырып. Кітап. Менің ұғымымда кітап – ол адам баласының ең жақыны, сырласы. Кітап шеріңді тар­қатады, ойыңды кеңейтеді.Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі. Адамзат кітапқа өзінің қасиетті сезімі мен жан жылуын сеніп тапсырған. Кітап біздің алға жылжуымызда, адамгершіліктің биік шыңына көтерілуде өлшеусіз үлес қосып келеді. Жақсы кітап жан азығы деп бекер айтылмаған. Жан азығы ғана емес, меніңше  кітап – ұстаз!Шығыс данышпаны Конфуцийдің: «кітап ең сабырлы ұстаз» деп жазуында мән бар. Марқұм, ақын-публицист Аманхан Әлім ағамыздың: «Кітап та адамды тәрбиелейді. Бірақ ол көпжылдық жеміс сияқты. Жемісін бірден бермейді. Алдымен жан-жүрегіңе әсер етіп, сана-сезіміңе ықпал етеді де, бірте-бірте ойыңа да, бойыңа да сіңіп, ақыры уақыт өте жемісін береді. Білімді әрі білікті азамат ретінде эволюциялық жолмен қалыптастырады» деген сөзі бар-ды.Мұның бәрін неге, не үшін айтып отырмыз? Айтпағымыз: кітап – құндылық, баға жетпес байлық. Ал, кітапхана – қазына. Біле білсек, кітапхана – ұлттың ертеңі үшін салынған инвестиция. ІІ. Кітапхананы құрту қиянат Жоғарыда сөз болған мәслихат депутаты М.Шакеновтың мәлімдемесіндегі «кітапханалар ғимаратын ұстап тұру ел бюджетін ойсыратып барды» деген уәжі  президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында көтерілген «квази­мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту керек» деген тапсырмасын жаңсақ тү­сі­нуден туындап отырған үстірт ұсыныс болса керек деп ұқтық. Қашанда «шаш ал десе, бас алатын» шенеуніктер осыны желеу етіп, кітапханаларды қысқартуды ұсынып отыр. Ұсыныс шынымен де жүзеге асса, бұл ұрпақ, келешек алдындағы ке­шірілмес  қиянат болары анық. «Егер елордамыз Нұр-Сұлтан қала­сында орталықтандырылған кітапха­налар жүйесі жабылып жатса, онда аста­­наға қарап бой түзейтін, үлгі алатын облыстар, ауылдар, шалғайдағы ел­ді ме­кендер не істемейді? Осы жағын ойла­нуымыз керек. Өркениетті елдерде – Еуропада, Азияда, қала берді мы­на көршілес Ресей, Өзбекстан мен Қыр­ғыз­стан кереметтей кітапханаларын сақ­тап отыр. Олардың парасат үйлеріне де­ген құрметі айрықша. Біз жас ғалым ре­тінде жыл сайын Ресейге, Өзбекстанға ба­рамыз. Олардың кітапханасы, ар­хи­ві мемлекетіне, экономикасына, бюд­же­тіне табыс түсіріп отыр. Өйткені не­шеме жылдан бері келе жатқан ескі кі­тап­тар, қолжазбалар сақталып тұр. Мі­не, кітапхананың рөлі осындай бо­луы керек. Кітапхана мемлекетке қыз­мет етеді. Егер кітапхананы тұншық­ты­ру, кітапханашылардың санын қыс­қарту арқылы бюджеттің қаржысын есеп­тейміз десек, онда біз надан ұрпақты тәрбиелейміз» – деп әлеуметтік желідеашына үн қатып, әлеуметке ой тастаған  жас ғалым, әдебиетші Елдос Тоқтарбайдың пікірі ден қоярлықтай. Статистикалық деректергее жүгінсек, Нұр-Сұлтан қаласында жалпы саны 18 кітапхана бар екен. Онда 130-дан астам кітапханашы жұмыс істейді. Ал кітапханашылардың орташа айлық табысы – 59 462 теңге. Осындай мардымсыз жалақыға ұлттың кемелденуі үшін еңбек етіп, небір  өнегелі, тағылымды іс-шараларды ұйымдасытырып, адамзат тәрбиесіне үлес қосып  жүр­ген кітапханашылар қызметі шын мә­нінде зор құрметке лайық.Кітапхана тек кітап оқитын, білім іздейтін орын ғана емес, бұл – түрлі тағылымды кездесулер, кітап таныстырылымы, тұ­саукесерлер өтетін, тарихтың көне көм­белерімен, жарқын болашақтың өрісімен қауыштыратын рухани орда, құтты мекен. Осынау киелі орда, құтхана – кітапханаларымызға шабуыл – руханиятқа шабуыл демеске лаж жоқ. Академик Рахманқұл Бердібайдан қалған мына бір тәмсілге тағы да оралсақ: «...Ал көзқамандар ақыл-есі  ауысқандар емес. Бұлар мектеп, университет бітірген, жоғары лауазымды қызмет атқарғандар болуы да әбден мүмкін. Сырттай қарағанда мінсіз шешен, сәуегейден бетер білгір, әлем тағдырын өз алақанындағыдай кесіп-пішіп, сынап-мінеп отыратындар тәрізденеді. Бірақ бұлардың жазылмайтын немесе ұзақ емдеуді керек ететін ауруы – туған халқының дәстүрін танып-білуге салғырттығы, сөз жүзінде отаншыл болып көрініп, былай шыға бере елдің хас жауларымен тіл тауып, халықтың түпкілікті мүддесін сатып жіберетіндігі, ең жаманы – жұртының қадір тұтқан қымбаттарын, тәуелсіздігімізді тәрк етуді көздеп отырғандармен ауыз жаласып, соларға арқа тіреп, намысымызды таптап кететіндігі. Мәңгүрттер есінен айырылған міскіндер болса, көзқамандар – елдігімізге саналы түрде қарсы шығатын қаскүнемдер». (Р.Бердібай, «Ел боламыз десек...», Елорда, 2000,). ІІІ.Түйін Р.S Кітапхана – тасқа басылған тарихымыз, қатталған қазынамыз. Терең тарихымызды, тамырымызды танып білер рухани ошағымыз. Бүгінді болашаққа жалғар алтын көпір. Сол себепті,дамыған елдер кітапты, кітап оқуды интеллектуалдық  байлық деп, ерекше мән беріп отыр. Батыстың, озық елдердің менталитетімізге сай келмейтін тозық үрдістерін үйренгенше осындай игі,ізгі үрдістерін үйренсек қой. Ресей, Жапония, Қытай, Ұлыбритания секілді көп оқитын халыққа айналсақ қане?! Озық елдер кітапты төрге шығарып, өнер-білімі, ғылымы, экономикасы өрге басуда. Ал бізде ше? Билікке, биік мінберге көзқамандар емес, ел қамын ойлайтын қамқор, елжанды азаматтар келсе дейміз. Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбайұлы, М.Кемелұлы секілді байырғы халық қалаулылары, олардың ел, ұлтқа деген жанашырлығы қандай еді десеңші. Қазіргі кезде «праймериз» деп дүрлігіп жүрміз. Көбінің көксегені депутаттық мандат,  биік мінбер. Болсын. Жетсін дегеніне, бірақ та ел қамын жер, ұлттың ұпайын түгендер мемлекетшіл тұлғаларды көре аламыз ба,  сол қатардан?! Мәселе сонда... Әтіргүл ТӘШІМ, журналист Нұр-Сұлтан qazaquni.kz