"Сиыр жылы" сүйінші жаңалықтарға толы болсын!
2020 ж. 30 желтоқсан
1440
0
Тәуелсіздікке ие болғалы Қазақ елі өзінің отызыншы жаңа жылын қарсы алмақшы. Отыз жыл аз уақыт емес, орда бұзар жастамыз. Өткен әрбір жылымыз өз алдына бір белес. Отыз жылда жеткен жетістіктеріміз баршылық, кемшіліктерімізді де жоқ деп айта алмаймыз. Қалай болғанда да өткен күннен белгі қалары анық. Әр жылымыз ұлтымыздың жылнамасына жазылып, келер ұрпаққа тарих болып жетеді. Өткендегі олқылықтарымыздың орнын толтырып, жақсы істерімізді жалғастыратын, жаңа биік белестерге бет бұратын кезеңдеміз.
Өткенге өкінбей салауат айтып, қолдағы барды қанағат тұтатын қазақпыз. Дегенмен, биылғы өтіп бара жатқан жылдың ел басына көп қиындық әкелгені белгілі. Дүниежүзін жаулаған коронавирус індеті бізді де шет қалдырмады, қаншама адамдарымызды алып кетті. Ел экономикасына елеулі нұқсан келтіріп, халықтың тұрмысына кері әсер етті. Осынау бір қиын-қыстау кезеңде ел болып, жұрт болып «тәжтажалға» қарсы тұра алғанымыздың өзі бір жеңіс дер едік. Жетімін жылатпаған қазақ қашан да қайырымдылық атты қасиетін жоғалтпаған. Қанымызда бар болмысты бұл жолы да көрсете білдік, сын сағатта бір-бірімізге сүйеу болдық. Қатардағы қарапайым адамдардан бастап кәсіпкерлер, қолында мүмкіншілігі бар азаматтар аянып қалған жоқ. Індетке шалдығып, сырқаттан сүрінгендерді демеп, қолдарынан келер көмегін аямады. Волонтерлер жылында еріктілер ерліктің үлгісін көрсетті, халқымыздың ұйымшылдығын паш етті. Медицина саласының қызметкерлері күні-түні жұмыс істеп, адам өмірі үшін айқасты. Енді індеттің өткен жылмен бірге қайтып оралмастай кеткенін, басынан талай зұлматты өткерген қазақтың келер күні жарқын болса екен деп тілейміз.
Ұлтымыздың ұлы жолы, талайлы тағдыры, бай тарихы, елдігіміз үшін жанын пида еткен ірі тұлғаларымыздың өнегелі ғұмыры бүгінгі тәуелсіз Қазақ елінің баға жетпес құндылығы. Осынау құндылықтарымызды түгендеу, бабалар жолын жаңғыртып, оларға тағзым ету, құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың басты парызы, ертеңге үлгі ретінде ұсынар ізгі аманаты.
Қиындығымен бірге 2020 жыл тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғалар мен белгілі тұлғаларымыздың айтулы датасына толы болды. Соның ішінде Қазақ мемлекеттілігінің бастауы саналатын Алтын Орданың 750 жылдығы, ұлттық құндылықтарымыздың бірі – Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығы осы жылға дөп келді, UNESCO көлемінде аталып өтті. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған тұтас түркі халықтарының абызы, өз заманының озық ойлы данагөйі Тоныкөк бабамыздың тұлғасы және оның тасқа қашалған жазбасы – маңызды тарихи мұрамыз.
Сонымен бірге биыл Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының құрылғанына 100 жыл толды. Ұлттық мәңгілік мемлекет құруға талпынған Алашорда өкіметі таратылғанымен Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының құрылуы ел тарихындағы негізгі оқиғалардың бірі болып табылады. 1920 жылдың 4 қазанында Орынбор қаласында Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы кеңестерінің съезі болды. Съезде Қазақ автономиялы республикасы жарияланды. Осылайша қазақ халқының ұлттық мемлекет ретіндегі шаңырағы қайта көтерілген-ді.
Бұл мемлекеттік деңгейде атап өтілуі тиіс мереке еді. Тек «Ақ жол» партиясы ғана бірнеше іс-шаралар өткізді. Ғылыми конфе- ренциялардың бірі – 1920-1927 жылдары шыққан, Алаш идеясын жалғастырған «Ақ жол» газеті жинағының 25 томдығының шы- ғарылуына арналды. Бұл жинақ «Ақ жол» партиясының қолдауымен жарық көрді. «Ақ жол» партиясы Қазақ Республикасының 100 жылдығына арнап, Халықаралық мүшәйра жариялады.
Қазақ халқының ғасырлар бойғы азаттық үшін жүргізілген күресінің соңы осыдан отыз жыл бұрын егемендікке қол жеткізуіне ұласты. Бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке бүгінгі ұрпақ куә болды. Ел тәуелсіздігінің алғашқы белгісі, Конституциялық заңның қабылдануына негіз болған тарихи құжат – Егемендік туралы декларация еді. 1990 жылы 25 қазанда бекітілген бұл Декларация бойынша Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланды. Содан бір жыл өте Қазақстан тәуелсіз дербес мемлекет ретінде әлемге танылды. Ал Қазақстан Республикасының Конституциясына да биыл 25 жыл. Ата Заңымыз 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданып қазақстандықтардың құқықтың мәртебесін, саяси-экономикалық құрылыстың негіздерін белгілеп берді. Зайырлы мемлекет, демократиялық қоғам құруды айқындаған Ата заңымызға одан кейін де өзгертулер енгізілді. Халықтың үнін еститін үкімет құруды қолға алдық. «Ақ жол» партиясының талабымен Парламенттегі оппозицияға қосымша мүмкіндіктер берілді. Өткен жылы құрылған Ұлттық кеңестің бірқатар ұсыныстары ескеріліп, іске аса бастады. Парламенттегі жастар мен әйелдер құрамын отыз пайызға дейін ұлғайту міндеттелді. Бұдан басқа да экономикамыз бен халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған шешімдер қабылданды.
Қандай ұлт болсын өзі жүріп өткен тарихын өшіре алмайды. Кеңестер одағы құрамында болған жылдар да біздің тарихымыз. Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске 75 жыл толды. Соғыс жылдары кеңес әскері қатарына 1 миллион 400 мың қазақстандық шақырылды. Оның 601 мыңы туған жерге оралған жоқ. Олар майданда ерлікпен шайқасты. 100 000-нан астам отандасымыз жауынгерлік ерліктері үшін медаль, ордендермен марапатталды. Шамамен 500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды. Солардың бірегейі – Кеңес Одағының Батыры, халық қаһарманы, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының жүз жылдық мерейтойын да осы жылы атап өттік.
Қазақ ұлтының тарихында бүкіл әлем мойындаған тұлғалар баршылық. Біз оларды болашағымыз жастарға үлгі етеміз. Түркі дүниесі ақыл-ойының шамшырағы болған, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық (870-2020) мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өттік. Шығыс әлемінің ғұлама ойшылының философиялық трактаттары әлем философиясының зор табысы саналып, алтын бастаулардың бірі ретінде қарастырылатыны біздер үшін зор мақтаныш. Сол сияқты қазақтың бас ақыны, қазақ көркем ойы мен өлеңінің реформаторы, жаңа замандағы жазба әдебиеттің көш бастаушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай ел көлемінде елеулі мәдени шаралар өткізілді. Хакімнің 175 жылдық мерейтойы өтпелі шаралармен емес, өнегелі, өміршең өлеңдерімен есте қала бермекші.
Қазақтың ұлы композиторы, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толуына орай Тәуесіздік күнінің қарсаңында киелі Түркістанның төрінде ән патшасына арналған ескерткіш ашылды.Бұл да еліміздің тарихындағы елеулі оқиға. Бұдан басқа қазақтың дүлділ ақыны, ұлттық театрымыздың негізін қалаушылларының бірі Иса Байзақовтың 120 жылдығы мен "Мен — қазақпын" поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы да биылғы жылдың еншісіне тиді. Әрине, бұл мерейтойлардың бәрін елімізде жарияланған карантинге байланысты кең көлемде атап өтуге мүмкіндік болмағаны өкінішті.
Әр жылдың адамзатқа тартар өз сыйы болары хақ. Алдымыздағы «Сиыр жылы» сүйінші жаңалықтарға толы, еліміз аман, жеріміз бүтін болсын! Жаңа жылда ұлтымызды биік белестерден көруге Құдай нәсіп етсін!
"Қазақ үні"