Қалдыбек Құрманәлі: БІЗДЕР ҮШЕУ ЕДІК
2020 ж. 27 желтоқсан
3247
0
...Мен бүгін ерекше қуанып отырмын. Неге қуанбасқа? Студенттік кездегі, қиындық пен қызық шақтарды бірге өткізген досымыз, қазақтың талантты ақыны, талай әсем әндердің авторы, композитор, желтоқсан қаһармандарының бірі- Аманғазы Кәріпжан Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты атаныпты. Марапат- бұл жолы өз иесін адаспай тауыпты, құтты болсын, бауырым!
... Ол қазақ поэиясына өзіндік қолтаңбасымен, дара үнімен келген, тағдырлы ақын. Мен білетін Аманғазы әлдекімдердей өлең құрастырмайды. Оған өлең, Алланың ерекше сыйындай көктен құйылып түседі.
"... Жанарыма жай жұттым да тұндырып, жүрегімді лақтырдым сындырып..." Ол осылай жазады. Оның жырлары таудан құлаған тасқындай адуынды, бұлақтың мөлдір суындай тұма, таза. Сондықтан да ақынның өлеңдері, өз болмыс-бітімі, мінезімен үндесіп жатыр. Аманғазы үшін ұлттың намысы қашан да бірінші кезектегі мәселе. Осы жолда ол отқа күйіп, жанып кетуге де дайын еді... Жанып кететіндей кездері де болған. Желтоқсан көтерілісі кезінде. Бірақ, Құдай сақтап аман қалды! Ұлтына-деген адалдығы мен сүйіспеншілігінен... Оның туа бітті бойына сіңген ерекше қасиеті - отанына-деген адалдығы мен достыққа-деген кіршіксіз таза сенімі. Осы жолдан ол бір сәт те тайған емес. Ол кімді сүйсе де, (базбіреулердей тілінің ұшымен емес) жүрегімен сүйді. Оның иманы-жүрегінде! Міне, біздің Аманғазы досымыз, ақ адал, ақжарма, ақ пейіл көңілімен, өзінің мінезі сияқты дара поэзиясымен де қандай марапатқа да, мақтауға да лайық жан. Отыз жылдан астам уақыт дос болып, бірге сыйласып жүрсек те бұл менің ол жайлы жазған алғашқы жазбам екен. "Аманғазы досымыздың қуанышы ұзағынан болсын!" деп тілейік.
... Енді жазбамның бас тақырыбына ауысайын. Біздер үшеу едік.
Аманғазы, Бағдат және мен. Үш дос, осы күнге дейін өмірдегі басқа түскен қиындықтар мен қуанышты сәттерімізді бірге өткізіп келеміз. Студенттік шақтағы достығымыз бұл күнде үлкен сыйластыққа ұласқан. Үшеуіміз де, жас кезімізде, талай аламан айтысқа қатыстық. Жеңген кезіміз де, жеңілген сәттеріміз де көп болды. Жеңімпаз болсақ, масаттанбадық, жеңілсек мойымадық. Ол екеуі түнімен өлең оқитын. Мен болсам, әндететінмін... Аманғазы кейін бірыңғай өлең жазуға бет бұрды. Ал, Бағдат Телтаев болса, біржолата тұңғиығы терең ғылымға құлаш ұрды. Өлең жазуды да ұмытпады. Мен болсам, сол баяғы әніммен өмір сүріп келемін. Ал, айтыстан бізді ешкім қуған жоқ. Өзіміз кеттік. Бірде жеңіп, бірде жеңіліп, осы күнге дейін жүре берер ме едік, кім білсін?! Тағдыр біздің шығармашылығымызды басқа арнаға бұрды. Алайда, арман- кемеміз бізді адастырмады. Соған тәуба дейміз... Құдайдың құдіреті, біз үшеуіміз де кейін, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаттары болдық. Ол уақытта бұл сыйлық кез-келгеннің уысына оңай түсе бермейтін. Бірінші боп мен, әндер циклы үшін, Бағдат-ғылымдағы жетістіктері үшін, ал, Аманғазы өлеңдер жинағы үшін жеңімпаздары атандық. Сөйтіп үш дос- көпшілікке, қазақтың ақыны, комозиторы, ғалымы болып танылдық. Биылғы жыл, тәж-тажалдың алқымнан алып, қинағаны болмаса, біздер үшін сәтті жыл болды. Маусым айында, талай шәкірттер тәрбиелеген,техника ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Телтаев досымыз, Қазақ Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. Ал, желтоқсан айында, бірнеше жыр жинағының авторы, жер, тіл, ұлт мүддесі күресінде қайсарлық танытып келе жатқан, желтоқсан қаһармандарының бірі, ақын,композитор Аманғазы Кәріпжан бауырымыз, халықаралық"Алаш" әдеби сыйлығының лауреаттығына ие болды. Мен болсам, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020жылғы 3 желтоқсандағы Жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағымен марапатталдым.
Ардақты ағайын!
Әзірге сіздермен бірге бөлісер, қуанышты жаңалығымыз осы.
Сіздерге де, жұғысты болсын!