Женевадағы Ұлттар Сарайында Абайдың бюсті ашылды
2020 ж. 22 желтоқсан
813
0
БҰҰ Женева бөлімшесінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған бюстің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Салтанатты шараға қатысушылардың назарына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында Абайдың 175 жылдығына арналған баяндамасынан үзінділер және Абайдың тарихи отанында оған ашылған ескерткіш туралы фильм ұсынылды.
БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры Татьяна Валовая БҰҰ-ның 75 жылдығына орай Ұлттар сарайының тарихи ғимаратында бюсттің ашылуының символдық мәні бар екенін атап өтті. Ол қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, елдің халықаралық саясаттағы, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамудағы маңызды рөлі мен жетістіктерін атап өтті. Т.Валовая ұлы ақын, ойшыл және композитор Абайдың шығармашылық мұрасының тек мемлекетіміз үшін ғана емес, бүкіл Еуразия өңірі үшін маңызы зор екенін, сондай-ақ Батыс және шығыс мәдениетін біріктіретін көпір болып табылатынын, мысал ретінде Абайдың Лермонтовтың қазақ тіліне аудармалары арқылы неміс ақыны Гёте шығармашылығын таратудағы рөлін келтіретінін атап өтті.
Қазақстанның Женевадағы БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Жанар Айтжанова өз өмірін ағартушылыққа арнаған Абайдың 175 жылдығы биыл бүкіл әлемде кеңінен атап өтілгенін айтып кетті. Оның айтуынша, Абай шығармашылығы елдер мен халықтардың жақындасуына ықпал етті, оның толеранттылық, махаббат идеялары БҰҰ-ның 75 жылдығында аса өзекті болып табылады. Қазақстандық дипломат Абайдың бюстін орнату үшін қарусыздану жөніндегі конференцияның мәжіліс залына қарама-қарсы орынды таңдаудың символдық мәнін атап өтіп, Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым...» дана қара сөздері БҰҰ қоғамдастығына ізет, бейбітшілікті, бірлікті және көпжақты дипломатияны нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.