Ызғарлы күндер еді...
2020 ж. 13 желтоқсан
4358
0
«Сайран» жатақханасынан біз де шықтық
Кешегі Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың басым бөлігі жатақханада тұратын жұмысшы және студент жастар болды.
Баспана түгілі өз астанасының тіркеуіне де жылдар бойы іліне алмайтын, ауырса, сырқатының атын да өз тілінде жеткізе алмайтын, қысқасы, өз жерінде өзге ұлттың қас-қабағымен өгейдің күнін кешіп, ауыр жұмысқа жегілген қазақ жастары бұйырса жатақханада, бұйырмаса пәтер жалдауға қанағаттанды. Сананы улаған қызыл идеалогиямен, еңсені басқан империяның мысы бұл мазақтың мәнісін түсінуге де мүмкіндік бермеді. Әйтсе де, отарлық саясаттың ызғарын ұлттық болмысынан жұрдай дүбәрәлардан гөрі жатақтағы ауыл жастары көбірек сезініп, қызыл қоғамды намыстың алауымен қызыл жалынға орады. Желтоқсан алаңында тек жігіттер, ғана емес қара көз қарындастарымыз да намыстың жалауын желбіретіп жан шерін ақтарды. Осы орайда көтеріліске бір қыздар жатақханасынан бірге шығып, қызыл жендеттердің қуғын-сүргініне шыдап, таяғын бірге жеген үш қыздың әңгімесін жазып алған едім.
РАИСА МҰХАМЕДИЯРОВА, желтоқсан ардагері:
– ...Содан басым ауырып, ауруханаға бардым...
– Мен 1986 жылғы Алматы құрылысына қарасты № 261 балабақшада бала күтуші болып жұмыс істедім.
– Ол кезде менің де қарындасым сонда жұмыс істеген.
– Иә, желтоқсанның 17-18 күні бұрынғы Л.И.Брежнев алаңына құрбыларым Мамырбаева Күлшат, Рысбаева Бақыткүл және сол балабақшада бірге істеп, бір жатақханада тұрған Карипжанова Сайраш бәріміз құрылысшылар жатақханасынан келген бір топ жігіттерге қосылып ереуілге шықтық. Онда «Қазағымыздың жері үшін, елі үшін,тілі үшін!» деген ұстанымы бар сол топпен бірге намысымыз кернеп, алаңға да жеттік. Үстеріне қара шинель киген солдаттар бізді ұрып-соғып, итпен жыраға қарай қуалады. Сол кезде қасымдағы құрбы қыздарымнан адасып қалдым. Жалғыз өзім кімге қосыларымды білмей, абдырап тұрғанымда арт жағымнан дубинкамен біреудің ұрғанын білемін. Есімді жиғанда қасымдағы қыздарды іздей бастадым. Көзімді ашып қарасам, бір жігіттер: «Қарындас тұр!» деп мені тұрғызып, өздерімен бірге сүймелдеп алып кетті. Содан басым ауырып, ауруханаға бардым. Ертеңінде жұмысқа бардым. Біздің балабақшаның бастығының ұлты да басқа болатын. Мені жеке кабинетке шақырып алды да: «Сен жұмысты таңдайсың ба, әлде ауылыңды таңдайсың ба?» деді, қорқытып.
– Қайсысын таңдадың?
– Мен жұмысты таңдайтындығымды айтып, ешкімге тіс жармауды ұйғардым. Содан ағайын-туыстарыма да бір кесірімді тигізбес үшін сырымды қаншама жыл бойы ішімде сақтадым. Бірақ, оқиғадан кейін ертесінде әрі қарай жұмыс істей алмадым. Оның үстіне бастығымыз да өшігіп қоймады. Қысқасы, жұмыстан алғаш кеттім.
12.10.2016 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» ақтау қағазын алдым.
Үкімет үйіне лап қойды
Талғат Қожанадиров Жұмаханұлы, Желтоқсан куәгерi:
– Ол кезде мен АЗВИ-де қызметте болатынмын.1954 жылы Талдықорған облысы Ақсу ауданы Тарас ауылында туғанмын. Мамандығым – мал дәрігерi. Күнделікті жұмыста 7.30-да боламыз. Ветфактың 4-ші курс студенттерi жиналған соң сабақты өткізбестен, барлығы орындарын тастап, «алаңға кеттік» деп шығып кетті. Аудиторияда Ауған елінен келген екі студент қана қалып қойды. Олар маған:
– Ағай, сіз не қазақ емессіз бе, неге алаңға бармайсыз? – деді. Мен не айтарымды білмей сасып қалдым. Деканатқа келгенімде басқа да оқытушылар осында екен. Сол кезде Бегайылов деген деканымыз бізге:
–Алаңнан өз группаларыңды қайтарыңдар! Қайтара алмасаңдар өздерің де қайтпаңдар! – деді. Сөзінің астарында «сендер де барып қатысыңдар!» дегенін біз де түсіндік және солай істедік. Алаңға келгенде адамдардың саны алаңды толтырып қалған екен. Сол жерде дос адамдармен кездесіп, бәріміз трибунаға жақындап қалғанда милиция сап құрап, бізді өткізбеуге әрекет жасады. Трибунаға көтерілген 6-7 адамның біреуі генерал екен. Басындағы папахасын жастар қармен атқылап ұшырып түсіргесін, қалғандары да қашты. Осы кезде қалың жастар тобы милициялардың ұзын сабына қарамай, үкімет үйіне лап қойды. Мен де алдыңғы топпен бірге едім. Өкімет үйінің есігіне 5-6 баспалдақ қалғанда екі жақ қапталдан шыға келген десанттар елді кейін қайтарды. Біреуді-біреу танып білмейді. Десанттар елді басы-көзіне қарамай ұрып-соғып, тепкінің астына алумен кейін қайтарды. Мен «Сол 5-6 баспалдақ қазақтың маңдайының соры болды ма? Кім біледі, сол кезде көтерілушілер үкімет үйіне кіргенде басқаша болар ма едi?» деп осы күні ойлаймын? Бәлкім, өз қалауларымен Қонаевты ма, жоқ сол сияқты қазаққа жаны ашитын басқа бір адамды қояр ма еді?! Адамдарға шашқан мұздай су лезде мұзға айналды. Қалшылдаған жастар оған қарамай, оны да аударып тастады. Осы кезде «Фурманов көшесі жағында адамдарды атып жатыр» деген хабар келді. Елдің бәрі сол жаққа қарай жүгіре бастады. Осы бір кезде басымнан тиген соққыдан кейін арғы жағы есімде жоқ. Жанымдағы жігіттер институтқа көтеріп алып келген екен.
– Әйтеуір арты тыныш болған шығар...
– Айта берсек бұл оқиғаның арты не болғанан барлықтарыңыз білесіздер. Жұмыс орнындағы тексерістер, оқудан қуылған студенттер, жұмыссыз қалған қазақтар. Мен сол кездегі жастарға ризамын, осы күнгі жастардан мүлдем басқа еді. Зардап шеккен талай жастар қорлыққа осы күнге дейін қалай шыдап жүргендеріне таң қаласың. Мүмкін елінің, жерінің тыныштығын ойлаған ішкі сезімнің қорытындысы ма деп те ойлаймын.
КҮЛШАТ МАМЫРБАЕВА, Желтоқсан ардагері:
Топтан бөліп алып сабай бастады
– Мен 1986 жылы «Алмаатапромстрой» тресіндегі № 35- құрылыс-монтаж басқармасында сылақшы едім. 1-ші Алматыдағы «Электротехника» зауытын салып жатқанбыз. Біздің бригада ішкі сылақты кешкі 17:00-ге дейін істейміз.
17-сі күні жұмыстан келіп, кешкі ас ішіп жатқанымызда есік қағылды, құрылысшылар жатақханасы үшін бұл таңданарлық нәрсе емес. Айтпақшы, Бақтыгүл Рысбаева екеуміз «Сайран» жатақханадағы 407-ші бөлмеде тұрдық. Бақыткүл Заитов дегеннің мен Вера Малышованың бригадасында едім. Есікті ашқанымызда дəлізде бір топ қыз-жігіт тұрды. Топ алдындағы жігіт:
– Қыздар, кешіріңіздер. Қазір Қазақстанның тағдыры шешіліп жатыр. «Біз ешкімге құл болмаймыз!» десеңдер, жүріңдер! Біз Үкімет үйіне кетіп барамыз. Қазақстан халқы, еліміз үшін жандарың күйе ме?» – деді. Біз сөзге келместен киініп, ілестік. Астыңғы қабатқа түскенде трест басшылары жолымызды бөгеді. Лықсыған топ бұзып жарып, есіктен шықтық. Абай көшесімен жаяу Үкімет үйіне тарттық. Жолдан жастар топ-топ болып, қосыла берді, қосыла берді. Алаңға жеткенде қарақұмық халық сеңдей соғылысты. Ұрандаған халықты қалқан ұстаған қарулы əскер таратуға тырысты. Дубинка ұстаған əскерлер ұрып-соғуға кірісті. Топтан бөліп алып сабай бастады. Біздің ашу-ызамыз күшейгенде өрт сөндіргіш машиналар су шашты. Қақаған аяз, ыстық жаңбыр, ұрып-соғу шегінуге тура келді. Əскерлер күші басым бола бастағанда құрбым Бақыткүл Рысбаева екеуміз де бір топпен Абай көшесіне қарай қаштық.
– Содан қашып құтылдыңдар ма?
– Жоқ, Абай мен Əуезов көшесінде алдымыздан тосқауыл шықты. Сонда қайта шегінгенімізде бірнеше адам сондағы құрылыс шұңқырына құладық. Əскерлер қашқандарды қуып кете барды. Терең шұңқырдан ит азаппен шығып, таң ата бөлмемізге жеттік. Таңертен естігеніміз – бізге қосыла алмай қалған Гука дейтін қыз есіктен шыға алмай, 2-ші қабаттың терезесінен түсіпті. Ауруханада ол айдан аса жатты.
– Келесі күні алаңға бардыңдар ма?
– 18-і күні мен қайтадан алаңға шықтым. Бақыткүл суық тиіп, қатты ауырып, үйде қалды. Бірақ, бұл күні кешегіден де қатты соққыға тап болдық. Сағат 10-дарда қашуға тура келді. Күндіз қашып құтылу қиын-ақ екен. Əскерлер қыздарды шашынан сүйреп, тепкіге алды. Ара түскен жігіттер қан жоса болды. Қоян-қолтық төбелесте біреу:
– Қыздар, қашыңдар, құтылыңдар! – деп айғайлады.
Бір топ жастар Сəтпаевтан Космоновтар көшесіне қарай қаштық. Артымыздан ит жетектеген əскерлер қуып келеді. Олар жете бергенде, жігіттер қарсы тұра қалды. Бізге «кетіңдер!» деп айғайлады. Мен қасымдағы қасымдағы қыздардан адасып қалдым. Қасымда Раиса (Проза) Мұхамедиярова, Бақытгүл Рысбаева, Сайраш Кәріпжанова деген қыздар болған. Бір солдат мені шашымнан ұстап алып, дубинкамен соға бастады. Мен де дубинкадан шап бердім. Өзім жұлқи тартып құлаттым да, сүріне-қабынып қаша жөнелдім. Қарсы алдымдағы сегіз-тоғыз қабатты үйдің подъезіне жүгірдім. Содан соңғы қабаттағы бір пəтердің қоңырауын бастым. Есікті ашқан жылы жүзді əже ішке кіргізді. Бірден «тығыл» деп шифоньерді ашты. Мен шифоньерге кіріп кеттім. Ұзамай есіктің қоңырауы шырылдады. Есіктен кірген адам орысшалап:
– Әлгі қыз қайда? Осында екенін білемін, – деп айқайлады. Жаңағы әже: – Бар да қара! Кімді іздеп жүрсің? – деді. Бірер минуттан соң адам шығып кетті. Əже шифоньерден шығарып, сыртта болып жатқандарды терезеден алыс тұрғызып көрсетті. Сол күні кешке дейін сол əженің үйінде болдым. Ол мені жібермеді. Қараңғы түскенде баласы екеуі машиналарымен жатақханаға жеткізіп салды. Тіпті, ұлтын да білмеймін сол əженің. Башқұрт па, татар ма екен?
– Желтоқсанның жұмысқа зияны тимеді ме?
– Содан жұмыста түртпектеу басталды. Бірақ, бар қазақты жұмыстан шығарса, кім қалады жұмыста? Айлығымызды кесіп тастады. 12 сом айлықпен қалдырып жазалады бəрімізді. Қазір сол баяғы жатақханада тұрамын. №469-ші бөлмені жекешелендіріп алғанмын. Арада жылдар өтсе де, желтоқсан айы келгенде сол сұмдык суреттер көз алдыманан кетпейді.
30.09.2016 жылы «Жаппай қуғын сүргін құрабандарын ақтау» туралы анықтама алдым.
САЙРАШ КӘРІПЖАНОВА, Желтоқсан ардагері:
Қақтығыс Сібірде де жалғасты...
Қарындасым Сайраш екеуміздің саяси тағдырымыздың екі жерінде ұқсастық бар. Бірі – Желтоқсан көтерілісі болса, екіншісі – Сібірдегі жағдай. Ол Краснояр өлкесінде оқып жүріп, қазақ студенттердің бас көтеруіне қатысса, мен қазіргі Забайкалье өлкесінде болып, 60 қазақ солдаты ұйымдастырған әскердегі көтеріліске де қатыстым. Сайраш Әлімғазықызы – үйдің ортаншысы. 1968 жылы Семей облысы Ақсуат ауданы Қызылкесік ауылында туған. Қазір байланыс саласында жұмыс істеді. Енді Желтоқсан көтерілісіне қалай қатысқандығын өзінен тыңдайық:
– Мен ол кезде №261-ші балабақшада жұмыс істеймін. Сол кездегі «Алмаатапромстрой» деп аталатын тресі «Арман» жатақханасының жігіттері сол мекемеге қарасты біз тұратын «Сайран» жатақханасына келіп, «Сыртқа шығыңдар, алаңға барамыз!» деп, қоршап айқайлап тұрды. Олардың ішіндегі шешендеу біреуі:
– Қазақстанды жатжұрттық орыстың билеуіне жол бермейміз! – деп, айналасындағыларды өзіне қаратып алған. Сондай-ақ, жатақхана қыздарына да «Намысы бар қыздар болсаңдар шығыңдар!» деп, жалынды сөзді жалғастыра берді. Жатақхананың басшылары есік-терезені жауып, бізді шығармауға тырысты. Қыздар балконнан, терезеден шығып жатқандықтан біз де амал тауып шығып, бәріміз бір-бірімізден қалмай, топталып алаңға бардық. Мен Қазақстан басшысы Д.А.Қонаевты орнынан себепсіз алып тастап, орнына тілімізден, дәстүр-тарихымыздан хабарсыз мәскеулік басшы келгеніне намыстанып, алаңда үш күн болдым. Күнделікті жұмыстан шыға сала алаңға келіп жүрдім. Басында оның аласапыран тұсына кіріп кете алмай жүрдім. Өйткені, өзімнен бұрын қасымдағы Нұрсұлу деген Жамбылдың қызын аядым. Оның аяғы ауыр еді. Желтоқсанның 18-і күні көтерілістің шиеленісті тұсынан табылдық. Біздің жатақхана қыздары да көтеріліске белсене қатысты. Әскерилер қуғанда өзім араласатын Эльмира, Қатия, т.б. қыздардың бірі ұсталса, бірі сүрініп, жыраға түсіп кеткендері де бар. Сондай-ақ, бізбен бірге шыққандардың ішінде Раиса Мұхамедиярова, Гүлшат Мамырбаева, Бақытгүл Рысбаева, тағы басқа қыздар болды. Ұрып-соғып, су шашып қуалағандардың қатыгездігін көрдік. Әрине, кейбіреулер сияқты «ондағы соғыс бүгін денсаулықтан мүлде айырды» деп өтірік айтуға ауызым бармайды. Әйтсе де, біздің бейбіт шеруімізді тәртіп сақшылары мен әскерилер тұтқиылдан өздері соқтығып, аяғын ала топан төбелеске ұластырып жіберді. Дубинкамен әркімді ұрып-соғып итпен қуалаған соң, есіміз шығып, қайда қашарымызды білмей, жығылып-сүрініп, әр жерге құлап, жыраға да түсіп кеттік. Тіземді де, шынтағымды да жараладым. Әлдеқандай соққыдан басым айналып, ертеңінде дәрігерге қаралдым. Арада бірнеше күн өткесін өзді-өзіме келіп, жұмысқа шықтым. Жұмыс орныма менің Желтоқсан оқиғасына қатысқандығым туралы ақпаратты әлдекімдер жеткізген болуы керек. Басшылардың бізге деген көзқарасы күрт өзгеріп, әрнені сылтауратып, жұмыста соқтыға беретін болды. Ақыры мені ұлтшылдар қатарына қосып, арнайы баппен жұмыстан да шығарды. Ізінше жатақханадан да шығарылып, барар жер, басар тауым болмай, көп қиналдым. Хатия деген ауылдан бірге келген дос қызымыз екеуміз вокзалға да түнеген кезіміз де болды. Ағам да қудаланып жүргендіктен паналайтын жер де таппай қалдым. Жатақхана тіркеуінен (пропискадан) шығарып тастағандықтан ҚазМУ-дың математика факультетінің кешкі бөліміндегі оқуымнан да қуылдым.
Қысқасы, сол жердегі адамның қарасын көбейтуге қосқан үлесімді де ел тәуелсіздігі үшін жасалған үлкен іс деп білемін.
Желтоқсан көтерілісінен соң, көп ұзамай мен Ресейдегі Краснояр өлкесіне қарасты Назарово қаласында электр саласына мамандандыратын техникумда оқыдым. Онда бірге оқыған Айнұр мен Болат дегендер өзара отау құрды. Ол жақтағы жер өзімізге ұқсас Азия халықтарынікі болса да орыстар олардың аузын аштырмайтын сияқты. Көшелерінен жаулықты әйелдер мен түлкі тымақ, шапан киген жергілікті ұлттарды көрсек қазақ екен деп, Қазақстанға деген сағынышымыз арта түсетін еді. Жергілікті ұлттар көбіне далада, малда, қақаған суық жерлерде жұмыс істейді. Сібір болғасын, күн өте суық. Қорғанып жүрмесең ауырып қаласың. Шамасы Желтоқсан көтерілісі жайлы ол жақтың орыстары да естісе керек, қысым көрсетуін тоқтатпайтын болды. Бір күні қазақтарды жатақханадан шығармай қоршап, жанымызды шүберекке түйді. Шиеленістің соңы қақтығысқа айналды. Бұған жергілікті ақпарат құралдары да араласып, қазақтарды жамандаумен болды. Бір демалыста газет материалын Алматыға әкеліп, кімге жүгінерімізді білмей кері қайтқанбыз.
Амандық Рамазан,
төрт жыл, екі ай түрмеде отырған желтоқсан қатысуышысы
– Алаңға барған кезде қалай болды, біруден естіп бардың ба?
– Мен Киров заводында жұмыс істеп, Қаз МУ-дың кешкі бөлімінде оқыдым. Сол кезде жылдық еңбек демалысында болатынмын. Желтоқсанның 16-сы күні біз досымыз екеуіміз бір таксиге отырып келе жатқанда бізге кезіккен бір патриот жігіт:
– Жігіттер, сендер білесіңдер ме? Қонаев атамызды алып тастады, – деді. Содан басталды. Біз жатақханаға барып, амал жоқ, таңға дейін дайындалдық. 17-сі күні жатақханамыздың қасында тұрған ҚызПИ-дің 3-ші жатақханасының қыздарын да алаңға алып бардық. Өлең айттық. Сол жерде біреулер тарапынан "провокация" да болды. Біздің заводтан, Ленин аудандық әкімшілігінен адамдар жүрді. 18-і күні қатты шайқас болды. Біздің қыздарды жаман құлатты сол жерде. Мен биік қорғаннан секіріп қашып, Фурманов көшесіне шығып, бір таксиді ұстадым. Милиция қызметкерлері өздері тиісті.
– Бірден тұтқындады ма?
– Мені үш рет ұстап, төртінші рет ұстағанда альбомнан менің фотомды тапты. Менің он түрлі фотосуретім бар екен, бәрін көрсетті.
– Ол қандай сурет сонда.
– Оның бірі – алаңда қолымды көтеріп тұрған сурет. МҚК полковнигі кейін осы арқылы бізге тиісті.
– Алаңда да тиісті ме?
– Жоқ алаңда, «қайтыңдар» деді. Біреуінің фотоапаратын сындырып, ұрып-соққанбыз. Бізді «Арман» кинотеатрының артынан суретке түсіріп алыпты. Біз Киров зауытының жігіттерімен бірге жүрдік.
– Алаңнан Сәтпаев арқылы шығып, Ленин көшесімен жүрдіңдер ме?
– Иә, сосын аэровокзалдың маңында шайқасып, суретке түсіп қалыппыз. Сол жердегі забордан секіріп қаштым. Мен спортшы болдым ғой. Спорт шеберлігіне кандидатпын.
– Сонда соңғы рет қайдан ұстап алып кетті?
– Менің Атырау облысынан келген әкем «Ақсай – 1» ықшамауданындағы ағамның пәтеріне келіп жатқан. Ол кісі қырық жылдай кеңшардың мал фермасында меңгеруші болған. Желтоқсанға қатысты жағдайымды естіп, мені алып кетуге келген еді. Ағамның үйіне кіріп шығып, «Ақсай» универсамы аялдамасынан №4 трамвайға шыға бергенде ұлты орыс төрт оперативті сақшы келіп, қолымды артқа қайырып алып кетті. –
– Сенің ол жерде екеніңді қалай білді?
– Мені аңдып жүр екен. Фотомен.
– Тергегенде қандай кінә тақты?
– Әуелі бас прокуратураға апарды. Сол жерде тергеу басталды. Мен алаңда жүргенде бір милициямен ерегесіп, жағасына жармасқан едім. Екінші рет ұстап алғанда сол мені таныды. Нам деген корей ұлтының өкілі екен. Қылмыс сол жерде дәлелденіп, бекітілді.
– Қай түрмеде отырдың?
– Мен төрт жыл екі ай Маңғышлақта отырдым. Маңғыстауға қырық адам жиналдық. Содан бізді жан-жаққа лақтырды. 1990-шы жылдың аяғында Жоғарғы соттың қаулысымен босатылдым.
– Түрмеде не жұмыс істедіңдер?
– Мен почта жәшігін жасадым. Артынан Ақтөбенің түрмесіне әкеліп, жігіттер қарсы алды. Түрмеде Ерлан Бейсенбаев, Ерлан Декелбаев, Утепов, Өткірхан Мүлкібаев, Сәбит Исабеков бәріміз бірге отырдық.
– Түрмеде сендерге қысым көрсетіп, азаптап, қинаған жоқ па?
– Жоқ, бірақ, кете-кеткенше Қауіпсіздік комитеті үнемі тексеріп отырды. Түрмеде талай төбелестік, пышақтан да аман қалдым.
– Ерекше есіңде қалған қандай оқиғалар бар?
– Басында, 13-ші наурыз күні мені Сейфуллин көшесі бойындағы түрмеге алып кетті. Машинаға тиеген кезде жүгірмегенім үшін автоматпен соққыға жықты. Содан Алматы, Атырау, Ақтауда болдық. Бізді Ақтөбеге апарған кезде қасымда Жармұқан деген суретші болды.
– Көтеріліс кезінде көрген оқиғаның тағы бірін еске түсірсең жақсы болар еді.
– Тағы бірі – 17-ші желтоқсан күні қатты шайқас болды. Біз ішінде Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің адамдары отырған қара Волганы аудардық.
Осылайша қазбалап сұрай берсең, айтудан жалықпайтын Амандықтың көрген хикаялары – Желтоқсан көтерілісінің жанды көріністерінің бірі ғана. Ол кезде қылмыс деп қаралған осындай әрекеттердің бәрі де бодандыққа қарсы жасалған намыс төңкерісінің нәтижесі еді.
Жазып алған Аманғазы Кәріпжанәулеті.