«Абай оқулары» онлайн іс-шарасы өтті

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Елшілігімен бірлесіп, бейнеконференция форматында «Абай оқулары» онлайн іс-шарасы болып өтті. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына арналған онлайн іс-шара Қазақстан мен Швеция Корольдігінің қатысушыларын және екі елдің академиялық топтары мен шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің тәжіибе алмасуларына септігін тигізеді. Абай Құнанбайұлының шығармалары қазақ және әлем әдебиетінің классикасына айналды. Ұлы қазақ классигі шығармашылығының ең жарқын шығармаларының бірі – қара сөздері болып табылады. Ол 45 қысқа астарлы әңгімеден немесе философиялық трактаттардан тұрады. «Қара сөздер» – бұл оқырмандарға диалог, ақынның ақыл-ойының өзіндік жемісі және халықтың тағдыры аясында жеке адамның өмір философиясы сияқты үндеу ретінде саналады. Әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Іс-шараның салтанатты ашылуына қатысқан Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов өз ойын былайша білдірді:   - Бұл Қазақстан мен Швеция арасындағы академиялық топтар мен әдебиет және өнер саласындағы өкілдерін біріктіретін ұлы ақын абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай оқулары» іс-шарасын салтанатты түрде ашу мен үшін зор мәртебе. Елбасы бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген іс-шаралар өткіздік. Қазір де жалғасуда. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында көптеген мәселелерді көтерді.  «Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз» деген ұғым сыртта жүрген дипломаттар үшін өте маңызды деп санаймын.      Іс-шараның ашылуына қатысқан педагогика ғылымдарының докторы, профессоры, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы Мұналбаева былай деді: - Абай Шығыс пен Батыстың мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Әлемнің көптеген ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Абай шын мәнінде ежелгі әлемнің барлық інжу-маржандарымен сусындаған адам. Қазақ әдебиетінде жаңа бастаманың бастауы болғандығы туралы оның еңбектерінен байқауға болады. Абайды әр оқыған сайын, оның өлеңдерінен әр адам өзінің өміріне қатысты, қазіргі қоғамда болып жатқан өзгерістермен тікелей байланысты жаңа құпияны ашады. Басқа бір ойдың әлеміне еніп, оның шешімін тапқан боламыз. Абай данышпандығының құпиясы да осында жатыр, – деді Үмітхан Мұңалбаева. Сондай-ақ, іс-шараға ақын, Қазақстан Жазушылары Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Орынбай Жанайдаров, кітапханашылар және т.б. қатысты.