Ұлт жолындағы елеулі еңбек

1
1977

Қазақ халқының басынан небір қиын кезеңдер өтті. Ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек еткен тұлғаларымыз жетерлік. Жаугершілік замандарда, тәуелсіздік үшін күрес жолында да, ұлт тағдыры талай сынға түскенде де топтан жүйрік аттай сытылып шыққандар қаншама. Сондай тұлғалардың бірі Алашқа адал қызмет еткен – Барлыбек Сырттанұлы. Барлыбек Сырттанұлы 1866 жылдың 25-ші шілдесінде, бұрыңғы Жетісу облысы, Қапал уезіне қарасты Арасан болысындағы, Қарашоқы жайлауында дүниеге келген. Барлыбектің әкесі де білікті, білімді, көреген адам болған. Болашақта заман бір орында тұрмайтынын, болашақ білімде екенін білген Сырттан балаларының ішіндегі Тұрлыбек пен Барлыбекті алғашында 1874 жылы Қапалдағы қазақ балаларына арналған даярлық пансионатына екі жыл оқытады. Жетісу облысындағы әскери генерал-губернатордың тағайындаған степендиясы негізінде, Алматыдағы (бұрынғы Верный қаласындағы) классикалық ер балалар гимназиясында оқытады. Барлыбек пен Тұрлыбек бұл гимназияны жақсы оқытады. Сол гимназияның басшысы Д.Новак Барлыбектің оқуға деген қабілеті мен дарынын байқап, әрі қарай Барлыбектің Санк-Петербург университетінде білімін жалғастыруына септігін тигізеді. Сөйтіп, Барлыбек 1886 жылы Санк-Петербург императорлық университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі. Әкесі ел-жұртты, туған-туыстардың басын қосып, мал сойыдырып, батасын беріп, Петерборға оқуға аттандырады. Оның үстіне Жетісу жерінен Санк-Петербургке оқуға аттанған ең алғашқы қазақ баласы болған. Ал, ағасы Тұрлыбек болса денсаулығына байланысты оқуды жалғастыра алмай, әскери генерал-губернаторлығында тілмәш болып қызмет атқарады.

Жастайынан өзінің туған елінен жырақта, өзге елде жүріп, өмірдің суығы мен ыстығын, қиындығын қатар көрген Барлыбектің ой өрісі, өмірге деген көзқарасы ерте жетіледі. Ол Санк-Петербургте оқып жүріп, «Жерлестер» ұйымын құрған, қазақ даласынан барған Абдолла Теміров, Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Мәмбетәлі Сердалин, Бақтыгерей Құлманов сынды қазақ жастарымен араласады. Бірге жүріп, бір-бірлеріне қолдау көрсетіп, ұйымшылдықта бола біледі. Кейінен бұл ұйым қазақ жастарының саяси көзқарастарын, дүниетанымдарын қалыптастыруға септігін тигізетін саяси ұйым ұйымға айналады.

Барлыбек оқып жүріп өз халқының жай-күйінен, мұң-мұқтажынан, саяси жағдайынан хабардар болған. Оның зеректігі мен білімге деген құштарлығы ұлт үшін қызмет етудегі ниеті келесі өмір белесіне көтерілуіне септігін тигізді. 1886-1890 жж Санк-Петербург Императорлық университетін бірінші дәрежелі дипломмен тәмамдаған соң сол жақтағы әскери генерал-губернатордың жолдамасымен Түркістан генерал губернаторлығына қызметке келеді. Сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы – Ташкент қаласы болған. Ташкентте қазыналық палатада қызмет ете жүріп, «колледждік регистратор» қызметін атқарады. Бұндай үлкен шенді әрі жауапты, дәрежелі қызметтің жауапкершілігі мен қиындығына

қарамастан абыроймен атқарды. Сонымен қатар генерал-губернатордың іс басқармасында қызмет істейді.

1895-1907 жылдар аралығында Жетісу облыстық генерал-губернатордың іс басқармасының бастығы лауазымында қызмет етеді. Сонымен қатар аса құпия мәселелер жөнінде кіші шенді қызмет атқарады. 1907-1910 жылдар аралығында қазіргі Алматы облысының қытаймен шекара межесін анықтап, сузуда айрықша еңбек етеді. Бұл дегеніміз Барлыбек Сырттанұлының жер үшін ең үлкен елеулі еңбектерінің бірі. Сонымен қатар осы жылдар аралығында ағартушылық жолында да көп еңбек етті. Жетісу облысының басқарма басшысы бола жүріп Алматы қаласында мұсылмандар кітапханасын ашады. Оған дейін ондай кітапхана болған жоқ болатын. Бұл кітапхананың ашылуына Барлыбек пен Тұрлыбектің еңбегі өте зор болады. Және де тіл саясатына да өз үлесін тигізеді. Ол кезде Жетісудан шығатын қазақ тілді газет шығарады. Соның нәтижесінде қазақ тілінің қолданыста болуын қолға алады. Сол кездің өзінде қазақ қарпі латын немесе арабша болуын және қазақта әліпби болу керектігін айтқан.

Ағартушылық жолында елеулі еңбектің тағы бірі аталас туысы Маман байдың ұрпақтарына үлкен көмегі болды. Қарағаштағы Маман мектебін ашудағы басты идеолог екендігін біреу білсе, біреу біле бермес. Қазақ халқының мұсылманшылықпен қатар европалық білімді де меңгемейінше ұлт болашағының бұлыңғыр екенін түсінеді. Ашылған жәдиттік мектепке ұстазадар таруына, мектеп бағдарламасы мен талай қазақтың осы мектепті оқып сауатын ашуға үлесін қосты. Қыруар жұмыс жасалып, ұлт руханиятына еңбек етті. Жас ұрпақтың санасын оятып, білімді болуын, өзгелермен тең дәрежеде санаса алатын, озық ойлы қазақ жастарының тәрбиеленуін мақсат етті. Кейінде Барлыбектің өзі де осы мектепте ұстаздық қызмет атқарды.

Барлыбектің сонау Санк-Петербургте университет қабырғасында оқып жүріп, тағайындалған степендияға 2000-ға тарта кітап сатып алып, оны өз еліне алып келген. Басым бөлігі Европа мен Орыс классик жазушыларының көркем шығармалары мен ғылыми кітаптары. Университет бағдарламасын меңгере жүріп, қосымша әртүрлі кітаптардан білім нәрін алған Барлыбектің әлемнің ғылымы мен мәдениетінен, саяси-қоғамдық жағдайлардан хабары мол болады. Барлыбектен кітап оқу, кітап жинау мәдениетін анық аңғарамыз. Кейіннен Ілияс Жансүгіровтың замандасы Мария Ильдарова өзінің дерегінде Ілиястың Сүттігендегі «Қайнар» мешітінде кітап оқып отырғандығын, ол кітаптар кімдікі екендігін сұрағанда Сырттанның баласы Барлыбектің кітаптары екендігін келтірген. Кейіннен 1930 жылдары конфескация кезінде ол кітаптар тәркіленген. Барлыбекті зерттеуші жазушылардың деректеріне сүйенсек сол Барлыбек елге алып келген 149 кітаптың тізімі белгілі болып отыр.

Барлыбекті Алаш азаматтары жоғары бағалағаны белгілі. Оны Алаш қайраткерлері «Алаш шаһбазы» десе, енді бірі «Нағыз мұсылман» деді. Барлыбекті іскерлігі, мемлекетшілдігімен қатар имандылығы да жоғары азамат болды. Жоғары шенді қызмет атқарып жүрген кезінде діни жоралғылар мен шариғат жолдарына аса мән берді. Қазақ даласында діннен, шариғат жолынан адасушылық болмауы үшін мұсылмандар сьезін өткізіп,

мәселерді талқыға салып, тура жолды ұстанатын бір бағыттағы муфтият құрылуына себепші болады.

ХХ ғасырдың бас кезінде басты проблемалардың бірі жер мәселесі болды. Жер аударылып келген орыс шаруалары мен байларына қазақтың шұрайлы жерлері берілді. Қазақтың жайылым, шабындық, сулы жерлері тарылып, күн-көріс қиындай түсті. Оның үстіне қазақ даласына ресейдің әскери күштері шоғырланып үлгерген еді. Олар өз кезегінде үстемдіктерін өктем түрде жүргізуді қолға алды. Оның үстіне ресей патшалығына алым-салық төлеу күшейтілді. Қазақ халқының тұрмыс-жағдайы қиындап, наразы топтың да қарасы артты. Ресей патшалығының қазақ халқына жасап жатқан мұндай бассыздығына қарсы шығар ешқандай күш болған жоқ. Жаугершілік замандағыдай найзаның ұшы, білектің күшімен төтеп беретін заман өтті. Ұлы Даланың қожайыны болған баһадүр батыр бабалардың ұрпағы өз елі, өз жерінде өгейдің күйін кешті. Ресейдің әскери бекіністері қазақ даласына көптеп салынуы, жер реформасы, орыстардың қазақ даласына оккупациялануы қазақ халқын отарлау саясатының көрінісі еді. Ресейдің бұл әрекетіне білім мен ғылым, біліктілік арқылы төтеп беретін заман екенін оқыған жастар жақсы түсінеді. Барлыбек Сырттанұлы 1910 жылдары Ұзынағашта жер мәселесі, сол кездегі саяси жағдай турасында патшаға қарсы съезд ұйымдастырады. Ол сьезде жоғарыда айтылған мәселелер сөз болып, талқыланады. Ол, съезде: «Жақсы жердің бәрі қара шекпенділердің меншігіне өтті. Жұртынан айырылған байқұс қазақ тақыр жерге қуылды. Ауыз ашпай жатуға енді болмас. Ояну қажет, кір жуып, кіндік кескен, аталарымыздан қалған жерімізді сақтап қалу басты міндетіміз. Қара шекпенділердің келуін тоқтату үшін бүтін қазақ болып бас қосу қажет»,- деп халқына үндеу тастайды. Сол жылдары Барлыбек қазақ халқының мұң-мұқтажын жеткізуге Санк-Петербургке делегат басшысы болып барады. Санк-Петербургте бір жылдай болады. Ол ақ патшаға кіре алмайды. Десе де оның қоластындағы шенді қызметкерлеріне кіріп, халық талабын жеткізеді. Ол жақта Әлихан Бөкейханмен кездеседі. Бірақ, оған дейін де екеуі кездескен. Әлихан мен Барлыбектің кездесулерінің нәтижесінде қазақ халқының болашағы турасында ұзақ әңгіме болады. Ойлары, мақсаттары, саяси көзқарастары осы жерде үйлесімін табады. Әлихан Бөкейханның жазбасында былай дейді: «Барлыбек жеріне қайтып, Жетісу областной мекемесінде қызмет қылды. Кешегі бұлт айығып, күн шыққанда заманда ұялшақ қыз мінезді Барлыбек жұртым деп іске кіріп орнынан шықты: Алдың жалын, артың мұз, Барар едің қай жаққа. 1910-1911-нші жылы Жетісу қазағының жеріне қам қылам деп Барлыбек Петроградта бірнеше ай жатты. Мінезі: Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға еді» – деген.

Алаш идеясы – ол, Тәуелсіздік идеясы болатын. Алаш идеясының түпкі мақсаты ол, егеменді ел болу, жер мәселесі, тіл мәселесі, ұлт мүддесі жатты. Өзімен түйдей құрдас Әлихан екеуі Тәуелсіздік жолында үлкен істерді де жоспарламауы мүмкін емес еді. Енді оған білекті сыбана кірісетін кез де келгенін екеуі жақсы ұғынды. Барлыбек Әлиханға тәуелсіздік жолында жазған еңбектерімен де таныстырады. Ұлы іс жолында Әлихан Барлыбекке

болашақ тәуелсіз қазақ мемлекеттің ата-заңын, яғни конституциясын жазуды ұсынады. 1911 жылдың 13-ші маусымда Санк-Петербург қаласында, Әлихан Бөкейханның пәтерінде «Қазақ Елінің Уставы» деген атаумен қазіргі тілмен айтқанда конституция заңын жазып шығады. Бұл үлкен еңбекті тарихшы, зерттеушілер бір түнде жазып шыққан дегенді айтады. Бұл заң 4 бөлімнен тұрады: Бірінші бөлімде, Қазақ Елінің дербес тәуелсіздігі турасында. Яғни Қазақ Елінің Ресеймен достық, доминионды қарым-қатынаста болуын, елдің саяси басқару жүйесі, билік пен үкімет турасында жазылған. Екінші бөлімде, адам баласының құқықтары турасында. Үшінші бөлімде, Қазақ жері турасында, яғни ол бөлімде жердің иесі қазақ халқы екені, жер саудаға түспейтінін, сатылмайтынын нақты жазады. Үшінші бөлімдегі үш тармақтан тұратын жер туралы жазылған заң қазақ мүддесін толықтай қорғай алатын заң екендігі түсінікті. Дәл осы тармақтар бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның заңына ауадай қажет. Ал төртінші бөлімде Сот турасында. Барлыбек жазған бұл еңбек кейін Алашорда үкіметінің негізгі заңына енгізіледі. Бүгінгі кейбір заңгерлердің айтуынша Қазақстан Республикасының заңдарында Барлыбектің еңбектері енгізілгенін айтады. Яғни бұл еңбек өз өміршеңдігін ешқашан жоғалмайтындығының дәлелі.

1908 жылдың күз айларында, Патшалық билікті жоғары қызметіндегі Барлыбек Сырттанұлы өзінің саяси көзқарасына байланысты «сенімсіз кадр» ретінде танылып, отставкаға шығады. Барлыбек осы кездерден кейін өзінің ұлт жолында күресіне толық көшеді. Баспа беттеріне публицистикалық мақалалары жарық көреді. Азаттықты аңсаған Алаш азаматтарымен байланыста болады. Лауазымды қызметтен кеткеннен кейін өз туған жеріне барып қызмет етеді. Халық медицинасымен айналысып, ол турасында ғылыми еңбектер жазады.

Ресей патшалығына қарсы шыққан белсенді тұлғаларды қамау, қудалау ол кезде де жүрген. 1908-1916 жж Жетісу гнерал-губернотары М.А.Фольбаумның нұсқауымен құпия түрде Барлыбекті құртуға тапсырма беріледі. 1914 жылдың қазан айының 14-ші жұлдызында тыңшылар Барлыбекті қаза қылады. Сол күні бүкіл Жетісу халқы дүрлігеді. Алайда халқытың дүрлігуіне жол бермеу мақсатында әскерилер Барлыбектің отбасына, жақындарына қысым көрсетіп, қорқытып, басып-жаншуды қолға алады. Барлыбек қайтыс бола сала бүкіл жеке заттары, жазбалары тәркіленеді.

Барлыбектің қазасы күллі қазақтың қабырғасын қайыстырады. Әсіресе өзімен пікірлес, рухтас болған Алаш азаматтарына қатты батады. Қазақ халқының жүрегінен ерекше орын алды. Бақытжан Қаратаев Барлыбектің тірісінде «Меніңше, жалғыз сен ғана халықтың сеніміне ие болдың, жалғыз сен ғана халық үшін еңбек еттім деп айтуыңа хақың бар» деп өз бағасын берген, Әлихан Бөкейхан және тағы да басқа Алаш азаматтары газет-журнал беттеріне Барлыбекке арнап «Қазанама» жазады.

Барлыбектің Есімін ең алғаш қазақ халқына танытқан ғалым Сәкен Өзбеков болатын. Жетісулық жазушылар Жемісбек Толымбек пен Елдос Тоқтарбай Барлыбектің мұраларын мен еңбек жолын зерттеп халыққа танытып келеді. Барлыбек Қазаққа көп еңбек еткен арыстай ер азаматтың ғұмыры қысқа болды. Аз ғана ғұмырында ұлт үшін елеулі еңбек етті. Еш аянбады. Халқының үмітін ақтады. Егер тірі болғанда, Алашорда үкіметінің құрылғанын өз көзімен көріп, басы-қасында болар ма еді? Алаш идеясының негізін қалаушылардың бірі ретінде елеулі еңбек еткен Барлыбектің есімі ешқашан ұмытылмасы анық.

Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ,

Тарихшы, өлкетанушы, Ақын Сара музейінің қызметкері

Қазақ үні

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз