«Абай әлеміне саяхат» байқауында семейлік оқушылар топ жарды

Семейлік Мағжан Серікбеков пен Адлен Ролланұлы «Абай әлеміне саяхат» республикалық байқауында топ жарып, 1 орынды жеңіп алды. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «Bilim-órkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының бірлесе ұйымдастырған байқауы ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында өткен еді. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сыныбында оқитын Мағжан мен Адлен байқаудың барлық кезеңінен өтіп, ақтық сыннан да сүрінбеді.

- Бойымда өлең жазуға деген қабілеттің бар екенін 5 сыныпта оқып жүргенімде байқадым. Отан, туған жер тақырыптарында жаза бастадым. Байқау жайында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімінен естідім. Сайысқа әдейілеп «Қазақты танытушы ұлы Абай» атты арнау жаздым. Арнауым қазылар алқасының көңілінен шықса керек жүлделі болдым. Бізге бағыт – бағдар берген жетекшіміз Ұлпан Уатжанқызына алғысымды айтқым келеді, - дейді жас ақын Мағжан Серікбеков.

Хәкім Абайдың 175  жылдық мерейтойына арналған байқауда жеңімпаз атанған екінші шәкіртіміз Адлен «Ұлылардың ұлысы – Абай ата!» атты арнауын жазған. Жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан берілетін дипломға ие болады.