ЕЖЕЛГІ МЫСЫРДА ҰЛЫ АБАЙ РУХЫ АСҚАҚТАУДА

Әлемнің жеті кереметінің бірі саналатын - Мысыр пирамидаларын тамашалауды армандамайтын адам жоқ шығар!Ұлы Абайдың шапағатымен біз де сол әлемдегі ең көне мемлекетке қадам бастық! Мысыр - адамзат баласын озық мәдениеті, көне тарихы және сәулелі сәулетімен таң қалдырған ел. Қайталанбас пирамидалары, мүсін ескерткіштері және өзіне тән әдебиетіне өзге халықтар тамсанумен жүретіні жасырын емес. Ежелгі Мысыр перғауындарының өзіндік үлгідегі әдемі архитектурасымен көз тартатын мазарлары біздің заманымыздан бұрын 28 ғасырда салыныпты. Кітаптан оқып ғана білген осынау ғажайып мекенді көзімізбен көріп, Абай рухын асқақтату үшін біз жақында Мысырға іс-сапарға барып қайттық. Мысыр жеріне табанымыз тие салысымен Каирдың орталық саябағында орналасқан ұлы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, баба рухына тағзым еттік. Бұл ескерткіш халықтарымыздың рухани әрі мәдени жақындығын айғақтап тұр. Одан бөлек әйгілі Сұлтан Бейбарыс мешітіне бардық. Абай орталығын ашуда біз бірнеше кітаптар тапсырдық. ​ Сол кітаптардың арасында Бейбарыстың өміріне арналған Ермек Тұрсыновтың «Мәмлүк» романы да бар. Аталмыш іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шариф іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырды. Сонымен бірге қазақстандық делегация мүшелері Мәдениет және спорт министрлігіне өз алғыстарын айтуда. Ұлы Абайдың «Адам баласына адам баласының бәрі - дос» деген тамаша сөзі бар. Сол айтқандай, Мысыр елінің төрінде екі елдің достық қарым-қатынасын нығайтуға және дана Абайдың рухын қолдауға арналған іс-шарада тағы бір рет ақын әлемімен сырласқандай болдық. Жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда Нұр-Сұлтан мен Каир қалалары бауырлас қалалар деп те аталады екен. Жалпы, мұсылман елдерінің тарихында мәдениеті, салт-дәстүрі және рухани мұрасында ұқсастық бар. Себебі, Қазақстан мен Мысыр елі шығыс халықтары болып саналады. Ал олардың руханияты мен мәдениетінің дамуында өзіндік ерекшеліктері бар. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Онда Мемлекет басшысы былай деді: «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтан бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет». Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердегі Елшіліктер жанынан «Абай» орталықтарын ашу керектігін атап өткен болатын. Сол себептен біз Мысыр елінде Абай орталығын ашу жұмыстарын жүргіздік. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Чехия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшілігінің қолдауымен Прага қаласында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығын аштық. Орталық Қазақстан Республикасының Чехия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Марат Мұханбетқазыұлы Тәжиннің қолдауымен жүзеге асырылды. Әрбір елдің ұлттық әдебиеті, сөз өнері мен кітап оқу мәдениеті әртүрлі. Білуімізше, өмірде кездесетін көп құбылыстар, идеялар мен сюжеттер, қаһармандар бейнесі осы әдебиет арқылы көрініс табады. Ал, әлемдік әдебиеттегі ұқсастық, әсіресе Шығыс халықтарының әдеби және мәдени мұрасы, рухани дүниетанымы бір-біріне ортақ. Қазақ халқы ұлт мақтаныштарымен әрдайым мақтанады. Осы орайда қазақтың бас ақыны Абайдың есімін ерекше атай аламыз.​ Абайдың мұрасы бүгінде әлемнің жауһарына айналды. Одан бөлек Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабай және т.б. қазақ елі үшін аяулы тұлғалар жетерлік. ​ Сол сияқты Мысыр әдебиетінің дамуына еңбегі сіңген ақын-жазушылардың да бірнешеуін атап өтсем деймін. Белгілі мысырлық жазушы, драматург Нагиб Махмуз 1988 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атағын иеленді. Бүкіл адамзат үшін Араб тарихына қатысты жазған шығармасы үшін ол осы сыйлықты алды. «Каир трилогиясы» атты кітабы перғауындардың билік құрған кезеңіне қатысты жазылған тарихи роман ретінде танылды. Каир отбасының үш ұрпағының өмірін сипаттай отырып, автор Египет тарихындағы әлеуметтік және саяси оқиғаларды бейнелейді. Жиырмасыншы ғасырдағы жазушы, әдебиеттанушы және тарихшы Таха Хусейн фараонизм идеологиясын жалғастырушылардың қатарында саналады. Қазір Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында Таха Хусейн атындағы көше бар. Тағы бір айта кететін ерекшелік, Ежелгі Мысыр әдебиетінің ең үлкен жетістігі – алғашқы жазу құралы папирусты қолданып, бүкіл Еуропа жұртшылығына таратуы еді. Жалпы, мұсылман елдерінің тарихында мәдениеті, салт-дәстүрі және рухани мұрасында ұқсастықтар болатыны заңдылық. Себебі, Қазақстан мен Мысыр елі шығыс халықтары болып саналады. Ал олардың руханияты мен мәдениетінің дамуында өзіндік ерекшеліктері бар. ​ Мысыр халқында әйелдің бейнесі жоғары тұрады. Бұл орайда Египет ханшайымы Клеопатра туралы әдемі жазбалар мен аңыз-естеліктерде әйел қауымын бағалап және ерекше құрмет көрсеткендерін байқауға болады. Сол сияқты дана Абайдың мұрасында да әйел бейнесі өзіндік рөл атқарады. Абай өз​ шығармаларында әйел образын жасау арқылы олардың жан-дүниесін, әйел махабатын, ананың рөлін, қажырлығын, даналығы мен парасаттылығын да көрсетеді. Сонымен қатар «Білектей арқасында өрген бұрым» деп, әйел сұлулығын да жырлап өтеді. Ұлы Абайдың шығармашылығы арқылы оқу мәдениетін қалыптастырып, ақын мұраларын шет елдердегі ғалымдардың зерттелуіне және ғылыми еңбектердің көптеп жазылғанын қалар едім. Сапар аясында ұйымдастырылған іс-шараға қатысқан филология ғылымдарының докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Матыжанов ағамыз Абайдың қазақ қоғамының күрделі ахуалын аша отырып, адамзаттық мәңгілік мәселелерді жаңаша түсіндіре кетті. Абай тіршілік иесін адам және пенде деп екіге бөліп қарайды. Ақын үшін ең қымбат асылы – алғашқысы. «Адам деген даңқым бар», «Атымды адам қойған соң...» деп оны ерекше әспеттейді және сол адам деген құрметті атқа лайық болудың басты қасиеттерін санамалап жырға қосады. «Адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз», «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп көрсетеді. Қашық болуға үндеп отырғандары: өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақтық». Бұл адамға дұшпан жағымсыз істен қазіргі қазақ қоғамы да, жалпы адамзат та әлі арылып біткен жоқ. Ал үлгі етіп тартатын бес асыл ісі – талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым», бұл бесеуі де күні бүгінге дейін адамзат тәрбиесінің күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелер. Ұлы ақын осы ойларын үнемі жетілдіре келіп, ақырында өзінің «Толық адам» ілімін қалыптастырады. Бұл ілім, ең алдымен, адамның рухани жетілуін алдыңғы кезекке қояды, – ​ деді Кенжехан Матыжанов. Қазақстандық делегациялар құрамында Қазақстан Жазушылар Одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ақын Бауыржан Жақып ағамыз да Абай поэзиясының көркемдігіне қатысты өз ойын өре түсті: Абай поэзиясының көркемдігінің тағы бір қыры – оның бейнелілігі, образдылығы. Абай өлеңдерінің бейнелілігі ондағы көркемдік құралдардың мол қолданылуынан аңғарылады. Ұлы ақын жырларында теңеу мен эпитеттің, метафора, метонимияның, синекдоханың, аллитерация мен ассонанстың, гипербола мен литотаның,басқа да бейнелеу құралдарының сан алуан үздік мысалдарын тауып көрсетуге әбден болады. Соның бәрі тек Абайдың өз жан-дүниесінен төгіліп түскендігімен де бағалы. ​ ​ ​ ​ Біз Абайды жан-жақты оқуымыз керек. Қазір оның шығармалары электронды түрде де қолжетімді болып отыр. Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапханасы базасында Абай туралы 800-ден астам кітаптарды оқуға болады. Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы оқырмандарының кітап оқу мәдениетін жаңғырту мақсатында «Бір ел-бір кітап» оқу акциясын ұйымдастырғанына биыл 14 жыл. Осы «Бір ел-бір кітап» акциясы алғаш Абайдың «Қара сөздерінен» бастау алды. Биыл 2020 жылы республикалық комиссия шешімі бойынша Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» және Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романы таңдалды. Мысыр елінде таныстырылымы өткен Абайдың араб тіліндегі аудармалар жинағына 145 өлең, үш поэма және 45 «Қара сөздері» енді.​ Абайдың араб тіліндегі шығармашылығын Араб Мемлекеттері Лигасының мәдениет, білім және ғылым істері жөніндегі ұйымының (ALECSO) баспа үйі ұсынды. Мәтіндерге жолма-жол аудармалар мен түсініктемелерді Каир университетінің оқытушысы Рабиға Төлебай, шығыстанушы Құрманғазы Садыбаев және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы Палтөре Ықтияр дайындады. Абай өлеңдерінің әдеби аудармасымен Мысыр әдебиетшілер Одағының көрнекті мүшелерінің бірі, белгілі ақын Саурат Селлам, ал прозаның көркем редакциясымен-мысырлық Лингвистика және философия профессоры Халед Елсайед айналысты. Дәл осы жиынымызға Конституциялық соттың төрағасы Саид Мерей, Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Адэль аш-Шариф, Әділет министрі Омар Марауан, Ақпарат министрі Осама Хайкал,​ Бас прокурор Хамада ас-Сауи, сонымен қатар әлемнің 20 елінің Елшілері (ТМД, Еуропа, Африка) және Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Кабиева да қатысты. Осы іс-шара аясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен Мысыр Араб Республикасы Жоғары Конституциялық сотының төрағасы Саид Марей мен оның орынбасары Әбдел Омар Шерифті салтанатты түрде марапатталды. Абай-дана, Абай – дара! Қазақ даласынан шығып, әлем данасына айналған ұлы ақынның рухына тағзым ете берейік! Үмітхан МҰҢАЛБАЕВА, Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы