Жастардың кітап оқуға деген талпынысын арттыру керек - Үмітхан Мұңалбаева

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан кітапханаларымен бірлескен «Заманауи кітапхананың жаңа келбеті – оқу мәдениетін қалыптастырудың жаңа форматы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге онлайн режимде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Сейітова Күміс, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің Музейлер мен кітапханалар басқармасының басшысы, хатшы Пазылова Гүлзейнеп, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Мұңалбаева Үмітхан, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының басшысы Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызы сондай-ақ онлайн форматта “zoom” платформасы арқылы басқа аймақтардағы кітапхана директорларының қатысуымен өтті.

“Бүгінгі дөңгелек үстеліміздің тақырыбы өте өзекті.Бұл мемлекет басшысы Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың ағымдағы жылдың 22-қазанында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында жасаған баяндамасында кітапханалар ағартушылық рөлін жоғалтпай, заманауи талаптарға сай болу керектігін атап өтті. Сондай-ақ кітапханалардың өскелең ұрпаққа оқу мәдениетін қалыптастыру, оқу сауаттылығын дамыту ісіндегі ерекше рөліне тоқталды Осыған орай републикалық және жергілікті атқарушы органдарына қарасты кітапханалар өздерінің дәстүрлі қызмет көрсету сапасын арттырып, уақыт талаптарына сәйкес оқырмандарды тартудың жаңа жолдарын іздестіру қажеттілігі туындап отыр”- деді дөңгелек үстелдің барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Сейітова Күміс.

Жастарға арналған коворкинг орталықтарын ашу Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың партияны жаңғырту бойынша тапсырмасымен орындалған болатын. Соған сәйкес былтырғы Жастар жылы қарсаңында еліміздің барлық аймақтарындағы кітапханаларында жастар коворкинг орталықтары ашылған.

“Қазіргі кезде барлық Қазақстан кітапханалары бірігіп, бәріміз серпіліс көрсету керекпіз. Мемлекет басшысы бізге үлкен сенім артып отыр. Сол сенімді ақтау үшін, ең алдымен жастардың кітап оқуға деген талпынысын арттыру керек. Әлбетте, жастар коворкинг орталықтары жастардың ғылым-білімге деген қызығушылығын арттыруға көмекші бір құрал” - деді ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева.

Коворкинг орталықтары - жастар ұйымдарының жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ұжымдық кеңсе қызметі. Оның негізгі мақсаты – жастарға дәртүрлі кітапханалардың ішінде жағдай жасап, олардың ғылым-білімге деген құлшынысын арттыру. Мұнда әлеуметтік жобалар аясында жастар түрлі форматтағы іс-шараларды өткізіп, кеңес алып, идеялар талқылауға мүмкіндік алады.